Депутат Ермұрат Бапиға хат
Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасап жатып, «...бір мандатты округтан сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады.»-дегенде, менің ойма бірден Бақытжан Базарбек екеуіңіз оралдыңыздар.
Бақытжан Жұмабекұлы – кәсіби заңгер.
Сіз Тәуелсіз Қазақстанның тарихында отыз жылға жуық оппозицияда жүрген көкжал саясаткерсіз. Ешкімге бас имеген, қандай қауыпты кезеңдерді бастан кешірсеңіз де ұстанымын өзгерпеген тұлғасыз.
Ұлы көш құрдымға кетіп бара жатқанда, Өзіңізге арқа сүйедім!
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан құрам!» деген ізгі ниетін құптап, Ол кісіге көмектесу мақсатында Мәжіліске келдіңіз.
Бұл шешіміңізді құптап, тілектес болдық.
Өзіңіз өте жақсы білесіз, мен де Қасым-жомарт Кемелұлының қолдаушысымын.
Дау жоқ, Мәжілісте де, Перзидент айтқандай, өзекті мәселелерді батыл көтеріп келесіз. VIII шақырылымның бірінші секциясында бір жағынан бойыңызды үйретсеңіз, екінші жағынан Өзіңізе біткен сол мінезіңізбен отыз жылдан бері ешкім атамаған фамилияларды атап, Мәжілістің әрін кіргізе білдіңіз.
Біз сол үшін де Сізге шексіз ризамыз!
Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы!
Жаңа саяси маусым басталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады.
«...біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс.»-деді, Президент өз Жолдауында.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы да «Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі.» екенін де ерекше атап өтті.
Жолдау туралы көрнеті саясаттанушы Досым Сәтбаев «azattyq.org» сайтына сұхбат беріп жатыпы, «...президент жақсы бастамалар көтереді, бірақ оны жүзеге асыру бойынша нақты механизмдер ұсынбайды. Айтылған тапсырмаларды орындауға қандай құрылым не тұлға жауапты екені белгісіз. Нақтылық жоқ.»-депті.
Жасыратыны жоқ, мен де осы пікірдемін.
Себебі, Қазақстан экономикалық жақта әлі сол ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ ПЕН КӘРІМ МӘСІМОВ ҚҰРҒАН СХЕМАМЕН өмір сүруде.
Менің соңғы екі жылдың көлемінде «Дат», «Жас Алаш» газеттеріне берген сұхбаттарым мен әлеуметтік желідегі жазбаларымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр.»,-деген бір сөзін үнемі қайталаумен келе жатқанымды Өзіңіз жақсы білесіз. Міне, бүгін тағы қайталап отырмын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзді Президент болмай тұрғанда, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып отырған кезінде, 2018 жылғы 24 қыркүйекте өткен Үкімет сағатында айтқан болатын.
Әне, сол Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «...тақырыптық жағынан тарылып, ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру» үшін арнайы қабылданған заңдар да, сондай заңдардың негізінде құрылған акционерлік қоғамдар да жеткілікті және олардың мұрты бұзылған жоқ.
Сондай акционерлік қоғамдардардың көш басында «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» тұр.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация - оның жалғыз құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға.
2008 жылғы 30 маусымдағы №660 Қаулысы арқылы сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Заңының жобасын бектіп, оны қабылдатуға әрекет жасапты.
Қай періште қақты екен, Құдай қолдап, әйтеу сол заң қабылданбай қалыпты.
Бірақ, оның қызметі «Акционерлік қоғамдар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және ҚР басқа заңдарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Егер, ауыл азаматтары кооператив құрып, Үкімет бөлген қаражаттан игіліктенейін десе, ол кооперативтің құрамына осы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кіреді де, қырық тоғыз пайызға дейінгі үлеске ие бола кетеді.
Бар КІЛТИПАН осы жерде болып тұр.
Сөйтіп, Үкімет ауыл шаруашылығын өркендету үшін оң қолымен берген қаражатын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы сол қолымен қайтарып алуда.
Өзіңіз көріп отырсыз, Үкімет тағынан жылжымай келе жатқан Әлихан Смайылов бұл Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның кезінде қандай мақсатпен қабылданғанын білмейді емес, біледі. Өте жақсы біледі. Біле тұра, ескі жүйеден қалған жемқорлыққа даңғыл жол ашып қойған осы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны жоюға немесе өзгертуге құлықты емес. Қайта, соған сүйеніп жұмыс атқаруда.
Жою, өзгерту былай тұрсын, халықтың табысын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбыл облысында жолға қойылған пилоттық жоба дәл осы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға сүйеніп жүргізілуде.
Демек, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» Әлихан Асханұлының да қолайына жақты деген сөз.
Айтпақшы, «Amanat» партиясы аттай қалап Мәжіліске әкелген депутат ініңіз әрі әріптесіңіз Ринат Зайытов та «Qasqa Jol» Youtube арнасына берген сұхбатында Жолдау туралы тоқталып, «Толық орындалып жатыр деп, өтірік айтуға болмайды. Керісінше, қазір Президенттің тапсырмалары ары кетсе, 30-40 % ғана орындалуға енді ғана жақындап жатыр. Бұл өте үлкен өкініш.»-депті.
Мен Президенттің тапсырмаларының қанша пайызының орындалмай жатқанын нақ білмеймін. Егер, Ринат Рифхатұлының сөзі шын болса, Президент тапсырмасының 60-70%-ті шынымен орындалмай жатса, онда оған кезінде Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің ықпалымен жобасы жасалып, Сіздерден бұрынғы Парламент депутаттары нотариус ретінде бекітіп берген, қазір де бір әрібі өзгермей қолданыста тұрған осы «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» секілді АҚ-дар мен ескі заңдардың кедергі жасап отырғаны анық.
Сондай-ақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 19 сәуірде өткен Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде сөйлеген сөзінде, «Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады;» дей келіп, есіңізде болса, «2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деу¬шілердің 10 пайызының ғана қолына тиген; Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны;» - деген еді ғой.
Міне, осы келеңсіздікті тудырып отырған да сол баяғы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар.
Осы жерде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы Жолдауындағы «Негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында болып отыр. Біз министрлер мен әкімдерге зор талап қоямыз, бірақ олардың өкілеттіктері заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледі. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың ғана емес, Парламенттің де жұмысын қиындатады.» - деген сөзі тағы еріксіз еске түседі.
Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы!
Депутаттар шетке заңсыз кеткен ақшаларды елге қайтару туралы дүркін-дүркін мәселе көтерумен келеді. Олардың алғы сапында Өзіңіз де барсыз.
Өте дұрыс!
Ұрланған ақша елге қайтарылып, халықтың, мемлекеттің игілігіне жұмсалуы керек! Құдайға шүкір, жақсы-жаман болсын, ол туралы Заң қабылданып, миллиардтаған ақша Отанға оралды.
Бірақ, жоғарыда айтылған, «...тақырыптық жағынан тарылып, ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру» үшін арнайы қабылданған ескі заңдар мен соның негізінде құрылған Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы кезінде шетке заңсыз шығарылған сол ақшаға пара-пар мемлекет қаражатының діттеген жеріне жетпей, көз алдымызда тоналып жатқанын да ескеріп, оған тосқауыл қоюларыңыз керек!
Оны шешудің бірден-бір жолы – халықтың табысын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбыл облысында жолға қойылған пилоттық жоба аясында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне берілетін өсімі 2.5 пайыздық несие секілді жеңілдетілген көмек ақшаларды кімдерге беруді Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның «Мамандандырылған кеңесі» арқылы емес, ауылдық округ әкімдері мен алда халықтық сайлау арқылы құрылатын Ауылдық кеңестің бекітіуі арқылы шешілуі тиіс.
Қысқасы, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін ауылдық округ әкімдері мен алда халықтық сайлау арқылы құрылатын Ауылдық кеңестің құзаретіне берген дұрыс.
Ол үшін, Мәжіліс қарауында жатқан «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы аясында ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да төмендегідей үш бағыт бойынша кеңейту керек деп есептеймін.
Бірінші, өзі жетекшілік ететін ауылдың жерін өзі басқару;
Екінші, аудандық, облысық және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты өзі басқару және ауылдық Кеңестің келісімін ала отырып игеру;
Үшінші, ауыл тұрғындарына берілетін субсидиялардың, гранттардың және қайтарымсыз несиелер мен төмен өсімді несиелердің кімдерге берілетінін алдын-ала белгілеп, жоғарыға ұсыну. Сөйтіп, мемлекеттен бөлінген көмек қаражаттардың иесіне бірден жетуін қаматамасыз ету.
Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы!
Өзіңіз жақсы білесіз, үстіміздегі жылдың 1 мамырынан бастап, ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту туралы мәселе көтеріп келемін.
Осы барыста Президент Әкімшілігіне 64 беттен тұратын хаттар жазыппын. Қысқасы, бұл мәселеден Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов пен Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қаприннен бастап, барлық басшылары хабардар. Сонымен бірге бұл ұсыныс Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Әділет министрлігі сынды төрт министрлікке, оның комитеттері мен департаменттеріне дейін жетті. Екі вице-министрдің қатысуымен екі министрлікте арнайы талқы ұйымдастырылды...
Осыған қарап, осы жолғы Президент Жолдауында осы мәселе ескерілетін шығар деп, үміттенген болатынмын.
Өкінішке орай, үмітім ақталмады. Ұсынысымның Мемлекет Басшысына жетпегені белгілі болды.
Демек, Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов құрған бұл ЖЕМҚОРЛЫҚ СХЕМАНЫ бұзуға құлқы жоқ деген сөз!
Сол үшін Сізге осы хатты арнайы жазып отырмын.
Сіз осы жемқорлық жүйені шағу үшін отыз жылға жуық бұрынғы билікпен тоқтаусыз, аяусыз күрестіңіз. Енді, осы мәселені шешу үшін Мәжіліске келдіңіз!
Егер, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды жойып, оның «Акционерлік қоғамдар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және ҚР басқа заңдарымен бекітілген қызметін ауылдық округ әкімі мен алда құрылатын Ауылдық кеңеске алып беріп, ауылдық округ әкімінің құзыретін аталған үш бағыт бойынша кеңейтуге Өзіңіз бастамашы болып ықпал етсеңіз, бұл – Сіздің отыз жылдық күресіңіздің бір зор жеңісі, Мәжіліске келгендегі бір үмітіңіздің ақталғаны болар еді!
Сөйтіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында айтқандай, «Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз!».
Бұл күресте де мен Сізбен біргемін, ардақты Ермұрат аға!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz