Жұма, 20 Қыркүйек 2024
1486 1 пікір 13 Шілде, 2023 сағат 15:38

Илон Маск жаңа компаниясын таныстырды

Илон Маск жасанды интеллектке маманданған жаңа компания құрылғаны туралы жариялады, деп хабарлайды CNN.

Маск бірнеше ай бойы СhatGPТ-ге бәсекелес компания құрылатыны туралы айтып, елді елеңдетіп келген еді. Міне, ол xAI деп аталатын компанияны таныстырды.

Компанияның веб-сайты және бірнеше қызметкерден тұратын командасы бар. Веб-сайтында компанияның қызметкерлерді белсенді түрде жұмысқа алып жатқаны туралы айтылған.

Соған қоса жазылғанындай, жаңа компанияны Масктың өзі басқарады және бұл компания «өз миссиясын орындау үшін X (Twitter), Tesla және басқа компаниялармен тығыз жұмыс істейді».

«хAI мақсаты — ғаламның шынайы табиғатын түсіну», - делінген ақпаратта.

Бұл миссия Масктың бұрын ЖИ саласындағы жоспарлары туралы айтқандарымен үндеседі.

Маск ChatGPT негізін қалаушы OpenAi компаниясын жақтағандардың бірі болған. Бірақ кейінірек компанияны вирустық чат-боттың біржақты немесе сексистік жауаптарды болдырмауға бағытталған қауіпсіздік шараларын енгізгені үшін сынға алды.

Сәуір айында Fox News жүргізушісі Такер Карлсонға берген сұхбатында Маск «ғаламды түсінуге қамқорлық жасайтын, шындықты іздейтін жасанды интеллекті» іске қосатынын айтты.

Маск иелігіндегі басқа компанияларға келетін болсақ, 44 млрд долларға сатып алынған «Twitter»-дің болашағы белгісіз. Бұған Meta-ның Threads деп аталатын бәсекелес қосымшаны іске қосуы себеп болып отыр. Жаңа қосымша бір аптаған жетпейтін уақыт ішінде 100 млн пайдаланушы жинап үлгерді. Ал, Twitter қолданушыларының саны азайып бара жатқаны туралы хабарламалар тарап жатыр. Маск бірнеше ай бойы қызметкерлерін қысқартып, сонымен қатар компания саясатына даулы өзгерістер енгізді.

Айта кетсек, Илон Маск Twitter-ден басқа Tesla, SpaceX, Neuralynx және Boeing Company компанияларына иелік етеді. Бұған дейін хабарланғанындай, Илон Маск қайтадан әлемдегі ең бай адамдар рейтингін бастады.

 

Abai.kz

1 пікір