Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Шолу 1620 4 пікір 11 Шілде, 2023 сағат 17:49

Мирзияевті қайта сайлау: ОА президенттерінің билікке келу жолы

65 жастағы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев үшінші рет ел басшысы болып сайланды. Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы Мирзияевтің 87,05 пайыз дауыс жинағанын айтты. Сайлауға 15.6 миллион адам келген.

2023 жылдың сәуірінде Конституцияға түзетулер енгізуге байланысты өзбектер референдум өткізді. Сол кезде Шавкат Мирзиеевтің алдыңғы екі презиенттік мерзімі нөлге шығарылды. Осыдан кейін ол тағы екі рет жеті жылдық мерзімге сайлануға Заңды мүмкіндік алды — яғни 2040 жылға дейін билікте қалмақ.

Осыған орай, Орталық Азияның қазіргі президенттерінің билікке келу жолына шолу жасап өттік.

Қазақстан. 70 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды 28 жыл бойы басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі екінші президент. Соңғы президент сайлауы 2022 жылы 20 қараша өтті. Тоқаев сонда 81,31 пайыз дауыс жинады. 2022 жылдың жазында елде Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты референдум өтті. Қыркүйек айында Тоқаев президент сайлауы өтетінін жариялады және мемлекет басшысының басқару мерзімін 7 жылға ұзартып, тек бір рет сайлауды ұсынды. 16 қыркүйекте Парламент президенттің ұсынысын заңға енгізді.

Тәжікстан. Елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмон 70 жаста. Ол Тәжікстанның президенті болып 5 рет сайланды. Тәуелсіз тәжік елінің басшылығына келмес бұрын екі жыл Тәжікстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған. Соңғы сайлауда 90,92 пайыз дауыс жинаған.

Бірнеше рет референдум өткізіп, Негізгі заңға өзгерістер енгізген. 2003 жылы президенттің екі рет 7 жылдан сайлануына мүмкіндік беретін заң қабылданды. 2016 жылы Конституцияға өзгеріс енгізіп, Рахмонның сайлауға шексіз түсе беруіне рұхсат етілді. Сондай-ақ президентке үміткерлердің жас шегін 35-тен 30-ға жасартты.

Қырғызстан. 54 жастағы Садыр Жапаров Орталық Азиядағы президенттердің ішінде саяси өмірі өзгелерден гөрі шытырманға толы деуге болады. Ол қырғыздың 6-шы президенті. Соңғы сайлауында 79,02 пайыз дауыс алды. Садыр Жапаров өзінің мансап жолын Бәкиевтің кезінде депутат ретінде бастаған, 2013 жылға дейін мансабы тез өсті де өшті. Сол жылы кісі өлтіру, кепілге адам алу, бұзақылық және билік өкіліне зорлық-зомбылық жасады деген айыппен сотталды. Осылайша ол елден кетеді. Төрт жылдан кейін Отанына оралып, жазасын өтеп жүреді. Бірақ 2020 жылы қазан айындағы наразылықтар кезінде оны жақтастары босатып алды. Кейінірек сот оған тағылған барлық айыптарды алып тастады.

Түркіменстан. 41 жастағы Сердар Бердімұхамедов түркімендерді бұрынғы президент, әкесі Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовпен бірге басқарып отыр. Сердарды президенттікке сайлау былтыр 12 наурызда өткен, ол 72,92 пайыз дауыс жинады. Экс-президент «сайлауға түспеймін, жастарға орын беремін» дей келе өзінің Халық Мәслихатын – Парламенттің жоғары палатасын басқарып отыра беретінін айтты. Бақылаушылар оның «жас» деп өзінің ұлын меңзегенін мәлімдеді.

Батыс бақылаушыларының айтуынша, 1991 жылдан бері Түркіменстандағы бірде-бір сайлау ашық өтпеген.

 

Abai.kz

4 пікір