Моңғолия сапарнамасы
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және ортағасырлық Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің ғылыми қызметкерлері Жанымхан Ошан, Елдос Сауырқан үшеуміз осы жылдың 24 тамыз күні Моңғолия еліне ғылыми іссапарға аттанып кеттік. Сапарымыздың бірінші күні Моңғол Ғылым Академиясының Тарих және этнология институтының директоры Цегмед Церендоржпен кездесіп, сапарымыздың мақсатын түсіндіріп, институтымыздың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдиновтың сәлемін, ұсыныстарын жеткіздік.
Доктор Церендорж өзі басқарып отырған институт жұмысы, ғылыми жобалар, институт қызметкерлері туралы таныстыра келе, біздің тараптан айтылған ұсыныстарды қолдау ретінде моңғол тарапынан 3 біріккен ғылыми Жобалар тақырыбын ұсынды. Бұдан өзге, біздің институтпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ғылыми іссапарымыздың бұдан кейінгі күндері Моңғолия Мемлекеттік архивінде, Шыңғыс хан музейінде, UNESCO ұйымының көшпенділер өркениетін зерттеу Орталығында, Баян Өлгей Орталық кітапханасында, Баян Өлгей аймақтық мәдениет басқармасында, Улан-Батор іргесіндегі Тоныкөк ескерткішінде, Қарақорымдағы Білге қаған, Күлтегін ескерткіштері көрмесінде, Хэнтей аймағындағы Шыңғыс хан қаласындағы музейлерде болдық. Кең байтақ моңғол даласына орналасқан (Баян-Өлгей мен Улан-Батордың ара қашықтығы 1800 км.) осы ғылыми мекемелер мен тарихи нысандарды аралап шығу көп уақытты алатын сыңайлы болды. Улан-Батордағы көлік кептелісі де Алматының тығынынан артық болмаса кем емес екен. Сондықтан, он күнге жоспарланған жұмыстарымыздың нәтижелі болуы үшін екі топқа бөліндік.
Сапарымыздың жемісті болуына институт директоры, профессор З. Қабылдиновтың Моңғолиядағы әріптестерімен біздің іссапар барысы туралы алдын ала келісіп алуы оң ықпал етті. Бұдан өзге, моңғолиялық жас қазақ зерттеушілері - Түркияда білім алып жатқан Шынарбек Сейітханұлы, улан-баторлық Уатхан Елтай, Зәуреш Смағұлқызы, Алтынбек Тоқтарбайұлы, Баян-Өлгейде мәдениет басқармасында жұмыс жасайтын, ғалым-археолог Өмірбек Биқұмарұлы көп жәрдемдесті. Нәтижесінде, ниеттенген шаруаларды толығымен орындап, іссапар жоспарына сәйкес бұрын соңды жарияланбаған еліміздің түрлі тарихи кезеңдері мен тарихи тұлғаларына қатысты тың архив құжаттарын алдық, бізде және оларда жарық көрген ғылыми еңбектермен алмастық. Моңғолияның ғылыми мекемелеріне Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жұмысын таныстырып, моңғол ғалымдарымен ортақ ғылыми зерттеу тақырыптарын анықтап, басшыларымен бірігіп ғылыми зерттеулер жүргізу туралы келісімдерге қол қойдық.
Моңғолияға келгенде бірінші анық байқалатын нәрсе моңғол халқының кеңдігі мен сол кеңпейілдің шынайы, мызғымас ұлттық рух іргетасына орналасуы. Ұлттық идеологияның қайнар көздері – тіл, дін, дәстүр және тарих бұл елде өздеріне лайықты орында. Осылардың барлығы ұлттың тарихи тұлғасы – Шыңғысханның бейнесіне шоғырланған. Шыңғыс хан - Моңғол мемлекетінің ұлттық идеологиясының темірқазығы. Оның өнегелі өмірі, рухани келбеті, саяси тұлғасы бүкіл Моңғолия мен моңғол халқының мақтанышы мен бағытына айналған. Шыңғыс хан атына халықаралық аэропорттан бастап, музей, қала, университет, көшелер берілген. Оның бейнесі бүкіл Моңғолияны жаулап алған.
Осы орайда, біздегі Шыңғыс ханды қазақтың руларына теліп жүрген әуесқойлардың әрекеттері баланың ойынындай көрінеді. Олар осы әрекеттері арқылы тек моңғол мен қазақтың арасына ғана емес, қазақ пен қазақтың арасына от салып жүргенін білмейтін сыңайлы. Біздің сапар, кездесу туралы Моңғол Ғылым академиясының Тарих және этнология институтының ресми сайтында «қазақ ғалымдары институтымызда қонақта» деген хабарлама беріліпті. Әлгі хабарламаның соңына жазылған коментарилерде моңғол зиялыларының бұл сапарымызға аса қуана қоймағаны анық байқалады. Солардың бірінде: «БҰЛ ҚАЗАҚТАР ШЫҢҒЫСХАНДЫ ҚАЗАҚ ДЕП ОТТАП ЖҮР. ҚЫТАЙЛАР МЕН ҚАЗАҚТАРМЕН ТАРИХ САЛАСЫ БОЙЫНША ЕШҚАНДАЙ ДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ» деп жазылыпты. Кездесу кезінде де бұл жайлы моңғолдық әріптесіміз, «сіздерде кейбір ғалымдар Шыңғыс ханды қазақ деп еш дәлелсіз, негізсіз жазып жүр екен» деп қынжыла отырып айтып еді. «Шындығында, ол жазып жүргендер шынайы ғалымдар емес, кәсібі бөлек әуесқойлар. Тарихшылар Шыңғыс ханды Қазақ мемлекеттілігін қайта жалғаушы, барша түркі-моңғолға ортақ тарихи тұлға ретінде мойындайды» деп ақталуға тура келді.
Шыңғысханшыл жазғыштарға осы орайда сұрақ туындайды. Шыңғыс хан мифологиялық кейіпкер емес. Оның тегі, руы туралы айқын тарихи деректерге қарамастан түркі-моңғолға ортақ Шыңғыс ханды қазақ деу неге сүйеніп айтылып, жазылып жүр? Жарайды, ол қазақ бола қойсын. Шыңғыс ханды мемлекеттік тұрғыда дәл осы моңғолдар сияқты бүкіл қазақты біріктіретін ресми идеологиялық тұлға ретінде көтере аламыз ба? Егер моңғолдар сияқты оны барша қазаққа ортақ тұлға ретінде таныса жақсы, енді Шыңғыс ханды қазақтың жекелеген руына теліп, бірліктің емес, алауыздықтың шоғын үрлеп отырған жоқсыздар ма? Осы орайда, «қазақты қалмақ, қалмақты қазақ еткеннен не ұтасыздар? Аллаға шүкір, жоқ емес, барларыңызды бағалап алсаңыздар абзалырақ болар еді» дегің келеді екен.
Сонымен, Шыңғыс хан Моңғолияның ресми ұлттық-мемлекеттік идеологиясының темірқазығы. Қазақстанның жерімен парапар аймақта өмір сүретін 3 млн. моңғол «санымыз аз» деп жыламай, шынайы тәуелсіз, шама шарқынша өмір сүріп жатыр. Тұрмыс-тіршілігі, көшпенділік мәдениеті, шаруашылығы жағынан қазақтарға жақын. Дегенмен, бірнеше ғасырлық діни айырмашылық (олар 15 ғасырда ламайзмді қабылдаған) тілдік, қазіргі мәдени тұрғыда қазақтардан ерекшелендіріп тұрады. Өкінішке орай, экономикасы шикізаттық бағыттағы бұл елдің халқының әлеуметтік жағдайы салыстырмалы түрде төмендеу. Осыны пайдаланған шет елдік христиандық-баптистік миссионерлер моңғолдарды өз діндеріне тарту үшін халық арасында белсенді жұмыс жасауда. Бұл салада Оңтүстік Корея миссионерлері алда. Кейбір мәліметтерге қарағанда, елде 200 – ге жуық христиан-баптистік шіркеулері қызмет етуде. 3 млн халықтың әр 15 мыңына бір шіркеуден келеді. Марко Поло, Карпини мен Рубруктардың тісі батпаған көшпенділер, енді, ХХІ ғасырда жат дінді уағыздаушылардың торына түсіп жатыр. Улан-Батордағы үлкен мешіттің құрылысы тоқтап тұр.
Бір қуанарлығы, Моңғолия қазақтары арасында христиан баптистерінің уағызына ұйығандары жоқ. Улан-Батордағы қазақтардың тұратын шеткі ауданында Түркия көмегімен салынған зәулім де көрікті мешіт пен медресе мұсылмандарға қызмет етуде.
Моңғолияда мал шаруашылығы өте жақсы дамыған. Бүгінде төрт түліктің барлығы өсіріледі, 78 млн қойлары бар екен. Баян – Өлгейге бара жатқан жолда әр 2-3 километр сайын 3-4 киіз үйі, мал қорасы бар шаруа қожалықтары кездеседі. Тері өңдеу, қодас, түйе, қой, ешкі жүндері мен түбітінен бұйымдар жасауда бұл ел алда. Елді аралап жүргенімде тері, жүн қабылдайтын сауда нүктелерін көп кездестірдім. Қой етінің килосы біздің пұлмен 1000 теңге. Көліктері негізінен Жапонияның жаңа машиналары. Біздегі қарапайым халық мінетін Nexia мен Chevroletтің қызметін жапоннның Prius көлігі атқарады. Land Cruiserлердің неше түрімен қарапайым шаруалар шөп тасып жүр. Жалақылары бізбен шамалас. Моңғол жастары негізінен Корея мен Жапонияға жұмыс жасауға барады екен. Қытаймен байланыс тығыз. Елдің экономикасының қарқынды дамуына логистикалық проблемалар кедергі келтіріп отыр. Сол баяғы Ресейдің экономикадағы әділетсіз, қарау саясатының теріс ықпалы осында да сезіледі.
Қазақ мемлекеттілігінің қайнар бастауы – Түркі қағанаттарының алтын бесігі, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштері де осы жерде. Түркия мемлекетіндей осы ескерткіштерге қамқор болып отырған еш түркі мемлекеті жоқ. Қарақорымдағы 90 км жолды Түркия мемлекеті жөндеп, асфальттап қойыпты. Аталмыш ескерткіштердің қоршаулары түрік ағайындардың көмегімен жаңадан салынғанмен, сапасыз материалдардан жасалғандықтан тоза бастапты. Моңғолия мемлекеті шама шарқынша еге болып, жөндеп, сақтап отыр. Осы орайда, «отыздан енді астық, жас мемлекетпіз» деп айту ерсі. Түркиямен бірдей осы ескерткіштерге еге болып, сақтау шараларына қатысу елдігімізге сын болып отыр.
Осы орайда Шыңғыс ханға жабыса бергенше түркі екендігі айдан анық, Білге қағанды, Мұқан, Қапаған, Құтлық қағандар, Тоныкөк пен Күлтегіндермен, Бөрте ханыммен неге мақтанбаймыз, неге уақыт тауып осы жерге келіп, ортақ тарихи ескерткіштердің жай-күйін көріп, қолдан келсе көмектеспейміз деген сұрақ туындайды екен.
Қорыта айтар болсақ, Моңғолия дәл Түркия сияқты бауырлас ел. Бұл елмен мақсатымыз да, тарихымыз да, геосаяси ахуалымыз бен экономикамыз ұқсас. Шыңғыс хан, Білге қаған, Мұқан, Қапаған, Құтлық қағандар, Тоныкөк пен Күлтегін тұсындағы сол баяғы дұшпан көршілер, сол баяғы саясат әлі бар. Сондықтан да, даңқты ортақ бабаларымыздың аманатына адал боламыз десек Моңғол мемлекетімен байланысымызды дұрыс жолға қоюымыз керек.
Моңғолияға қазақтардың келу тарихы туралы Зардыхан ағамыздың керемет зерттеуі бар. Сондықтан, уақыттарыңызды алып, оны тәптіштеп жазбай-ақ, көзіммен көргенді, көңілге түйгенді баяндап берейін. Қазіргі кезде Моңғолияда 120 мыңға жуық қазақтар бар. Олардың басым бөлігі Баян-Өлгий аймағында - 90 мыңға жуық. Аймақтың 97 пайызы қазақтардан тұрады. Қобда аймағында 10 мыңнан астам қазақ қандастарымыз тұрады. Ал, Ұлан-Батор маңайында Налайых, елдің шығысындағы Дархан, Эрденет, Шарынғол деген елді мекендерде де 4-5 мыңнан астам қазақтар тұрады. Ұлан-Баторда 7-8 мың қазақ бар.
Моңғолия қазақтары осы елдегі саны жағынан екінші ұлт. 90-шы жылдардың басына қарай қазақтардың осы елде едәуір саяси, демографиялық және мәдени салмағы болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдардағы шет елдердегі қазақтарды тарихи отанға қайтару науқаны кезінде осы жақтағы қазақтардың біршамасы (90 мыңға жуық) Қазақстанға қоныс аударды да ол жақтағы қазақтардың позициясы біршама әлсіреп қалды. Әйтсе де, табиғи өсім нәтижесінде кеткен қазақтардың орыны қайта толығып, 90-шы жылдардағы санына қайта жетті.
Улан-Батор мен қазақтардың құт мекені Баян-Өлгейдің ара қашықтығы 1800 км. Аймақ орталығы Өлгейге 200 км қалған жолда осы өңірдегі тарихи қала Қобда (Ховд) қаласы орналасқан. Алдымен осы сүреңсіздеу, артта қалғандау көрінетін Қобда қаласы мен оның азып-тозыңқыраған халқын көргенде, Өлгей де осы шамалас-ау деген күдік пайда болды. Дегенмен, Өлгейге кіре берісте-ақ бұл күдігімнің стереотиптік алдамшы сезім екендігіне көзім жетті. Қазіргі Өлгей мен Баян-Өлгей шын мәнісінде Моңғолияның ең бір дәулетті, қазақтың ұлттық құндылықтары сақталған, халқының бірлігі жарасқан, берекелі өлке екен. Оны көшелердің тазалығынан, көңілі көтеріңкі халқынан, ретімен салынған ғимараттардан, қаланы шарлаған шет елдік туристерден анық байқауға болады. Өлгейге барғанда екінші бір кіші Отанға - Қазақстанға барғандай сезінесің. Барлық жерде тек қазақша, базарың болсын, мемлекеттік мекемелер болсын, дүкендер мен көшеде тек қазақша сөздерді естисің (Ащы болса да шындықты айтайын, Алматының әуежайына келгенде-ақ Ресейдің бір қаласына келгендей болатын сезім болатыны жасырын емес).
Ақ үй (Әкімшілікті осылай атайды екен), Орталық кітапхана, драма театры, телестудия, банктер мен мемлекеттік мекемлерде тек қазақтар жұмыс жасайды. Осы орайда, Моңғол үкіметі мен моңғол халқының кең қолтықтығына алғыстан басқа айтар сөз жоқ. Бізде де орын алған нарықтық экономиканың ауыр жолынан моңғол қазақтары да өтіп, әбден піскен. Қазақ кәсіпкерлері мал өсіру, тері, жүн өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, банк жүйесі, туристерге қызмет ету, сауда-сатық бойынша мықты мамандар болып алған. ДЕГЕНМЕН, БІЗДЕГІ НАРЫҚТЫҚ ЖҮЙЕДЕН ҮЛКЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ, «ЕСЕКТІҢ АРТЫН ЖУСАҢ ДА МАЛ ТАП» ДЕЙТІН ЖАБАЙЫ ДА ЖАЛМАУЫЗ НАРЫҚ ЗАҢЫНА СӘЙКЕС КЕЛЕ БЕРМЕЙТІН АДАМГЕРШІЛІК, СЫЙЛАСТЫҚ, АҒАЙЫНҒА ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА АДАЛДЫҚ СИЯҚТЫ БАЙЫРҒЫ, ҚАЗАҚЫ ДӘСТҮРЛІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР БАҒЫТЫМЕН ДАМУДА. Оны дүкендерді, базарды аралағанда, кәсіпкерлермен тілдескенде анық байқайсың. Нұрлан мен Ермекгүлдің туристерге беретін зәулім үйін жалға алып, кеткенше, алыстан келген қонақ ретінде, алдымызға дастархан жайып, еті мен қымызын тосуын қазақы нарық пен дәстүрдің көрінісі деп бағалауға болады.
Аймақтағы қазақ мәдениеті мен рухани ахуалы да өз бетінше дамуда. Кітапхана, студиялар, спорт сарайы, драма театры халықтың рухани қажеттілігін толық өтеуде. Алтынгүл Дәлелқызы басқаратын Орталық кітапхананың жұмысымен танысу барысында кітапхана қызметкерлерінің ақпараттық технологиялар заманында жаңа әдістермен жұмыс жасап жатқандығының куәсі болдық. Әсіресе, бала бақшадан бастап, ересек адамдарға дейінгі оқырмандарға жеке жағдай жасау, тіпті, үйінен шыға алмайтын кісілердің үйіне кітап жеткізіп беру, түнгі кітапхана-кафе тәсілдері біздегі кітапханаларға батыл енгізуге болатын жаңалықтар екен.
Өлгейде және Улан-Батордың маңайындағы Налайыхта Түркия көмегімен зәулім мешіт пен медресе салыныпты. Бұл діни орындар да қазақ мәдениетінің ошағына айналып, жастарымызды жат діндердің жетегінде кетпей, ұлттық құндылықтарды сақтауға жәрдемін тигізіп отырған киелі мәдени орталыққа айналыпты. Жалпы, Моңғолия қазақтары – Қазақстан үшін зиялы қауым дайындайтын өндіріс іспетті. Елімізге белгілі Зардыхан Қинаятұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Досан Баймолда, Бекен Қайратұлы, Ботакөз Уатқан, Нәпіл Базылхан, Бабақұмар Қинаятұлы, Қатран, тб (тарихшы болғандықтан осы кісілердің есімдері есіме түсіп отыр) зиялылар осы Моңғолия тумалары. Сапар барысында әлі Қазақстанға танымал бола қоймаған жас зиялылардың келесі бір буынымен таныстық. Өмірбек Биқұмар, Уатхан Елтай, Зәуреш Смағұл, Алтынбек Тоқтарбай, Шынарбек Сейтхан сынды жастарымызды моңғол қазақтарының болашағы деп санауға болады.
Баян-Өлгейді аралағанда Моңғолия қазақтарын басқа шет елдегі қазақтардан бөле қарау қажеттігін сезіндім. Оларды Қазақстанға көшіріп алғанда қазақтың саны өсіп кетпес. Бірақ, Моңғолиядағы қара шаңырақтан біржолата айырларымыз айдан анық. Толерантты кең қолтық Моңғол үкіметі мен моңғол халқы тарапынан қысым жоқ. Керісінше, осы өлке Моңғолияға туризм саласы бойынша қомақты қаржы әкеліп отырған берекелі аймақ. Сондықтан, біздің Үкімет Моңғолия Үкіметімен тығыз байланыста болып, екі елдің арасындағы әуе, жол байланыстарын реттесе, шет ел қазақтары кәсіпкерлеріне арнап қаржылық ұйым құрылса, Қазақстанда байыған моңғолиялық қазақ кәсіпкерлерін тартып, инвестициялық қорлар құрылса, жастарының елімізде білім алуына жағдай жасалса, қазақтың өрісі кеңейер еді. 22 араб елі бар, неге мәдени автономия құқығында болса да бірнеше қазақы аймақ болмасқа?
Тағы бір айтарым, Қазақстанға ертерек кеткен моңғолиялық қазақтардың Өлгеймен байланысы өз дәрежесінде емес. Өлегейдегі Орталық кітапханада «Біздің жерлестер» атты қабырға бейнеде тек сол жерге қызмет еткен зиялылардың суреттері ілініпті. Зардыхан мен Қаржаубай аға, Нәпіл мен Бабақұмар бауырларымның суретін де, олар туралы мәліметтерді де кездестірмедім. Бұл екі елдегі зиялылардың арасындағы байланыстың әлсіздігін көрсетеді.
Осы орайда айтарым, біздің мемлекетіміз моңғол билігімен ымыраға келіп, Баян-Өлгейді ерекше назарына алуы тиіс. Бұдан өзге, бізде көтеріліп, табысқа жеткен моңғолиялық қазақ кәсіпкерлерден бастап ғалымдарға дейін Өлгеймен байланыстарын қайта қараса, кәсіпкері инвестиция жағынан, зиялылар рухани тұрғыда көмек беріп, алыс-берісті жандандырса туған жерге құрмет пен жанашырлық екі жақты болар еді. Біздің жақта бұл дәстүр жолға қойылған ғой. Мектеп бітіргеніне 20, 30, 40, 50 жыл толғандар, елден шыққан кәсіпкерлер туған мектебіне, ауылына қаржылай көмектесіп жатады. Бұл дәстүр моңғол қазақтарына да аса қажетті игі шара екен.
Жеңіс Жомарт Жеңісұлы
Тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz