Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 3252 8 пікір 10 Шілде, 2023 сағат 11:35

Орта Азияға Үндістанның да бар таласы...

Өткен сейсенбі күні Шанхай Ынтымақтастық ұйымының биылғы модераторы Үндістан мемлекеті аталмыш ұйымның кезекті жиналысын онлайн форматта өткізді. ШЫҰ-ның 2001 жылы Қытайдың бастамасымен Кеңес одағынан бөлініп шыққан Орта Азия елдерімен байланысты нығайтып, аймақтағы басты ойыншы Ресейді ығыстыру мақсатында құрылғаны белгілі. Халық саны жағынан Қытайды басып озған, бір кезде өзі отар болған Англияны да ығыстырып, әлемдегі бесінші экономикасы қуатты елге айналған Үндістан бұл ұйымға 2017 жылы мүше болды.

Қытай, Үндістан, Ресей – үш алпауыт ел топтасқан ШЫҰ-ның кезекті жиынының онлайн өтуі әлемдік баспасөздің талқы тақырыбына айналды. Шекара дауын айтпағанда, соңғы уақытта Қытай мен Үндістанның экономикалық бәсекесі шарықтау шегіне жетті. Қытайдың қатаң карантин, бір жақты экономикалық саясатынан қашқан шетелдік алпауыт компаниялар өндіріс базаларын жаппай Үндістанға көшірді.

Жақында Америкада сапарда болған Үнді үкімет басшысының Ақ үйде ерекше қошеметке ие болуы да Қытайдың қызғанышын тудырып, екі елдің геосаяси ұстанымының алшақтығын айқындай түсті. Қытайдың Үндістанның ата жауы Пәкістанмен экономикалық байланысты күшейтіп отырғаны тағы бар. Онлаин жиында Моде «терроризмге жел берді» деп, сөз жебесімен Пәкістан билігін түйреп өтті.

Ал халықаралық іздеу жарияланған Ресей басшысының жағдайы белгілі. Кезекті жиын Путинге өзінің әліде тұғырында екенін пәш етуге жақсы орай болғанымен, дәл сол күні Пригожинның ФСБ-ның Петербургтегі бөлімшесінен мүсәдіраланған ақшасы мен қаруларын алып кеткені туралы ақпарат тарады.

Қытай үшін Үндістан Ресейдің мұнайы мен газына ортақтасып қана қоймай, Орта Азия елдерімен де байланысты күшейтуде. Орта Азияға іштей бақталас болып отырған Қытай мен Ресейге Үндістан мысық табандап мықты бәсекелеске айналуы мүмкін. Әрина Ақ үйдің батасымен. Өткенде Иран мен Тәлібтер арасында суға таластан қарулы қақтығыс орын алғанда, АҚШ тарабы бірден Талибанды «террорист ұйым» қара тізімінен алып тастады.

Кейінгі кезде Америка сарапшылары Трамп пен Байденнің сыртқы саясатын қатаң сынға алуда. Екі президент кезінде Американың әлемдегі ықпалы әлсіреп, Шығыс Азиядан Кариб теңізіне, Шығыс Еуропадан Парсы шығанағына дейінгі бұрынғы геосаяси, экономикалық ықпалын жоғалтты деп айыптауда. Оған нақты дәлел ретінде Иран мен Ресейдің бірлесіп әскери мақсаттағы дрондар өндіріп жатқанын, Қытайдың Американың іргесінде Кубада тыңшылық базасын салғанын алға тартады.

Алдағы жылы Америкада президент сайлауы өтетіні белгілі. Мұның бәрі келесі президентке құлақ қағыс екені белгілі. Жыл соңында Американың сыртқы саясаты ғана емес, Ресей бастаған соғыс Украинаның пайдасына шешілсе, бұрынғы кеңестік кеңістікте де үлкен өзгерістер болатыны анық.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321