Зікірия Жандарбек. «Жеті жарғы» Қазақ хандығының ыдырауына ықпал етті
Сопылық ілімнің тарих сахнасына шығуы ислам дінін қабылдаған көптеген халықтардың дәстүрлі мәдениеті мен салт-дәстүрін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Олар өз кезегінде ислам дінінің сол халықтарда өмір сүру формасының әртүрлі болуын қамтамасыз етті. Бірақ көптеген зерттеушілер ислам дінінің өмір сүру формасының әр түрлі болуын сопылық ілімнің іштей әртүрлі тариқаттарға бөлінуімен байланысты екендігін ескере бермейді. Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жол түркі халықтарында ислам дінінің өмір сүру формасы болып қалыптасты. Түркі халықтары үшін ислам дінінде Йасауи жолынан тыс жол қалмады. Ол жолдың шеңберінен шығу түркі мәдениетінен бас тарту болатын. Сондықтан кезінде ислам әлемі Қожа Ахмет Йасауиді «Қтуб ал-ақтаб» деп атады. Бұл сөзді қазақтың жалпақ тіліне аударғанда Түркі дүниесінің «Темірқазығы» дегенді білдіретін еді. Йасауийа тариқатының тарих сахнасына шығуымен түркі халықтарының тілі мен әдет-ғұрыпы, салт-дәстүрі, дәстүрлі мәдениеті толығымен қайтадан қалпына келтірілді. Түркі дүниесі жеке халық ретінде тарих сахнасынан шығып қалу қауіпінен арылды және өз дамуының келесі кезеңіне аяқ басты.
Сопылық ілімнің тарих сахнасына шығуы ислам дінін қабылдаған көптеген халықтардың дәстүрлі мәдениеті мен салт-дәстүрін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Олар өз кезегінде ислам дінінің сол халықтарда өмір сүру формасының әртүрлі болуын қамтамасыз етті. Бірақ көптеген зерттеушілер ислам дінінің өмір сүру формасының әр түрлі болуын сопылық ілімнің іштей әртүрлі тариқаттарға бөлінуімен байланысты екендігін ескере бермейді. Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жол түркі халықтарында ислам дінінің өмір сүру формасы болып қалыптасты. Түркі халықтары үшін ислам дінінде Йасауи жолынан тыс жол қалмады. Ол жолдың шеңберінен шығу түркі мәдениетінен бас тарту болатын. Сондықтан кезінде ислам әлемі Қожа Ахмет Йасауиді «Қтуб ал-ақтаб» деп атады. Бұл сөзді қазақтың жалпақ тіліне аударғанда Түркі дүниесінің «Темірқазығы» дегенді білдіретін еді. Йасауийа тариқатының тарих сахнасына шығуымен түркі халықтарының тілі мен әдет-ғұрыпы, салт-дәстүрі, дәстүрлі мәдениеті толығымен қайтадан қалпына келтірілді. Түркі дүниесі жеке халық ретінде тарих сахнасынан шығып қалу қауіпінен арылды және өз дамуының келесі кезеңіне аяқ басты.
Қожа Ахмет Йасауи жасаған сопылық ілім дәстүрлі түркі мәдениетін қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Ең бастысы ол дін ғылымын түркі тілінде сөйлетті. Оған Йасауи хикметтеріндегі мына жолдар дәлел бола алады:
«Қоштамайды ғалымдар біздің айтқан түркіні.
Білгендерден есіткіл, ашар көңіл мүлкінің,
Аят, хадис мағнасы түркі болса муафиқ (жақсы),
Мағынасына жеткендер жерге қояр бөрігі».1
Дін тілі түркіше сөйлеген соң жалпы ғылым, білім, әдебиет, мәдениет тілі қайтадан түркілене бастады. Кезінде шариғат жолы аясына сыймай қолданыстан шығарылған түркілердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрі тариқат жолы үкімімен қайта қолданысқа енді. Осы кезден бастап түркі халықтарында тариқат жолы үстемдік ете бастады. Қазіргі қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің негізі осы Йасауи жолының тарих сахнасына шығуымен қалыптасты десек артық айтпаймыз. Кезінде белгілі жазушы Сәбит Мұқанов қазақ халқының әдет-ғұрпы туралы өзінің «Хан қазық, би тоқпақ» атты мақаласында былай деп жазған болатын: «Қазақтар ислам дінін түгел қабылдағаннан кейін, әдет заңына шариғат үкімі араласты. Мұндай заңдылық арабтардан бастап мұсылман елдерінің бәрінде бар. Арабтар әдет заңын – тариқат, дін заңын – шариғат – деп атайды. Өзге мұсылмандар да солай атайды. Қазақта шариғаттан тариқат басым болды. Бұл заңды қолдаушылар билер.»2 Бұл қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі тариқат жолы аясында өмір сүретінін дәлелдейді.
Қожа Ахмет Иасауи ілімі түркі халықтарының тек рухани, мәдени дербестігін ғана қайтадан қалпына келтіріп қойған жоқ. Сонымен бірге, түркі халықтарының мемлекеттік жүйесін қайтадан қалпына келтіруге ықпалын тигізді.
Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін Евразия кеңістігінде түркілер жетекші орынға шықты. Жошы ұлысы моңғол мемлекеті емес, шындығында түркі мемлекеті еді. Хорезмшах Мұхаммедтің жаулаушылық әрекетінен күйреген түркі мемлекеттігі Жошы ұлысының тарих сахнасына шығуымен өзінің жығылған туын қайтадан қалпына келтірді. Осы Жошы ұлысында жетекші идеологияға айналу жолындағы өзге діндер мен діни ағымдар арасындағы күресте Йасауийа тариқатының өкілдері толығымен жеңіске жеттіп, Йасауи жолы Өзбек хан тұсында Жошы ұлысының мемлекеттік идеологиясына айналды.
1320 жылы Йасауи жолының мемлекеттік идеологияға айналуы халықтың рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырып қойған жоқ, сонымен бірге мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесін қайта құруға ықпал етті. Бұрынғы рулық, тайпалық жүйелер ыдыратылып, орнына рухани негізде біріктірілген рулық, тайпалық жүйелер дүниеге келді. Қандық принцип тек жеті ата деңгейінде қалдырылды. Қазіргі күнге дейін қазақ арасында сақталып келе жатқан «Еншісі бөлінбеген қазақ», «Қойныңдағы қатының сұраса келсең қарын бөле шығады» деген нақыл сөздер астарында халықтың бір кездегі қандық жақындағы жатыр. Олар жүздерге топтастырылып, мемлекеттің басқару жүйесін құрады. Бұл бір жағынан мемлекетті басқарудың көне түркілік жүйесін қалыптастырса, екінші жағынан Йасауи жолының құрылымдық жүйесін толық қайталады. Ру, тайпа, жүздерді басқару толығымен Йасауийа тариқаты өкілдерінің қолына – билерге берілді. Қазіргі күні Тәуке хан құрды деп жүрген Билер кеңесі алғаш рет осы Өзбек хан кезінде қалыптасқан болатын. Шыңғыс хан «Йасасы» мен ислам діні шариғаты негізінде сол кезеңдегі түркі ислам мемлекетінің құқықтық негізі жасалды. Ол Жошы ұлысы құрамындағы түркі халықтарының рухани, мәдени, құқықтық сұранысын толық қанағаттандырып,, түркі халықтарының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастыруға тиіс болды. Билер-йасауийа тариқатының өкілдері бар күшін Жошы Ұлысында ең әділетті қоғамды орнатуға салды. Пайғамбар дәуірінен кейінгі ең әділетті қоғам осы Жошы Ұлысында орнады. Абсолютті билік Ханда да, биде де, батырда да болған жоқ. Өйткені, бұл қоғам біріне-бірі тәуелді, бірінің бірінсіз күні жоқ, өте берік қоғам болатын. Сонымен бірге, хан тек Шыңғыс хан әулетінен сайлануы тиіс болды және хан билігінің киелілігі туралы ұғым қалыптастырылды. Сол кездегі Жошы ұлысындағы қоғамдық құрлыс моделін былай ойша сызып көрсетуге болады. Кереге - қара халық; уық – ру, тайпа, жүздік құрылымдардың басшылары-йасауийа тариқатының өкілдері, қожалар; шаңырақ – хандық билік. Бұл жүйе XIX ғасырда өмір сүрген, Қоқан билеушілеріне қарсы күрескен ақын Мәделі қожаның Қанай датқаға айтқан сөзінде былайша бейнеленді:
Датқа-еке, осы жерде туып едім.
Саған келген жауларды қуып едім.
Шаңрағыңды шайқалтпай ұстайтұғын,
Сен кереге болғанда мен уық едім.3
Бұлардың ешқайсысының қолында абсолютті билік болған жоқ. Абсолютті билік тек заңның қолына берілді. Заң бәрінен де жоғары тұрды. Сол себепті бұл мемлекет одан кейінгі ғасырларда Алтын Орда атанды. Бұл мемлекеттің беріктігі – оның рухани беріктігіне тікелей байланысты болды. Осал жері де осы руханилыққа тәуелді еді. Сондықтан халықтың рухани, мәдени тұтастығын сақтау бірінші кезектегі мәселе болды. Қазіргі қазақ санасында сақталған «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген мақалдың астарында сол кезеңдегі мемлекеттік ұстаным жатыр. Өйткені, бұл мемлекет халқының рухани тұтастығын ыдырату – мемлекетті ыдырату еді. Мұны мемлекеттік биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтары жақсы түсінді. Хан тағына отыра алмаса көптің біріне айналарын сезінген Өзбек ханның ортаншы ұлы Жәнібек те сезінді.
1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болуы Алтын Орда мемлекеті үшін қасіретті болды. Өзбек хан өзімнен соң мемлекетті басқарады деп үміт артқан ұлы Тыныбек Мауараннахр жерінде жорықта жүрген кезінде Өзбек хан қайтыс болды да, Өзбек ханның әйелі Тайдула ханым билерді Тыныбек жорықтан келгенше мемлекет билігін уақытша Жәнібек ханға беруге көндірді. Жәнібек таққа отырысымен мемлекеттің билік жүйесін толық өзгертті. Йасауи жолы өкілдерін мемлекетті басқару жүйесінен ысырып, олардың орнына ирандық дін өкілдерін билік басына қояды. Жорықтан оралған ағасы Тыныбек пен інісі Хызырбекті өлтіріп, мемлекеттің жеке билеушісіне айналады. Мемлекетті басқару жүйесі абсолюттік билікке негізделіп, мемлекетті басқарудың ирандық жүйесі қайта қалыптастырылды. Мемлекеттің діни бағытын өзгертуі мемлекеттің бүкіл болмысын өзгертуге алып келді. Асан Қайғы бастаған билердің күресі нәтижесіз аяқталды.4
14 ғасырда дүниеге нақшбандийа тариқаты келді. Бұл тариқат өзінің дәстүрлік ерекшелігі жағынан соғды-тәжік, парсы мәдениетіне негізделді және «ахл ал-сунна уа жама‘а» тариқаты деп аталды. Ол қоғамдық қатынастарды реттеуде X-XII ғғ. конформистік бағыттағы ғұламалар тарапынан жасалынған шариғат үкімдерін басшылыққа алған тариқат ретінде тарих сахнасына шыққанын білдіретін еді және ол ғасырларға созылған Евразия кеңістігінде билік иесі болған түркілерге, түркілердің рухани тірегі Йасауи жолына қарсы бағытталған еді. Нақшбандийа тариқатының Мауараннахрдағы XVI ғасырдағы өкілі Қожа Ахрар «Шыңғыс хан Йасасының күлін көкке ұшырамын»- деуінің өзі нақшбандилердің басты қарсыласы кім екенін анық аңғартады.5 Ең бастысы рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастарға салынған тыйым алынып тасталды. Керісінше, халық арасында қандас адамдар арасындағы некеге қолдау көрсетілді. Бұл мемлекеттің негізгі тірегі болған рулық, тайпалық жүйелерді ыдыратуға тікелей ықпал ететін фактор еді. Ол өз кезегінде мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін, билер институтын күйрететін, ханды абсолюттік билікке жеткізетін бірден-бір құралға айналды. Бұл хандар үшін аса қажетті идеология болып көрінді. Өйткені, хандарға Йасауи жолы түркілік мемлекетті басқаруда ешқашан абсолюттік билік бермейтін. Сондықтан олар нақшбандийа тариқатына қолдау көрсете бастады. Өзбек ұлысының үшке бөлінуі, Қазақ хандығының күйреуі осы хан әулетінің нақшбандийа тариқатына қолдау көрсетуімен тікелей байланысты болды. Тек Қазақ хандығы емес, Шайбанилер мемлекетінің күйреуі де, Ноғай Ордасының күйреуі де осы Нақшбандийа тариқатын мемлекеттік идеологияға айналдырғаннан бастап жүз жыл мерзімді құрайды. Осы аралықта Нақшбандийа тариқатын қабылдаған халық өзінің дәстүрлі мәдениетінен толық ажырап, өзге мәдениетті қабылдап үлгереді екен. Өзінің дәстүрлі мәдениетінен ажыраған халық сыртқы дұшпандардың оңай олжасына айналады. «Жеті жарғы» осы Нақшбандийа тариқатын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеріп, Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесінен ажыратуымен ерекшеленеді. Ендігі кезекте «Жеті жарғыға» кеңірек тоқталайық.
Тәуке хан таққа отырған соң рухани тұтастығы ыдырап, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына ерген ру, тайпалардың арасындағы ауызбірлікті қайтадан қалпына келтіруге ұмтылды және ол «Жеті жарғы» заңында толық көрініс тапты. Бұл заңда сырттай қарағанда, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдары да, некелік қатынас та өзгерген жоқ. Өзгерген тек діни идеология мен сол діни идеологияны жүргізуші қожалар әулеті болды. Басқаша айтқанда, Йасауийа тариқаты мемлекеттік дін ретіндегі ролінен ажырап, орнын Нақшбандийа тариқаты өкілдеріне босатуға мәжбүр болды. Бұрынғы билер институтының иесі болған қожалар рухани биліктен шеттетіліп, қазақ халқының құрылымдық жүйесінен шығарылып тасталды. Бұрын құқы хан әулетімен тең болған, халықтың рухани жетекшісі, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырған, мемлекеттегі заң билігі мен ханды сайлап қою құқын қолында ұстаған билер жай халықтың қатарына қосылды. Бұрын әдет жолы да, дін жолы да Йасауийа тариқаты өкілдерінің қолында болған болса, енді дін Нақшбандийа тариқатының өкілдерінің қолына беріліп, әдет жолы әр рудың, тайпаның өз ішінен шыққан, әдет жолын жетік меңгерген тұлғаларға берілді. Алайда, Нақшбандийа тариқаты өкілдері Йасауийа тариқаты өкілдері сияқты халықпен бірге көшіп-қонып жүрген жоқ. Тек жылына бір рет келіп, зекет жинаумен шектелді. Бұл қазақтың дәстүрлі мәдениетінің бұзылмай сақталуына ықпалын тигізді. Нақшбандийа тариқаты өкілдерінің қатарына түркілік мәдениеттен бас тартып, парсылық мәдениетті қабылдаған бұрынғы Йасауийа тариқатының өкілдері де қосылды. Ол қожа әулеттері «азизан» қожалар немесе қысқартып «әзлер», «әздер» деп те атайды. Олардың қатарына қазіргі күні Түркістан, Сайрам сияқты қалалардағы өзбектенген, бірақ өз шежірелерін Қожа Ахмет Йасауимен байланыстыратын қожаларды жатқызуға болады. Бұлар өз қолдарындағы уақфтық мүліктерді сақтап қалу үшін сондай жолға барғанын байқауға болады. Ал өз жолынан бас тартпай, Иасауи жолына адал болған қожа әулеттері қазақ халқы құрамынан мүлде шығарылып тасталды немесе өздері кезінде пір болған рулардың құрамына сіңіп кетті. Қазіргі күні қазақ шежірелерін талдап көрсеңіз, олардың арасынан бұрын Йасауийа тариқатының өкілдері болған қожалардың бар екендігіне көз жеткізуге болады. Бұл «Жеті жарғы» заңының қазақ қоғамына енгізген басты жаңалығы осы болатын. Ал әдет, ғұрып, салт-дәстүрдің «Жеті жарғыдан» да бұрын солай болғанын А.И. Левшин былай баяндайды: «Сей золотой век, о котором вспоминают они со вздохами, есть царствование знаменитого хана Тявки.
Киргизы Большой и Средней Орды утверждают, что народные законы их гораздо древнее хана Тявки ...»6. Демек, Тәуке хан қазақ қоғамына оншалықты өзгеріс әкелмегенін көреміз. Тек, билер институтының құрамы ауыстырылды. Бұрынғы кезде өз шежірелерін Әзірет Әлінің Хаула атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен байланыстыратын (қожалар) Йасауийа тариқаты өкілдерінен құралған Билер Кеңесі – енді, қазақ ру, тайпаларының өз арасынан шыққан білімдар кісілерден құралды. Басқаша айтқанда, рухани биліктің киелігіне (сокральность духовной власти) ауыр соққы берілді. Бұрын халық ерекше рухани, киелі күшке ие, Жаратушының еркімен халыққа басшылыққа келген әулиелер ұрпақтарының соңына ерген болса, енді өздері сияқты жәй кісілерден сайланған биге мойынұсынуға мәжбүр болды. Бұрын ру, тайпаларға рухани жетекші-би болатын кісілер, осы қожа әулеттерінің өкілдері бір белгілі орталықтарда тәрбиеленіп, халық арасына ілімі жетілген кезде жіберілетін. Содан кейін ғана олар халық арасына барып билік жүргізетін. Барған жерінде ол бидің туған-туысы, ағайын жек-жаты жоқ болатын. Бұл биге әр кезде кез-келген дауды шешуде тек әділін айттыратын. Осыған байланысты қазақ арасында сақталған «Қожада бауыр жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл бір жағынан әділдік принциптерінің бұзылмауының кепілі болса, екінші жағынан еншісі бөлінбеген қазақтың рухани, мәдени тұтастығы мызғымастығының кепілі болды; үшіншіден, мемлекеттік сананы халық санасынан өшірмеудің кепілі болды. Әр ру, тайпаның «қазақ» деген бүтіннің бөлшегі екендігін олар рухани бірлік арқылы халыққа сезіндіре білді. Сол себепті, некелік қатынастағы жеті ата жолы қатаң бақылауға алынды. Бұл жолды бұзған жеке адамдар өлім жазасына кесілсе, руымен, тайпасымен бұзғандарды жүздің құрамынан шығартып «сарт» атандырды.
Ал, өздері сол ру, тайпаның мүшесі болып табылатын биден биге қойылатын адалдық пен тазалықты талап ету қиын. Өйткені, ол әрбір ру биінің, тайпа биінің туысы бар, бауыры бар. Әрбір би «өзімнің шыққан тауым биік болсын» деген принциппен де өз пайдасына бұрады. Оның үстіне «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген принцип және бар. Осылардың бәрі қазақ қоғамының рухани тұтастығына үлкен нұсқан келтірді.
«Жеті жарғының» тағы бір жаңалығы әр жүздің басына хан сайлануы еді. «Жеті жарғыдан» бұрын әр ру, әр тайпа, әр жүздің басында тек биі болатын болса, енді әр жүздің басына бимен қоса хан сайланды. Бұл бір жағынан Шыңғыс ұрпақтарының саясаттағы ролін күшейткенімен, екініші жағынан елдің ішкі тұтастығына зиянын тигізді. Бұрын Шыңғыс хан ұрпағының қайсысының таққа отыратынын билер шешетін болса, ендігі кезекте бұл қарадан шыққан билер қолына берілді. Ең бастысы «Жеті жарғыда» рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды бірте-бірте ыдырату тетіктері қарастырылып, болашақта хан билігінің абсолюттік билікке жету жоспары жасалынғанмен, ол абсолюттік билікті қамтамасыз ететін құрылымдар мәселесі қарастырылмады. Оны Тәуке ханның өзінде де, одан кейінгі хандардың ешқайсында, көне түркілік мемлекеттікті басқару жүйесі ыдыраған кезде орнын басатын хан мен оның уәзірлерінен тұратын бюрократиялық аппарат пен ханның жалдамалы әскері де, сот жүйесі мен ішкі қауіпсіздікті қорғайтын құрылымдық жүйелері қалыптастырылмады. Басқаша айтқанда, «Жеті жарғы» заңының мемлекеттің көне түркілік жүйесін ыдыратуға ықпалы болғанымен, жаңа жүйені қалыптастыруда ешқандай ықпалы болған жоқ. Қысқаша айтқанда, «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейінгі қазақ қоғамы бұрынғы басқару тетігі, рухани, мәдени тұтастығы бар халықтан, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына еріп, рухани, мәдени тұтастығы бұзыла бастаған, әр ру, тайпа билерінің соңына ерген тобырға айналды. Бұл айтылған сөздер жалаң болмас үшін нақты мысалдарға көшейік. Мысалы, XVIII ғасырдың екінші жартысында Ұлы жүзде Төле би өлген соң Ташкент маңындағы қазақ ру, тайпалары билікке таласып, келісімге келе алмай, билікті Шайхантаур ұрпағы Жүніс қожаға тапсырғаны тарихтан белгілі.
Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін-ақ Қазақ хандығының көбесі сөгіле бастады. Оның тағына отырған Қайып хан 1718 жылы ішкі қақтығыстар кезінде қаза табады. 1723 жылы Жоңғар шапқыншылығы басталғанда Түркістан тағына Болат отырғанымен Қазақ хандығын біртұтас мемлекет деп айту қиын болатын. Йасауи жолының қазақ арасынан шығарылуы, Шыңғыс хан ұрпақтарының бәріне таққа отыруға деген үмітін оятты. Бұрын билерден аса алмаған төрелер арасында өзара тақ үшін күрес басталды. Төрелердің ішкі араздығы, Йасауи жолымен бірге хан билігінің киелілігі туралы ұғымның қазақ санасынан шайылуы Шыңғыс ұрпақтарының таққа отыруына қарсы топтардың шығуына ықпал етті.. Мысалы, оған Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырындағы мына жолдар дәлел бола алады:
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті;
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой!»-деп
Боларын осы апаттың болжап кетті;
Төреден Әйтеке би безін деді,
Қазақты батыр, көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді;
Хан-сұлтан, төре күні өткен деді,
Олардан ақыл-айла кеткен деді;
Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қыл,
Басқарар енді уақыт жеткен деді.7
Бұл жолдар хан билігінің киелілігі туралы ұғымның өз мәнін жоғалтқанын аңғартады және ол нақшбандийа тариқатын өзгелерге қарағанда Бұхара, Самарқандпен шектес Кіші жүз руларында түркілік мемлекеттік жүйе туралы ұғымның толығымен мәнін жоғалтқанын көрсетді. Бұдан кейінгі кезеңде Абылай хан таққа отырғанша, қазақтың басы бірігіп, біртұтас ел ретінде іс-қимыл көрсете алмағаны тарихтан белгілі. Абылай хан таққа отырғаннан кейін ғана қазақ өзінің біртұтас халық екендігін, Түркістанның қазақ даласының рухани орталығы екендігін қайта сезіне бастады. Абылай ханның бұл еңбегін М. Мағауин былай суреттейді: « ... Ел билеу ісінде Қазақ хандығының ежелгі заң жарғыларын қалпына келтірген Абылай әскери істе де өткенді қайта тірілтеді8». Шындығында, Абылай хан өз шамасы жеткенінше қазақ қоғамын қайта қалпына келтіруге барын салды. Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне қайта көтерді. Алайда, рухани билікті толығымен қайта келтіріп үлгермеді. Билер кеңесін бұрынғы дәрежесіне көтере алмады. Тек кейбір ру, тайпалар да қожа әулеттері пір болып, рухани, діни мәселелерді қолына ала алды. Оған мысал ретінде Кіші жүзге пір болған Түркістандық Мұхаммед қожаны, барлық қазақ жұртына пір болған Абд ал-Жалил қожа мен Уақ тайпасының пірі болған Сарғалдақ қожаны, т.б. жеке ру, тайпаларға пір болып, билік жүргізген қожаларды айтуға болады9. Бұл жалпы қазақ жұртына түгел жайылмады. Оның үстіне қолында шоғырланған биліктен ажырағысы келмеген ру, тайпа билері әрқайсысы өз білгенінше әрекет етті. Бұл әрекеттердің соңы Абылай ханның мезгілсіз қайтыс болуына, Қазақ хандығының күйреуіне ықпал еткен басты себеп болды. «Абылай аспас Сары бел» атанған оқиға Қазақ мемлекеттігінің күйреуінің басы болды. Қазақ қоғамында киелі саналған хандық биліктің қадірі кетті. Қазбек бидің ұлы Бекболаттың үш мың адаммен Абылай ордасының үстіне баса көктеп келуі, халық жадынан мемлекеттік сана деген қасиетті ұғымның кетуінің айғағы десе болады10. Осыған дейін қазақ тарихында хан ордасына басып келу болған емес. Хан халқына жақпаса, ханды ордасымен қалдырып, өзге жаққа барып, Шыңғыстың басқа ұрпағын шақырып, хан сайлап, мемлекеттігін ары қарай жалғастыра беретін. Мысалы, Асан Қайғының Алтын Орданың ханы әз-Жәнібекті тастап, Алаш мемлекетін құруы, немесе Жұмадық хан мен оның беклербегі болған Ғазы бидің озбырлығына шыдамаған халықтың Жұмадықтан бөлініп, жас Әбілхайырды хан сайлауы, Әбілхайыр антты бұзып өзге діни ағымды қабылдап, Уаққас биді, ал Қара қыпшақ Қобланды Дайыр-қожа-Ақжол биді өлтіргенде Әбілхайырды тастап, Керей мен Жәнібекті әкеліп, хан сайлауы, Қазақ хандығын тарих сахнасына шығаруы бұл халықта рухани бірлік пен Билер институтының аса қуатты мемлекеттік құрылым болғандығын көрсетеді. Қазір тарихта жазып жүргендей Қазақ хандығын Жәнібек пен Керей құрған жоқ. Шыңғыс әулетінен кімнің таққа отыратынын Едігенің «Жасасы» мен «Төресінен» соң хан болатын тұлғаны таңдау да, сайлау да толығымен билердің қолына өткен болатын. Оны Мұхаммед Шайбани мысалында көруге болады. 1472 жылы Едгенің немересі Мұса мырза Мұхаммед Шайбаниді шақыртып, оны хан көтеруге әрекет етеді. Алайда, Мұхаммед Шайбанидің пиғылын білген билер Мұсаға: «Көне дәуірден бері маңғыт билеріне мемлекетте еркіндік беретін. Егерде Мұхаммед Шайбани осы көне дәстүрмен келісер болса, онда жақсы. Біз оны хан сайлаймыз. Болмаса жолы ашық.»10 - дейді. Мұса билердің сөзін мақұл көріп, Мұхаммед Шайбаниді хан көтеруден бас тартады. Ал, Абылай хан билігінің соңғы кезеңінде мұндай билер институты толығымен ыдырап біткен еді. Мұны белгілі этнограф Ж. Артықбаев былайша тұжырымдайды: «Абылай мен Бекболаттың келіспеушілігінің тамыры әріде. Үш жүздің баласына талабы жетіп тұрған хан өз билігінің қалтықсыз қабылдануын Орда билерінен талап етуі заңды. Бірақ заманның өзгергені аян. Баяғыдай жаугершілік, іргеден төнген жау жоқ, ел мимырт тіршілік кешіп жатыр. Оның үстіне Кіші жүз бен Ұлы жүз ішінде Орда биі атағы келмеске кеткен уақыт, хан билігі де татымсыз. Береке бірлікті ұстап тұрған тек Орта жүз – не өзінің билігін, не Орда билігін жоғалтпай11» Алайда мемлекетке тірек болады деген Бекболаттың өзі Абылай хан ордасының үстіне әскер әкелсе, билер институтының қай деңгейде болғанын көрсетеді.
Абылай арқадан кетіп, Түркістанға келіп, одан Самарқантқа баруы, қайтарында Ташкентте қалып, азғана кісімен Түркістанға қайтар жолында Сайрамның әкімінің бес мың кісімен қарсы шығуы, сол кезде сол маңда отырған қазақтардың Абылайға қол ұшын беруге жарамауының астарында бір ғана себеп бар еді. Ол – қазақ халқының ар-иманының тірегі, рухани тұтастығының кепілі, батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі ұшса құс қанаты талатын сайын даланы мекен еткен қазақ деген халықтың рухани өзегі болған Йасауи жолынан бас тартып, әр түрлі сопылық тариқаттардың соңынан еруі болатын. Ата-баба жолынан бас тарту – «Жеті жарғыға» дейін киелі саналып келген рухани билік пен саяси билік өкілдерінің киесінен айылуына әкелді, Пайғамбар ұрпағы, Шыңғыс хан ұрпағы деп ғасырлар бойы басына көтерген тұлғалардың халық алдындағы абыройын кетірді. Бұрындары «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ержүрек халық Абылайдай арысын қорғап қала алмады. Өйткені, оның қадірін білмеді. Қорғамақ түгіл ордасының үстіне ат ойнатты. Қазақ хандығында Абылай кеткен соң қолына мемлекеттік билікті ұстап тұра алатын ешқандай саяси күш болған жоқ. Бұрынғы ынтымағы берік рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар болғанда Қазақ хандығы күйрер ме еді? Сан ғасыр мемлекеттің тірегі болған билер институты немесе мемлекетті басқарудың түркілік жүйесі «Жеті жарғының» ықпалымен ыдыратылды. «Нәтижесінде» хан өлген соң мемлекет иесіз қалды. Абылайдың орнына отырған оның ұлдары орыс отаршылдарының қолындағы қуыршаққа айналғанына да тарих куә. Егерде соңында тіреп тұрған халқы болса, олар сондай күн кешер ме еді? Бұл қазақтың қасіретті тарихы. Қазақ мемлекеттігінің осылай күйреуіне Тәуке хан қабылдаған «Жеті жарғы» заңының шешуші ролі болды. Одан кейінгі кезеңде де қазақ даласында рухани тіке-тірес осы Йасауийа мен Нақшбандийа тариқаттары арасында жүргенін көруге болады. Мысалы, Дулат, Шортанбай, Майлықожа, Қашаған, Шәді төре сияты ақын-жыраулар шығармалары бұған толық дәлел болады. Мысалы, Майлықожа ақынның мына өлеңі соның айқын дәлелі:
Болыс, бидің қыдыры ұры боп жүр,
Қолдайтын Бәһәуәддин пірі боп жүр.
Зекеті жоқ байлардың жиған малын,
Жең ұшында парамен құрыр боп жүр12.
Өкінішке орай, біз бұл қасіретті тарихтан сабақ ала алмадық. Бүгін еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болғанда сырттан сандаған ағымды әкеліп сайрандатып отырмыз. Ертеңгі күні бұл қазақтың шілдің тезегіндей бытырап кететінімен ешкімнің жұмысы жоқ. Қауіп, әсіресе, ислам атын жамылып келіп жатқан уахаббилер, салафилер, таблиғтар, ахмадийа ағымдары тарапынан туындап отырғаны жасырын емес. Тарихтың, тарих ғылымының басты қызметі бұрынғы өткен ата-бабалар тарихының жеңісін үлгі етіп, жеңілісінен сабақ алдыру болса керек. Бізде осындай болған деп құр жалаулатқанмен ешнәрсе ұтпаймыз. «Жеті жарғының» қазақ тарихындағы ролінің жағымсыз жақтарын айтудағы мақсат – қазақты тұқырту емес, керісінше, сол қателікті енді қайтып қайталамасақ деген игі мақсат болатын. Ал, оған біздің ақыл-парасатымыз жете ме? Ол басқа әңгіме.
Жандарбек З.З., т.ғ.к.,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ
Түркология институтының аға ғылыми қызметкері
Abai.kz