Сенбі, 23 Қараша 2024
1591 0 пікір 9 Тамыз, 2023 сағат 13:07

Новороссийск порты қазақ мұнайына қауіпті ме?

Қазақстан өз мұнайын тасымалдайтын Каспий мұнай концорциуымы терминалы (КТК) орналасқан Новороссийск портының қауіпсіздігі мәселесін саяси деңгейде көтереді.

Терминал мұнайын тұтынушылар арасында Еуропа одағы да бар. Мұны Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бүгін үкіметі отырысынан кейін журналистерге берген сұқбатында айтты.

"Бұл мұнай терминалының тұрақты жұмыс істеуіне мұнай өндіруші ірі компаниялар да мүдделі" – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Оның сөзінше, Қазақстан КТК құбырына байланып қалмауды көздеп отыр.

– Қазақстан өз мұнайын экспортқа шығару жолдарын диверсификациялауға кірісті. Баку-Жейхан бағыты бойынша келісім жасалды. Баку-Супса мұнай құбыры бойынша, "Дружба" мұнай құбыры бойынша да келіссөз өтіп жатыр, – деді министр.

Тамыздың төртіне Ресей қорғаныс министрлігі Новороссийскідегі әскери-теңіз базасына екі теңіз дроны шабуылдағанын хабарлаған. Новороссийскіде Қазақстан мұнайын экспорттайтын Каспий мұнай консорциумының (КТК) терминалы орналасқан.

"Шабуылға тойтарыс беру кезінде экипажсыз катерлер анықталып, әскери-теңіз базасын күзететін Ресей кемелерінің қару күшімен жойылды" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Новороссийскіден бөлек, ұшақ тектес дрондар аннексияланған Қырым аумағындағы нысандарға да шабуыл жасаған. Әуе қорғаныс жүйесі он дронды атып түсірген. Тағы үш дрон радиоэлектронды құралдардың көмегімен істен шығарылған, деп жазылған министрлік хабарламасында. Зардап шеккендер және қираған нысандар туралы ақпарат жоқ.

Ресей қорғаныс министрлігі Новороссийскі мен Қырымдағы шабуылға Украинаны айыптады. Украина жағы әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Новороссийскідегі әскери-теңіз базасында кемелер мен сүңгуір қайықтар шоғырланған. Ал ол жақтағы Каспий құбыр консорциумының (КТК) терминалы арқылы Ресей, Әзербайжан және Қазақстан мұнайы халықаралық нарыққа жол тартады.

КТК-ның баспасөз қызметі терминал бүлінбегенін және мұнай тиеу үзілмегенін мәлімдеген. Бірақ портта кемелер қозғалысына тыйым салынған.

BBC-дің Орыс қызметінің жазуынша, жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде жарылыс КТК терминалында болған болуы мүмкін деп жазған.

Былтыр Новороссийскінің теңіз терминалында бірнеше рет апат болған. Ізінше Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыру туралы айтқан.

Былтыр қарашада Ресей ақпарат құралдары терминалда жарылыс болғанын хабарлаған. Сол кезде украин дроны терминалға соққы жасағаны хабарланған. Ресей билігі оқиғаға түсініктеме бермеген. Ақпаратты терминал иесі "Транснефть" компаниясының өкілдері жоққа шығарған. Украина жағы да Новороссийскідегі жарылысқа байланысты түсініктеме бермеген.

КТК – Қазақстан мен Ресей және әлемдегі жетекші мұнай өндіруші компаниялар қатысатын аса ірі халықаралық жоба. Құбырдың ұзындығы 1,5 мың шақырым. КТК негізінен Батыс Қазақстан мұнайы мен Ресей мұнайын тасымалдайды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420