Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2705 13 пікір 15 Шілде, 2023 сағат 12:34

Сотын көрді ел бесеудің

Айкөркемдер қанын қазақ кешпейді!
Құл-құтандар - ұлт жағына көшпейді...
2022 жылғы Қанды Қаңтар қырғыны
Қазақ барда ұлт жадынан өшпейді!..

Жала жапқыш тағы не деп оттады?
Ол жалаға олар неге тоқтады?..
"Әуежайды басып алмақ!.. " деген сол
Айыппенен БЕС ҚАЗАҚТЫ соттады!

Жалақорлар - осыменен тоқтай ма?
Қайран ұрпақ жоғалтқанын жоқтай ма?
Бес қазақты соттағандар бұл жолы -
Келешекте бар қазақты соттай ма?..

Қазақ жолы - ойлы-қырлы еңіс пе,
Қазағыма мал қалмапты-ау өрісте...

Соттағандар Төрт жігіт пен Бір қызды -
Жеттік дей ме, шыныменен Жеңіске?

Сонда кімнің ит ниеті тарылды?
Зәрлі сөздер - шығарардай жаныңды...
Төрт жігіттің ортасында ӘЙГЕРІМ -
Қайтпас-қайсар өрлігімен танылды!

Кім бар екен ақтарылар ағынан,
Көп болды өзі соры кімнің бағынан?
Бір жағынан өзі бізге әріптес,
Екен тағы қаламдастар жағынан...

Не қорлыққа көніп келдім, көнем бе,
Жел сөздерге еріп келдім, ерем бе?
Бас-аяғы БЕС ҚАЗАҚТЫҢ жасына
"Әуежайды басып алмақ..." деген бе?

Қайран қазақ - жасық па әлде асқақ па?
"Ауыздарын жап!- деген кім,- қақсат па!?"
Бұлар мына ісіменен қазақтың
Шыныменен соңғы мысын баспақ па?

Шыққыр көзім - тағы сұмдық көре ме?
Ит қорлыққаққа көніп келді, көне ме?
Бұл шындықты мойындағысы келмейтін
Сонда оларды, Қазақ деуге келе ме?..

...Қазақ тартқан қызыл қырғын әлегін,
Сан естіген сұм заманның әуенін,
...1986 жылғы ЖЕЛТОҚСАННЫҢ әйгілі
Не сұмдығын мен де көрген жан едім.

Көрдің ұлтым, көп пе әлі көрерің,
Қалды ма өзі бұл жалғанда сенерің?
Сол Желтоқсан турасында "Зобалаң"
Атты дастан жазған тағы мен едім...

Сол жылдары от боп жанған арманы,
Біледі оны Желтоқсандар тарланы,
Ол "Зобалаң" "Азаттықтың" толқынын
Бәрі есімде, қаншама жыл шарлады...

Қазағыма жақсы күндер армандай,
Бықсып, күйіп, ішімде шоқ қалғандай...
Осы жолы сотын көріп "БЕСЕУДІҢ"
Болдым кенет есім ауып қалғандай.

Бұл заманда: басбұзар кім, есер кім?
Алдын алар жан бар ма өзі кеселдің?
Хатын оқып, өскен ұрпақ "БЕСЕУДІҢ...",
О сұмдық-ай, "СОТЫН КӨРДІ ЕЛ БЕСЕУДІҢ"!

Нұр тайғандай жарқыраған жұлдыздан,
О сұмдық-ай, мына ыстықта күн қызған -
Кім айтады Ақиқатын ШЫНДЫҚТЫҢ -
Сескенген кім, ТӨРТ ЖІГІТ ПЕН БІР ҚЫЗДАН?!.

Жұмаш Кенебай-Көкбөрі

Abai.kz 

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458