Сейсенбі, 19 Тамыз 2025
Аласапыран 158 0 пікір 19 Тамыз, 2025 сағат 14:09

Қауіпсіздік кепілдігі: Еуропа әскері Украинаны қорғай ма?

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Уашиңтондағы Ақ үйге Украина және Еуропа басшылары барды. Солардың ішіндегі ең маңызды қонақ - Украина президенті Зеленский.

Бәрінің талқылайтын тақырыбы да біреу. Ол - Украина тағдыры.

Ақ үйге НАТО хатшысы Рютте бастап, Еурокомиссия басшысы фон дер Ляен қоштап, Ұлыбритания премьері Стармер, Германия канцлері Мерц, Франция президенті Макрон, Италия премьері Мелони, Фин басшысы Стубб барды.

Бәрі Ақ үйде. Бірақ, Трамп тек Зеленскийді өзі шығып қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеді. Әрі қарай жария әңгіме басталды.

Доғал бөлменің ауа-райы бұл жолы басқаша. Ақпандағы айқай-шудан кейін әлем жұрты «осы жолы қалай болар екен» деп елеңдеген. Жоқ, тараптар бір-біріне қатты сөйлеген жоқ.

Президент Зеленскиймен бірге келіссөзге қатысқан Украина делегациясы:

1) ПК басшысы Ермак,

2) Елші Маркарова,

3) УҰҚҚ басшысы Умеров,

4) СІМ орынбасары Кислица,

5) ПК орынбасары Палиса.

Президент Трамппен бірге келіссөзге қатысқан АҚШ өкілдері:

1) Вице-президент Венс,

2) Мемхатшы Рубио,

3) Арнайы өкіл Уиткофф,

4) Арнайы өкіл Келлог,

5) Ақ үйдің аппарат басшысы.

Трамп:

- Бүгін бәрі сәтті өтсе, АҚШ-Украина-Ресей басшыларының үшжақты келіссөзі өтеді. Үшжақты кездесу өтпесе, соғыс жалғасады, - деді.

Трамп:

- Украина НАТО-ға кіре алмайды. Бірақ оған мықты қауіпсіздік кепілдігі беріледі. Өте жақсы, өте сенімді қауіпсіздік кепілдігі жайлы айтып отырмын, - деді.

Трамп:

- Украинаға Еуропа елдері кепілдік бермек. Біз де көмектесеміз, - деді.

Зеленский:

- Біздің мақсатымыз - соғысты әділетті аяқтау, - деді.

Зеленский:

- Украинада сайлау өткізу мүмкіндігі бар. Бірақ, ол үшін соғыс тоқтауы керек. Соғыс жағдайында сайлау өткізу мүмкін емес, - деді.

Қосымша:

Зеленскийдің әйелі Трамптың әйеліне үшбу хат жазып жіберіпті. Соны тапсырды. Трамп Зеленскийдің дресс-кодын мақтады.

Болжам: Трамп айтқан Украинаға берілуі мүмкін «қауіпсіздік кепілдігі» - Еуропа мен НАТО елдерінің әскери контингентін Украина аумағына орналастыру болуы керек.

Осыдан бірнеше ай бұрын бұл тақырып қызу талқыланған. Сонда Ұлыбритания, Франция бастаған елдер жиыны 30 мыңға жуық әскер шығарып, Украинаға бітімгерлік миссиямен аттандыруды талқы еткен.

Олар майданның артқы шебіне орналастырылатыны, атысты тоқтату режімінің сақталуын (бітімнің) қамтамасыз етіледі деген.

Трамп Украинаның НАТО-ға қосылуын жоққа шығарғанымен, НАТО елдері тарапынан Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру мүмкіндігін терістеген жоқ…

Айтпақшы, Украина территориялық шегініске келісе ме, жоқ па, ол да басы ашық күйде қалып отыр…

Украина Ресей тарапынан оккупацияланған, аннекцияланған аумақтарын Халықаралық қауымдастық алдында де-юре емес, тіпті де-факто мойындағанның өзі қауіпті! Ресейдің басқыншылығы заң-құжат жүзінде емес, жай ғана сөз жүзінде мойындалатын болса, әлем үшін жалғыз “қауіпсіздік кепілдігі” қалатын болады. Ол - ядролық қару.

Abai.kz

0 пікір