Сенбі, 23 Қараша 2024
Өнер 2468 0 пікір 4 Шілде, 2023 сағат 12:29

Біздің мақсат – әлемге ұлттық құндылықтарымызды таныту...

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры еліміздің мәдениетінің даму жолында қарқынды жұмыс жасап жатыр. 

Театрдың 77 маусымы бастау алғалы бері театрымызда 7 жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Мамыр айында әлемге әйгілі Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасының желісі бойынша Дмитрий Курочкинның режиссерлігімен «Кішкентай ханзаданың оралуы» спектаклімен кішкентай көрермендерімізді қуанттық. Бүгінгі таңда театрымызда тынымыз еңбек пен үздіксіз процесс жүріп жатыр. Олардың дәлелі театрымыздың қоржынын толтырып жатқан жүлделер деп айтсам қателеспеймін. Мәселен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруымен UMAI ұлттық сыйлығын театрымыздың мақтанышы Фархад Молдағали «Спектакльдің үздік режиссурасы үшін» номинациясынды иеленді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес 2022 жылы Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясына театрымыздың талантты да дара актрисасы  Гүлжамал Қазақбаева және көркемдік жетекшісі әрі ізденімпаз режиссеріміз Фархад Молдағали ие болды. Қазақстанның мәдениет, өнер, спорт салалары бойынша таңдаулыларды анықтайтын «Тикетон 2023»  байқауында театрымыз сайысқа түсіп, нәтижесінде, 300-ге жуық кандидат қатысқан бәйгеде Дархан Сүлейменов «Жыл театр актері» және «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымы «Жыл спектаклі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Тағы бір мерейімізді асқақтатқан марапат Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан тағайындаған «Түркі әлемінің ең үздік режиссері» жүлдесіне театрымыздың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали ие болды.

Ұлттық мәдениетке, театрға өмірін арнаған ұлылырады ұлықтау әрдайым біздің қағидамыз болып қала бермек. Өнер саңлағы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Атагелді Ысмайыловтың 100 жылдық мерейтойы 25 қаңтар күні театрымызда аталып өтілді. Аталмыш мерекеге орай, талант иесінің өзі тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Қазақ өнері әлемінде өз орнын өшпестей етіп қалдырған, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының артисі болған Атагелді Ысмайыловтың құрметіне арналған бұл күн тарихта қалары сөзсіз.

Шығармашылық ордасы болғаннан кейін әрдайым дамып, тың жобалар жасап отыру біздің міндетіміз болып саналады. Театрдың шығармашылық тынысын кеңейткен, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» (реж.: Ф.Молдағали) спектаклі бүгінде көрермендердің жүрегінен орын алып, сәт сайын сұраныс артуда. Ұлттың ұлы тұлғасы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығын былтыр желтоқсан айында жоғары деңгейде дәріптеп, атап өткен едік. Мерейтой аясында,  2023 жылдан бастап «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклімен «СЕЗІМ САПАРЫ» атты спектакль-турын бастадық. Сезім сапары – Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Астана қалаларына сапар шегіп, ыстық ықыласқа бөленді. Көрермендердің сансыз сұранысы бойынша еліміздің барлық облыс орталықтарына бару жоспарлануда. Жыл соңында батыс пен шығыс өлкесінің көрермендерін қуантып, Ә.Нұршайықовтың туған жерінде турды қорытындылаймыз.

Фестивальдер театрдың өрісін кеңейтіп, тынысын одан әрі ашатын, кәсіби біліктілігімізді арттыратын бірден-бір мүмкіндік болып табылады. Оның ішінде, театрішіліктен бастап республикалық, халықаралық фестивальдерге шақыртулар алып, жыл басталғалы бірнеше өнер додасына қатысып үлгердік. Алда әлі де күтіп тұрған бірнеше фестиваль бар. Олардың бірқатарын атап өтпестен бұрын біз үшін ерекше ыстық театрішілік фестивальді кеңінен айтып өткенім жөн болар. Театрымыздағы «ALTYN SAQA» театрішілік фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жаңа қойылымдар фестивалі.  Пандемия кезеңіндегі шектеулерге байланысты үзіліп, тоқтаған болатын. Биыл, өнер додасы айтулы мерекеге қарсаңында қайта жаңғырып, жалғасын тапты. Фестивальде театрымызда 2022-2023 жылдары тұсауы кесілген қойылымдар Қазақстанның халық артисі, режиссер Есмұхан Обаев бастаған қазылар алқасы мен көрермендер алдында бақ сынады. Үздіктерді анықтау нәтижесінде жеңімпаз атанған шығармашылық иелеріне марапаттар театрымыздың тарихында алтын әріппін жазылған біртуар тұлғаларымыздың атында берілді. «ALTYN SAQA - 2023» театрішілік фестивалі нәтижесі бойынша театр артистері Аққағаз Мәмбетова атындағы «Жыл актрисасы», Кененбай Қожабеков атындағы «Жыл актері» номинациясы, Атагелді Ысмайылов атындағы «Үздік ер адам бейнесі», Жамал Бектасова атындағы «Үздік әйел адам бейнесі» сынды номинацияларымен марапатталды. Театрымыздың артистерінің шын талаптарын бағалап, шабыттандыру мақсатында тағайындалған бұл марапаттар олардың мерейін асқақтатып, одан әрі тынбай еңбектенуге түрткі болды деген үміттеміз. Театрішілік фестиваль бізге қалай маңызды болса республикалық фестивальдер де біз үшін орны бөлек бәйге алаңы болып табылады. Отандық өнер додаларынан бөлек, халықаралық фестивальдер де біздің театрымыздың артистерінің біліктілігін өсірмесе өшірген жоқ деген пікірдемін. Олардың көшін бастайтын биылғы жылғы жүлделер легі Ақтөбе қаласында 20-24 сәуір күндері Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұйымдастыруымен өткізілген VI Халықаралық «BALAUSA» экспериментальды спектакльдер фестивалінде «Оян, қалыңдық» қойылымы үшін Дина Жұмабаева «Үздік режиссерлік жұмыс» жүлдесінің иегері атанды.  Театр репертуарындағы «Қарагөз» (реж.: Ф.Молдағали) қойылымы Түркия елінің Анталия қаласында 15-19 мамыр аралығында өткен XIII Халықаралық «АНТАЛИЯ» театр фестивалінде,  Өзбекстан мемлекетінің, Ташкент қаласында өткен «ЕУРАЗИЯ» театр фестивалінде үздіктер қатарынан көрінсе, Ресей мемлекетінің Мәскеу қаласында өтетін А.П.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінде «Құлагер» қойылымы еліміздің намысын қорғап, сарапшыларды таңдай қақтырды. Әлемнің небір мықты мемлекеттерінің озық туындылары таңдалынып қатысатын әйгілі додада Қазақстан мемлекеті тұңғыш рет өнер көрсетті. Яғни, бұл тек театрымыз үшін ғана емес, еліміз үшін де ең бір толқулы сәттердің бірі болды деп айтсам болады. Сонымен қатар,  еуропалық Албания мемлекетінің Корча қаласында 20-26 маусым аралығында өткен Халықаралық «ALBAMONO – 2023» фестивалінде «Қаһар» моноспектаклі ГРАН-ПРИ және спектакль режиссері Дина Жұмабаева «Үздік режиссер» жүлдесін иеленді. Мұның бәрі қазақ өнері мен мәдениетін әлемдік аренада таныту әрі дәріптеу деп білеміз. Себебі, біздің мақсатымыз – әлемге ұлттық құндылықтарымызды таныту.

Жоғарыда айтқанымдай, театрымыз көрерменнің көңілінен шығып қана қоймай, еліміздің мәдениетіне айтулы үлес қосуды мақсат етеді. Сол үшін де біз тынбай еңбектенуден, ізденуден, алға қарай ұмтылудан еш талмаймыз. Көрермен сұранысы мен талғамын ескере отырып, мереке күндерінде және жаз айларында маусымды жалғастырып, алматылықтар мен қала қонақтарына қойылым ұсынамыз. Былтыр алғаш рет маусым бір айға ұзартылған болатын. Биыл да жалғасын тауып, шілде айында да жұмыс жасаймыз. Көркем өнерге қызмет етуде аянбайтын театр ұжымының тек алматылықтар үшін ғана емес, барлық қалалардағы көрермендеріміз үшін дайындаған сыйлары көп. Алдағы уақытта жаңа, тың дүниелермен қуанта бермекпіз.

Талғат Есеналиев

ҚР Мәдениет қайраткері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371