Дүйсенбі, 1 Желтоқсан 2025
Алашорда 60 0 пікір 1 Желтоқсан, 2025 сағат 16:41

Смағұл Сәдуақасов – Ұлт саясатын бұрмалаушылар

Суреттер: wikipedia.org, nege.kz сайттарынан алынды.

«Смағұл Сәдуақасов: уақыт және мұра» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға баяндама. Абай атындағы Қазақтың Ұлттық педагогикалық университеті, 28 қараша 2025 ж. 

В.И. Ленин 1920 жылы түркістандық ұлт қайраткерлері қабылдаған Түрк Республикасын және Түрк халықтарының компартиясын құру жайындағы шешімдерді кері қағып қана қоймай, түрк халықтарының бірігіп кету ықтималдығынан шошып, үзеңгілестеріне Орта Азияны ұлттық мемлекеттік құрылымдарға бөлшектеу жайында құпия тапсырма берген-ді. Түркістан өлкесінде өмір сүріп жатқан халықтарды бөлшектеп билеу жоспары Сталиннің қадағалауымен 1924 жылғы межелеу науқанында жүзеге асырылып, дербес шаңырақ көтерген Орта Азия республикаларын Средазбюро арқылы ауыздықтап тұру – Исаак Зеленскийге, ал ұлттық республика болмақ Қазақстанды уысына алу 1925 жылдың күзінен  республиканы билеуге келген Филипп Голощекинге тапсырылды.

Бірі Ташкентте, екіншісі Қызылордада бекем орныққан осы қос эмиссар ұлттық республикаларды тым дербестенуге жол бермеу, іс жүзінде шынайы ұлттық мүддені аңсатпау  шараларын  жасаумен мұқият шұғылданды. Қазақ коммунистерінің сана-сезімін орталық ұғымына үйлестіре қырнап, «нивелировка» жасауды мақсат еткен, қазақ ауылдарында «Кіші Октябрь» дауылын соқтыруды армандаған Ф.И. Голощекин көшпенді халықты жаппай ашаршылыққа ұшыратқан ұлттық апат иіріміне бастады. Бұл жолда Смағұл Сәдуақасов оның басты қарсыласы болды. Ол жас республиканы  өсіріп-өркендету   жолдарына   әрдайым   өз көзқарасын білдіріп жүргенқайраткер-тұғын. Қазақстан партия ұйымының   конференцияларында,    пленумдарында ауылдағы   әлеуметтік-экономикалық  қатынастарды «революциялық   тәсілдермен»,   яғни   «жаңа Октябрь жүргізу арқылы» өзгерту шарасымен келісе алмайтынын әлденеше   мәлімдеген-ді. «Қазіргі уақытта еліміз күйзелістерді емес, творчестволық және тыныш, бейбіт жұмысты тосуда, елімізді жаңа   экспроприациялар   емес,   еңбек пен ғылым құтқарады», – деген тұжырымын ол ІІІ партконференцияда жариялап, кооперациялау жөніндегі идеяларды батыл қорғаған, еңбекшілер кеңесін   құру арқылы   ауылды   социалистік құрылыс жолына   аударуға   болады   деген сенімде болған.  Сондықтан да өзінің әйгілі «Ұлттар және ұлт адамдары» атты мақаласында Орта Азия республикалары мен Қазақстанда жүргізіп отырған залалды саясаттары үшін Зеленский мен Голощекинді нақты мысалдар келтіре отырып қатты сынады. Ол бұл ретте ұлт мәселесі соңғы рет талқыланған партияның 12-ші съезінде түйінделген қағидаларды еске ала отырып, аталған функционерлерді ұлт  саясатын бұрмалаушылар ретінде сын садағына алды. 12-ші партсъездің қаулысындағы: «Октябрь революциясы алға шығарған ұлт бағдарламасын өмірге дұрыс енгізу үшін – біз өткен ұлт езгісі кезеңінен мұраға қалған ...кедергілерді алуға тиіспіз... мұның мәні – Республикалар Одағындағы ұлттардың іс жүзінде, яғни, шаруашылық және мәдениет тұрғысынан бір-бірімен терезесі тең еместігінде. Октябрь революциясы әперген құқықтық ұлт теңдігі халықтардың ұлы жеңісі болып табылады, бірақ ол барша ұлт мәселесін өздігінен шеше қоймайды... Іс жүзіндегі теңсіздіктердің себептері ...царизм мен орыс буржуазиясының шет аймақтарды өнеркәсібі дамыған орталық аудандарға жегілген, солар пайдаланатын бірыңғай шикізат аудандарына айналдыруға тырысқан саясатында жатыр. ...оны міндетті түрде түзеу керек», – деген жолдарды арқау етті. Солардан өрбіткен пікірлерінде ол бірінші кезекте «түптеп келгенде Одақ ұлттарының іс жүзіндегі теңдігін» қамтамасыз ететін «шаруашылық мәселелерін» көтерді. Сәдуақасов: «Бүкіл халық шаруашылығын ...реконструкциялау жолына түскелі отырған қазіргі  шақта ұлттық   шет   аймақтардың шаруашылық    мәселелері    туралы    айту өте-мөте орынды», – деп  есептеді.  Оның ойынша, елімізді индустрияландыру мәселесі Совет Одағының    Батыс Европа   мен    Америка   капиталына тәуелділігінен құтылуын ғана көрсетіп қоймай, сонымен   бірге    «Одақтың    өз   ішіндегі    ұлтаралық қатынастарды социалистік   жолмен   шешіп беруге тиіс». Смағұл партияның айқын нұсқауын «шет аймақтардағы жекелеген жауапты қызметкерлердің» қалай түсінетінін қарастырып, Средазбюро төрағасы Исаак   Абрамович Зеленскийдің:   «Республикаларды  тұйық организм секілді шаруашылық етіп құру – жалпы социалистік шаруашылықты өрістету тұрғысынан қарағанда зиянды әрі қауіпті», – деген пайымын «ұлыдержавалық көне жолға бұрып бара жатқандығы» ретінде бағалады. «Біріншіден, ж. Зеленскийдің әрбір республикада (ұлт өкілдерінде деп оқыңыз) тұйық шаруашылық жасау (бұл туралы айтудың өзі күлкілі) тенденциясы бар деген тұжырымы дұрыс емес, ал екіншіден, Орта Азиядан мақта   алып шығу – жақсы, ал кездеме алып шығу – бұл тұйық шаруашылықтың белгісі   деген ұғым   қандай   теориядан туындайды екен? Бұлай емес, ж. Зеленский. Керісінше, шаруашылық мақсатына сәйкестік пен тиімділік тұрғысынан қарағанда, өнеркәсіпті шикізат көзіне тақалту керек», – деп жазды ол. Тап осы мәселе бойынша Қазөлкеком хатшысы Филипп Исаевич Голощекинді де сынады: «Крайком секретарымен теориялық бәсекеге түсу – ұлт өкілі үшін үмітсіз іс, бірақ соған қарамастан, көзге ұрып тұрған жөнсіздіктерді көрсетпеуге тағы болмайды... Адам-ата заманынан бері кісілер байпақ жамап, күрек жөндеп келеді, алайда оны осы уақытқа дейін ешкім «өнеркәсіп», әсіресе «өнеркәсіп саласының негізгісі» деп атаған емес. Неліктен Голощекин жолдас жүн жуатын орыннан әріге бара алмай жүр, дұрысында, барғысы келмейді? Шұға фабрикаларын ұйымдастыру ісі өз-өзінен сұрануда ғой? Темір жолдардың біресе Қазақстаннан жуылған жүнді, біресе осы жүннен тоқылған «москвалық» шұғаны кері тасығанынан гөрі, Қазақстаннан бірден дайын шұға алып шыққаны жеңіл емес пе?»

Экономикаға тап осылай   қарау   дұрыс боларына Сәдуақасов  сенімді,   «алайда ж. Голощекин,   көршісі ж. Зеленскийдің   үлгісімен, – дейді ол, –   бізді   «Қазақстандағы тұйық шаруашылықты» жақтаушылар, немесе одан да сүмірейтіп, «қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық құрылымын қол сұққызбай сақтау жағындағылар» деп атайды». Бұл анықтамасын Голощекин 1926 жылғы декабрьде, өлкелік партия комитетінің III пленумында, өзінен өзгеше ойлаушыларды тұқырту мақсатымен жасаған болатын.   Ал өзінің содан бір жылдай уақыт өткеннен кейінгі көзқарасы да Қазақстанның   шаруашылығын   күрт   ілгері бастырарлықтай     деңгейге      жете     қоймаған-ды, ол 1927 жылғы қазанда: «Өнеркәсіп  саласында  ірілері  емес,  қайта,  жергілікті жерлердегі ұсақ және   орташалары   (жарма тартқыш, жүн жуғыш, май шайқағыш, жөндеу шеберханалары және т.б.), яғни   ауыл шаруашылығына байланысты және оны пайдалы ететіннің бәрі негізгі болып табылады», – деп жазған да, тиісінше Сәдуақасовтың сын садағына іліккен. Оның «өнеркәсіпті ауыл шаруашылығының артына тіркеп, сол арқылы Қазақстанды өмір-бақи шаруа кәсібімен күнелтетін етіп қоюы» дұрыс көзқарасқа жатпайтынын айта келе, «Қазақстанның ауыл шаруашылығын «жарылқаушы» ж. Голощекин мынаны ұмытқан, – дейді Сәдуақасов, – өнеркәсіптің болмауы немесе нашар дамуы ауыл шаруашылығының өсуін де тежейді, ...ауыл шаруашылығының товарлылығын дамытпайынша – ауыл шаруашылығы интенсивтендіру мен коллективтендірудің даңғыл жолына шыға алмайды». Осы тақылетті пайымдарын тарата келе, ол Орта Азия мен Қазақстанды тек қана шикізат алатын ауданға айналдыруға бағытталған царизм мен орыс буржуазиясының саясатын түбегейлі жою жөніндегі XII партсъезд шешімі тым жеткіліксіз орындалуда деп қорытады.

Ол аталған мақаласында аса зәру, әрі өткір тағы екі тақырыпты қозғайды. Олардың бірі – жер мәселесі де, екіншісі – шет аймақтардағы партиялық басшылық туралы. Патшалық тұсындағы жерге көз аларту тарихына шолу жасай отырып, отарлау саясатын тас-талқан еткен Ұлы Октябрьден кейін де бұрмалаушылықтардың әзірге түгел жойылып болмағанын айтады. «РСФСР Наркомземінің мамандары боп отырған ескі режимнін қоныс аудару жөніндегі чиновниктері қайтадан өздерінің отаршылдық арандарын аша бастады», – дейді.  Аграрлық қайта қоныстану мәселесіне деген көзкарастарды талдай келе, оны шешу жөніндегі өз ұсынысын білдіреді.

Сәдуақасовтың көтерген үшінші мәселесінің түп-төркінін: «Ұлы Октябрьдің заңды перзенті – ұлт коммунисіне сенім мен теңдік!» – деген ұранынан дәл білуге болады. Партияның 12-ші съезінен кейін коммунистік ұлт кадрларын даярлауда қол жеткен елеулі жетістіктермен қатар ұлт мәселесі жөніндегі шешімдерді өмірге енгізуде едәуір бұрмалауларға жол берілгеніне ол нақты мысалдар келтіреді. Кейбір жауапты қызметкерлердің баспасөз бетінде, партия ұйымының пленумында: «басшылықта істейтін ұлт кадрлары өкіметті басып алуға», сосын «Одақтың басқаруынан құтылуға» тырысады, ұлт кадрлары «мемлекеттің ұлттық-тұйық тәсілмен басқарылуына» жақ, олар «Россия пролетариатының басшылығына қарсы», ұлт кадрларының өздеріне сенім артуын талап етуі – «өзін ғана ойлайтын жоғарыдағы топтың қысымы», мәселенің бұлай қойылуы «партиялық емес, жеке бастың – топшылдық-пайдакүнемдіктің белгісі» деп Голощекиннің байбалам салуын жөнсіз жала ретінде қатты сынға алады.

Аппаратты жерсіндірудегі проблемаларға тоқталады. «Шет аймақтағы бюрократ осы сөздің көпке әйгілі мағынасындағы бюрократ қана емес, ол – өзі қызмет көрсетіп отырған халықтың ана тілінде, ең арғысы, тіл қатыса да алмайтын мылқау бюрократ» екенін айта келе, Смағұл Сәдуақасов жерсіндірудің маңызы мен оның барысында бой көрсетіп келе жатқан кемшіліктерді нақты мысалдармен ашады. Партияның саясатын шет аймақта бұрмалап жүргендерді әшкерелейді. Ұлт саясатын жүргізуде жол беріліп келе жатқан келеңсіздіктерді жоюға шақырып, «ұлт мәселесі бойынша лениндік позицияларға» көшу керектігі жөнінде ұран тастайды.

Мақаланы Смағұл 1927 жылғы жаз соңына қарай, партияның XV съезіне дайындық қарсаңындағы дискуссияларға қатысу үшін жазған-ды. Ол    Совнарком   председателі А.И. Рыковтың көзқарастарына, оның съезде жасайтын    баяндамасының    тезистеріне    сарапшылдықпен  үңіліп,   өзінің   пікірін   білдіріп   отырды. Мәселен: «Индустриялы түрде дамыған шаруашылықтың  алғашқы  қауым  шаруашылығынан  айырмасы сол, біздің ойымызша, ешқашан тұйық   боп   тұрмайды, – деді ол, – Одақтың бірлігі мен оның жекелеген  бөліктерінің  өзара   тәуелділігі   барған сайын арта түссе деген Рыков жолдастың тілегі – ұлттық шет аймақтар тек қана шикізаттар базасы болуды неғұрлым жылдамырақ жойған жағдайда, соғұрлым нақтырақ жүзеге асырылады». Бұдан Смағұлдың әлеуметтік-экономикалық кемел ойы аңғарылады. Алайда ортақ ой түюге жан-жақты жәрдемдесуге тиіс осынау шағын   еңбегімен    ол   ұлт саясатын бұрмалаушылардың өзіне айыптау үкімін шығаруына жәрдемдескедей болды. Ол мақаласын    «Правда»   газетінің    редакциясына   1927 жылғы қазанда   15-ші съездің алдындағы дискуссиялық парақта басылу үшін  жолдаған-тын. Алайда  съезд қарсаңында өткен пікірталасқа үн қосу мақсатымен жазылған осы мақаланы   «Правда»  газеті емес, съездің   жұмысы   аяқталған соң бір айдан кейін, 1928 жылғы 15 январьда «Большевик» журналы басты. Әрі өсу, даму үстіндегі қоғамдық ойдың бір белесін танытар әдеттегі ғылыми мақала ретінде емес, керісінше, бұдан былай бой көтермеуге тиіс пайымдар   «үлгісі»   секілдендіріп, саяси қара бояумен аймандай «әшкерелеп», тұқырта жария етті: «Большевик» журналы Сәдуақасовтың 9 беттік мақаласына тіркеп, Қызыл профессура институтының тыңдаушысы осетин Коста Таболовтың 14 беттік «Ұлттық демократияның бағытына қарсы  (Сәдуақасов жолдасқа   жауап)»   деп аталатын мақаласын берді.

«Сәдуақасов жолдастың мақаласын   ұлт   мәселесіндегі   буржуазиялық демократияның   бағытын   салуға   әрекеттену   деп қарап қарау   керек», – деген,   саяси   кір жағатын сөздермен басталған антимақаланың күллі талдаулары сол лас бояуды қоюлата түсетін: Сәдуақасов «ұлтшылдықпен көзі қарыққан», «ұлтшылдық уымен уланған», «XII партсъездің шешімдерін басына   көтереді...    өзінің ұлтшылдық    жат    қылығын жасыруға болатын жерлерін келтіреді» іспетті жасанды  айып,  жарнама-айырым   белгілерімен өрілген. Бұл  қарсы   мақаласында автор Сәдуақасовтың «шаруашылықты тиімді жүргізуді»  алға ұстай беруі   «ұлтшылдық   пен   коммунизмді     ымыраластыруға      бағытталған     үмітсіз әрекет» деп тұжырады. Ал оның «қоныс   аудару   саясатына   өкпелеуі»,  «жерсіндіру   мәселесін   бадырайтып   көрсетуі»,   Таболовтың ойынша, «әлі де алашордашылар ықпалында жүргендігін» көрсетеді... (Орайы кеп тұрғанда айта кетейік –Қызыл профессура институтының тыңдаушысы К. Таболовтың Сәдуақасовтың ұлтшылдығымен күресудегі «еңбегі» бағаланының белгісі болар, ол 1934 жылы Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалды).

Осы қос мақала басылған «Большевик» журналы Москвадан келіп     жетісімен Ташкент пен Қызылордадағы Средазбюро мен Казкрайком  басшылары қатал ұйымдық шара қолдануға жұмыла бет бұрды.

Сәдуақасов өлкедегі ұлт саясатын бұрмалап жүргізіп отырған эмиссар-басшылық үшін тым қолайсыз тұлға еді: оны жолдан біржола ысырап тастаудың оңтайлы сәті туды.  Ташкентте істеп тұрған Қазақ педагогика институтының жалпы партия жиналысында коммунистер мақаланы теріс деп тауып, Сәдуақасовты бұдан былай Казпедвуз ректоры қызметінде қалдыру тиімсіз әрі мүмкін емес деп шешті...

Содан кейін Смағұл Сәдуақасов Қазақстанның саяси өміріне жолатылған жоқ. Осылай ол іс жүзінде ұлт саясатын бұрмалаушылар құрбаны болды.

Әдебиет:

Садвокасов С. О национальностях и националах//Журнал «Большевик», 1928. № 1;

Таболов К. Против линии национальной демократии. Ответ тов.Садвокасову// Журнал «Большевик», 1928. № 1;

Бейбіт Қойшыбаев. Түнектен оралған есімдер. ІІІ т.: Үш пері. – Алматы: «Рух БГ», 2016. – 221 – 247-бб.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір