Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3916 51 пікір 6 Қыркүйек, 2023 сағат 13:34

Қазақ әдебиетінің тежеуіші - псевдопайғамбарлар!

Қазір қазақ әдебиетін жақтайтындар да, даттайтындар да көбейді. Екі жақтың да өз айтарлары бар, екеуі де дұрыс.

Менің көзқарасымда біздің әдебиетіміз Маркестің «Макондасы» сияқты. Өзгемен ісі жоқ, басқа қалалармен шектеспейді, айналасы құз-жартас, қалың шалғын. Олай дейтін себебіміз біз өз-өзімізді мойындап, іштей ұлы санап, сырттай гений санап, жұртқа «жырымызды» паш еттік. Үлкен қателік осы жерде басталды. Ауыл-аймақтың әңгімесінен әрі аса алмадық. Әлем оқырмандарын дүр сілкіндірген «Букер» сыйлығы да, «Нобель» сыйлығы да қазақ әдебиетінен алыс. Бірлі-жарым шетелде басылған кітаптарымыз болғанымен, оны жазушылардың өздері дәріптеп, жарияға жар салып қана таныстырып жүр. Ол үшін сәл бет қалыңдау болуы керек. Әдеби агенттер мен баспалар өз жұмысын толық атқармайды дейміз, бұл да қате. Күллі оқырманның жүрегін жаулайтын роман, шығарма өзі-ақ ап-анық көрініп тұрады. Оны ұялмай біреуге ұсына аласың, оқуға бере аласың, ол шығармамен мақтана аласың. Оқырманды селт еткізетін шығарма жазбай тұрып конкурстарды, әдеби агенттерді, баспаханаларды айыптаудың реті жоқ. Анығын айтайық қазіргі қазақ әдебиетінде үлкен буын арасында да, жастар арасында да мақталып жүрген шығармалардың, әңгімелердің бірнеше нұсқасын көрсетейін:

А) «Ауылда бір жас қыз болады. Оның әкесі ішеді, анасы қайтыс болған. Қыз суреттеледі, одан соң Совет Одағы жайында міндетті түрде бірнеше абзац жазылады (жас жазушыларда да). Әлгі қыз бірдеңеге ұрынады, осы тұста әйел тақырыбын көтердік деп Жүсіпбекке еліктеп қояды».

Б) «Ауылда бір жас қыз болады. Әкесі ішеді, балтамен шешесі екеуін қуалайды. Қыз адам айтса сенгісіз сұлу. Совет Одағы туралы міндетті түрде бірнеше абзац жазылады. Әңгіме соңында қыз байға тиіп қор болады».

В) «Ауылда бір кемпір болады. Қыз күнінде көрген қорлықтары туралы жазылады. Оның қыз күні Совет Одағы тұсында өткен. Одақ туралы бірнеше абзац. Әңгіме соңында кемпір түс көріп, түсінде ақ көйлек киіп алып шауып жүреді»

Г) «Ауылда бір шал болады. Ол суреттеледі, мінезі, түр-тұлғасы бәрі бірінші сөйлемде айтылып тастайды. Сосын Совет Одағы кезінде сол шалдың көрген қуанышы мен қиындықтары туралы айтылады. Әңгіме Совет Одағы туралы жазылып бітеді».

Міне, осындай. Қазіргі әңгімелерді оқысаң бір де бір құндылықтың қақпасын ашпақ түгілі тырсылдатып есігін қаға алмайсың. Оқырманды, әдеби ортаны, елді құндылыққа тартатын жазушылар болса, біздің қоғам үшін  адамзаттық құндылықтар тым алыста. Оның себебі де бар. Біздің қаламгерлердің өзінің мойындайтын тұлғалары мен ақын-жазушылары бар. Әрине олардың мойындайтын тұлғалары көбіне жерлестері мен руластары. Шын жазушының біреуді мойындап, өмір бойы соған табынуы үлкен қасірет. Мен қарсы емеспін, бір мықтының шығармашылығын дәріптеуге, оны жариялауға, бөлісуге, тіпті жарнама жасауға. Бірақ сол тұлғадан аса алмайтындай мәңгі табынатын қаламгерлерге қарсымын, өйткені олар оқырмандар емес жазушылар ғой. Нақты тоқталайық, біздің қоғамда бір жазушының шығармашылығын, азаматтық көзқарастарын сынасаң бәлеге қаласың. Мысалы, Мұхтар Мағауин туралы пікіріме көпшілік қарсы келеді. Оның «Тазының өлімі», «Қыпшақ аруы» сынды шығармаларын ұялмай кез келген тілге аударып, кез келген елге ұсынуға болады. Дегенмен, Мағауиннің жазушылығынан тарихшылығы басым. Мағауин қалыптастырған стильмен «ауыратын» жас жазушылар өте көп. Мұхтар Шыңғысханға терлеп-тепшу арқылы бүгінгі таңдағы адамзаттық құндылықтардан қашық нәрсеге оқырманды сүйреп отыр. Бұл жазушылық  емес, бұл тарихты керітартпалыққа пайдалану, оқырманды құндылықтан алыстату. «Аласапыранды да» ашық талдап, сынауға ешкімнің дәті жетер емес. Өзінің билігін сақтап қалу үшін барын салған монархтар бүгінгі оқырман үшін шығарма емес, жай ғана тарихи эссе. Мен үшін де солай.

Сол секілді Әбіш Кекілбаевтың да шығармашылығында «Шыңырау» секілді өзге тілге аударып, кез келген елге ұялмай ұсынатын шығармалар бар. Бірақ Әбіш менің көзқарасымда жазушы емес, тарихшы. Оған дәлел «Үркер», «Елең-алаң» тарихи-эсселері. Бүгінгі әдебиетті дамыту үшін біз алдымыздағы қателіктер мен пайғамбар санап жүрген жазушыларымызды ашық талқыға салып үйренуіміз керек. Бірақ бұдан оқырман да, жас жазушылар да ат тонын ала қашады. Мағауиннің, Кекілбаевтың, Қажығалы Мұхамбетқалидың, Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығын ашық талқылайтын кез жетті.  Иә, түсінемін, ол кезеңде осылай жазу керек болды, КСРО кезінде мұндай шығармалар керек болды дерсіз. Олармен дәуірлес Оралхан Бөкейдің «Атау-кересін», «Өз отыңды өшірме» романын, «Мұзтау», «Қар қызы», «Кербұғы» шығармаларына зер салыңыздаршы. Астар керек пе, астар, сынау керек пе, сынау, өнер керек пе өнер, көркемдік керек пе, көркемдік бәрі бар. Аталған тарихшылармен замандас па, замандас. Ол да КСРО уақытында өмір сүрді. Аталған тарихшылардың қасында Оралханды жазушы деп ауыз толтырып айта аламыз. Мен Мағауиннің жинақтаған жыраулар поэзиясына тоқталмай-ақ қоямын. Жыраулар поэзиясын жинақтауда Әнуар Дербісалиннің еңбегін де ескере кетсеңіздер, Мағауиндікі ешқандай жаңалық емес.

Сонымен бүгінгі әдебиет құндылықтар төңірегінде өрбуі тиіс. Шекспирдің, Гетенің, Бальзактың әлем оқырмандарының қолынан түспейтіндігінің сыры осында. Олар қарапайым ақын-жазушылар емес, олар құндылық тасымалдаушылар. Ақын мен жазушының, суретшінің, барлық өнер иесінің мақсаты осы болуы шарт – құндылық тасымалдау!

Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі әдеби сын да өлімші халде. Неге? Сауатты әдеби сыншы өте аз. Біздің сыншылар екі топқа бөлінеді:

1) «Апыр-ай, тілінің көркемдігі керемет екен» тобы.

2) «Терминдерді үйіп-төгіп, онсызда шығарманы түсінбей отырған оқырманның миын ашытатындар» тобы.

Сыншының мақсаты шығармада айтылған ойды, автордың көзқарасын оқырманға жеткізу болса керек. Бірақ біздің сыншылар сюжет пен тіл көркемдігін айтып, социалистік реализмді зерттеуші «ғалымдар» сияқты кейіп танытады. Мысалы, шығармашылығымнан «Алты құрлық» атты хикаятыма тоқталайын. Әңгіме жарияланғанда Сәкен Сыбанбай, Айнұр Төлеу, Марат Әзімханов сынды қалам ұстап жүрген үлкен буын «Алты құрлықты» талдады. Сол кезде ішегімді ұстай күлгенім әлі есімде. Біреуі сюжеті туралы айтса, біреуі тілі туралы тоқталып, біреуі кейіпкерлер тым ақылды депті. Міне, біздегі сынның жеткен жері осы. Одан соң шығарма жазғың келе ме? Ақтау қаласында тұратын Асылбек Құдайберген есімді жігіт «Алты құрлық» атты шығарманы талдағанда мен қатты қуандым. Себебі ол оқырман менің айтпақ ойымның дәл үстінен түсті. Иә, шығармадағы кейіпкерлер адамдар емес, бес құрлықтың құндылықтары, өзара пікірлескен, айтысқан әр құрлықтың ізденісі мен ғылымы, мәдениеті. Осындағы ғалымдардың көзқарасы туралы шығарманы біздің сыншылар тілі мен кейіпкеріне жабысып алып социалистік реализмнен бір шыққаны бар. Сын жазып жүргендер емес, қарапайым оқырман бір ауыз сөзбен талдай салды. Мен мұны жоғарыда айтқан сөзіме дәлел ретінде келтіріп отырмын. Біздегі сын шығарманың ойын, не айтқысы келгенін, идеясын мүлде түсінбейді.

Бүгінгі романдардың сиқына қарасаң даму жоқ. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі романдардың түрлері мынадай:

  • Тілі көркем болуы үшін барын салған сөздік ақтарғыштар жазған роман.
  • Күллі Қазақстан оқысын деген ниетте жазылған өзі түсінбес жанрда жазылған дүмбілез роман.
  • Жастардың жүрегін жаулаймын деп жазылған «жатақхана», «махаббат» туралы жазылған роман.
  • Мағауин мен Кекілбаев үйретіп кеткен сара жол арқылы жүріп келе жатқан тарихи роман.

Интелектуалды ізденіспен жазылып жатқан романдар жоқ. Жазушылардан сұрасақ олар тұрмысты, жұмысты, күнкөрісті кінәлайды. Тағы да қайталаймын оқырманды селк еткізетін роман жазбай ештеңеге өкпелеуге хақымыз жоқ. Роман заманауи болуы тиіс, жалпы адамзаттық құндылықтар дәріптелуі керек, адамның жанын түсінуге ұмтылыс керек, ситуация болуы шарт. Ал біздің сыншылардан роман қандай болуы керек деп сұрап көріңіз. Олар атып тұрып романда кейіпкерлер төбелесу керек деді.

Қазіргі жазушыларымыздың тағы бір ауруы образ. Иә, кейіпкерді суреттеймін, мінезін ашамын деп ситуацияны жайына қалдырса, айтып отырған әңгімесі құндылық төңірегінде емес, әлгі кейіпкердің жеке басындағы қасиеттермен басталып, аяғы өсекпен аяқталады. Біздің жазушыларымыз образ жасаймыз деп өсектен қолдары тимей жүр. Образ қай кезде жасалады? Ситуация мен жағдайлардың өзгеруінен, кейіпкердің әр кезде әр түрлі маска киюінде ғана ашылады. Бірақ оны түсіну үшін біздің сын жұмыс жасауы керек. Біздің сын жұмыс жасауы үшін не істеу керек? Әмірқан Балқыбек пен Таласбек Әсемқұловқа табынуды тоқтату керек! Неге? Әрине, мен екеуін айыптаудан аулақпын. Олардың шығармашылықтары мен мақалаларына әңгіме айтып отырған жоқпын. Менің айыптап отырғаным жасы елуден асса да әлі күнге Таласбек пен Әмірқанға таңдай қағып жүрген сыншылар мен жазушылар. Біздің сыншылар да жазушылар да ешқашан асып түсу жағын ойға алмайды, ізденістен қорқады, өздері жасап алған пайғамбарларын ашық талқыға салғысы келмейді.

Бүгін әдебиетті дамытамыз десек жаңа құндылықтардың қақпасын қағып, жаңа құндылықтардың тұтқасын ұстайтын шығармалар жазуға тиіспіз. Ал мықты шығарма онсыз да аударылады, онсыз да оқылады. Оған тұрмыс пен жұмыстың қатысы жоқ. Бүгінгі әдебиеттегі көзқарастар өзгеруі тиіс, реализмнің ауылы артта қалды. Өнердің мақсаты астарлау, көрсетпеу, жасыру, шындыққа солай жетелеу. Сондықтан қазіргі қазақ әдебиетінің ауылдан шығатын, елден ұзайтын уақыты келді.

Әлихан Жақсылық

Abai.kz

51 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364