Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 8397 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 21:35

ОЛАР ХАЛЫҚ СӨЗІН АЙТЫП ЖҮР...

Редакциядан: Журналист – қызық кәсіп. Олардың істеген істері көбінде көпшіліктің көз алдында жүретін сияқты көрінеді. Сырт көзге олар ханмен де қарамен де тең сөйлесе алатын, әмбебап кәсіп иелері сияқты сезілуі де мүмкін. Тіпті дәл қазіргі таңдағы қазақ журналистикасын сарапшылар ұлттық партияның міндетін атқарып отырғанын да тілге тиек етуде. Сонымен қатар жасөспірім жеткіншектер арасында тележұлдыз болғысы келетіндердің де қатары артып отырғаны елге мәлім. Ал біздің елде болмаса да басқа жұртта төртінші билік иелері аталатын журналистердің әр күні шытырман оқиғаларға толы болады. Қаламын қару еткен БАҚ қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында елге танымал журналистерге сөз бердік. Бұл жолы мереке иелері ресми ақпарат емес қызмет барысындағы бір сәтке болса да езу тартарлық оқиғаларын баяндады.

Бейсен ҚҰРАНБЕК

Редакциядан: Журналист – қызық кәсіп. Олардың істеген істері көбінде көпшіліктің көз алдында жүретін сияқты көрінеді. Сырт көзге олар ханмен де қарамен де тең сөйлесе алатын, әмбебап кәсіп иелері сияқты сезілуі де мүмкін. Тіпті дәл қазіргі таңдағы қазақ журналистикасын сарапшылар ұлттық партияның міндетін атқарып отырғанын да тілге тиек етуде. Сонымен қатар жасөспірім жеткіншектер арасында тележұлдыз болғысы келетіндердің де қатары артып отырғаны елге мәлім. Ал біздің елде болмаса да басқа жұртта төртінші билік иелері аталатын журналистердің әр күні шытырман оқиғаларға толы болады. Қаламын қару еткен БАҚ қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында елге танымал журналистерге сөз бердік. Бұл жолы мереке иелері ресми ақпарат емес қызмет барысындағы бір сәтке болса да езу тартарлық оқиғаларын баяндады.

Бейсен ҚҰРАНБЕК
1971 жылғы 9 желтоқсанда Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерінен бастаған. Ал қалған жылдарын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31-арна», «Хабар», Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. Қазір «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының  жүргізушісі. Қазақстан Президенті сыйлығының иегері (2006 жыл), ҚР Мәдениет қайраткері.

Кешіріңіз бізде жаңалықтар!

2000-шы жыл. 31-телеарнада істеп жүрген кезім. Жаңалықтар жүргіземін. Ол кезде 31-дің студиясы  Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы ғимаратта орналасқан. Төртінші қабатта басқа да фирмалардың кеңселері бар. Сондықтан эфир кезінде есікті жауып аламыз. Бір күні ұмытып кеткенбіз ғой. Кешкі эфирде сәнге қатысты аңдатпа оқып отырғанмын. Дәл сол кезде есікті жұлқа тартып, қызыл көйлекті келіншек кіріп келмесі бар ма?!  Тоқтауға болмайды. Оқуымды жалғастыра бердім. Қолмен ымдаудың да реті жоқ.  Тікелей эфир. Әлгі келіншек кіріп аялдаса  бір жөн ғой. Салып ұрып тура менің алдыма келді де, маған бетімен, көрерменге желкесімен бұрылып,  «аударма бюросы осы ма?»  дегені. Мен де түк болмағандай: кешіріңіз бізде жаңалықтар болып жатыр еді, аударма бюросы көрші есік»  деп оқуымды жалғастыра бердім. Көрермендердің не ойлағанын қайдам, сол оқиға есіме түссе, әлі күнге дейін рахаттанып күліп аламын.

Әйгерім Сейфолла
Қарағанды облысы, бұрынғы Теңіз, қазіргі Нұра ауданының Баршын ауылында дүниеге келген. 5 балаға өмір сыйлаған ата-анасы қарапайым шаруа адамдары. Тұрмыста, 1 қызым бар. Телевизия саласында жұмыс істегеніне 10 жыл болды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика бөлімінде 5 жыл оқыған. Оқу барысында Астананың телеарналарында түрлі бағдарламалар жүргізіп, тәжірибе жинақтауға тырысты. 2009-2011 ж «Қазақстан» телеарнасындағы «Меншікті мекен» бағдарламасының автор-жүргізушісі, сонымен қатар, «Сіз бен Біз» ток-шоуының редактор-продюсері, түрлі әлеуметтік роликтердің авторы болды.
2010 жылы халықаралық «Шабыт» байқауының 1-ші орын иегері, 2012 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізген «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында портреттік сұхбаттары үшін 2-ші орын алды.
2012 жылдың 3-ші сәуірінен бастап Астана телеарнасындағы «Сырласу Әйгерім Сейфолламен» бағдарламасының автор-жүргізушісі.

Әмина апайдан бата алу

Алматыда радиода тәжірибеден өтіп жүрген кезімде атақты актриса Әмина Өмірзақовадан сұхбат алуға сұрандым. Радио басшылығы бірден мақұлдаған соң, Әмина апайдың үйіне телефон шалдым. Ол кісі «бүгін бабым болмай тұр ертең 4-те хабарлас нақты жауабымды беремін» деді. Екінші күні уәделескен уақытта актрисаға хабарлассам, ол кісі «қайда жүрсің, мен сені тосып отырмын ғой деп» бірден ұрса жөнелді. Мен сасқанымнан қалайша, сіз маған 4-те телефон шал деп едіңіз ғой десем, ол кісі телефонды тастай салды. Содан эфирім күйіп барады, материал керек, жанталасып Әмина апаға қайта хабарласып, өлердегі сөзімді айтып жалындым. Актриса «сұхбат керек болса, 10 минутта жет, үлгермесең, обалың өзіңе» деді. Менің сондағы түрімді көрсеңіз, Алматыны дұрыс білмеймін, 10 минутта қайдағы үлгерген деп жылап жүріп киіндім. Редакциядағы бір әріптесіме мына мекен-жайға қалай барсам болады десем, ол біздің радионың сырт жағында тиіп тұр деді. Ести сала жүгірдім, 4-ші қабатқа көтеріліп, есіктің қоңырауын бастым. Есікті ашқан Әмина апайдың ұлы «10 минут әлі болмады ғой, ұшақпен ұшып келдіңіз бе сонда?» – деп аң-таң болды. Мені көрген Әмина Өмірзақова, «міне нағыз журналист, бір сынақтан сүрінбей өттің, енді алатын сұхбатың дұрыс болса, батамды берем» – деді. Сөйтіп сұхбатты алып, оны жанталасып монтаждап, эфирге бердім. Сұхбаттан соң Әмина апай риза болып, батасын берді.

Есболат Айдабосын
1981 жылдың 20-қарашасында Алматы облысының Ақтерек деген ауылында дүниеге келген. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Апта.кз» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізуші-редакторы. 1998-2002 жылдар аралығында Абай атындағы АлМУ (қазіргі ҚазҰПУ) қазақ филологиясы факультетінде білім алған. 2003-жылдан бері “Шаhар” , “НТК” телеарналарында қызмет еткен. Әскери шені запастағы лейтенант. Әзірге қолына қару емес қалам ұстап, қазақ журналистикасының  көп сарбазының бірі болып жүр. Журналистикадағы қызметіне 10 жыл болды.

Мен қалай журналист болдым

Университетті бітіре салысымен мектепке баруым керек еді, бірақ ойламаған жерден журналистиканың ауласына кіріп кеттім. Әлі есімде «Қазақ радиосына диктор керек екен» деген хабарландыруды құлағым шалып қалып, шауып отырып бардым. Екпінім тау қопарарлық. Қара шаңырақтың кіре берісінде күзетшілерге мән-жайды түсіндіріп тұрғанымда қияқтай қара мұрты бар жігіт ағасы келе қалды. Бірден мені ішке кіргізіп алды. Кейіннен білдім, қайда келгенінен бейхабар, мен секілді сарыауыз балапанға алғаш қолын созған адам Байғали Есеналиев ағамыз екен. Бірден дикторлар отыратын бөлмеге алып келді. Омархан Қалмырзаев, Ұлжан Пармашқызы, Аманжан Еңсебаев секілді қазақ радиосының корифейлерін сонда көрдім. Даусымды тексерді. Балалығымды, шалалығымды байқады, ақыры «диктор болу ешқайда қашпайды, алдымен журналист болып үйрен» деп арқамнан қағып шығарып салды. Жөн сілтеп қана қоймай радиодағы әдеби хабарлардың тізгінін ұстап жүрген Қанат Тәкебаев ағамның қасына қосақтап берді. Ол кезде қазіргідей диктофон жоқ, Қанат ағамның 10-15 келілік репортерін көтеріп соңынан салпақтап жүремін. Ол кісі ақын адам, тыным таппайтын елгезек әрі. Анда барамыз мұнда барамыз, ақын-жазушылардан сұхбат аламыз. Баққожа Мұқай, Сәкен Иманасов, Оразақын Асқар секілді қабырғалы қаламгерлердің қолын алып, дастарханынан дәм таттым. Соның өзі сол кездері менің басымды айналдыратын бақыт еді. Қанат ағам шәкіртім деп таныстырып қояды, менің бөркім қазандай болады. Қойшы әйтеуір, Тәкебаевтың соңынан салпақтап 3 айдай жүрдім, сол салпақтаумен менің журналистикадағы соқпағым басталыпты.

Бақыт  Шойымбек 
Қарағанды облысы, Балқаш қаласында туып, өскен. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің гуманитарлық институты, журналистика кафедрасының түлегі. Мамандығы – халықаралық-журналист. «Россия-24» телеарнасында тәжірибеден өткен. Отандық телеарнадағы қызметіне биыл 15 жыл. Еңбек жолын студенттік «Арқа түлегі» газетінен бастап, «Астана» телеарнасы,    «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында шығармашылық қарым-қабілетін шыңдаған. Қазір  республикалық «Жетінші арнаның»  апталық сараптамалық «Нысана» бағдарламасының жүргізушісі әрі жетекшісі. 

Браконьердің көршісі әкім екен

«Нысана» бағдарламасында тілші болып қызмет істеп жүргенімде, «Артемия салина» су шаяндарына қатысты материал әзірлеу үшін Павлодар облысында болып қайттым. Өңірдегі көлдердің бірінде су шаяндарының жұмыртқаларын аулап жүргендердің заңсыздығын әшкерелеу үшін браконьерлермен танысып, олардың сенімініне кіруге тура келді. Шикізатты сатып алушы ретінде жергілікті тұрғындармен танысып, келіссөз жүргіздік. Оның сәтті өткені соншалық олар бізге су шаяндарының жұмыртқаларын тонналап тауып берді. Бір қызығы, браконьерлердің үйі ауыл әкімдігінен қол созым жерде орналасқан. Ал сол жолы ауыл басшысы да, жергілікті инспектор да судан таза, сүттен ақпыз деп бізді шығарып салған болатын.   

Ержан БАЙТІЛЕС

1981 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. «Ақ жол Қазақстан», «Алматы Ақшамы» газеттерінде тілші болған. «Ана тілі» ұлт апталығында Бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарған. Бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі.

Мен қалай Мұзафар Әлімбаев болдым?

Бүгінде «Жас Алашта» «жарты бастық» боп отырған Ерік досым (Рақым) о кезде «Түркістанға» жаңадан жұмысқа кірген. Алғашқы екі материалы бір нөмірге шықты. Әлі есімде. Біріншісі экономика жаңалықтары. Екінші бетте орналасқан. Ал спорт ақпараттары соңғы бетте. Ерікке телефон соқтым. Редакцияға. Тұтқаны өзі көтерді. Бәрі ойламаған жерден басталды. Аяқ астынан дауысымды өзгертіп, шалдың образына кіре қойдым. Шал болғанда да анау-мынау шал емес, Мұзафар Әлімбаев боп алдым.
– Ерік деген бала керек еді.
– Иә, тыңдап тұрмын.
– Бұл Мұзафар Әлімбаев деген балалар жазушысы ғой.
– Ассалаумағалейкум, көке. Қалыңыз жақсы ма?
– Шүкір, айналайын. Мен мына қартайған шағымда үйде тыныш отырмай газет қараймын. Көзім бұлдырап кетеді, түге. Бірақ сонда да қараймын. Апаң ұрсады. Ұрысса да, тығылып қараймын. Сосын мына газеттен жаңа есім көрсем, соның жазғандарына пікір айтып отырамын.
– Ойбай-ау, көке, айтыңыз-айтыңыз. Сіздердің пікірлеріңіз бізді өсіреді. Кем-кетігімізді түзетеді,– деп Ерекең бәйек бола қалды. Ал содан бастадым ғой. Экономика тақырыбын қалай жазу керектігін мыжып. Оны әбден шиырлаған соң спортқа қарай ауыстым. Сейдахмет Бердіқұловты айттым. «Анау Несіп деген бала да жақсы жазады» деп қойдым арасында. Ерік үнсіз. Дымы шықпайды. Мына бәле тұтқаны қоя салып, бір жаққа кетіп қалды ма деп ойладым. Сосын «Әй, Ерік» деп ем, ар жақтан «ау» деген өте бір жүрек жылытар үн естілді. Сөйтсем, досым құлағы салбырап әлі тыңдап тұр екен ғой. Ал бір күлкі қыспасы бар ма? Не күлкі емес, не жөтел емес, бірдеңе басталды да кетті. Ең соңында терең бір «уһілеп» алдым да:
– Кәрілік деген жаман екен. Көп сөйлесем, осылай ентігіп қалам,– дей салдым. Ерекең қостай ала жөнелді. Кәрі адамның жағдайын түсінетінін, бірақ, осыншама жасқа келсек те жастарға қамқор болып отыратынымызды айтты. Болмады. Әрі қарай созуға шама жетпеді. Тағы күлдім. Бұ жолы қарқылдап тұрып күлдім. Сонан соң:
– Әй, не болды сонша өзеуреп,– деймін ғой. Түк түсінбей Ерік тұр. «Кім бұл?» дейді. «Ержанмын. Мені танымай не қара басты сені?!»
– Ержан? Ал... не... Мұзафар көке қайда?!
Досым аң-таң. Әлімбаевты іздеп әлек. Әсілі, Мұзафардың қасында Ержан не бітіріп жүр деп те ойлаған болса керек. Қайтадан дауысымды шал сияқтандырдым да:
– Не болды ей, саған мені танымай,– дедім.
Ерекең отырған жерінде қалды. Содан біразға дейін мойны бұрылмай жүрді. Әлі күнге осы оқиғаны айтсам, қызарақтап қалады, бәтшағар...

Оралхан  ДӘУІТ

1976 жылдың 24-мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1982 жылы «Майбұлақ» орта мектебінің табалдырығын аттап, 1992 жылы бітіріп шықты. Сол жылы Шымкент қаласындағы «Шығыстану» институтына оқуға түсіп, 1996 жылы тәмамдап, филолог мамандығын алды. Еңбек жолын Шымкент қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы болып бастап, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, республикалық «Түркістан» газетінің ОҚО бойынша меншікті тілшісі және «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарды. 2011 жылдың қаңтар айынан бастап Жамбыл облысы әкімдігі «АРАЙ» жастар газетінің бас редакторы болды. 2012 жылдың мамыр айынан Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО бойынша меншікті тілшісі қызметін атқаруда. ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Отбасылы, үш ұлы бар.

Пәтер жалдаудың хикаясы

2005 жылдың қаңтар айынан бастап «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметіне кірістім. Бір айдан кейін «Хабар» телеарнасының Өзбекстандағы тілшісі Ерсұлтан Әмірбек Жамбылға ауысып келді. Бұрын аралас-құраластығым болғандықтан, келген күні Ерсұлтанды Таразда күтіп алдым. Ол келе сала бір айға пәтер жалдады. Сол пәтерде екеуіміз шай ішіп отыр едік, үйдің қожайыны келіп, бұл пәтерді жалға беруден айнып қалғанын, келесі подьездегі басқа пәтерді беретінін айтты. Кеш түсіп қалған. Екі жақтап үйдің иесін «бүгінше осында қонып шығайық, ертең басқа пәтер іздейміз» дегенге көндірдік.
Кешке Ерсұлтанның бір жақын жолдасы телефон шалды. Қызметімен құттықтады. Сөз арасында Ерсұлтан пәтер мәселесін айтып қалып еді, анау: «Ойбай, Тараздағы пәтерлер бюросында Мерей деген курстас қызым жұмыс істейді. Менен сәлем айтсаңдар көмектеседі» деп қыздың ұялы телефонының нөмірін берді. Хабарластық. Мерей «ертең түскі сағат бір жарымда «площадь Ленинаға» келіңіздер» депті. Қазіргі Достық алаңы бұрын Ленин атында болғанын естігенім бар.
Ертеңіне киім үтіктейміз деп жүріп, қыз айтқан уақыттан бес-он минут кешігіп бардық. Қыз көрінбейді. «Келер» деп көлікте газет оқып отыр едік, ол телефон соқты. «Мен келсем, сіздер жоқ екенсіздер, үйге қайтып барамын» дейді Мерей. «Ойбай, кері қайт, біз сәл кешігіп қалдық, айып етпе» деп шу ете қалдық екеуіміз. Аздан кейін қыз қайтып телефон шалды. «Мен келдім, драма театрдың алдында тұрмын» деді. Ол кезде мен де, Ерсұлтан да Таразды мүлдем білмейміз. Бірақ, алаңның ана басында тұрған театрды бірден көрдік. Бардық. Бірақ, қыз көрінбейді. Қайтып телефон шалдық. «Халық банкі жағында тұрмын ғой» деді. Жан-жағымызға қарап едік, театрдың төбесінен «Halyk bank» деген ағылшынша үлкен жазуды көрдік. Біреулерден сұрастырып едік, шынында театрдың ар жағында «Халық банкінің» филиалы бар екен. Бардық. Қыз тағы жоқ. Сонымен не керек, Ерсұлтан мен Мерей екеуі ұялы телефонмен жарты сағатқа жуық сөйлесті-ау, шамасы. «Сағаттың алдында тұрмын» дейді. Барамыз... Жоқ. «Тоғыз қабатты үйдің алдында тұрмын» деген соң, салып ұрып ол кезде құрылысы бітпей тұрған тоғыз қабатты қонақ үйге («Октябрь» аялдамасында) бардық. Жоқ. Ол айтқан тоғыз қабатты үй, ескерткіш, сағат, бәріне бардық. Мерей табылмады. Өтіп бара жатқан біреуден «бұрынғы Ленин алаңы осы ма?» десек, «иә» деп басын изеді. Ендеше қыз бен біздің алақандай бір алаңда бір-бірімізді таппауымыз қалай?
Ақырында Ерсұлтан айтты: «Бұл қыз бізді алдап, әншейін мазақ етіп жүр-ау» деп... Сөйтті де телефонды алып Мерейге: «Қарындас, алаңның ортасындағы суретке түсірушілерді көріп тұрсың ба?» деді. Анау «иә» деген болуы керек, «Көріп тұрсаң, сол жерге келші» деп тоңқ етті ол. Ерсұлтанның да ашуы шыға бастаған. Суретке түсіріп жатқандардың қасына бардық. «Мен де келдім» деп Мерей телефон шалды. «Біз нөмірі мынандай, қара «Аудиде» отырмыз, көріп тұрсың ба?» дейміз. «Жоқ, ақ лимузин көріп тұрмын» дейді ол. Бас салып лимузин іздейміз. Жоқ. «Монумент сағаттың баспалдағында тұрмын ғой» деп жынданды бір кезде Мерей. Сол кезде есіме сарт ете қалды. «Қай қалада тұрғанын сұрашы» дедім Ерсұлтанға. Сұрады. Сөйтсек Мерей «Шымкентте тұрмын» дейді.
Ұқсастықты қарасаңызшы, Шымкенттің де, Тараздың да орталық алаңдарының бұрынғы атаулары – Ленин, екі алаңның да жақын маңында драма театр, Халық банкі, ескерткіш, тоғыз қабатты үй бар. Шымкенттің сағаты биік монументке орналасқан. «Қарындас, айып етпеңіз, біз Таразда тұрмыз, кейінірек Шымкентке барғанда бір «обедке» шақырармыз» деп едік, жарты сағат бойы ары-бері сандалған Мерей: «Обедтерің» де құрысын, өздерің де құрыңдар. Бұдан кейін «вообще» хабарласпаңдар» деп телефонды тастай салды. Қайтып Мерейге хабарласпадық. Бірақ, кейін естідік, Мерей содан бір жыл бұрын Тараздан Шымкентке көшіп кеткен екен. Оны Ерсұлтанның жолдасы да білмепті.

Әсел ЕРГЕШҚЫЗЫ
1988 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Әбдіғаппар ауылында, наурыз айының 16-шы жұлдызында қарапайым отбасында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. «Қазақ радиосының» «Әдеби-саз бағдарламалар» редакциясының редактор-жүргізушісі. Қазақ радиосының әуе толқынынан әр сенбіде  22:00-да тікелей эфирге шығатын қазақ эстрада жанрындағы жаңа әндердің шеруін, 23:00-де танымал ақындардың ең таңдаулы өлеңдері оқылатын «Лирикалық сағатты» жүргізеді. Сондай-ақ, әр дүйсенбі сайын «Замандас» ақпараттық-танымдық, сазды сағатының тізгінін ұстайды. Қазақ радиосы мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның  бірлескен «Біз екеуміз» жобасының редактор-жүргізушісі. 
«Қазақ радиосының» ұйымдастыруымен Республика Сарайында өткен эстрада әншілері арасындағы «Алтын дауыс» ән байқауының авторы, жүргізушісі.  Халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің жүргізушісі.

Абсент – Тұлға

Әріптесім Бақытжан Жармұхамбет екеуміз «Түнгі тілдесу» бағдарламасын жүргізіп отырмыз. Телефон шалған тыңдаушымыз Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан екен. Есімін Мұхтар деп таныстырды. Бақытжан: «Оо, жерлесім екенсіз. Көгершін деген... абсент шыққан жер, абсенттей...», – деді де, кідіріп қалды аздап. Бақытжан сөйлесіп отырған соң, әңгімеге аса мән бермей, мен келесі айдардың материалын қарап отыра бергенмін ғой. Бір кезде Бақытжанның «Ммм, абсенттей...», –  деп, ойланып отырғанын байқадым да, жалғап жібермек болып: «Тұлға!», – дедім жерден жеті қоян тапқандай. Бұл сөзіме әріптесім таң қалып, Әсеке деп айтам деп, Ергешқызы екенім есіне түсіп кетті ма екен, «Оу, Ереке, тұлғаңыз не, біз Абсент деген тұлпар жайлы айтып отырмыз ғой», – деді. Ұялған тек тұрмас деген, әңгіменің қазақы бие мен Араб атты ахалтеке айғырдан туып,  Рим Олимпиадасының чемпионы атанған Абсент жайлы екенін тез ұқтым да: «Бәке, өзі аты әлемге әйгілі тұлпар болса, тұлпардың тұлғасы емей немене?!», – дей салғанмын ғой. Бұл әңгіме келесі күні лездемеде айтылып, сол кездегі бас редактор Көпен Әмірбек ағам: «Бұл – тікелей эфирдегі Әселдің шеберлігі болды», – деп, бір күлдірген.

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963