Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Асқанға - тосқан 2681 2 пікір 10 Шілде, 2023 сағат 12:58

Халық: «Досаев қызметінен кетсін!»

Алматылықтар қала әкімінің қызметіне риза емес. Таяуда шаһар басшысы «орнын босатсын» деген петиция жарияланды. Alash.online сайтында жарық көрген петицияға 45 336 адам дауыс берген, оның 32 209-ы «Досаев кетсін» десе, 13 127-сі «қалсын» депті.

«Ерболат Досаев Алматыға әкім болып сайланғалы тұрғындардың проблемасы көбейді. Құрылысқа тыйым салынған жерлерде өмірі бітпейтін құрылыс жұмыстары, жөндеуді қажет етпейтін жолдарды қайта жасау, жиектастарды ауыстыру жұмыстары жүріп жатады», - делінген петицияда.

Автордың жазуынша, күні кеше Сейфуллин көшесіндегі көпірдің сапалы тас қабырғаларын алып тастап, сапасыз қытайлық тастарға ауыстырған.

«Бұл тек бюджеттен көбірек ақша алудың амалы», - дейді автор.

Петицияда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты орнынан алып тастау сұралған.

Бір қызығы, петиция жарияланғаннан кейін 7 шілдеде Досаевтың отставкасына қарсылар саны кенет өсіп, 12 мыңнан бір-ақ шыққан. Белсенділер мұның Ресейлік боттардың әрекеті екенін анықтады. Көрші елдің боттары Алматы қаласының әкімі орнында қалсын деп дауыс берген.

Сондай-ақ петицияда әкімнің брифингтерде шаһар тұрғындарының сұрақтарына жауап беру мәнері көпшілікке ұнамайтыны жазылған.

Биыл наурызда Досаев халықпен кездесу кезінде проблемасын айтын шағынған тұрғынға дөрекі жауап бергені үшін сынға ұшыраған.

Айта кетейік Ерболат Досаев қалаға әкім болып тағайындалған алғашқы күндерден бастап-ақ қарсылыққа ұшыраған. Ол 2022 жылы 31 қаңтарда қызметке келді. Ал 5 ақпан күні алматылықтар «Әкімді сайлауды өзімізге қалдырсын» деп, Досаевтың тағайындалғанына қарсы митингке шықты.

Ерболат Досаев қаңтар оқиғасынан кейін орнынан босатылған бұрынғы әкім Бақытжан Сағынтаевтың орнына келген.

Ол Lancaster Holding-тің төрттен біріне және Қазинвестбанктің ірі үлескері болды (мемлекеттік қызметке ауысқаннан кейін активтер басқармаға берілді).

Досаев Forbes-тің 50 байының қатарына кіреді, оның байлығы шамамен 110 миллион АҚШ доллары.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095