Райымқұлованың ісі: Орыс князін ұлықтау кімге керек?
Азаматтық белсенді Тұрарбек Құсайынов Алматыда орыс қолбасшысы Александр Невскийге арналған ескерткіштің қойылуына қарсы.
«Тарихқа көз жүгіртсек, князь Александр Невский Алтын Ордаға амалсыз бас иген. Ол біздің көшпенді ата-бабамызды жек көрген, тек саяси билігіне мойынсұнуына тура келген. Тарихшылар оның нағыз империалист және діннің фанаты болғанын айтады. Кремль мен Путин пір тұтатын, әскери империалист Александр Невскийге Қазақстанның оңтүстік астанасы – Алматыдан ескерткіш ашудың керегі не?»,-дейді белсенді.
Бір күн бұрын, православтардың ресми сайты mitropolia.kz 13 шілдеде Алматыда орыс қолбасшысы Александр Невскийге арналған ескерткіш ашылады, деп жазды. Сайтта Патриарх Кириллдің батасымен, Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың рұқсатымен ескерткіш орнатылып жатқаны айтылған.
Ескерткіштің басты миссиясы Қазақстан қоғамын бірлік пен татулыққа шақыру, себебі Моңғол империясына бірнеше мәрте бас ие барған Александр-Невский дипломатиялық қызмет атқарған делінген ақпаратта.
Сондай-ақ mitropolia.kz сайты Алматы қаласын мақалада кеңестік үлгіде «Алма-Ата» деп жазыпты. Алайда қазір мақала өшірілген.
Орыс князіне ескерткіш орнату туралы әңгіме осыдан 3 жыл бұрын шыққан. 2020 жылы желтоқсанда сол кездегі мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қазақстан митрополиті Александрдің кездесуінде жоспарланады.
2021 жылы Александр Невскийдің туғанына 800 жыл толады. Соған орай Алматыдағы ғибадатхана алдында оның монументі тұрғызылады, деп жазылды БАҚ-та.
«Кездесуге қатысушылар 2021 жылы Алматыда жаңадан салынған Александро-Невский ғибадатханасының алдына князь Александрға ескерткіш құру мәселесін қарастырды. Митрополиттік округ басшысы айтып өткендей, қазіргі уақытта беделді суретшілер Ұлы даланың дәстүрлеріне тән, Қазақстанның халық батырлары секілді атқа мінген адал билеушіні бейнелейтін эскиздік жоба әзірленуде»,-деп жазды mitropolia.kz.
Abai.kz