Дәурен Қуат. Әбденов-Марченко. Қызметтен қайсысы кетуі керек еді?
«Марченко із-түзсіз жоғалып кетіпті». Кешелі бері орыстілді сайттар осындай бір суыт хабардың шетін шығарды. «Із-түзсіз жоғалып кеткені несі? Сақалды банкиріміз сайтанның жетегінде кетпеген шығар?» ...деп ойлап үлгергенімізше бас банкиріміздің демалыста жүргенін білдірген бір жүгіртпе жолға көзіміз түсті. Е, мейлі. Демалыста екен. Әйтеуір өзі экономист әм банкир деп есепке алмайтын Әблязовтың қасынан табылып жүрмесе бопты. Марченко Мұхтар Әблязовты ілікке санамайды. Алаяқ дейді. Сосын ғой айтып жатқанымыз, әйтпесе бұл әңгімеге Әблязовтың қатысы шамалы. Әйтседе бір білгіштер Марченконың да діңкелеп біткенін, идеясының да, жиған-терген білімі мен тәжірибесінің де таусылғанын айтады. Ол қазір мейілінше саяқ жүретін болған. Әредік әртүрлі реформаға бастамашы тұлғаның сыңайын танытып қойғанымен соның ақырына көзі жетпейтіндігін де түсінген сияқты. Естеріңізге сала отырайын, осы бірер айдың аржақ-бержағында «жаңаша түзімін тауып үлгерген» зейнетақы қорларының бұрынғы жақтаушысы бәрінен бұрын жақсақалы жалбыраған Марченконың тап өзі еді. Сол қорлардың қалыптасқан жұмысын жоққа тән еткен де, міне, өзі болды. Ендігі тықыр банктерге таяп келеді. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Оған жеке тоқталармыз.

Ұлттық банкіміздің қазіргі төрағасы рас, бастамашыл адам. Кейде ол өзінің қызметі мен міндетін ұмытып та кететінге ұқсайды. Әйтпесе зейнетке шығу жасын ұлғайту дейтін мәселе бас банкирдің басын қатыруы тиіс пе еді? Зейнет жасының аз-кемдігінен оған келіп кетер не бар? Әлде Ұлттық банктің бұдан өзге айналдыратын шаруасы қалмаған ба? Қайдан ғана білейік, басқасының бәрін жиып қойды да Марченкомыз зейнетақы қорларымен бірге зейнет жасын реформалауға да білекті түріп тастап кірісті. Әрнені «реформасына» әлінше дәлел-дәйек етіп бақты. Онысының өзі әйтсе де әйелдердің әжетханасынан әріге ұзамады. «Ұлттық банк қызметкерлерінің көбі әйелдер. Бізде әйелдердің әжетханасы көп» деді ме, сондай бірдеңе-сірдеңелерді көңірсітті. Шамасы, бас банкиріміз қызметінде әйелдер мен әйелдердің қажеттілігін өтейтін орынның жай-жапсарын жіті қарап, бақылап отыратын болса керек. Алайда ол лас, былапыт сөзі үшін ешкімнен ескерту де естіген жоқ, костюмінің жағасына жұмыртқаның «жұқанасын» да жұқтырған жоқ. Есесіне зейнетжасының өзгеруіне әуелден қарсылығын білдірген Серік Әбденовтің «түбіне жетіп» тынды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігіне 2012 жылдың қыркүйек айында тағайындалған Серік Әбденов баспасөз өкілдерімен жүздескен бір жиында Марченконың идеясын қолдамайтындығын, әйелдердің зейнетжасын 58-ден 63-ке ұзартудан ұтарымыздың шамалы екендігін ашық айтқан. Артынша бірақ алғашқы ойынан айныды. Айныды ма, айнытты ма о жағын талдаудың енді басы артық, өйткені «өзінен тумаған өгей неме» Әбденовті әбден-ақ әуіре-сарсаңға салды. Цуканов дейтін сүмелек тіпті оған көптің көзінше жұмыртқа лақтырып, бір-ақ күнде орыстілді баспасөздің қаһарманына айналды. Орыстілділер министр Әбденов қайталап айтқан бір ауыз сөзді келеке мазақтың өзегі етіп, әбден мырғамға батты. Қазақша ойлап, ойын орысшаға аударып сөйлейтін министр сөйтіп қызметінен босады.
- Мен, - деген болатын экс-министр жуырда журналистерге берген сұхбатының бірінде, - қазақша ойлаймын. Содан соң ойымды орысшаға аударамын.
Қазақша ойлайтын министр... Жиырма пәленбай жылда қазақша ойлай алатын бір министрдің және онысын ағынан ақтарылып айтқан азаматтың мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазым иелерінің арасында жүргендігіне шүкір дегенімізше болған жоқ... көз жазып қалдық. Құдай сақтасын, Серік Сақболдаұлы бауыры бүтін, басы аман, ел-жұртының ортасында. Алайда ол жылға толмай жатып қызметінен шеттетілуі тиіс пе еді? Біз, әрине, Үкімет басшысының пәрменіне тоқтау жасай алмаймыз, әйткенменде «бастамашылдығы» үшін орынтағынан ұшу керек болса, мысалы «Елбасының өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту» жөнінде референдум өткізу керектігін табан астында ойлап тапқан Ерлан Сыдықов ендіге Семейдегі мектептердің бірінде сабақ беріп қана жүрер еді ғой. Жоқ, Ерекең ентігін әрең басып Астанада, Гумилев атындағы ЕНУ-дің төрінде отыр. Ерлан Батташұлының бастамасын кезінде Президент өзі тоқтатты. Президент тоқтатқан, Президент вето қойған мәселелер бізде жетіп-артылады. Соның бәрі Әбденовке ұқсап «әттең-айлап» кеткен емес. Әгәрәки, әйелдердің зейнетжасын ұлғайту мәселесіне тікелей қатысы бар Әбденов десек, оның соңынан шулап-шұрқырай жөнелген Мәжіліс пен Сенат депутаттарын да отставкаға жіберген жөн еді. «Жертвалық» тағдыр Әбденовке бұйырыпты. Жә, енді оны жаздық не, жазбадық не? Алайда, Ұлттық банктегі әйелдердің әжетханасын санап бәле қылған Марченко судан қалай құрғақ шықты. Соны ұқпай далмыз.
Abai.kz