Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2931 0 пікір 13 Маусым, 2013 сағат 04:44

Ғарышқа ұшқан кілем

Ұрпағына мәңгілік мұра қалдырып, аққан жұлдыздай із тастап өткен асыл азаматтардың бірі – суретші, дизайнер, өнертанушы Мұхамеджан Әлімбаев.
Сырдың бойын жаяу аралап ел арасынан шеберлердің қолынан шыққан алуан түрлі кілемдер мен жез құмандарды жалықпай жинауға өзінің саналы ғұмырын арнаған Мұхамеджан туралы айтып-жеткізуді азаматтық борышым санадым.

Ұрпағына мәңгілік мұра қалдырып, аққан жұлдыздай із тастап өткен асыл азаматтардың бірі – суретші, дизайнер, өнертанушы Мұхамеджан Әлімбаев.
Сырдың бойын жаяу аралап ел арасынан шеберлердің қолынан шыққан алуан түрлі кілемдер мен жез құмандарды жалықпай жинауға өзінің саналы ғұмырын арнаған Мұхамеджан туралы айтып-жеткізуді азаматтық борышым санадым.

 
Қос диплом иесі

Мұхамеджанның бір ерекшелігі – өте өнерлі еді. Ең алдымен бесаспап шебер болатын. Әсіресе, ол көне жәдігерлерді бастапқы қалпын сақтай отырып, қайта жаңғыртуды жақсы көретін. Басқаны қайдам, дәл осы Мұқаң көне жәдігер десе ішкен асын жерге қоятын. Содан да болар, ол сонау кеңестік кезеңде өзі туған шежірелі Шиеліден бастап, Сырдың бойындағы барлық ауылдарды аралап, ондағы ше­берлердің қолынан көне жәді­герлерді жалықпай жинады. Жергілікті халық кейде өнер­та­нушыға көне жәдігерлерді сыйға тартса, енді бірін өз қаржысына сатып алды. Сөйтсек, Мұхамеджан көне жәдігерлердің құнын өзгелерден әлдеқайда жақсы білген екен. Мұқаңның тағы бір ерекшелігі, ол сөйлегенде сөзді түйдек-түйдегімен суырып, қазақтың қара домбырасымен әуелетіп ән салғанда немесе Сыр бойы жырауларының термелерін орындағанда таңды- таңға атыратын. Бұл біз сан мәрте куәсі болған шындық.
«Халқымыз «қолөнер – мол өнер» деп тектен-текке айтпаған ғой. Өйткені халықтық һәм ұлттық өнер бұл, түбі терең алып мұхит тәрізді. Халықтық өнердің талай ғасырлар қойнауында жатқан қатпар-қатпар тарихы, қайсы­бі­реулер біле бермейтін ерекшелігі бар екені анық. Мен өз басым өнердің ордасы саналатын Сыр өңіріндегі Шиелі ауданының Жаңатұрмыс ауылында өмір есігін аштым. Бұл ауылдың басқа ауыл­дардан өзіндік ерекшелігі, мұнда кілем тоқу ежелден қа­лыптасқан. Бұл ауылдың балалары көзін «тырнап» ашқаннан бастап, кілемнің небір қайталанбас бояу­ларына қанығып өседі. Мен де жас­тайымнан шиелілік шеберлердің кілемдерінің сыр-сипатына барынша қанығып, мұның үлкен өнер екенін танып өстім. Кілем тоқушылардың қимыл-әрекеттері, қарапайым киізге алуан түрлі өрнек салуы, сан түрлі бояуды пайдалану шеберлігі айрықша әсер қалдыратын. Есейе келе Алматыдағы көркемсурет училищесін тәмам­дадым. Осы оқу орнын бітірген соң, менің бар аңсарым Шиелінің қайталанбас өрнекті кілемдеріне ауды да тұрды. Содан басқа өнер атаулыны ысырып қойып, кілем жинаумен айналыстым. Ал мыс­керлік өнері Қазақстанда өткен ғасырдың басында ежелгі Түр­кiстанда осындағы Қожа-Ахмет Йассауи кесенесінің жанында ай­рықша дамыды. Мұндағы ұсталар дәл осы маңда топтасып, күндіз-түні жұмыс жасады. Дәл осы Түркістанда мыскерліктің дамуына бірден себеп болған нәрсе, дүниежүзінің сан қиырынан келген мұсылмандардың осындағы киелі де қасиетті Қожа-Ахмет Йассауи мешітіне зиярат етіп шығуы үшін, алдымен, дәрет алуы қажет болды. Ал бұл ұсталықты кәсіп еткендердің алдына үлкен міндет жүктеді. Сөйтіп, олар осында келген әрбір адамды өздері қолдан соққан мыс құманмен қамтамасыз етті. Зер­делеп қарасам, күні бүгінге дейін жаңасы бар, ескісі бар алты мыңнан астам кілем менің қолымнан өтіпті. 30 жылға жуық жинаған кілем­дерімнің өзі қазір бес-алты «КамАЗ»-ға немесе екі вагонға жүк бо­лар­лықтай. Олардың біразын Орталық музейге тапсырдым. Біразы қо­лымда. Тіпті арасында шетелдегі жекеменшік көрмелерге өткізген кездерім де болды»  деген еді бірде Мұхамеджан.
Мұхамеджан Әлімбаевтың айтуынша, ол Алматыда, Мәскеуде сан мәрте кілемдер көрмесін ұйымдастырып, тоқылған кілемдерді парсы, иран, ауған кілемдерімен салыстыра отырып, қазақы кілем­дердің өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтарын жалықпай зерттеді. Сөйтіп, қазақы кілемдердің әлемдегі мұсылман елдерінде өндірілетін кілемдерден еш кемдігі жоғын дәлелдеді. «Қазақы кі­лемдердің ерекшелігі, көлемі жағынан үлкен, түсі – шымқай қызыл келеді. Ілінген тұсын айрықша нұрландырып тұрады. Бұған қоса, қазақы кілемде сырмақ, киіз тоқуда қолданылатын өзіндік ерекшеліктер ескеріледі. Қазақ кілемдері ешбір қоспасыз табиғи заттардан ғана жасалады. Қазақ шеберлері кілемге қажетті алуан түрлі бояуды күнделікті қолданыстағы заттардан жасай білген. Демек, кілем, ұлттық өне­ріміздің бір бұтағы деуге болады» – деушi еді марқұм Мұқаң.

Шеберліктің шыңы

Ол жез құмандардың бір мыңға жуығын жинапты. Сол құмандардың біразы Астана мен Алматының музейлерінде. Енді біразы әлі күнге дейін пәтерінде сақтаулы. Мұхамеджанның пәтеріндегі жез құмандардың әрқайсысының өзіндік жасалу ерекшелігі бар. Ол бұл құмандарды өзі жиған-терген жез құмандарының арасынан таңдап алып қалған. Қазақ шеберлерінің кілем тоқу өнеріне жастайынан қанық Мұхамеджан көзі тірісінде қазақ халқының, әсіресе, кейінгі жас толқынның ұлттық өнерімізге «бажырая» қарап, жақтырмайтынын жиі айтып отыратын еді.
«Менің кілем өнерімен тікелей айналысқаныма ширек ғасырдай уақыт болды. Сонда, бір байқағаным, мұндай жәдігерлерге жергілікті тұрғындарымызға қарағанда ше­телдік азаматтар айрықша «ғашық». Тіпті олар қайсыбір жез ­құманды көрсе болды, айналып шықпай қалады. Бұл олардың көне һәм тарихи жәдігерлердің мәні мен маңызын ерекше бағалай біл­гендігінен болса керек. Өз басым кілем тоқу мен мыскерлік өнерді қазақ қолөнерінің шыңы деп білемін. Ең бастысы – бұл ұлттық өнер. Сондықтан да мен мыс құмандар мен көне кілемдерді айрықша бағалаймын. Бірде Шиеліде бір шебердің қолынан шыққан кілемге қызыққаным соншалық, сол кілемді астымдағы автокөлігіме айырбастап алдым. Бұл адам дегенді қойсаңшы, қызық пендеміз ғой. Менің кейде кейбір көне заттарымды мейлі ол жез құман болсын, мейлі көне кілем болсын көлденең көк аттыдан қызғанып, тіпті көрсеткім келмейтін кездерім де болады. Сондықтан олардың көпшілігін әлі күнге үйімнің төрінде сақтап отырған жайым бар. Жез құмандарымды бірі үлкен, бірі кіші орыстың матреш­касындай қаз-қатар тізіп те қоямын. Бұл – таза өнерді бағалау. Мысалы, сол жез құмандардың арасында Оңтүстік өңіріне, әсіресе, Түркістан аймағына есімдері кеңінен танылған қожа-молдалар пайдаланғандары да бар. Мен оларды ел аралап жүріп тауып алдым. Менің әкем молда болған. Мына, Түркістандағы Қар­нақта оқыған.
Ең қымбат жез құман әкемнің қолында болды. Кілемге қайта оралсақ, Шиелінің көксеңгір кілемі бар. Бұл – кілемнің ең тазасы, оған ешқандй бөгде қылшық немесе жүн қосылмай, тек ешкінің түбітінен ғана тоқылады. Шындығы сол, Шиелінің көне кілемдері мен Түркістан ше­берлерінің жез құмандары мені асырады, – деп Мұхамеджан ішкі сырын ақтаратын.
Шебердің айтуынша, ол жас­тайынан кітап оқуды айрықша жақсы көріпті. Ал сол кітап құмарлық оны Қазақ Ұлттық университетінің журналистика бөліміне апарды. Сөйтіп, ол журналист мамандығын да меңгерді. Бастапқыда біраз жыл Алматыдағы кітап баспаларында журналистикамен айналысты. Бірақ оның аңсары қолөнеріне ауды да тұрды. Содан бастапқы кәсібі қол өнеріне қайтып оралды.

Ақмарал, Сұлу,
Еркем-ай...

Мұхамеджан кітапты жақсы көргендігінен, жазушы ағаларына деген құрметтен болар, ізбасары – қос ұлының бірінің есімін Сәбит, екіншісінің есімін Ғабит қойды. Өйт­кені Мүсірепов пен Мұқановтың шығармашылығы оған тым ыстық. Бұл жөнінде  марқұм  Мұхамеджан­ның өзі: «Біздің бала кезімізде журналист болуға талпынған жастар сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетімен тығыз қарым-қатынаста болатын. Мен де осы газетпен байланыста болдым. Жазған-сызғандарымның осы газетте жа­риялануын қалайтынмын. Бір жылдары көрнекті сыншы, марқұм Сағат Әшімбаев бас редактордың орынбасары, ал танымал жазушы Оралхан Бөкей әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. Осы қалам иелерімен аралас-құралас болдық. Бірде үлкен қызым туғанда Оралхан Бөкейге «аға, тұңғыш қызым өмірге келді, атын сіз қойып беріңіз!» деп қолқа салдым. Содан ол кісі көп ойланбастан «қарағым, онда тұңғышыңның есімін Ақмарал, Сұлу, Еркем-ай қоя ғой» деді. Орағаңның дәл осы аттас шығармасының бар екенін білетін мен үнсіз келістім. Алайда мен бұған өзімше өзгеріс енгізіп, үлкен қызымның есімін Ақмарал, одан кейінгі ортаншы қызымды – Сұлу, ал үшінші қызыма – Еркем-ай деген есімді жөн көрдім. Қазір Ақмаралым мен Еркем-айым тұрмыс құрып, екеуінен де жиен-немерелі болып отырмын. Менің бұл жаңалығымды, бір шығар­масының атын үш бірдей қызыма бергенімді естіген Оралхан Бөкей айрықша қуанып, оларды өзінің көргісі келетінін айтты. Ол жылдары мен Алматының «Айнабұлақ» ықшам­ауданында тұратын едім. Орекең үйде болып, тұлымшақтары жел­біреп, үш қарлығашым алдынан жүгіріп шыққандағы қуанышын айтсаңызшы... Ол мұны өзінің жазушылық қарым-қабілетіне, шынайы шығармаға деген ыстық құрмет екенін мен айтпай-ақ сезініп, үш бүлдіршінімнің маңдайынан иіскеп, айрықша күй кешкені күні кешегідей есімде.
Айтпақшы, Мұқан Төлебаевтың таңдаулы бір әнінің қайырмасында «Ақмарал, Сұлу, Еркем-ай» деген әдемі шумақты, қайталанбас сөздер бар. Ал мұның өзі менің үш қыз­ғалдағымды айрықша шапағатқа бөлеп, өсе келе олар да өнер жолын таңдады. Сөйтіп, олардың үшеуі де Алматы көркемсурет колледжін, одан соң Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп, суретшілік жолды таңдап алды. Байқаймын, олардың үшеуінің де бірыңғай мамандықты таңдап алуына көпшілігінде олардың жастайынан мен жинаған кілемдер мен жез құмандардың арасында өскені себеп болса керек. Өйткені қай жерде көрме ұйымдастырсам, олар менімен бірге қатар жүретін. Үш қызыма триптих жасайын деп ұлдарымның атын Ғабит, Сәбит, тіпті Дәуіт (Давид) қояйын деп те ар­мандағанмын. Бірақ триптих жа­саудың реті болмады. Алайда қос жазушының атын алған Ғабит пен Сәбит ержетіп, өсіп келеді.
Ондағы мақсатым, «жақсыдан шарапат» дегендей, қос ұлым Ғабит пен Сәбит сынды қазақ мәдениеті мен өнерінде өзіндік орны бар сөз зергерлеріне ұқсасын деген үлкен арман-ниеттен туған дүние ғой» деп сол бір кездесуде марқұм Мұхамеджан ағынан жарылып еді.

ТҮЙІН:
Мұхамеджан «ұлттық өнерді сүймейтін адам, ұлтын да сүймейді»  деген сөзді үнемі айтып оты­ра­тын-ды. Сондықтан да болар, ол қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке өзінің коллекциясынан Сыр бойында тоқылған шағын кі­лемшені сыйға тартып, киелі де қасиетті жәдігерді ғарышқа өзімен бірге ала баруын өтінген еді. Сол жолы қазақ ғарышкері, екі мәрте батыр Тоқтар Мұқаңның тілегін орындап, әлгі кілемшені өзімен бірге алып ұшты. Бұл кілем қазір Алматыдағы Орталық музейдің Президент залында сақтаулы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420