Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
2068 0 пікір 30 Маусым, 2023 сағат 13:43

Кентауда дәмханада уланғандар 93 адамға жетті

Сурет: ҚазТАГ

Түркістан облысы Кентау қаласындағы “Ризық Рауаны” фастфуд тамақтану орталығындағы асқа уланғандар саны 93-ке жетті. 

Олардың - 41-і бала, үшеуі жүкті әйелдер. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Кентау қалалық орталық ауруханасының дерегінше, уланғандар ауруханаға 27 маусымда түсе бастаған. Жан сақтау бөліміне жатқызылғандар бөлімшелерге шыққан. Уланғандардың үшеуі – жүкті әйел, 41-і – 14 жасқа толмаған балалар.

Уланғандардың дені құсып, дене қызуы көтерілген.

"Науқастардың бәрі дене қызуының көтерілуі, құсу сияқты белгілерге шағымданды. Олар ауруын "Ризық Рауана" дәмханасында сатып алынған азық-түлік өнімдерін пайдаланумен байланыстырады. Бүгінде дәмхананың қызметі тоқтатылып, жоспардан тыс тексеру басталды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары жұмылдырылды. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір ауру ошағында эпидемияға қарсы шаралар жалғасып жатыр", деді денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Облыстық полиция департаменті улану дерегі бойынша «Санитария қағидаларын немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабымен (304-бап) қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Тергеу басталған.

Ақпаратқа қарағанда, “Ризық Рауаны” тамақтану орталығынан адамдар жаппай осымен үшінші рет уланып отыр. 2022 жылы тамыз айында – 8 адам, қазан айында 168 адам уланған. Бірінші дерек бойынша айыппұл салынған, екінші дерек бойынша қылмыстық іс ашылып, екі жақтың келісімімен тоқтатылған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963