Шоқанның әкесіне жолдаған сәлемі
Құснихат
Қазақта хат жазу дәстүрінің қашан және қалай басталғанын дөп басып айту қиын. Әйтеуір, бұл салттың әлімсақтан келе жатқаны анық. Мысалы, аса тым әріге де бармай-ақ кешегі Абылай хан мен оның немересі Кенесары Қасымұлының көршілес мемлекет билеушілерімен арада жазысқан хаттарының өзінен биік елдік мәдениет үлгілерін көрер едік. Ал назарды одан берірекке қарай түсірсек, бір сәт сонау Шоқан жазбалары елес береді. Бұлардың бәрінен халқымыз бастан кешкен белгілі дәуірлер тынысы аңдалады...
Отыз жастық қана қысқа ғұмырында адамзатты тамсантып, теңдессіз еңбектер қалдырған Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғысқа жазған хаттарын оқып отырып, небір қызықты жәйттерге кезігеміз. Ол Қашғар сапарына аттанғанда жиырма бірде екен. Содан көп ұзамай-ақ бірте-бірте әйгілі тарихшы, этнограф және фольклоршы, саяхатшы, орыс барлаушысы, Ресей әкімшілігінің шенеунігі, ағартушы деген атақтарға ие болған.
Сол Шоқанның үлкен шаһардағы қызметіне жаңа кіріскен қазақтың көп қарадомалақтардың бірі секілді ауылдағы ата-анасына сағыныштан жүрегі лүпілдей отырып хат жазуынан, осынау ұлы тұлғалардың да біреуге перзент, біреуге аға... біреуге іні дегендей қарапайым пенде баласы болғанын түйсініп ойға батасыз.
– Сізге белянд һурматлу ұлұғ мансаблу атамызға, меһірбанлу анамызға, уа барша іні-қарындастарымызға көптен-көп сәлем.
Сәлемнің бағдыда біздерден есендік сұрасаңыз, алхамдлилла ифтиля деб білесіз. 13 числада августың Омбу шаһаріне келдік. Генерал-губернатор бір күн бұрын келген екен. Ешбір жат хабар жоқ, есеншіліктен басқа. Гутковский мұнда сіздерге көп-көп сәлем көндіреді. Аға сұлтандық хақында кеше Гасфорт нешік үшбу күнгеше «представление» қылған жоқ деп Фридрихсқа сөгіс қылды. Хұда бұйыртса, бір жұмада аларсыз. Хатта советник орны бұрынғыдай вакансия болып тұралы, ешбір лайық кісі таба алмадық.
Сабалақ пен Ханқожа балаларын корпусқа қабылдадық. Штабтан Гутковский хат алды. Оларды корпусқа қабылдадық деб.
Омбыға келерде Қосшығұлдың советниктен дәмесі бар болса, алып бірге келіңіз. Гутковский жаһат етермін деп уағда берді. Жанаралға таныстыру керек.
Біздің Шұрықтың үйі судан жаман болып сасып кетіпті. Ешбір тұруға ләзім емес. Бір кісі жіберіңіз деп едім – жібере көріңіз. Һәм өзіңіз келерде біздің жәйді ұмытпаңыз. Гасфорд ыхыласты жіберуге.
Мұхамедия мен Қозыкені менен сүйіңіз.
Ұғлығыңыз Мұхамед-Ханафия Уәлиханов.
***
Байқап отырғанымыздай, Шоқанның сөз саптауынан арабша, парсыша, сондай-ақ ұйғырша және орысша тілдердің ықпалы сезіледі. Яғни, оқыған әдебиеті мен жүрген-тұрған ортасының әсері Шоқанға да тиген. Ол да сол өзі өмір кешіп жатқан қоғамының қағидаларына бағынбай тұра алмайды. Бұған қоса әр тұста «Хұда қаласа» немесе «Алхамдлилла» деп отыратын әдетінен діннен алыс еместігін де аңдаймыз.
Хат Шоқан Қашқарға аттанардан бір жылдай бұрын, яғни 1857 жылы тамыздың 21-і күні жазылыпты.
***
Екінші хат
1860 жыл. Тамыздың 9-ы. Петербор.
– Сіздің мүбәрәк намаңызды, июльдің 6-сында жазған, жолығып көб шад болдым. Көптен хабар алмағанға хафа болып тұрып едім, иншалла, сіздер сәлеметтікттеріңізді жіберіп тұрсаңыз көб жақсы болар еді. Бізден хал-ахуал сұрасаңыз, алхамдлилла, сау-сәлемет деп білесіз.
Мақыжан һам саламат. Ол бұл күнде дачада тұрады. «Пойус» дегені – қамар белбеу. Ләкін аңа еш ләзімі жоқ бекер жазған.
Петербурға келгеннен бері өзімнің халімні бұрынғыдан жақсырақ көремін. Һауасы маған жақсы, жағымды болды. Оны мұнда ашна болған ұлықтар һәм военный министр хүт біледі. Әскер министрі Милютин, барон Ливен деген жанарал, граф Толстой, сенатыр Любимов, уа ғайри ұлықтар. Бұларға асқа барып жүремін. Ләкін бұ күнге шейін Бутковқа уа Гулькевичке барғаным жоқ. Ондайлардың һаммасы мен ашыналығым бар, бәлки ғайрилары мен достығым бар. Өзім һәм бірнеше кітап тасанниф қылып жатырмын. Газетлерде менің хақымда көп жазған еді, есіткенсіз дүр.
Өздеріңіз жүрерде маған бұйырған едіңіз – ақшаның қанша шыққанын жазып тұр деп. Һар нешік. Сіздерге жалған айтып болмас, әуелгі жыл білмеген шаһар көбірек шықты: киім қылдырдым, форма сатып алдым, көйлек, дамбал, падшаға «представит» еткенде, ұлықтарға асқа барғанда кәрәтемен жүрмек керек. Һар нешік, бұ күнде һәм шықты. Жалование формуляр список келгенше берілмейді, қашан келерін хұда білсін.
Бірнеше күн ақшасыз отырып, көп хажелет көрдім. Өзіңіз білесіз, бұ шаһарда ақшасыз адам аштан өледі. Әзір-әзір екі жүз теңге займға алдым. Енді бұ хатты алғаннан кейін азырақ ақша жіберсеңіз жақсы болар еді. Мен сіздерден сұрауға ұяламын, сұрамай болмайды. Борыш қылсам мұнан да жаман. Әгар һар айда жіберіп тұрсаңыз жақсы болар еді, һәм аз шығар еді. Көп ақша қолда болса, көбірек шығады. Мұндағы мұсылмандардың біріне сөздесіп, сіз айына оған жіберсеңіз, айында маған беріп тұр деп айтсаңыз, жақсы болар еді.
Мұса әкем ақша жібере ме, жібермей ме, хұда білсін. Ол өзі ғажаб адам, мен өзім одан сұрамаймын. Һар нешік. Бұл хатты алғаннан кейін біраз ақша жіберсеңіз жақсы болар еді. Арамыз алыс, мұнда біраз кешіксе, хал хараб.
Орынбордан шыққан сұлтандар бір жұма болды мұнда келгеніне. Мұқан сұлтан бәріне председатель.
Бір письмоводитель бар, атын ұмыттым. Һаммасы сегіз-тоғыз кісі. Падшаға бүгін көрісетұғын күн. Пристав болып келген Плотников деген – председательдің товарышы. Переводчигі – қазақ төресі, офицер. Әлмұхаммед Сейдалин. Жақып оны біледі, Ахметтікінде көрген. Башкен ханум сәлем айтыпты.
Апама, балаларға, барша ағайындарға сәлем айтарсыз. Жақыпқа сәлем. Әгар Жақып Омбыға барса, сурет қылып жіберсін.
Сіздің «дворянский» княздық хақында өзіңіз айналысқаныңыз дұрыс болар, ия облыстық басқарма арқылы Карл Казимирович білән ақылдасыңыз. (1746-1776 жылғы 14-наурыздағы және 1874 жылғы 22-ақпандағы Жарлықтар негізінде). Сонда қырғыз хандарының әуләдіні князь қылмаққа қосқан. Ләкін шыққан тегін анық көрсете алмағаны үшін 1804 жылдан бері ноғайларға князьдық берілмеген. Әгар сіздің куәлігіңізде дворяндық дұрыс көрсетілсе – князьдық сұрасаңыз һәм болады, законге тура келеді.
Орынборға губернаторлыққа Безақ деген жанарал баратын болды. Орынбор қазақтарының облыстық губернаторы Григорьевпен мен қыс күні ол Петерборға келгенде көп дос болдық. Ол маған келіп жүрді.
Адресті мынандай қылып жазсаңыз, иншалла, тисе керек. Мой адрес: В кавалерийское отделение Департамента Генерального штаба.
Бұл Шоқанның Географиялық қоғамда атақты баяндамасын жасап, даңқының аспандай түскен шағы. Ғылымға, әдебиетке құлшына араласып, штабс-ротмистр шенін алып, Қасиетті Владимир орденімен марапатталатын кезі. Сонда ол жиырма бес-ақ жаста. Хаттан көріп отырғанымыздай, ол «барон Ливен деген жанарал, граф Толстой – уа ғайри ұлықтар» деп сөз арасында әшейін ғана жаза салғанымен, сонау әлем мойындаған заңғар тұлғалар жап-жас Шоқанмен етене араласқан. Демек, олар қазақтың осынау біртуар перзентін бек шексіз құрметтеген.
***
Үшінші хат
1860 жылғы 4-қараша.
– Бижанаб. Сізге ұлұғ хұрметты уа сүюклу атамызға сәлем, уа меһірман анамыз, уа іні-қарындастарымызға зияда ғұмыр уа ықбалар.
Бағда бізден хабар сұрасаңыз, алхамдлилла, сау уа сәлематпыз. Бір айдан берлі жүрегімнің дерті тұтып, ауырып тұрамын. Петербордың хауасы дешт-сахаралыққа жақсы емес екен. Дәрігерлер қысқа заграницаға баруға бұйырдылар. Хұда разы болсын, хауф қылмаңыз... Ғайри ол жерлерде һеш неме жоқ.
Хұда қаласа Батюшков губернатор болса, Сібірге қайтамын. Мұнда сөз бар Батенков губернаторлыққа менің ашна дос кісімді қояды деген. Оның атын ілгері жазбаймын, әгар болмаса ұят болмасын.
Хұда бұйырса бір айдан кейін Петербордан Парижге шығамын. Ақшаны өтілге аламын – мұндағы бір кісіден. Аның үшін, сіздің жіберген ақша мені Петербургта таппас. Һар нешік емді бұ хатты алғандан кейін ақша һаммасын жібергейсіз, мың теңгедей. Жат жерлерде борышты кісі не қандай мәшһүр болса да, жанарал болсын, – қарауылға жіберер.
Сіздердің халіңізді біліп, мың теңгеден артық сұрамаймын. Мүсафіршілікпен тұрсам, кім біледі, ас-суға жетер. Енді Мұса һәм көмек берсе болар еді. Оның баласына, кім біледі, пайда болар. Адресті түзік жазыңыз. Үш жүз теңге жіберген хатыңыз мені әзер тапты. Аның үшін кім, сіз екі адрес жазыпсыз – бұрынғы адресті және соңғы адресті. Керек соңғыны жазбақ. В кавалерийское отделение Департамента Генерального штаба.
Басқа сөз керек емес. Хұда қаласа, жаз көрішмекні Алла нәсіп еткей. Дәю, жазғушы ұғлұңыз Мұхаммед-Ханафия.
■ P.S. Мақыжан ұғлұңыз жалқау, һеш неме қылмайды, ұстаздары айтады, және «ұры». Менің алты паршалық кітаптарымды ұрлап алғанын учитель Васильев тауып беріп, мені бәледен құтқарды.
Мен әуел келгенде келгенімді білдіріп қызметкерден хабар жібердім. Бір жақтан үйге келсек, Мақыжанды көрдім, ол мені таныды:
– Жүзіңді ұмыттым, – деді.
Оның есендігі жақсы, дерті жоқ, ақша көп сұрайды. «Ұрлық» қылған соң мен ақша бермедім, наказание болсын!
Жақыпжанға сәлем, келінге сәлем, балаларын сүйіңіз. Рахия, Бадығұлға жазсаңыз – сәлем жазарсыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі екі хаттан да заңғар Шоқанның да кезінде күнделікті тұрмыстық тауқыметтер мен түрлі тіршілік түйткілдеріне тәуелді болғанын көреміз. Бірақ сөйтіп жүріп-ақ ол осы кезде өзінің өлмес еңбектерінің жартысынан көбін жазып та тастаған екен. Ал қаламынан баға жетпес еңбектер туған таңғажайып білгір де, кереметтей кемеңгер жастың екі-үш хатына қарап-ақ оның соншама қарапайымдығы мен кішіпейілдігіне бас имеске амал қалмайды.
(Кейбір түсініктемелер: мұнда аты аталған Жақып, Мұхамедия, Қозыке – Шоқанның інілері. Сабалақ пен Ханқожа немере ағалары. Мақыжан – інісі. Суретші. Мұса – шешесі жағынан туысқан ағасы. Мұса Шорманов емес. Граф Толстой да жазушы Лев Толстойдан басқа адам. Башкен ханум – Ахмет Жантөриннің әйелі)...
***
Жазбаға тағы да сәл қосымша: жоғарыдағы хаттан оқуда жүрген, тіпті, бала дерлік албырт жастың әкесінен ақшаны көп сұратқанын көреміз. Сөйтсек, қолы ашық Шоқан достарын қыдыртады екен. Оларға шампан әперетін көрінеді. Карта ойнауға бейім болған... (Шоқанның суретшілігінен бөлек, жастайынан музыкаға бейім екенін, аңшылығы, саятшылығы, сондай-ақ өсімдіктер дүниесіне деген бірқатар әуестігін, сондай-ақ бір сәт картаға құмартқаны туралы жазғанбыз. «Қазақ Әдебиеті». «Әл-Фарабиден Әлиханға дейін...» 13.10.2017). Ал патша үкіметінің жалақысына қарап отырған әкесі байғұс баласының ондай «серілігі» сырын қайдан біле берсін, маңайындағы байлардан, әсіресе, Ақан серінің әкесі Қорамсадан қарыз алып, баласының сұрағанын жіберіп отырыпты... Қысқасы, бұл бағытта «тасада» жатқан сыр көп...
Құлтөлеу Мұқаш
Abai.kz