Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 2852 15 пікір 26 Шілде, 2023 сағат 12:59

Шетел асқан 300 мың қазақ: Жастар шетелде не іздеп жүр?

Соңғы бір дерек бойынша қазақтың 300 мыңнан астам тепсе темір үзетін азаматы шетелдерде қара жұмыс істеп жүр екен. Дамыған елдерден нәпақа іздеу үрдіске айналғалы қашан?! Көршіміздің колледж бітірген қызы жылдап Кореяға барып жұмыс істеуді әдетке айналдырса, Дубай мен Австралияға барып лағман созып, палау пісіріп жүрген жігіттерді де көптеп кездестірдік.

Мұның өзі баяғыдағы саяси күлдіргіде айтылатын «бір қазақ үйінде екі өзбек ұстайтын» заманның келмеске кеткенін көрсетеді. Кезінде өзбек азаматтарының еліміздің құрылыс саласында, қырғыз бен тәжік азаматтарының базарларда қаптап кеткені тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «алдымен экономика, сосын саясат» тактикасының кемелділігінің көрінісі ретінде дәріптелген еді. Оған нақты мысал ретінде бүгінде істі болып, абақтыға жабылған бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұқамәдиұлының Маскеуде сапарда болғанда ондағы қонақ үйлерде қара жұмыс істеп жүрген қырғыз азаматшаларын біздің әйелдермен салыстырып, кемсіте пікір білдіргенін, «Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қыздарымыз керемет өмір сүріп жатыр» деп айтқанын келтіруге болады. Іс жүзінде Қазақстанда әйелдердің өмірі керемет пе? Керемет болса Назарбаев кезінде әйелдердің зейнет жасын ұзарту неге қолға алынды? Бұл бастама күні бүгінге дейін неге шешімін таппай, жаппай наразылық тудырып келеді?!

Дамыған елдерде де ондай наразылықтар болып жатыр дерсіз. Оған нақты дәлел ретінде Францияда болып жатқан миллион адамдық зейнет жасын көтеруге қарсы ереуілдерді алға тартарсыз. Өңдеу өнеркәсібі жоқ Қазақстанмен әлемнің алдынғы қатарлы өнеркәсібі дамыған елі саналатын Францияның жағдайы мүлде екі басқа.

Соңғы онжылдықтарда Америка, Англия, Германия, Франция, Италия, Жапония қатарлы экономикасы қуатты елдер халқының қартаю үрдісі етек алғанын Біріккен ұлттар ұйымы мәлімдеп келеді. Дамыған елдердегі қарттар санының көбеюі ол елдердегі экономикалық саясаттың тиімділігінің, азаматтарының өмір сапасын жоғарылату мақсаттарының орындалғанының нақты көрінісі. Демек әр азаматы өзі армандағандай өмір сүріп жатыр деген сөз. Дүниежүзілік банктың болжамы бойынша 2050 жылға қарай жоғарыдағы елдерде қарттардың үлесі 40 пайызға жетеді екен. Бұл елдердің қатарына Кореяда қосылады делінуде. Дамыған елдердің зейнеткерлері біздің зейнеткерлер сияқты мардымсыз теңге емес, медқамсыздандыру, зейнетақы жағынан өте жоғары игіліктерге ие екені белгілі. Үкіметі сол жеңілдіктерді ұстап отыру үшін экономикалық саясатты, көші-қон үрдісін қайта қарауға күні бұрын қам жасап жатыр.

Халық саны, жастар мен қарттардың үлесі бейжай қарайтын мәселе емес. Ел экономикасына, мемлекеттің даму болашағына тікелей әсер ететін толғақты түйін. Англияда қарға қуған қазақтардың әлеуметтік желіде жаппай талқыға түсуі тегіннен тегін емес. Зейнет саясатын батыстағыдай жасаймыз дегенмен біздің нақты жайымыз дамыған елдермен салыстыруға келмейтіні ақиқат. Халық саны тұрғысынан айтсақ жастардың үлесі басым. Бұл артықшылықты экономикалық пайдаға жарата алмай, жастарды ішке, сыртқа сенделтіп қоюы – биліктің тікелей жауапкершілігі, үкіметтің қырсыздығы. Мамандар «жастардың үлесі басым болса, еңбек күш көп болады, экономика дамиды» деген жаңсақ ұғым екенін кесіп айтады. «Атқарушы үкімет тиімді экономикалық саясат қолданып, жастарды жұмысқа орналастырмаса, қоғамда тұрақсыздық орын алады» дейді. Оған мысал ретінде кедейліктен қылмыстық жолға, заңсыз әскери ұйымдарға қосылатын Африка жастарын алға тартады. Бізде де 2019 жылғы халық санағы кезінде жастардың үлесінің 25 пайыздан асқаны белгілі болған еді. Арада көп етпей «Қаңтар трагедиясы» орын алды. Бүлінген дүкенде қалып кеткен тозығы жеткен жаздық красовка талай жанның аянышын тудырды.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

15 пікір