Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ. Ә.Бөкейхан өмірінің Мәскеудегі кезеңі (жалғасы)
1. Әлихан Мәскеуде пәтер қамағында
2. Ә.Бөкейхан Мәскеу пәтеріндегі жұмыс үстелінде отыр
3. Ерлі-зайыпты Смағұл Савдуақасұлы мен Лиза Әлиханқызы - № 29-сурет
4. Лиза мен Ескендір (үй іші Кенка деп еркелеткен) - № 30-сурет
5. Бонч-Бруевичтің хаты - № 32-сурет
6. В.Д.Бонч-Бруевич (1873-1955) — бәлшебек, советтік партия және мемлекет қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, этинограф, жазушы -№ 33-сурет (Википедиядан)
7. РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісі, 1918 жылдың басы. В.Лениннен солға қарай төртінші отырған Бонч-Бруевич - № 34-сурет (Википедиядан)
8. Әлиханның Бутырка түрмесінде жатқан кезі- № 35-сурет
9. 1936-1938 жж. И.Сталиннің қанды қолшоқпары болған Ішкі істер халық комиссары - Н.И.Ежов (1895-1940) - № 36-сурет
10. И.Сталин (1878-1953) - Кремльдегі кабинетінде. Мәскеу, 1930-жылдардың соңы - № 37-сурет
11. Сталиннің жеделхаты - № 4-сурет, Сталиннің жеделхаты-2 - № 5-сурет
1. Әлихан Мәскеуде пәтер қамағында
2. Ә.Бөкейхан Мәскеу пәтеріндегі жұмыс үстелінде отыр
3. Ерлі-зайыпты Смағұл Савдуақасұлы мен Лиза Әлиханқызы - № 29-сурет
4. Лиза мен Ескендір (үй іші Кенка деп еркелеткен) - № 30-сурет
5. Бонч-Бруевичтің хаты - № 32-сурет
6. В.Д.Бонч-Бруевич (1873-1955) — бәлшебек, советтік партия және мемлекет қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, этинограф, жазушы -№ 33-сурет (Википедиядан)
7. РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісі, 1918 жылдың басы. В.Лениннен солға қарай төртінші отырған Бонч-Бруевич - № 34-сурет (Википедиядан)
8. Әлиханның Бутырка түрмесінде жатқан кезі- № 35-сурет
9. 1936-1938 жж. И.Сталиннің қанды қолшоқпары болған Ішкі істер халық комиссары - Н.И.Ежов (1895-1940) - № 36-сурет
10. И.Сталин (1878-1953) - Кремльдегі кабинетінде. Мәскеу, 1930-жылдардың соңы - № 37-сурет
11. Сталиннің жеделхаты - № 4-сурет, Сталиннің жеделхаты-2 - № 5-сурет
Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлының Әлихан Бөкейхан өмірінің Мәскеу кезеңі туралы зерттеу мақаласының соңғы бөлімін жариялап отырмыз. Мақаланың басын мына сілтемелер арқылы өтіп, оқи аласыздар!
Редакция
Келесі жылы Қазақстан ХКК-нің өтінішімен Қазақ АССР-ін 5 жылға жоспарланған кешенді зерттеу басталып, сол жылдың жазында Ә.Бөкейхан СССР Ғылым Академиясы антропологиялық экспедициясының экономикалық зерттеу партиясын бастап Қазақстанның ол кездегі Адай оязы - қазіргі Маңғыстау мен Атырау облыстарына аттанады. Зерттеу жұмыстарының барысында Ә.Бөкейхан қасына НКВД-ның тергеу материалдарының мәліметі бойынша С.П.Швецовты, Алаш қайраткерлерінің естеліктеріне сәйкес С.И.Руденконы серік етіп досы әрі бұрынғы үзеңгілесі А.Байтұрсынұлына Қызылордаға қонақтап барады. НКВД-ның 1929-1930 жылғы тергеу материалдарына қарағанда, Алаш көсемі Ахаңа қоса тағы бірқатар бұрынғы үзеңгілесі - М.Дулатұлы, С.Қадырбайұлы, А.Кенжин, қазақ совет қайраткері С.Қожанұлы үйлерінде қонақта болып, Н.Нұрмақұлымен, күйеу баласы С.Садуақасұлымен және тағы басқа советтік Қазақстан басшыларымен жүздесіп сыр шертеді. Алайда, қазақ көсемінің әрбір қадамын бағып-қадағалаған НКВД жансыздары оның экспедициядан тыс бейресми сапармен Қызылордаға барғанын И.Сталинге хабарлап, Ә.Бөкейхан Ақтөбеге оралған бойы дереу тұтқындалып, оны екінші рет кісендеп, жанына күзет қосып Мәскеуге жеткізеді, Бутыркаға жабады. Оның абақтыдан бостандыққа қалай шыққан ұзын хикаясын баяндап жатпай, шыққан сәтінде Кремльде И.Сталинмен екінші рет жүздескеніне тоқталған әлдеқайда маңызды. И.Сталин «елге оралмаңыз, қырға қарай аяқ баспаңыз!» деген талабын Алаш көсемінің есіне тағы салды. Бірақ, егер 1922 жылдың желтоқсанында ол талап өтініш ретінде естіртілген болса, бұл жолы мүлтіксіз орындалуға тиіс бұйрық түрінде кесіп айтылды. Қыр баласы - елағасы бұл бұйрықты мойынсынды ма, жоқ па – оны әңгіменің жалғасынан байқаймыз. Ал одан бұрын Ә.Бөкейхан Адай оязын аралап зерттеген жұмысын аяқасыз қалдырмай, тиянақты еңбек жазып бітіріп, оның «Казаки Адаевского уезда» атты ғылыми очеркі 1927 жылы СССР ҒА-сының «Қазақтар. Антропологиялық очерктер» жинағымен жарық көрді.50
Бір ерекше жайт: Ә.Бөкейхан СССР Ғылым Академиясының Адай экспедициясына қатысып, атқарған ісі үшін алғыс естудің орнына, совет өкіметі оның ғылыми зерттеу жұмысын Қызылордаға барған сапарымен тығыз байланыстырып «айыпты» қылмақ болған. Мысалға, «тырнақ астынан кір іздеген» НКВД тергеушілері 1929 жылдың 6 шілдесінде тағы да С.Қаратілеуұлына экспедицияға қатысты сауал қойғанда, ол былай жауап береді: «Бөкейхановтың экспедицияға қаншалықты ықпал еткенін мен білмеймін, бірақ білетінім: Бөкейханов ықпал ете алатын».
Ә.Бөкейхан өзінің Мәскеудегі өмірі мен қызметіне көңілі толып, елге оралуға онша асығып-саспағандай көрінуі де ғажап емес. Алайда, кешегі СССР КГБ-сы мен бүгінгі Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі мұрағаттарынан табылған тарихи құжаттар мұндай көзқарасты түбегейлі теріске шығарады. Ол құжаттарға қарағанда, Қыр баласы – елағасы елге біржола оралудың барлық айла-амалын іздеп баққанға ұқсайды. Мысалға, оның 1925 жылдың 2 қазанында Мәскеуден жолдаған төменгі хатына назар аударайық:
«Т[оварищ]. Али!
Ты от имени Казнаркомзема напиши мне бумагу с приглашением в Кзыл-Орду к 15 октября. На основании этой бумаги я поставлю перед ЦИЗвопрос об освобождении. Без такого основания ЦИЗ [ЦентрИЗдат] меня не отпускает. А так я буду освобожден, вопреки его желания. И, таким образом, наши взаимоотношения определятся, тем более, что задерживать меня и для меня и для него нет необходимости.
Если напишешь такую бумажку, то пошли ее мне через Смагула [Садуакасов]».
Хаттағы «Т. Али!» деген Қазақстанның сол кездегі жер жөніндегі халық комиссары Әлиасқар Әлібеков екені сөзсіз. Бірақ «жолдас Әлидің» ұлт көсемі сұраған «қағазын», яғни жер бойынша халық комиссариатына қызметке шақыратын құжатты жазып жіберген-жібермегені туралы мәлімет жоқ. Сол 1925 жылы қызметінен кеткен Ә.Әлібеков тиісті қағазға қол қойып үлгермеуі де ғажап емес.51 Оның есесіне 1929 жылдың 6 шілдесінде Алматыда НВКД тергеушілеріне берген жауабында С.Қаратілеуұлы «Бөкейхановты жер бойынша халық комиссариатына қызметке шақыру туралы әңгіме болғанын» растайды.
Ресейдің әлеуметтік-саяси тарих мұрағатында (РГАСПИ) сақталған И.Сталиннің 2 жеделхаты Алаш көсемінің елге оралуға жан салғанын алдыңғы жәдігерлерден де артық дәлелдейді. Ф.Голощекин мен Н.Нұрмақұлына жолданған құпия жеделхаттың қолжазба нұсқасын [№ 4-сурет] И.Сталиннің өз қолымен жазып, қолтаңбасын қойғаны айдай анық, екіншісі - мәшенкемен терілген нұсқасы [№ 5-сурет]:
«Сообщите немедля[:] возражаете ли против временной поездки Букейханова в Казахстан или постоянной его работы у вас. № 11064/с – 3837/ш
СТАЛИН».52
Ал енді жеделхаттың мәтініне, дәлірек айтсақ – И.Сталиннің сұрақты қалай қойғанына назар аударсақ, біріншіден, ол «ҚАРСЫСЫЗДАР МА?» [«ВОЗРАЖАЕТЕ ЛИ?»] деп сұрап, өзі қалаған «ИЯ, ҚАРСЫМЫЗ» дегендей жауап алғысы келгендей көрінеді. Егер сұрағын «ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗДАР» немесе «ҚАРСЫ ЕМЕССІЗДЕР МЕ?» деп орыс тілінің заңдылығына сәйкес сауатты қойғанында: «ЖОҚ, ҚАРСЫ ЕМЕСПІЗ!» деген жауап келу мүмкіндігі басымырақ еді.
Екіншіден, И.Сталиннің «Шұғыл хабарлаңыздар: Букейхановтың Қазақстанға уақытша баруына немесе сіздерде тұрақты жұмыс істеуіне қарсысыздар ма?» деуіне қарағанда, Ә.Бөкейхан «елге жібер!» деп Бүкілресейлік коммунистік (бәлшебектік) партияның Бас хатшысы, 1927 жылға қарай – СССР-дың іс жүзінде диктатор-басшысы болып үлгерген И.Сталиннің де әбден мазасын алғанға ұқсайды.
Алты Алаш көсемінің тіпті қысқа уақытқа баруынан не біржола елге оралуынан совет өкіметінің, оның ішінде әсіресе И.Сталиннің қатты сескенуіне толық негіз болған. Қыр баласы – елағасының сирек те болса елге қарай басқан әр қадамы, әр сапары бұқара халықтың көңіл-күйін, рухын бір көтеріп тастайтын. Мысалға, Смахан төренің естелігіне сенсек, 1916 жылы 19 бен 31-дегі жігіттерді майданға қара жұмысқа жіберіңдер, қарсыласпаңдар, босқа қырылып қаласыңдар деген үгіт-насихатпен Адай оязына барғанда, адай елі Әлиханды алдынан ту алып шығып: - Ханымыз келді, - дегенде ол: - Қойыңдар! – деп ақылын айтып қойғызады.53 Академик Ә.Марғұланның естелігіне сәйкес, одан 10 жыл кейін, 1926 жылдың жазында СССР ҒА-ның антропологиялық экспедициясымен барғанында Адай елің Әлиханды зор құрметпен, қошеметпен күтіп, үстіне жарғақтан шапан жабады.54
1920-30-жылдарды айтпағанда, осы күні қазақ зиялылары мен ғалымдарының ортасында Әлиханды «нағыз ұлт көсемі», қазақтың «тұңғыш президенті», «премьер-министрі» деп жыр қылып айтып жүргені де рас емес пе!?
Ал кезінде өзін «езілген барлық халықтың көсемі» рөлінде көргісі келген И.Сталин НКВД-ның құпия мәліметтері негізінде Ә.Бөкейханның әрбір қадамын зер салып қадағалап, оның қалың қазақ арасындағы зор абырой-беделін, ықпалын қызғанышпен көріп-сезіп отырды. Оған бірден-бір дәлел: Қыр баласы- елағасына 1937 жылдың 3-25 қыркүйегінде тағылған айптамасында «оның [Ә.Бөкейханның] Қазақстанға барған әрбір сапары Қазақстандағы төңкеріске қарсы белсенді іс-әрекетімен ұласты» («Каждая его поездка вы Казахстан сопровождалась активацией им контрреволюционной работы в Казахстане») делінеді.
Ал енді бастапқы тақырыпқа оралсам, И.Сталиннің 1927 жылы 17 мамырда жолдаған осы сұрауына Ф.Голощекин мен Н.Нұрмақұлының берген жауап хаттары не жеделхаттары әзірше табылмады. Оның есесіне келесі тарихи құжаттар Н.Нұрмақұлының Алаш көсемін «қамқорлығына» алып жұмысқа орналастырмақ болған И.Сталиннің алдын орап кеткенін бұлтартпай айғақтайды. Мысалға, «Қазақ АССР-ның жер бойынша халық комиссарының (халком) істерін уақытша атқарушы» Бөкейхановтың қолы қойылып, халық комиссарлары кеңесіне (ХКК), яғни Н.Нұрмақұлына жолданған хат – Алаш көсемінің кеш дегенде 1927 жылдың шілдесінде халық комиссариатында кемінде комиссардың орынбасары сынды жауаты қызметте отырғанын байқатады. Өйткенің, хаттың мәтініне үңілсек, Бөкейханов «халком істерін халық комиссары істерін Сұлтанбековтің55 Мәскеуде болуына байланысты уақытша атқаратынын» түсіндіріп, «сол жылдың 6 шілдесінде Мәскеуге жүруіне және халком міндетін уақытша атқаруды комиссариаттың алқа мүшесі жолдас Әлімбаевқа жүктеуге рұқсат сұрайды». Хатта жылы көрсетілмеген, бірақ нақ 1927 жылдың шілдесінде жазылғаны келесі құжаттармен расталады.
Атап айтқанда, ҚазССР Ішкі істер министрлігінің Орталық мемлекеттік мұрағатынан Мәскеуге НКВД-ға берілген анықтама Бөкейхановтың Мәскеуге барып, Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің жер мәселелері бойынша комитетінің мәжілістеріне қатысқанын толық растайды. Анықтамада мынадай мәлімет беріледі:
1/ «в материалах фонда «Народный комиссариат земледелия Казахской АССР» в «протоколе заседания рабочей комиссии по выработке норм земельного обеспечения по Казахской АССР, выработанных на основании Положения о сплошном землеустройстве Казахской АССР» от 2-3/VIIІ-1927 г. проходит Букейханов, как представитель Казахской АССР»;
2/ «В «протоколе заседания президиума Федерального комитета по земельному делу при президиуме ВЦИК от 24/ VIIІ-1927 года проходит Букейханов, как представитель Казахстана».56
«Қазақ АССР-ның жер бойынша халық комиссариаты» қорына жататын тағы бір құжат бар: ол - Сырдария гүбернелік жер басқармасына (Сыр-Дарьинского ГЗУ) 1927 жылы жерге орнықтыру жөніндегі Орталық жер басқармасының бастығы (Нач. Центр. Упр. Зем-ства - Начальник Центрального Управления Землеустройства) Бөкейханов қол қойып жіберген хат.57
Хатта жылы көрсетілген де, қай айдың қай күнінде жазылып жіберілгені жұмбақ болып қалды. Сол себепті Бөкейхановтың Орталық жер басқармасы бастығы қызметінде Мәскеуге дейін не кейін отырғанын кесіп айту мүмкін емес. Қазақстанның жер бойынша халкомында Бөкейхановтың қай жылға дейін қызмет атқарғаны және нендей себеппен қызметтен кеткені де әзірше жұмбақ болып отыр.
Десе де туған еліндегі қызметінен не себеппен кеткенін және оны И.Сталиннің «батасынсыз», Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Ф.Голощекиннің келісімінсіз, жалпақ тілмен айтқанда – екі бірдей басшысының басынан аттап Қазақстанға шақырып алып қызметке орналастырған Қазақстан ХКК-нің төрағасы Н.Нұрмақұлы мен ХКК мүшелерінің өз бастарын қатерге тіккенін 1937 жылдың 25 қыркүйегінде Бутыркада 2 ай отырған Алаш көсеміне тағылған ресми айыптаманың мына жолдарынан айдан анық байқаймыз: «В 1927 году, будучи приглашен в Казахстан националистами, сидевшими в правительстве, разработал мероприятия по землеустройству в контрреволюционных националистических интересах; имел контрреволюционную связь с руководителями пантюркисткого антисоветского центра и его активными сторонниками: Ходжановым, Нурмаковым, Тюрекуловым, Султановеновым (Султанбеков емес пе?), Кенжиным и др.».
Н.Нұрмақұлын Қазақстан ХКК-інің төрағасы қызметінен босатып, Коммунистік университетте білімін жетілдірсін деген «жылы» желеумен Мәскеуге шақыртып, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қыр баласы – елағасы Әлиханмен бірге бір күнде атып, сүйегін бір пеште (крематорий) үн-түнсіз өртеп, Мәскеудегі Дон зиратындағы алақандай ғана бір жерге құпия жерлеуі – И.Сталиннің өз батасынсыз Ә.Бөкейханды қызметке алғаны үшін кек сақтап келуінің бірден-бір әрі бұлтартпайтын айғағы болса керек [№№ 24-26 суреттер].
Тағы бір анық жайт: Алаш көсемінің Мәскеудегі Кіндік баспада істеген ғылыми қызметіне 1927 жылдың 1 қазанында берілген пікірде оның «штатты жалпы қысқартуға байланысты» дәл сол күні - 1 қазанда жұмыстан босатылғаны жазылды. Соған қарағанда, жер халкомында ол Кіндік баспадан өз есебінен ұзақ мерзімді демалыс алып қызмет істеп, баспадағы қызметтен оны кешіктіріп шығарғанға әбден ұқсайды. Өйткені, жоғарыда жазылғандай, Кіндік баспадағы қызметімен қатар СССР ҒА-сының Арнаулы комитетіне Қазақстан бойынша сарапшы қызметіне (ғылыми қызметке) қабылданып, тіпті 1926 жылы Адай оязына экспедицияға барып қайтқаны бар-ды.
Ә.Бөкейханның жер халкомында неше ай не жыл істегенін кесіп айту қиын. Бірақ жауапты қызметіне қоса ғылыми зерттеуін қатар жалғастырғаны таңырқатпайды. Нәтижесінде Қызылордада шығатын «Народное хозяйство Казахстан» журналының 1928 жылғы 2 санында авторы «Букейханов» деп жазылған ««Сельское хозяйство Кара-Калпакской области»58 атты ғылыми очерк жарық көрді.
Көпшілікке онша таныс емес бұл еңбегінде ғалым Қарақалпақстан «мақта және тұқым алу мақсатындағы жоңышқа (мedіcaqo - люцерна) шаруашылықтарына ықшалдалған үстемелі суармалы егістікті дамытуға» (акцентированное развитие интенсивного поливного земледелия с уклоном в сторону хлопководства и семенного люцерноводства) дәлелді кеңес береді, ал «дәстүрлі мал шаруашылығынан ол қаракөл елтірісін беретін қой шаруашылығын дамытуға барлық алғы-шарттың барлығын» атап көрсетеді.
Қыр баласы – елағасының Қазақстанның жер халық комиссариатынан қашан шығарылғаны қандай жұмбақ болып келсе, оның Мәскеуге қашан және қалай оралғаны да әзірше сондай құпия болып тұр. Бірақ, Мәскеудегі бір бөлмелі коммуналдық пәтерін босатуды талап етпегенімен (оған да тәубә деп ойлады ма, кім білсін), И.Сталин оған енді басқа қызмет не жұмыс ұсынбады. Ә.Бөкейханның осы күнге жеткен бірен-саран хатының мәтініне қарағанда, көрнекті мемлекет қайраткері, ғұлама-ғалым, журналист, публицист, ұлт көсемі қалған күнін пәтер қамағында өткізгенге ұқсайды [№№ 27, 28-суреттер]. Алды қаратүнек, тағдыры беймәлім...
Көп ұзамай А.Байтұрсынұлынан бастап Алашорда автономиясындағы кешегі үзеңгілестерінің үстіне қара бұлт жинала бастайды. 1929 жылы Алашорда мүшелерінің басым көпшілігі тұтқындалып, түрлі ұзақ мерзімдерге кесіліп, Кеңес Одағының түк-түкпіріндегі азап-өлім лагерлеріне айдалады. Сол жылдың мамыр айында Ә.Бөкейхан Алматыға тергеуге шақырылады. 27 мамыр күні болған жалғыз тергеудің барысында оның хаттамасына Алаш көсемінің «Алашорданың құрылған уақытынан тарағанға дейінгі қызметі жайында мен жолдас Каширинге айтып бергенмін» деген бір-ақ ауыз жауабы жазылыпты. Ол жылы Алаш көсемінің өзін тұтқындап лагерге айдауға не, «Алашорда басшыларының совет өкіметіне қырын қарайтын және оған қарсы соғысқан бөлігінің көзін жою» туралы 1922 жылғы жоспарын жүзеге асыратын «қолайлы» мезгіл әлі келмегендіктен, оны атуға И.Сталиннің жүрегі бара қоймаған тәрізді. Алыс та болса туған елі мен қалың қазақтың алдындағы кіршіксіз абырой-беделі әлі биік, ықпалы зор Ә.Бөкейханды тұтқындаса, елі тұра көтерілі ме деген күдікке әлі толық негіз бар еді. Қазақ көсеміне тісі батпаған И.Сталин бар өшін оның туған-тумаларынан, үзеңгілестерінен алғанға ұқсайды.
Туған інісі - Смахан төренің жазуынша, кенже інісі Базылхан «бай-кулак» деген айыппен Новокузнецкіге айдалып, 1932 жылы 48 жасында көз жұмады; інісі Қасымхан Әбдіханұлы өлім жазасынан 1928 жылы аман қалып, 1936 жылы Алматыда опат болады; жақын туысы Мәнерхан Шолақұлы - 1933 жылы айдалып, хабар-ошарсыз кетеді; тағы бір туысы Қожайхан Мәтханұлы – айдаудан әскерге шақырылып, із-түссіз жоғалады...
Туған-тумаларының осындай қайғы-қасыретінен хабары болды ма, жоқ па – белгісіз. Әйтсе де қара уайымға салынбай, Алматыдағы тергеуден Мәскеуге оралысымен, азап лагерлеріне Мәскеу арқылы айдалған үзеңгілестерін теміржол бекетінде күтіп алып, оларға шамасы келгенше азық-түлік, жылы киім-кешек, қалам-қағаз ұстатып жіберу қамымен болып, ізінше оларды босатып алудың бар айла-амалына мықтап кіріседі.
«Жазасын» Карелия түбегі мен Архангельск облысындағы өлім лагерлерінде өтеп жүрген Мағжан Жұмабайұлы 1934 жылы М.Горький мен оның әйелі – Халықаралық Қызыл Крест ұйымы комиссиясында қызмет істеген Е.Пешкова хат жазыпты деген мәлімет бос дақпырт, миф. Әрине, жазса жазған да болар. Алайда ол хат лагерь басшылығынан, НКВД-ның тезісінен өтпес, лагерден бір адым аттап шықпас еді. Алаш қайраткерлерінен бостандықта жалғыз қалған да, үзеңгілестерін босату үшін Е.Пешкованы араға салған да Ә.Бөкейхан болатын. Шамамен 1935-1938 жылдары Мәскеуде тұрған Жиханша және Халел Досмұхамедұлдарын есепке алмаса да болады. Өйткені, ол екеуі 1929-1935 жылдары «Алашорда ұлтшылдық ұйымының ісі» бойынша сотталып, айдауда болып қайтқан-ды. Ж.Досмұхамедұлының 1938 жылы НКВД тергеушілеріне берген жауабына қарағанда, олар айдаудан қайтқаннан кейін қит етуге қорқатын болған: «В разное время как до ссылки, так и после ссылки, а также встречаясь с казахскими националистами мы говорили о том, что в результате коллективизации почти половина казахского народа вымерла, вспоминали наши алаш-ордынские дела, о том, что в случае войны против Совесткого Союза будут происходить массовые аресты... Говорили о том, что казахи друг к другу больше не ходят, не общаются, ибо боятся органов НКВД, т.к. происходит слежка за каждым, говорили о массовых арестах в Казахстане, в частности, об аресте наркомов-казахов, высказывали по этим вопросам свое недовольство, нас удивляли происходящие аресты наркомов».59
Үзеңгілестерінің жаппай қуғын-сүргінге ұшырағаны аздай, жалғыз күйеу баласы, қазақтың жас та болса көрнекті мемлекет қайраткері, дарынды жазушы әрі публицист Смағұл Садәуқасұлы аяқастынан жұмбақ дертке шалдығып, 1933 жылы Кремль ауруханасында 33 жасында қайтыс болады. Марқұмды жерлеуге қайын атасы Ә.Бөкейхан, зайыбы Әлиханқызы Елизавета, ұлы Ескендірмен бірге Мәскеуде РСФСР ОАК төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Т.Рысқұлұлы мен Н.Нұрмақұлы және т.б., елден жазушы С.Мұқанов зайыбы Марияммен бірге келіп куә болады. Мариям Мұқанова сонда көргенін былай деп суреттейді: «Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай боп көрінді маған. Тәкәппар, суық жүзді».60
Ия, елағасының «мәскеу кезеңі», әсіресе 1930-жылдарды қайғы-қасыретке толы болса, қуанышқа бөлеген сәттері де жоқ емес-ті. Қызы Лизанжан медицина институтын тәмамдап, немересі Ескендірмен бірге қолында қалып, әкесінің ізін қуып мамандығы бойынша ғылымға бет бұрады [№№ 29, 30-сурет]. Ұлы Өктай-Сергей - тау-кен институтын бітіріп, қай жылы екенін айту қиын, әкесінің зор қуанышына сай 1930 жылдарға қарай үйленеді. Әлекең екінші немересінің маңдайынан иіскеп үлгермеді: Евгений Өктайұлы – 1938 жылы дүниеге келеді [№ 31-сурет]. Ал 1934 жылы СССР Ғылым Академиясының төралқа жиынында бүгінгі Жезқазған түсті металдар кен көзін игерудің қажеттілігі мен тиімділігі туралы үлкен баяндама жасап, онысы ғылым ордасының «Большой Джезказган» атты академиялық жинағымен сол жылы басылып шығады. 30 жасына қарай Сергей Әлиханұлы да әкесіне тартып - үлкен ғалым әрі көрнекті өнеркәсіп және мемлекет қайраткері болатын сыңай танытып үлгерді. Жезқазған кенішін игерудің басы-қасында сонау баста кім тұрды деген сұрақ – әлі бейтарап әрі тиянақты зерттеуді талап ететін маңызды тақырып. Бұл да тарихтың бір зор ақтаңдақ беті. Тарихтың әділдікті атайтын кезі келді.
1934 жылы елағасы, сонымен қатар, Е.Пешкованың күш-жігерімен А.Байтұрсынұлын Архангельскідегі лагерден шығарып алды. Интернеттегі википедия мәліметіне қарағанда, Францияда эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай сол маңайға аялдаған Францияның сауда кемесімен М.Дулатұлын Соловкиден қашырмақ болған көрінеді. Бірақ бала-шағасының кейінгі тағдырын ойлаған Мадияр қашудан бас тартыпты. Бұл қиялдан шыға қойған мәліметке ұқсамайды. Патша заманында астыртын әрекет етуден (конспиративная деятельность) мол тәжірибе алған Алаш көсемінің оған да қатысуы болуы мүмкіндігін теріске шығаруға асықпайық. Өйткені, өзінің саяси шәкіртінің бірі - М.Шоқаймен шекара асқан сәттен бері астыртын байланысын үзбеген Ә.Бөкейхан болатын. Елағасы азап лагерлеріне айдалған үзеңгілестерінен де хабар үзбеді. Міржақып інісіне жолдаған хатын 1934 жылдың 26 қыркүйегінде, яғни Жақаңның зайыбы Ғайнижамал мен қызы Гүлнар өзінің бір бөлмелі пәтеріне түнеп, оларды елге қарай жолға шығарып салысымен жазған. Бұл жалғыз да соңғы хат емес, күні бүгінге жеткені ғана. Қалай болғанда да, Алаш көсемі Мадиярды босатып үлгермеді: ол 1935 жылдың 5 қазанында Сосновецк лагерінің Орталық лазаретінде көз жұмып, бейбіт күнде опат болған Алаш қайраткерлерінің алды болды. Соңы емес-ті.
Сол жылы лагерден шыққан тағы бір үзеңгілесі Жанша Досмұхамедұлы, туған бажасы Т.Рысқұлұлының қолпаштауымен Мәскеуде пәтер тауып, тәуір жұмысқа да орналасады. Оның 1938 жылдың 2, 4, 7 шілдесінде НКВД жендеттеріне берген жауабына қарағанда, 1935-1937 жылдары Қыр баласымен «2-3 айда, кейде жарты жылда бір рет не оның, не өзінің пәтерінде бас қосып, әңгіме-дүкен құрады екен; «Бөкейханов... әңгіме айтуға шебер, әзілқой, сықақшы» дегенді қосады.61
Ж.Досмұхамедұлының айтуынша, 1935-1937 жылдары Мәскеуде Х.Досмұхамедұлы, М.Есболұлы, Ә.Мұңайтпасұлы, М.Бұралқыұлы, М.Мырзаұлы (Мурзин) сынды Алашорда үкіметіндегі бұрынғы үзеңгілестері тұрған, сондай-ақ Санжар Аспандиярұлы, өзімен бірге І-Мемлекеттік думаға депутат болған А.Қалмеңұлы, С.Ақайұлы және т.б. Мәскеуге келіп-кетіп тұрған. Олардың ең алдымен елағасымен амандасып көрісуге асыққаны – айтпаса да түсінікті-ау деймін.
Ә.Бөкейханның «мәскеу кезеңінен» бүгінге аман жеткен тағы 2 хат бар. Бірі В.Бонч-Бруевичтің 1934 жылы 27 ақпанда Алаш көсеміне жолдаған хаты [№ 32-сурет]. Ол кезде Бонч-Бруевич [№ 33, 34-суреттер], «дүние жүзі еңбеккерлерінің көсемі» В.Лениннің жақын сыбайласы, көркем әдебиет, сын және публицистиканың Орталық мұражайының директоры болатын. Хаттың мәтініне тоқталмаймын, оны суреттен оқуға болады. Ал екіншісі – 1934 жылдың 17 қазанында Ә.Бөкейханның ГУЛАГ-тан Алматыға оралған А.Байтұрсынұлы мен Е.Омарұлына жазған хаты. Хатты белгілі түрколог ғалым Алтай Аманжолов әкесі Сәрсен Аманжоловтың жеке қорынан кездейсоқ табады. Бұл хаттың мәтінінен автордың ғылыми ізденістерін, оның ішінде, сонау 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақтың тарихы» мақалаларында бірген уәдесін62 ұмытпай, саясаттан қолы босаған кезде Алты Алашы мен елінің тарихын жазуға тиянақты кіріскенге ұқсайды. Алайда ұлт көсемінің 1930-жылдары жазған еңбектерінің қолжазбалары сақталмады. Олар 1937 жылдың шілдесінде тұтқындалып, пәтерін астан-кестенін шығарып тінтудің нәтижесінде хаттары, фотосуреттері және т.б. дүние-мүлкімен бірге тәркіленсе керек [№ 35-сурет].
А.Зубов деген автор «Негибаемый Алихан» айдарымен «Страна и мир» газетінің 2009 жылғы санында шыққан мақаласында, Алаш көсемінің немере ісіні Сырым Бөкейхановтың «Өткенді ұмытуға болмайды» («Нельзя о прошлом позабыть») кітабын сілтей отырып, 1937 жылдың 26 шілдесінде Ә.Бөкейхан тұтқындалған сәтте НКВД бастығы Николай Ежовтың өзі болғанын жазды.63 Мақалада Н.Ежовтың Елизавета Әлиханқызымен гимназияда бірге оқығанын және Әлиханды жақсы танитынын, пәтерінде талай рет болғаны айтылады.
Мақаланың бұл жолдарында қиял мен шындықтың сорпасы қосылып кеткенін айту керек. Не мақала, не кітап авторының қиялына жататыны: Ежов пен Лизаның гимназияда бірге оқуы екі маңызды себеппен мүмкін емес. Біріншіден, 1895 жылы туған Ежов пен, Смахан төренің мәліметі бойынша 1902, А.Зубовтың жазуына сенсек - 1903 жылы туған Лиза Бөкейханның жас айырмашылығы – 7-8 жыл.
Екіншіден, Лиза гимназияны оқып бітірген болса, гимназияда әкесі 1909-1917 жылдары отбасымен бірге саяси айдауда болған Самарда оқыса керек. І-дүниежүзілік соғыс майданына қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің қамымен 1916 жылдың күзінен С.Петербор мен Мәскеуге, одан Батыс майданға - Минскі түбіне аттанып, 1917 жылдың наурызында Уақытша үкіметтің комиссары болып тағайындалған соң Орынборға келіп, Алашорда автономиясы жарияланып, ұлттық автономия үкіметі өзінің ресми астанасы деп тағайындаған Алаш қаласына қоныс аударған 1918 жылдың көктеміне дейін Алаш көсемінің зайыбы Елена Севастьянова-Бөкейханованың 2 баласымен - қызы Лизамен, ұлы Өктаймен - Самарда қалғанын, Семейге тек 1919 жылдың соңына, 1920 жылдың басына қай ғана көшіп келгені бар. 1918 жылы маусым-шілдесінде «Сарыарқа» газеті «Самардан Әлихан үйіндегі жеңгейден де аманбыз деген алдық» деген шағын құлақтандыру жариялады. Елена Яковлевнаның Самарда 2-3 жылдай кідіруінің сыры бар сыры - елдегі саяси ала-сапыранға қоса, Лизаның гимназияны бітіруін тосуында болса – ғажап емес. 1922 жылғы желтоқсанның соңына не 1923 жылдың басына қарай Лиза әкесінің ізін қуып Мәскеу барғанда, Н.Ежов керісінше Мәскеуден Семейге келеді. 1923 жылы 19-20 жастағы бойжеткен Лиза гимназияға емес, Мәскеудің медицина институтына оқуға түседі. Демек, Лиза мен Ежовтың өмірлік жолдары еш қиылыспайды.
Үшіншіден, Н.Ежовтың өмірбаянын тиянақты зерттеп кітап жазған А.Павлюковтың ақпарына сәйкес, Коля Ежовтың бар білімі: қазір Литваға қарайтын Мариамполь қаласындағы үш жылдық бастауыш училищені бітіріп, 1906 жылы С.-Петербордағы туыстарының қолына барып, киім тігуші мамандығына оқыған [№ 36-сурет].64 1917 жылғы «Қазан бүлігі» - Ежовтың бастауыш білімімен үш ұйықтаса да түсіне кірмеген биік мансап пен қызметке көтерілуіне зор мүмкіндік берді емес пе! Саяз білімімен де, 151 сантиметр бойымен де Н.Ежов – тіпті діни семинарияны да бітірмеген, бойы 160 см И.Сталинге аса лайықты да қолайлы «маман» болатын.
Н.Ежовтың Алаш көсемімен жақсы таныстығына келсем, оның ауылы ақиқатқа әлдеқайда жақын көрінеді. Ішкі істер халық комиссары (НКВД) қызметіне тағайындалуына дейін Н.Ежовтың бірқатар жыл Қазақстанда жауапты партиялық қызметтер атқарғанына ерекше назар аудару керек. Оның ішінде әсіресе совет өкіметі Семей гүбернесіндегі Алашорданың Ә.Бөкейхан тобын «талқандаған» 1922 жылдың ізінше, 1923 жылы Н.Ежов Семейден бір-ақ шықты. «Талқандады» дейтін себеп: 1922 жылдың қазанында Ә.Бөкейхан мен М.Дулатұлы тұтқындалып, Р.Мәрсекұлы Қытай асып кетсе, Семей гүбернелік атқару комитетінде қызмет істеген Х.Ғаббасұлы жұмыстан болсатылып, қараша-желтоқсанда Әлекең Мәскеуге айдалды. Олардың орнына Мәскеуден жөнелтілгендердің бірі Н.Ежов - 1924 жылға дейін РК(б)П Семей гүбернелік комитетінің жауапты хатшысы, 1924-1925 – ВК(б)П Қазақ обкомының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ал 1925-1926 – Бүкілресейлік К(б)П-сының Ф.Голощекин бастаған Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысының орынбасары.
Алаш көсемі Мәскеуге айдалған ізінше Қазақстанға келіп, 1924 жылға дейін Семейде, 1925 жылдан бастап Ф.Голощекиннің қоластында Алматыда қызмет еткен Н.Ежовтың қазақ көсемімен қаншалықты жақсы таныс болғанын, оның мәскеулік пәтерінде жиі болған-болмағанын кесіп айту қиын. Бірақ Алаш көсемін тұтқындауға НКВД жасағын оның өзі бастап келуі шындыққа әбден ұқсайды. Өйткені, НКВД-ны басқарып жаппай қуғын-сүргін науқанын жүзеге асырған күндерінде көрнекті қайраткерлерді тұтқындауға да, оларды азаптауға да Н.Ежовтың құмар, әуес болғаны тарихи шындық.65
Ол аздай Зиновьев, Каменев сынды И.Сталиннің «саяси күндестерін» атып өлтірген оқтарды Н.Ежов өзінің жұмыс үстеліне жасырып сақтап келіпті. Әр оқ қарындашпен атылған адамның аты-жөні жазылған қағазға жеке-жеке оралыпты. Олар 1939 жылы Н.Ежовтың өзі тұтқындалғанда табылып, тәркіленеді. Сол оқтардың арасында И.Сталин [№ 37-сурет] өзінің ата жауы санаған Алаш көсемін атқан оқты да сақталған жоқ па екен?
Алаш көсемі ақырғы рет тұтқындалған 1937 жылдың шілдесінде Н.Ежовтың өмірінде үш маңызды оқиға болды. Бірі – Ішкі істер халкомы ретінде ол «бұрынғы құлақтар (кулактар), қылмыскерлер және басқа да советке қарсы элементтерді репрессиялау операциясы туралы» № 00447 шұғыл бұрыққа қол қойса, екіншісі - 1937 жылы шілдеде ол «үкімет тапсырмаларын орындау үшін НКВД мекемесін басқару ісіндегі зор жетістіктері үшін» Ленин орденімен марапатталды.66
Үшіншісі - Алты Алаш көсемі өлім жазасына кесілген жылы БК(б)П ОК-нің ресми үнқағазы болған «Правда» газетінде Константин Алтайский дегеннің орысшаға аударуымен Жамбыл Жабаевтың «Халком Ежов» («Нарком Ежов») атты жыры басылып шығады. Қысқаша үзіндісі мынау:
Когда над степями поднялся восход
И плечи расправил казахский народ,
Когда чабаны против баев восстали,
Прислали Ежова нам Ленин и Сталин.
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
Ежов мироедов прогнал за хребты,
Отбил табуны, их стада и гурты.
Расстались навеки мы с байским обманом,
Весна расцвела по степям Казахстана
Пышнее и краше былых наших снов.
Здесь все тебя любят, товарищ Ежов!
«Правда» газетінен қалыспай жас ұрпақтың «Пионерская правдасы» да сол жылы Жамбылдың тағы да К.Алтайский орысшалаған «Ежов батыр туралы ән» («Баллада» немесе «Песнь о наркоме Ежове») деген жырын жариялайды:
Нас солнечный Сталин повел за собою
И Родина стала страной героев,
Каких не рождалось в замученных странах
При белом царе, при султанах и ханах.
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
Я славлю батыра Ежова, который
Разрыв уничтожил змеиные норы,
Кто встал, недобитым врагам угрожая
На страже страны и ее урожая.
2,5 жылдай ғана И.Сталиннің адал қанды қолшақпары болған Н.Ежовтың «Ленин» орденімен марапатталып, жыр арнайтындай сіңірген «қызметі» бар еді. 1937 жылдың қаңтарынан 1938 жылдың тамызына дейін, бұл жаппай қуғын-сүргіннің нағыз қайнаған кезі, Н.Ежов И.Сталиннің атына кімдердің және қанша адамның тұтқындалғаны, жүзеге асырылған жазалау операциялары, кезекті қуғын-сүргін шараларына рұқсат сұрау, тергеу хаттамалары сынды баяндамаларынан тұратын 15 мыңдай хат-құжат жолдаған, яғни күніне кемінде 20 баяндама жіберіп отырған. Сталиннің кабинетіне кіргендерді тіркейтін журналдың жазбаларына қарағанда, 1937-1938 жылдары Ежов Сталинге 290 рет кіріп, бас-аяғы 850 сағат уақытын өткізіпті. Бұл жетістігімен ол тек В.Молотовқа ғана жете алмапты.
Алаш көсемінің тәркіленген хат-қағаздарына оралсам, 1991 жылдың тамыз айында (1991 жылдың 19-21 тамызындағы белгілі «ГКЧП» деген бүліктің ізінше) осы жолдардың авторы Мәскеуде СССР КГБ-сына Ә.Бөкейханның ісінен кезінде тәркіленген қолжазба, хаттар және т.б. дүние-мүлкін сұрап жазған өтінішіне - сол жылдың қыркүйегінде СССР КГБ-сының қоғаммен байланыс орталығы (ЦОС КГБ СССР) берген жауабында мынадай бір-ақ жол болды: «Бөкейхановтың тұтқындағанда тәркіленген жеке хаттары жоғалған». «Жеке хаттары» деп қолжазбаларын да айтып отырғаны сөзсіз. Алайда қылмысының «айғағы» ретінде іске тігілген құжат-қағаздардың жайдан-жай «жоғалуы» жалпы мүмкін бе?
Әйтсе де «жоғалудың» бар құпиясын мына бір жайттан анық байқауға болады. Смахан төре естелігінде былай жазды: «[19]23-інші жылы Әлекең Тобықты келіп, қасына Медеу баласы Біләл, күйеуі, қызы, Құлке баласы, Өміртай баласы, 10 кісі ерітіп елге келген. Жиен қызы үлкен әкесі Дайырға патша берген алтын стақанды, көп нәрсе алып (!), Әлекең үш інісінен үш құлынды бие алып... балалар қайтқан»).67
Смахан төре тізіп отырған «алтын стақан» мен «көп нәрсе» де тінтудің ізімен «жоғалады». Мұны жалпақ тілмен, әдеби тілмен айтсаң да «ұрлық», «қарақшылық тонау» дейді. Жарайды, таза алтыннан құйылса да ыдыстың аты ыдыс қой - өлі зат. Ал ұлт көсемінің орны толмас қолжазба-хаттарына құн жете ме?
Соңы
Abai.kz
Пайдаланылған әдебиеттер мен мұрағат құжаттар тізімі
1. ГА РФ (бұрынғы ЦГАОР): 1235 қор, 36 тізбек, № 26 іс, 1 парақ.
2. Кемеңгерұлы Қ. Таңдамалы.//Алматы: Қазақстан. 1996 ж. Құрастырған және алғы сөзін жазған Д.Қамзабекұлы. стр. 67.
3. Әлихан. Кәкітай (Ысқақұлы Құнанбай). Мүнәһиб-Некролог//«Қазақ» газ., № 105, 18.02.1915 ж. Самар.
4. РГАСПИ: 17 қор, 112 тезбек, № 384 іс, 208 парақ.
5. Сонда: № 209 парақ.
6. Бөкейхан С. Әлекеңнің өмірі.//«Жұлдыз», журн., № 3, 1996 г, 102-125 стр.
7. Дулатова Г. «Әкемді ГПУ әкеткенде он екіде едім...». Ақжол, 2000, №6. 19. Движение Алаш. Апрель 1920-1928 гг. Алматы: «Ел-шежіре», 2007. Т. 3. Кн. 1. cтр.131.
8. Бұл және келесі үзінділер – СССР КГБ-сының мұрагері болып табылатын РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің мұрағатында сақтаулы Ә.Н.Бөкейханның ісінен, оған тағылаған ресми айыптамадан қолмен жазып алынды.
9. Бөкейхан С. Әлекеңнің өмірі.//«Жұлдыз», журн., № 3, 1996 г, 102-125 стр.
10. Зәки Валиди (Валидов) Тоған – РСФСР Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «Башқұрт АССР-нің мемлекеттік құрылысы туралы» 1920 жыл 19 мамырдағы қаулысына наразы болып, 1920 жылдың масымында совет өкіметіне қарсы көтеріліске қатысып, көп ұзамай Орта Азия арқылы шетелге қашты.
11. Зубов Андрей. Несгибаемый Алихан.//«Страна и Мир» газ., 12.12.2009. Алматы.
12. Смахан төренің мәліметі бойынша, Елизавета 1902 жылы Омбыда, Өктай-Сергей – 1904 жылы С.-Петерборда туған. - Бөкейхан С. Әлекеңнің өмірі.//«Жұлдыз», журн., № 3, 1996 г, 102-125 стр.
13. Ескендір Смағұлұлы – кәмелетке толмай, жасын асырып көрсетіп әскерге алынып, 1941 жылы Мәскеуді қорғауға атсалысып жүріп қаза тапты.
14. Бұл мәлімет Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың әңгімесінен алынды.
15. Халел және Жанша Досмұхамедұлдары, сондай-ақ Мырзағазы Есболұлы және тағы бірқатар алашордашылар 1935-1937 жж. Мәскеуде тұрған. Қара: 27 стр. протокола допроса от 02.06.1938 г. - История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов.//Под общей редакцией Сдыкова М.Н. том 1. Уральск. стр. 244.; 45 стр. протокола допроса от 07.06.1938 г. - История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов.//Под общей редакцией Сдыкова М.Н. том 1. Уральск. стр. 256.; 50-51 стр. протокола от 08.06.1938 г. - История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов.//Под общей редакцией Сдыкова М.Н. том 1. Уральск. стр. 260.
16. Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995 ж. 399 бет.
17. Бектұров Ж. Енеден ерте айырылған төл секілді...//Алматы: "Қазақстан" баспа үйі, 2002. - 234 бет.
18. Өтениязұлы С. Арманда өткен Әлкей ата.//«Қазақ тарихы» журн., № 2 1994 г. 16-17 стр.
19. Нәзір Төреқұлұлы (1892-1937) - мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат.
20. «Шолпан» - Түркістан АССР-і ОАК-нің білім, әдебиет, шаруашылық, саяси журналы. Тұңғыш саны 1922 жылы қазанда Ташкенттен жарыққа шықты. Журналда көптеген ғылыми маңызды мақалалар жарық көрді. Бірақ оның жеке мақалаларында буржуазиялық-ұлтшылдық қате тұжырымдарға жол берілген деп есептеліп, осыған байланысты журнал 8 саны шыққаннан кейін 1923 жылдың мамыр айында жабылды.
21. «Темірқазық» журналы – 1923 жылы Мәскеуде Кіндік баспадан шығып, 1-3 санынан кейін «Шолпан» журналымен бір уақытта тоқтатылды.
22. Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995 ж. 398 бет.
23. Қыр баласы. Бекет батыр (Ә.Диваев. 1922 ж. Ташкент.); Қыр баласы. Мырза Едіге (Ә.Диваев. 1922 ж. Ташкент.). Рецензия.//«Темірқазық» журн., № 1, 1923 ж., 34, 35-беттер. Мәскеу.
24. Маркс, Н.А. Герейдің ажалы. «Қырым сөздерінен» аударған Қыр баласы.//«Темірқазық» журналы, № 1, 1923 ж., 23-бет.; Шырақ (В.Г.Короленкодан). Қазақшаға аударған Қыр баласы.//«Темірқазық» журналы, 1923, № 2-3, 103 бет; Маркс, Н.А. Пайғамбарға хат («Ескі Қырым сөздерінен»). Аударған - Қыр баласы//«Темірқазық» журналы, № 2-3, 1923 ж., 104-106-бет. Мәскеу.
25. Қыр баласы, Байтұрсынұлы Ахмет. Ер Сайын.//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1923 ж. Мәскеу.
26. Радлов, В.В. Ер Тарғын (Алғы сөзін, ғылыми түсініктерін жазып, өңдеп баспаға әзірлеген Қыр баласы).//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1923 ж. Мәскеу.
27. Толстой, Л.Н. Қажы-Мұрат (ауд. Қыр баласы).//«Ақ жол» газ., №№ 377, 378. 1923 ж. Ташкент.
28. Маркс, Н.А. Жұлдыз бала («Ескі Қырым сөздерінен»). Ауд. Қыр баласы.//«Ақ жол» газ., №№ 381-384, 1923 ж. Ташкент.
29.Радлов, В.Н. Көрпеш – Баян сұлу. (Алғы сөзін, ғылыми түсініктерін жазып, өңдеп баспаға әзірлеген Қыр баласы).//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1924 ж. Мәскеу.
30. Толстой, Л.Н. Қажы-Мұрат (аударған Қыр баласы).//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1924 ж. Мәскеу.
31. Фламмарион, К. Астрономия әліп-биі (қазақшалаған Қыр баласы).//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1924 ж. Мәскеу.
32. Қ.Б. Мәскеуден хат. Білімге жалынған жұрт орман-бағын қалай қориды?//«Ақ жол» газеті, 02.XI.1924, № 499.
33. Қыр баласы. Үлгі алыңдар!//«Ақ жол» газ., № 502, 1924 ж., 4-бет. Ташкент.
34. Қыр баласы. Тозған егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі («Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!»).//«Қосшы» газ., № 509, 1924 ж., 3-бет. Орынбор-Қызылорда.
35. V. Самат өлеңдеріне сын. Әдеби сын.//«Жас қазақ» журн., №№ 10-13, 1924 ж. Орынбор.
36. Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995 ж. 397 бет.
37. Меңдешұлы Сейітқали (1882-1937) – қазақ, Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақтың советтік мемлекет және қоғам қайраткері. 1920 ж. Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің (ОАК) тұңғыш төрағасы, 1924-1925 жж. – СССР ОАК төралқасының мүшесі, Коминтерннің (Коммунистік интернационал) 5-інші конгресінің делегаты; 1926-1930 жж. – РСФСР экономикалық кеңесінің мүшесі (ЭКОСО РСФСР); 1928-1929 жж. – конституциялық комиссияның және ұлттық республикалардағы жер пайдалану мәселесі бойынша КСРО ОАК комиссиясының мүшесі, 1930-1937 жж. – ҚазАССР ағарту халық комиссары, ғылым жөніндегі комитеттің төрағасы және т.т. Ұлттық энциклопедия, 3-том.
38. Мір Яғқұб. «Қазақ» баспаханасы.//«Қазақ» газ., № 239, 11.08.1917 ж. Орынбор.
39. Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995 ж. 398 бет.
40. Сонда: 397 бет.
41. Қыр баласы. Кітап сыны: Томский, М. Ресейде кәсіпшілер қозғалысы (ауд. Ешмағамбетұлы). рецензия.//«Еңбекші қазақ» газ., № 329, 14 мамыр, 1925 ж. 4 бет. Орынбор-Қызылорда.
42. V. Әдебиет дүниесінде.//«Еңбекші қазақ» газ., 7 қазан 1926 жыл. Орынбор-Қызылорда.
43. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ж.
44. Қыр баласы. Өсімдік. Өсімдік өмірі. Жаңа кітап. рецензия.//«Теңдік» газ., № 7, 1925 ж., 4-бет. Қызылорда; Қыр баласы. Жаңа кітап (Кітап сыны).//«Теңдік» газ., № ?, мамыр-шілде, 1925 ж., 4-бет. Қызылорда; Қыр баласы. Қызды малға сату.//«Кедей теңдігі» газ. [?], № 18, 1925 ж., 3-бет. Қызылорда.
45. Қыр баласы. Байтұрсынұлы, Ахмет. Жиырма үш жоқтау.//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1926 ж. Мәскеу.
46. Тутковский Т. Жердің қысқаша тарихы (ауд. Қыр баласы).//СССР халықтарының Кіндік баспасы [ЦИН СССР], 1926 ж. Мәскеу.
47. Радус-Зенькович В.А. (1877-1967) – советтік партия және мемлекет қайраткері. 1920 жылдың тамызынан Қазақ-Қырғыз төңкеріс комитетінің, қазан айынан 1923 жылға дейін Қазақ-Қырғыз АССР ХКК-нің төрағасы, Бүкілресейлік коммунистік (бәлшебектік) партиясы Қазақ-Қырғыз бюросының хатшысы.
48. Алаш қозғалысы, 3-том. - «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008 ж.
49. Ә.Бөкейхан, С.Қаратілеуұлы, М.Дулатұлы сынды Алашорда қайраткерлерінен 1929 жылдың мамыр-шілде айларында жауап алған тергеу материалдарының мұрағаттық көздерін дәл сілтеп көрсету мүмкін емес. Өйткені, бұл үзінділер 1992 жылдың көктемінде Қазақстанның Қауіпсіздік комитеті (ол кезде әлі КГБ) мұрағатынан қолмен көшіріп алынды.
50. Букейхан, А.Н. Казаки Адаевского уезда.//Букейхан, А.Н., Баранов, С.Ф., Руденко, С.И. Казахи. Антропологические очерки. Сборник І, ІІ., 58-82 стр. 1927 г. Ленинград.
51. Әлиасқар Әлібеков (1893-1937) – мемлекет және әскери қайраткер. Қазақ-Қырғыз АССР-ның 1-інші құрылтайына қатысты (Орынбор, 04.10.1920 ж.). 1920-1925 жж. Орынборда тұрып, 1925 жылдың соңына дейін жер бойынша халық комиссары болды. 1932 ж. Ленинградтың су-мелиорация институтын бітірді. 1933-1937 жж. – Орта Азиялық ауыл-шаруашылығын мелиорациялау және механизациялау институтының директоры болды.
52. РМӘСТМ (РГАСПИ): 558 қор, 11 тізбек, № 35 іс, 22-23 парақтар.
53. Бөкейхан С. Әлекеңнің өмірі.//«Жұлдыз», журн., № 3, 1996 г, 102-125 стр.
54. Өтениязұлы С. Арманда өткен Әлкей ата.//«Қазақ тарихы» журн., № 2 1994 г. 16-17 стр.
55. Сұлтанбековтің Қазақстанның жер халық комиссары болғанын растайтын мұрағаттық дерек жоқ. 1937-1938 жж. Жаппай репрессияға ұшыраған Сұлтанбековтер көп, қай Сұлтанбеков туралы сөз болып отырғанын анықтау мүмкін болмай тұр.
56. ЦГА КазССР: Ф. 74. оп. 4, д. 675, л. 38.
57.ЦГА КазССР: Ф. 74. оп. 4, д. 583, лл. 3-4.
58. Букейханов. «Сельское хозяйство Кара-Калпакской области». Кзыл-Орда. Оттиск из журнала «Народное хозяйство Казахстана», №№ 11-12, 1928 г., стр. 251-268. К.-Орда, 1929.
59. 50-51 стр. протокола от 08.06.1938 г. - История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов.//Под общей редакцией Сдыкова М.Н. том 1. Уральск. стр. 260.
60. Мұқанова М. Сағынышым Сәбитім (Естелік). – Алматы: «Өлке», 2000 ж. 60- бет.
61.31 стр. протокола допроса от 02.06.1938 г. – Там же: стр. 246.
62. Түрік баласы. Қазақтың тарихы. Сөз басы.//«Қазақ» газ., №№ 2, 3, 5, 7, 1913 ж. Самар.
63. Зубов А. Несгибаевый Алихан.//«Страна и мир» газ., 12.12.2009 г.
64. Павлюков А. Ежов. Биография.//Москва.: Изд. «Захаров», 2007. - 576 б.
65. Куртуа С., Верт Н., Панне Ж-Л., Пачковский А., Бартосек К., Марголин Дж-Л. Черная книга коммунизма - Le Livre Noir du Communisme.//Москва: «Три века истории», 2001. – 199 бет. - 864 бет.
66. Колпакиди А. И. (автор-составитель) Энциклопедия секретных служб России. — М.: ООО "Издательство Астрель", 2004. - 800 б.
67. Бөкейхан С. Әлекеңнің өмірі.//«Жұлдыз», журн., № 3, 1996 г, 102-125 стр.