СІМ басшысы Мұхтар Тілеубердінің қызметі ауысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Тілеуберді мен Данат Мұсаевты жаңа қызметтерге тағайындады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысының жарлықтарымен: Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды;
Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Өмірбайұлы Мұсаев Қазақстан Республикасының Андорра Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.
1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия елдері басқармасының атташесі, үшінші хатшысы. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Кореядағы Елшілігінің үшінші, екінші хатшысы. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия, Таяу Шығыс және Африка елдері департаментінің бірінші хатшысы, Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Израильдегі Елшілігінің кеңесшісі, ҚР істерінің Израильдегі Уақытша сенімді өкілі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі.
2004 жылдан бастап ҚР Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2005 жылдан бастап Қазақстанның Индонезиядағы, Бруней Даруссаламдағы және Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды. 2009 жылдан бастап ҚР-ның Женевадағы БҰҰ бөлімшесіндегі және басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі, Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, еліміздің Лихтенштейн кіняздігіндегі және Ватикан мемлекетіндегі дипмиссиясының басшысы міндетін қоса атқарушы.
2016 жылғы наурыз айында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.
2019 жылдың қыркүйегінде ҚР Сыртқы істер министрі болды.
2021 жылдың қаңтарында оған ҚР Сыртқы істер министрі - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымдары жүктелді.
Abai.kz