Дүйсенбі, 1 Желтоқсан 2025
Әдебиет 77 0 пікір 1 Желтоқсан, 2025 сағат 16:28

Мұхаммед-Қанапия Шархан. Өзге әлем

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Автор туралы ақпарат:

Шархан Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы 2000 жылы 11 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде жоғарғы оқу орнын және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде магистрлік оқуды тәмәмдаған. Бірнеше республикалық, облыстықтық ақындар айтысы мен жыр мүшәйраларының жүлдегері.

2022 жылы «Тәтті мұң» атты кітабы жарық көрген. Кітапта әңгімелер мен өлеңдері, кюар кодтар арқылы әндері берілген. Бұл кітап  2023 жылы Брайл қарпімен және аудио жазба түрінде жарық көрді.

Сондай-ақ, анимциялық фильмдерге  сценраий жазумен айналысады. Қазіргі таңда «Тұлым», «Бозторғай», «Суындар», «Екі лақ», «Супер қарлығаш» сияқты мультфильмдері Балапан арнасында көрсетіліп жүр. Ол бірнеше жинақтар мен шығармашылық еңбектерге құрастырушылық, редакторлық жұмыстар жасаған. Сазгерлік пен сөзгерлікті ұштастырып, 20-дан аса авторлық әндерін жазған. Мұхаммед-Қанапияның кейбір әндерін елімізге танымал әншілер, өз репертуарына қосқан.

Бүгін Abai.kz оқырмандарына Мұхаммед-Қанапияның әңгімелерінен топтама ұсынамыз...

Редакция


Аэропорт

Аэропорт. Есімі, туған жері, оқу орнынан өзге ештеңесінен хабарым жоқ, жұмбақ қызды шығарып салмақ ниетте келгенмін. Ұшаққа отырғызу басталып кетіпті. Сәл кешіккенімнің кесірінен жүздесіп үлгермей қалдым. Күту залындағы темір орындықтардың біріне ақырын келіп жайғастым. Қолымда тәттілер тола қорап пен сұр конвертке салынған Алматы сосын әлгі қыз туралы хат бар. Қара сөмкемдегі қойын дәптерімді суырдым да, сиясы қалың қаламмен, шумақтатып өлең жаза кеттім. Маған қарама-қарсы орындыққа еркін жайғасып алған, жасы елулер шамасындағы бір кісі тесіліп қарап отырғанын байқадым. Жанында, ішкі түйсікпен жобалауымша жасы 70-тен асқан әкесі бар екен. Қолындағы билетінен "Меккеге" бара жатқандарын оңай аңғардым. Оқыған, тоқыған адам екені көрініп-ақ тұр. Менің өлеңге шерін ақтарып жатқан қаламым, сырттан қараған көзге, махаббатпен айналысып отырғанымды жеңіл ұғындырады. Жастық шағы жанарында көлбеңдеп қол бұлғады-ау, шамасы. Қызығып қарайды. Бір сәтте, оқталып еңсесін тіктеп, маған:
- Балам, деді...
- Құлаққабымды құлағымнан алдым. Даусын әлсін ырғақта естіген едім.
- Айта беріңіз!- дедім. Ұзақтау қарап тұрды да,
- Маған, жастық шағыңды сатасың ба? - деді.
- Қанша сұрасаң да, берейін, тек сатсаң болды, - дейді.
Ойланып қалдым... Үнсіз, отырмын. Күтпеген, еш жерден естімеген сұрақ. Мүлде мүмкін емес ұсыныс.
- Жарайды, дедім. Таңырқаған жүзбен бетіме бажырая қарады.
- Рас айтып тұрсың ба?- дейді.
- Иә, шыным, - дедім.
Бірақ бір шартым бар аға. Келісер ме екенсіз дедім...
- Айта бер, сұра деді. Әкесі де біздің әңгімеге ентелеп, құлағын түріп қойды.
- Мен, сізге жастық шағымды сатайын, өтеуіне, сіз маған әкеңізді сатасыз ба?- дедім...
Үнсіз қалды... Әкесіне қарайды, маған қарайды. Жанары жалтақтап, жүрегі безгек қағып кетті. Жас жүрек пен қас жүрек неге мұқтаж екенін екеуміз үнсіз ұғындық. Маған берген жауабы, әкесінің маңдайынан құшырлана иіскеп, нәзік сүйді... Мен ұқтым да, жымиып қарадым. Жаңбыр жыбырлаған автобустың терезесіндей, жанарым бұлдырап кетті... Құлаққабымды құлағыма қайта қыстырып, орнымнан баяу көтерілдім.
- Алла ниеттеріңізді қабыл етсін, - дедім де, кете бардым....
Ішкі сезімімнің нәзік ішектерін сағыныштың сұлу саусағы аямалап шертіп, құлаққабымда осы әуен ойнап тұрған еді.


Құмалақ

Төлен Әбдіктің Әке әңгімесін оқып біткен бойым осы. Әдеттегідей әр шығармадан кейін, келесі әңгімеге ауыспай, алған әсердің буынан бір түйін іздедім. Өзегімде бір жылы сезім зырқ ете қалды. Санама шешемнің пайғамбардың сүйікті асына айналған құрманың кепкен сүйегінен салатын құмалағы сап ете қалды. Бала күнімізде, мен немесе әпкелерім үлкен додаға түсер алдын, шешем байғұс түн жарымда, ақ матасын әлдилеп құмалақ ашып отыратын. Кейде басына тартқан ақ орамалын жая салатын. Жұмақтың исі сіңген жаулықтан жаман хабар келмейтін. Әр құмалалақ салған сайынғы айтылар сөзінің мазмұны мен мәтіні де өзгермейтін. Сонда да бүгін бір жаңа жаңалық алатындай аңтарылып қарап отырамыз.

"Бел бекем, маңдай ашық! Жүрек қағыс жылдам. Оқшауланып жеке жататын бір құмалақты әдейі алып қала ма білмеймін, әйтеуір, сүйінші хабар ғой мынау" - дейтін, көңілге қуаныштан қылаң тастап. Бастысы "Алла жақ" деп бітіреді, сосын. Сол айтқан сөздеріне жұмақтан сүйіншіленгендей күмәнсіз кәміл сенетінбіз. Шешемнің жақсы сөзінен кейін ғана қобалжудан арылып алаңсыз ұйқтайтынмын. Осының арқасында жүрекке тартқан таразыда  үміттің салмағы ауырлай түсетін. Тіпті, әкем де алыс сапарға шығарда келіншегіне жол жорытатын(еркелегендесі болар)...

Қазір ойлансам, бұл біздің ішкі толқуымызды басуға арналған анамның айласы екен ғой! Бауыр еті баласы уайымға тұншығып, қорқыныштың құрсауына ілінгенде,  сенімділігін күшейтуге арналған ғұрыпқа сіңген мотивациялық тәсілі. Не деген ұлы психология десеңші.

Күллі зәузатыңа жететін мирастай...

(Кейде қандай әке болады екенмін өзі? - деген сұрақ санамды сүліктей сорады.)

Әзірге анамның тәрбие сабақтарын егжей-тегжейлі зейінмен, ұсақ-түйегіне дейін зер салып, әліппесінен бастап қайталап жатырмын. Балалығымды сүйгенімдей сағынып отырмын. Мен үшін анамның бәрібір де бақсылығынан жақсылығы басым...

Анам ауылдағы әкемнің көзіндей жәдігер боп қалған қарашаңырақта, қазір сол құмалағымен өзін алдап, бір құмалақты қатардан оқшау бөліп алып, бізден сүйінші күтіп отырған шығар...


Дүмше

Бірде дін өкілдерінің конференциясын өткіздік. Біршама дінге шын берілгендер мен күн көрінгендер болды. Арасында әңгімесі дырдай, іске келгенде жұрдай адамдарды да жиі кезіктірдім. Осы уақытқа дейін мен Құдайды қаншалықты сүйетінімді Құдайдан өзге ешкімге дәлелдегім келмеген.  Одан өзгелерге дәлелдеуге міндетті де емеспін деп ойлаймын. Күллі жаратылыстың өзегі сенім. Барлық тіршілік атаулының түйісетін нүстесі осы. Бұл тек адамзатқа ғана қатысты түсінік емес. Мысалы, жылқы саған сенбесе мінгізбес еді, сиырда сипатсын ба?! Сенім өлген күні сенде өлесің.

Конференция залынан шыққан бірнеше имамдар менен намаз оқитын орын сұрады. Бізде ондай арнайы орынның жоғын айттым.

- Қызықсыңдар, бұл қандай кітапхана өзі дейді бір имекең...

- Бұл жер мешіт емес, кітапхана. Намаз оқитын емес, кітап оқитын жер дедім, оның мәдениетсіз сауалына  аздап ызаланып. Десе де, бір кабинет тауып бердім.

Намаз оқып біткесін әлгі имекең әлгі кабинеттен жанындағы сәлдесі сәнді кісімен бірге шықты.

Жайнамаз жоқ, не сұмдық дейді маған.

- Бауырым, неге жайнамаз қоймайсыңдар, жанындағы кісіні саусағымен маған нұсқап, бұл кісі жоғары дәрежелі мықты ғалым, жайнамаз жоқ, жерге оқыды, - деп шүйгіледі маған. Ішімде тұншықтырып тұрған ашуымның аузыдығын бұдан әрмен ұстау мүмкін емес еді.

- Аға, Алланың алдында біз бәріміз бірдейміз дегенді сіздерен жиі естуші едім дедім. Ғалым да, имам да тәтті ұрлаған тентектей қипақтап қызарып кетті. Жан тазалығы лайланған сәттен бастап, тән тазалығы бұзылады.


Түс

Мен оны бүгін түнде түсімде көрдім...Ол менің түсіме өмірімде бірінші рет кіріп тұр екен. Ол сондай сүйкімді болды. Өте пәк. Көңілі ақ, ниеті мұнтаздай таза. Жүрегіне тозаңдай кір жұқпаған, жанары мөлдір әрі тұп-тұнық. Күлкісі - ол енді өте шынайы. Сөйлегені сондай тәтті. Ештеңеден хабары жоқ бейкүнә.

Ол әкесінің мойынын құшырлана бір иіскеді де, сол жақ қолының жоғары жағындағы жұмсақ жерге басын қойып еркеледі. Оған осылай жасаған ұнайтын сияқты. Иә, ұнайды екен. Қатты құшақтайды. Иә, ол жер құшақ деп аталады.(меніңше жұмақ ол - құшақ сияқты. ең жылы сәттер тек құшақта болады және құшақтасқан уақытта)

Сосын, ол анасының тізесіне басын қойды. Анасы ыстық алақанымен басынан сипалады. Ол сондай бақытты кейіпте маужырай бастады.

Мен оған ештеңе айта алмадым. Үнсіз қарап тұрдым. Тілім байланды да қалды. Түсінесің бе? Сенің алдыңда өте ауыр сынақтар күтіп тұр, дайын бол, - деп айтқым келді. Бірақ, айта алмадым. Оның бақытты балалығын бұзғым келмеді... Оянып кеттім, таң әлі атпаған екен...


Өзге әлем

Жол. Кеше түс ауған шақтан, әлі пойыздамын. Ештеңе жазуға зауқым соқпады. Әдетте, сапар санамды түрткілейтін. Тек кітап оқи беремін. Соңғы бес айда, біршама қалаға сапарладым. Десе де, жаныма ыстығы осы жолғысы еді. Анаға апарар жол…
Купедегі егде тартқан екі әйел кісі сапарлас көршілерім. Әпкелі-сіңілілер екен. Аналарының басына барып құран оқытпақ ниетте туған жерге тартып барады…
Кітап оқып отқанымды көріп, әпкесі:

- Көп оқисыңба балам, деді.
- Көп деуге келмес.
- Кітап оқитындар қияли болмай ма?
- Адамның бәрі қияли, - дедім.
- Онда, сенен сұрайыншы параллель әлемге сенесің бе? - деп сұрады.
- Әрине, дедім…
- Менде, бір қызық жағдай болған. Ол туралы басқаларға айтсам күледі. Ағам дәрігер еді. Ол бұл туралы ешкімге айтпа, әйтпесе сені жындыханаға жабады деген соң көп айтпайтын болдым. Саған айтсам тыңдайсың ба, балам?!
- Маған өте қызық. Құлағым сізде,- дедім.
Студент кезім. Шымкент қаласы. Кешқұрым уақыт. Жатақананың жабылуына аз уақыт қалған соң құрбыларымызбен жүгіріп келеміз. Көшеден жүгіріп өте бергенде, артқы жағымызда бір көлік көше жарығына жауапты бөренеге соғылды. Жалт қарадым. Бөрененің жарығы жыпылықтап тұр. Дереу алдыма қайта бұрылып қарағаным сол еді, бетімнен түсініксіз бір перде сипап өткендей сезім болды. Дала жап-жарық. Айнала тым-тырыс. Өсімдіктер жабысып өскен, биік-биік ғимараттар. Судың даусы естіледі. Әлгі қалада, бір әуен ақырын ойнап тұрды. Кенет маған қарай, бір адамның жүгіріп келе жатқанын байқадым. Зәрем кетіп, кімсің, жолама деп Айқайлаймын. Жаныма аптығып келіп тоқтады. Жас жігіт екен.
- Сен кімсің, - дедім. Есімім Алмас. Сендерде 3 курс студентімін. Мұнда, қайдан жүрсің, өзің?- деп жымиып күлді.
Мен білмеймін дедім. Бұл қалада сенде бірінші рет кеп тұрмысың? - деді әлгі Алмас.
- Иә, керемет жер екен. Аздап, асығыспын. Бүгін әкемнің туған күні. Әйтпесе сені қыдыртар едім дейді. Осы кезде біреудің арқамнан жұлқылай тартып жатқанын байқадым. Оян деп, бетімнен сабалап жатқан құрбымның бейнесін солғын байқап есімнен қайта айырылдым.
Көзімді ашқанымда аруханада екенімді түсіндім. Қолдарым мен аяқтарымды төсекке таңып байлап тастапты. Төсектен жұлқынып, сілкіне айғайға көштім. Медбике жүгіріп келді. Ізінше құрбым да ілесе кірді.
- Уф, ояндың ау ақыры деді.
Мені не үшін байлап тастадыңдар? - деп сұраймын.
- Түсініксіз сандырақтап, жылап, бізге ие бермеген соң байладық, - деді.
Құрбым сенде стресс пе, әлде басқа ма дәрігер әйтеуір бәлкім құс қайтқаннан болар есін жоғалтқан деді. Көзімнің жасы тыйылмайды. Екі күннен соң ауруханадан шықтым. Жатақханаға барған соң, құрбымнан бізде үшінші курста Алмас деген жігіт оқиды ма деп сұрадым. Ол маған таңдана қарап, не үшін сұрадың деді. Жәй мен оны түсімде көрген сияқтымын дедім. Құрбым, сәл күңіреніп, біз жатақханаға асығып қайтқан түні, бөренеге соғылған көлік есіңде ме?
- Иә, есімде.
- Сол көлікте, әлгі сен сұрап тұрған Алмас болған. Ол оқиға орнында қаза тауыпты. Көлікті әкесінің туған күніне сыйлауға сол күні алған екен. Бірақ, бұйырмапты деді. Жүрегім зырқ ете қалды деді, - әлгі әпкем. Оның суретін тауып қарағаным сол еді, дәл өзі. Мен көрген Алмас. Ол басқа өмірге кетті. Өсімдіктер оралған биік ғимараты бар қалаға.
Ал, Шоқан! Сен бұл айтқандарыма сенесің бе?
- Әрине, апай! Сіз жынды емессіз. Бұл ғажап оқиға. Тек сізді түсінетіндер мен сізге сенетіндер аз. Ал, мен сізге сенемін. Бұл жаққа менде басқа өмірден келгенмін деп күлдім. Маған таңдана бір қарады да, ‘дәл айттың’ деп қарқылдап күлді…


Ұры

Ол кәнігі ұры. Қолына сұғанақтың сүйел салғанына биыл үш жыл толады. Адам қарасы қалың жерде айласын іске оңай-ақ асырып жүр. Алаяқтығы толыққанды әдетке айналыпта кеткен.

Бүгін ол, кешкілік жиырма бесінші тролейбусқа отырды.

Ол мінгеннен 4 аялдамадан соң, жол ақысын тексеруші мінді. Оны ұры байқамады. Әлгі ұрының көк тиыны жоқ. Біткен жерім осы-ау, сірә деп, сасқаннан қос жанары алақтап кетті. Тексеруші одан билетін сұрады. Абыржып, кібіртіктеп сылтау айта бастады.

Оның жанында жасы шамамен алпыстан асқан торсық мұрын, қара торы әжей отырған еді. Балам бұл баланың жол ақысын мен төйлесем болады ма? деп жымиған нұрлы дидармен сұрады. Жүрегіндегі мейірім жүзіне шығып-ақ тұр екен.

- Жарайды, әжей төлеңіз!

- Қазір балам, деді де, сөмкесіне қолын салып әмиянын іздей бастады.

Сөмкесін қанша төңкеріп қопарғанымен бірақ ештеңе табылмады. Себебі бұл кезде әмиян әлгі ұрының қалтасында болатын. Әр ойдың соңында бір түйін болмаса, құны бір тиын болады.


Жұма

Данияр бүгін оқуының ақшасын төлейтін соңғы күні болған соң, таң атысымен жарғақ құлағы жастыққа тимей жанұшыра жұмыс жасап жүр. Қайтсе де, кешкі 6-ға дейін үлгеруі керек. Бұл жігіт те, Алматыны жауын құрттай жайлаған курьерлердің бірі. Алматы қонақ үйіне әкелеген тапсырысын орындап шығу бойына, қонақ үйдің есігінің қуысынан алақандай бір нәрсені жанары шалып қалды. Қызыққұмар жігіт лезде жүгіріп, келді.
Қазақы оюмен көмкеріліп тұрып, былғарыдан жасалған қара әмиян екен. Зинаға шақырған бикештей, нәпсісін қытықтап, қағаз ақшаларының шеті көрініп жатыр. Іші тола ақша сияқты. Даниярдың санасында сан түрлі ой лыпың етеді. Дәл бүгін мұқтаждыққа бас ұрып тұрғанда, көктен келген қандай олжа деп аңтарылып қалды. Бірақ, бойындағы тәрбиенің тамыры тым тереңде екен. Ата-анасының екен жемісі. Өзіне тиесілі емес дүниені қонақ үйдің күзетшісіне табыстады. Күзетші - егде жастағы ер кісі екен.
-Біреу жоғалтып алған сияқты. Санын сабалап, зар қақсап қалған шығар, іздеп келсе берерсіз деді,- де, американдық пони аттарынан аумайтын электронды мопедіне жайғасып келесі тапсырысына асығып кетті. Күзетші қара әмиянды қолына ұстап, басын изеген күйі қалып кетті. Бұл жердегі Даниярдың адамгершілігі оқыстан жолыққан әмиянды, Алладан келген сый деп емес, сынақ деп түсінгені. Желмен жарысып, оймен алысып кетіп барады...(Өзінің жасаған ісіне іштей риза!)
Ал, әлгі күзетші жігіттің, қара әмиянның құндағындағы қағаз бумаға құлқыны құлдық құлып, нәпсісін ноқталай алмады. (Ішіндегі сайтан оянып, аранын ластады. Ниетіне дақ салып, пиғылын арбап бұрды. Ақ жолынан тайдырды.)
Күзетші айналасына түлкікөзденіп барлап, бір қарады да, қалтасына сүңгіте салды. Уф, деп маңдайының терін сүртіп, жүзі жымысқыланып жымиып қояды.
Бұл жұма күні болған оқиға. Құдіретті күшті хаһ тағала пенделеріне сауапты да, күнәні де үлестіріп, әділ бөліп беріп жатыр. Таңдау өзіңде ғой, жарығым!

Abai.kz

0 пікір