«Елде бар болғаны 15-23 күнге жететін бензин қалды»
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында елдегі жанармай қорының нақты көлемін атады.
«Бүгінгі сағат 9.00-дегі жағдай бойынша бізде АИ-92 маркалы бензиннің қоры 23 күнге жетеді. АИ-95 маркалы бензиннің қоры –15 күнге, дизельдің қоры 29 күнге жетеді», - деді ведомство басшысы.
Министр жанармай тапшылығы туындаған жағдайда оның бағасын қолдан қымбаттату, алып-сату әрекеттері жиілейтінін еске салып, бұл бағытта тиісті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
«АИ-95 маркалы бензиннен басқа қандай да бір жанармайдың бағасының күрт өсуін болдырмаймыз деп ойлаймын. Өйткені оны Ресейден импорттауға тура келеді. Қазір АИ-95 маркалы бензиннің қоры 15 тәулікке жетеді. Павлодар мұнай зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ақауға байланысты, Шымкент зауытының АИ-95 маркалы бензиннің өндіріс көлемін азайтуына байланысты нарық қажеттілігін Ресей Федерациясынан алдыратын импорт арқылы ғана толық жабамыз деп күтіп отырмыз. Ресеймен тиісті келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бізге шамамен 40 мың тоннадай АИ-95 маркалы бензин импорттау қажет. Келіссөз жүріп жатыр. Қазір «Газпром нефть» жеткізе бастады», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Abai.kz