Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 2770 1 пікір 1 Тамыз, 2023 сағат 12:25

«Желтоқсан» «Қаңтардың» тасасында қалып қоймай ма?

Қазақ халқының өткен тарихы бір жағынан бабаларымыздың жанқияр ерлігіне, екінші жағынан қайғы мен қасіретке толы екені қай-қайсымызға да белгілі.

Мың өліп, мың тірілген қазақ деп аталарымыз бекер айтып кеткен жоқ. Бір жағынан жоңғармен, екінші жағынан қоқанмен, солтүстіктен орыстармен, оңтүстіктен қытаймен арпалысып жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен, Алтайдан Аштарханға, Шығыс Түркістаннан Орынбор, Сарытау, Түменге дейінгі ұланғайыр жерімізді сақтап, бүгінгі ұрпақтары - бізге жеткізген бабаларымыз үшін қалай мақтансақ та, оларды қалай ұлықтасақ та, жарасады.

Әрине бұл біздің өткен тарихымыз. Ал біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болатын нәрсе, ол халқымыздың жадысынан әлі кете қоймаған, жанға түскен жарасы әлі жазылмаған, ақтаңдағы көп, айтылғанынан айтылмағаны басым, Желтоқсан мен Қаңтардың мәселесі.

Нақтылап айтсақ негізінен Желтоқсанның мәселесіне тоқталамыз, ал Қаңтар туралы тек салыстырмалы түрде ғана, Желтоқсанға параллель ретінде қарастыратын боламыз. Өйткені, Қаңтар мәселесі бүгінгі күні әзір күн тәртібінен түскен жоқ. Ол елімізде, қоғамда барлық деңгейде талқыланып, зерттеліп жатыр. Құқық қорғау органдарының тарапынан да тергеу жұмыстары әлі біткен жоқ. Егер Президентіміздің «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» туралы бастамалары жай сөз емес, нақты істермен дәлелденіп жатса, Қаңтардың ақиқатына толық болмаса да, бірсыпырасына көзіміз жетер деген үмітіміз бар.

Ал Желтоқсанның жағдайы басқаша. Бүгінгі күні Желтоқсан Қаңтардың көлеңкесінде қалып, бірте-бірте ұмытылып бара жатқан сыңайлы. Сондықтан да бүгін Желтоқсан мәселесіне тағы да оралуды жөн көріп отырмын. Тағы да дейтін себебім, мен бұл мәселені бұрын да әрдайым көтеріп, баспасөз бетінде тиісті органдардың, қоғамның назарын Желтоқсан мәселесінің көлеңкелі тұстарына аударып келемін. Бұған дейін әртүрлі баспасөз құралдарында «Желтоқсан боздақтарының ерлігі ұмытылып бара жатқан жоқ па?» және «Желтоқсан құрбандарының алдындағы қарыздарымызды қашан өтейміз?» атты мақалаларым жарық көрген болатын. Ал бүгінгі Желтоқсан тақырыбына қайта оралуыма себеп болған қазақтың біртуар азаматы Әркен Уақтың «1986 жылғы желтоқсандағы қазақ халқына қарсы Назарбаев ұйымдастырған геноцид туралы құжаттар» атты мақаласы болатын.

Өздеріңізге белгілі Әркен Уақ сол Желтоқсан оқиғасының қаҺармандарының бірі, сол кезде Алматы архитектура-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі болып қызмет істеген. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін және оны ұйымдастырушы ретінде сот шешімімен 8 жылға сотталып, жазасын Колымада өтеген. Өзін жазықсыз деп есептеген ол тіпті кейін жағдай өзгерген кезде амнистияға шығуға мүмкіндігі бола тұрып, екі рет амнистиядан бас тартқан. Әркен Уақ тек сегіз жылдан кейін ғана толық ақталған. Түрмеден босап шыққан ол қалған өмірін сол Желтоқсанның ашылмай қалған құпияларын, айтылмай қалған ақиқаттарын ашып, халықтың назарына жеткізуге арнаған. Сол мақсатта ол өзінің барлық жиған-терген қаражаттарын әр түрлі құқық қорғау органдарының Желтоқсанға байланысты құпия құжаттарын іздеп, тауып жариялауға жұмсаған. Жинақталған құжаттардың негізінде Әркен Уақ 2000 жылы жоғарыда аталған көлемді мақаласын жарыққа шығарған. Бірақ Мәскеуде жеке баспаханада шығарылған ол кітап Алматыға жетпей, жол-жөнекей жоғалып кеткен.

Авторда бар мәліметке сәйкес ол құқық қорғау органдарының арнайы қызметі тарапынан жолда тәркіленіп, кейін жойылып жіберген. Бірақ ол кітапты оқығысы келген кез-келген адам ғаламтордан іздеп табуына болады. Аталған кітапта сол 86-жылғы қазақ халқының жүрегіне жазылмас жара салған Желтоқсан оқиғасының толық хранологиясы берілген. Автордың өзінің бір сұхбатында айтқандай кітаптың алғысөзінен басқасының бәрі негізінен ресми құжаттардан тұрады. Демек кітапта ойдан шығарылған ешнәрсе жоқ. Нақтылайтын болсақ кітаптың негізгі бөлегі Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың 1989 жылғы Совет Одағының Халық депутаттары съезінің мінбесіне М. Горбачевті Аралдың проблемасын көтеремін деп алдап шығып сөйлеген әйгілі сөзінен кейін құрылған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумы комиссиясының қабылдаған құжаттарынан тұрады. Аталған комиссияның сұранысы бойынша берілген республикалық партия, кеңес, қоғамдық органдарының, құқық қорғау мекемелерінің, қорғаныс министрлігінің құжаттары, қамауға алынған оқиға қатысушыларының тергеу хаттамалары, куәлардың айғақтары, бәрі сол күйінде ешқандай өзгеріссіз алынған. Комиссия Орталықтың (Мәскеу) және сол кездегі Қазақстандағы билік басындағылардың, құқық қорғау органдары тарапынан болған айтарлықтай қысымға қарамастан, сол желтоқсан көтерілісінің себебі мен салдарын анықтауға байланысты орасан зор жұмыс атқарғаннын автор айрықша атап өткен. Комиссияның қорытындысы Жоғарғы Кеңес президиумының отырысында қаралып, ешкімді міндеттемейтін формальды түрдегі қаулы қабылдаумен шектелген және қаулы да, комиссияның жүргізген зерттеу құжаттары да биліктің кейінгі назарынан мүлдем тыс қалған. Мұхтар ағамыз бен Әркен Уақ секілді желтоқсан қатысушыларының, басқа да ұлт жанашырларының, әлсін-әлсін мәселені әр түрлі деңгейде көтеріп, билік басындағылар менен жалпы қоғамды сілкіндіргісі келген әрекеттері тарс жабылған есіктерге соғылып, жаңғырық ретінде олардың өздеріне қарсы қысым көрсетумен аяқталған. Өйткені ол кезде билік басында Назарбаевтан бастап, Желтоқсанға байланысты репрессияға тікелей қатысқан барлық жоғарғы шенді тұлғалар отырды. Сол уақыттан бері бүгінгі күнге дейін Желтоқсан тақырыбына табу жарияланып, ол туралы сөз қозғаудың өзі қауіпті болатын. Тек соңғы уақытта ғана,  нақтылай айтсақ Назарбаев тағынан түсіп, билікке Қ-Ж.К.Тоқаев келгеннен бері, әсіресе Қаңтар қасыретінен кейін, осы қазақ халқы үшін жүрегіндегі жазылмайтын жара болып тұрған мәселенің ашылмаған ақиқаттарына көзіміз жете ме деген үміт оянған болатын. Бірақ өкінішке орай әзір ол мәселенің анық-қанығына жеткісі келіп, білегін түріп кірісетін тұлғалар билік басындағылардан да, халық қалаулылары-депутаттар арасынан да ешкім болмай тұр. Тіпті еліміздің тәуелсіз ақпарат кеңістігінің белді медиа серкелері – Гүлжан Ерғалиева, Гүлнәр Бажкенова, Вадим Борейколардың өзі Желтоқсан мәселесіне келгенде түсініксіз дәрменсіздік танытуда. Бәріміз де Қаңтар мәселесімен айналысқымыз келеді, депутаттар да, журналистер де, блогерлер де. Ал Желтоқсан мәселесі сол Қаңтардың көлеңкесінде қалып, ұмытылып бара жатқан сияқты. Бұл жерде мен Қаңтардың қайғысын, оның бүгінгі күнгі қоғамымыз үшін маңыздылығын төмендеткім келіп отырған жоқ. Тек менің айтайын дегенім, біздің тарихымызда орын алған барлық қайғылы оқиғалар ұмытылып, жабулы қазан жабулы күйінде қалмауы тиіс. Егер біз бүгін Желтоқсанды жауып тастасақ, ертең Қаңтар да сондай күйге түсуі мүмкін. Және де бір айта кететін нәрсе, ол Қаңтар оқиғасы кеше ғана көз алдымызда болған, оның көп жағдайлары белгілі. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың саны белгілі, аттары аталған, түстері түстелген. Олардың денелері туыстарына берілген, ақ жуып жерленген. Ал Желтоқсан қыршындарының саны да осы күнге дейін, кезінде Г. Колбин айтып кеткен, ресми деректегі төрт адамнан басқасы, белгісіз. Әркен Уақтың мәліметі бойынша жоғарыда аталған комиссияның қорытындысының 14 тарауында көрсетілгендей, Орта Азия мен Қазақстан бойынша ішкі істер басқармасының оперативтік бөлімінің бастығы полковник Щербатов 21 желтоқсан күні болған жиында барлығы 168 адамның қаза болғанын жария еткен. Бұл мәлімет сол жиынның хаттамасында көрсетілген. Сонымен қатар, комиссияның зерттеу жұмысы кезінде жүргізілген инвентаризация барысында Алматы қаласының «Западный» қорымында желтоқсан оқиғасынан кейін Ішкі істер министрлігінің арнайы қызметтері 58 аты-жөндері белгісіз мүрделерді жерлегені белгілі болған. Ал комиссия мүшелері жауап алған ішкі істер әскерлері мен ерікті халық жасақтарының мүшелерінің хаттама арқылы ресімделген түсіндірмелерінде сол желтоқсан күндері Брежнев атындағы алаңды демонстранттардан тазартудан кейін жүзден аса адамның денелері қалғанын, олардың бәрін сыртқы киімдерін шешіп, жүк машиналарына тиеп, қаланың сыртына апарып, тұрмыстық қоқыс жинауға арналып қазылған орға тасталғаны айтылған. Ал жоғарыда аталған Западный қорымында жерленген 58 адам, ол шамасы алаңнан тірі кетіп құқық қорғау органдарының изоляторларына жеткізілген және көшеден жазықсыз ұсталған, тергеу кезінде ұрып-соғудан қаза болған адамдар болуы мүмкін.

Айта берсек Желтоқсанның қаны сорғалап тұрған мәселелері жеткілікті. Желтоқсан оқиғасына 37 жыл болыпты, ал еліміздің тәуелсіздік алғанына да 32 жыл толыпты. Зұлымдық империясы (Империя зла) аталған Кеңестер одағы да тарихтың еншісіне кетті, ал біздің елдегі сол империяның бір тірегі Назарбаев та жоқ бүгінде билікте. Бірақ Желтоқсан ақиқатына әлі көзіміз жетпей келеді. Қанша боздақтарымыз аттары аталмай, түстері түстелмей, ақ жуылып көмілмей, құран оқылмай «братской могилада» жатыр. Көзі тірісінде қаншама шырылдап, Желтоқсанның ақиқатына біздің көзімізде жеткіземін деген Әркен ағамыз да, жаны жаннатта болсын, қазір арамызда жоқ. Мұхтар ағамыз да құрғаққа шығып қалған балықтай тулап-тулап, жасы келгеннен кейін шаршап, күресуді тоқтатқан сыңайлы.

Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Елімізде бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықтың шегіне жетуі, бар байлығымыздың игілігін дұрыстап көре алмай, қарызға белшемізден батып отыруымыз, тіпті осы Қаңтар мен Жаңаөзендегі қырғындар да мүмкін осы қыршын жастардың аруақтарының риза болмай жатқанынан шығар. Не болғанда да осы мәселені қайтадан парламент деңгейінде көтеріп, жаңадан  депутаттық комиссия құрып, бар шындықтың бетін ашып, сол еліміздің тәуелсіздігі үшін жандарын берген жастардың алдындағы қарыздарымыз бен парыздарымызды өтейтін уақыт келген сияқты.

Байқоңыров Сәмет Ықыласұлы,

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255