Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 1622 1 пікір 28 Тамыз, 2023 сағат 19:11

"Бұрқан-бұлақ"сарқырамасына жол салынады

 

 


"Бұрқан-бұлақ"сарқырамасы туралы естуіңіз бар ма?

Жоңғар Алатауының адам баласының қолы мүлде тимеген, сол қалпында сақталған жерлері көп. Соның бірі Жетісу жерінде орналасқан Орта Азиядағы ең үлкен сарқырама— Бұрқан-бұлақ сарқырамасы.

«2024 жылы Қора шатқалындағы «Бұрқан-бұлақ» сарқырамасына дейін жол салынады», бұл туралы «Vizit Zhetysu» туристік орталығының басшысы Нуриев Жандос Мәлікұлы БАҚ өкілдері үшін арнайы ұйымдастырылған пресс-турда айтты.

Оның айтуынша, 2023 жылғы 1 ақпанда Жетісу облысың әкімі "Бұрқан-бұлақ" сарқырамасына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жөніндегі Жол картасын бекіткен.

«Халық өз игілігін көруі керек. Жетісу өңірі жаңа туристік нысандарды дамытуды қолға алып келеді. Бұл тарапта біздің орталық ақпараттық жұмыстарды қолға алып, ішкі туризмді дамытуға өз үлестерін қосуда. «Vizit Zhetysu» туристік орталығының ашылғанына 10 айдан асты. Аз уақыттың ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. "Бұрқан-бұлақ" сарқырамасына баратын екі жол бар. Бірі қысқа, бірі ұзын Қапал арқылы өтетін айналма жол. Біз Текелі арқылы баратын қысқа жолды жоспарлап отырмыз. Ол "Бұрқан-бұлақ" сарқырамасына дейін 52 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта жолдың техникалық паспорты әзірленді, топографиялық түсірілім жүргізіліп, инженерлік-геодезиялық есеп дайындалды. Судың максималды шығынын анықтау үшін инженерлік-гидрологиялық есептеулер жүргізілді. Бұрқан-бұлаққа жол салуға облыстық бюджеттен 94,8 млн.теңге бөлінді», деді «Vizit Zhetysu» туристік орталығының басшысы Жандос Мәлікұлы.

Бұрқан бұлақ - Орталық Азиядағы ең биік, айналасы әсем сарқырама. Ол Жетісу Алатауындағы көркем де қуатты Қора өзенінің аңғарында орналасқан. Төрт қиядан құлай аққан сарқыраманың жалпы биіктігі - 168 метр. Ал көз жететін төменгі үш қиясы - 114 метр. Сарқырама теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан. Сарқырама орын тапқан Бұрқан бұлақ өзені Қаратаудан бастау алады. Өзеннің Қора шатқалындағы сағасы биік жартасты белбеумен ағып өтеді. Баурайында жайқалған шыршалар мен азиялық аршаның хош иісі мұндағы ылғалды ауаға пайдалы қасиеттер сыйлап, сарқырама маңын табиғи шипажайға айналдырады. Бүгінде осы кереметті аңғарған саяхатшылар саны көбейіп, Бұрқан-бұлақтың танымалдылығы жыл сайын артып келеді.

«Жолсыз жолдың ауыр әрі күрделілігіне қарамасан айына 300-500-ден аса саяхатшылар келеді. Көбіне Германия, Ұлыбритания, Ресей, ТМД елдерінен туристер көп келеді. Биыл Индиядан бірінші рет қонақтар келді. Біздің «Бұрқан-бұлақ» демалыс орны 50 адамға арналған. 4 үй - 8 орынды және 12 адамға арналған VIP үлкен үйіміз бар. Бағасына келсек, бір адамға эконом нөмірлер – 17 мыңнан, VIP – 22 мың теңгеден. Оған 3 уақыт тамағы кіреді. Мамыр айынан қыркүйек айына дейін күн суытқанша жұмыс істейміз. Саяхатшыларды Талдықорғаннан арнайы жол талғамайтын арнайы көлікпен алып кетеміз және апарып тастаймыз. Трансфер құны бір адамға – 12 мың теңгеден. Көлікке 15 адам сыяды. Бұл жердің таңғажайып сұлу да әсем табиғатына сүйсінбеген жан жоқ. Барлығы риза боп, тағы келеміз деп кетеді. Жол салынса, саяхатшылар үшін жағдайлар жасалса, Жетісудың көркем табиғатына жол ашылар еді», дейді демалыс орынның менеджері Екатерина Николаева.

Сапар барысында журналистер киелі жер - Әулие таста болып, Жетісу облысының туристік бағыттарымен танысты.

 

Abai.kz 

1 пікір