Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6003 0 пікір 31 Шілде, 2013 сағат 10:35

Сәкен Сыбанбай. Жауап нұсқаларын жаттағыш ұрпақ

Адам адамнан несімен артық болады? Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап беруі мүмкін – даңқ-дәрежесімен, тек-тамырымен, көрік-келбетімен, тіпті ақша-байлығымен... Бірақ көпшілігі «білім-білігімен» деген уәжге тоқтайтын-ақ шығар. Расында да, адамды адамнан, керек десеңіз, елді елден, ұлтты ұлттан оздырып, абыройын асқақтатып тұрар білімділік пен мәдениеттіліктен асқан не бар?

 

Мұхтар Шаханов – «жас ақын»

Заман ілгерілеп, уақыт зырлап өткен сайын адам баласының білім деңгейі де биіктеп, өсе түсері түсінікті. Мәселен, кейбірі аздап хат танып, кейбірі мүлде сауат та аша алмаған ата-әжелерімізді еске алайықшы. Олардың дәуірі солай еді, сондықтан тек өмір мектебінен ғана сабақ ала алды. Көпшілігі соғыстан кейінгі жылдары мектепке барған әке-шешелеріміз үш сыныптық, жеті сыныптық болса да, әжептәуір білім алды, көзі ашық, көкірегі ояу болды. Елімізде ілім-білім кеңінен қанат жайған кезеңде өмір сүрген біздің буынның тіпті бағы бар екен, білім теңізінен молынан сусындауға мүмкіндік алды. Ал біз өзімізден кейінгі ұрпақтың дүниетанымы бұдан да жоғары, бұдан да кең болуын армандап, дәл солай боларына шүбә келтірген жоқпыз.

Адам адамнан несімен артық болады? Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап беруі мүмкін – даңқ-дәрежесімен, тек-тамырымен, көрік-келбетімен, тіпті ақша-байлығымен... Бірақ көпшілігі «білім-білігімен» деген уәжге тоқтайтын-ақ шығар. Расында да, адамды адамнан, керек десеңіз, елді елден, ұлтты ұлттан оздырып, абыройын асқақтатып тұрар білімділік пен мәдениеттіліктен асқан не бар?

 

Мұхтар Шаханов – «жас ақын»

Заман ілгерілеп, уақыт зырлап өткен сайын адам баласының білім деңгейі де биіктеп, өсе түсері түсінікті. Мәселен, кейбірі аздап хат танып, кейбірі мүлде сауат та аша алмаған ата-әжелерімізді еске алайықшы. Олардың дәуірі солай еді, сондықтан тек өмір мектебінен ғана сабақ ала алды. Көпшілігі соғыстан кейінгі жылдары мектепке барған әке-шешелеріміз үш сыныптық, жеті сыныптық болса да, әжептәуір білім алды, көзі ашық, көкірегі ояу болды. Елімізде ілім-білім кеңінен қанат жайған кезеңде өмір сүрген біздің буынның тіпті бағы бар екен, білім теңізінен молынан сусындауға мүмкіндік алды. Ал біз өзімізден кейінгі ұрпақтың дүниетанымы бұдан да жоғары, бұдан да кең болуын армандап, дәл солай боларына шүбә келтірген жоқпыз.

«Арманымыз алдаған жоқ» десек те болады. Қазіргі балалардың расында да білмейтіні жоқ. Қаршадайынан компьютердің «құлағында ойнайды». Біздің буын оның тек бір ғана қызметін – мәтінді теріп, басып шығаруды ғана меңгерсе, балаларымыз «төртбұрышты сиқырлы қобдишаның» басқа да сан-сапалақ функцияларын игеріп алған. Ғаламторды олай да, былай да шарлап, қалаған мәліметін қас қағымда-ақ тауып алады. Өзге техниканың да тілін жақсы біледі. Бұрын қазаққа таңсық боп келген тосын мамандықтарды меңгере бастады.

Алайда, жалпы алғанда, бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейін «біз күткен биіктен көрінуде» дей алмайтынымыз да рас. «Биігіңіз» былай тұрсын, кей-кейде «бұлардың талайы баяғы біз білгеннің өзінен бейхабар ма, қалай?» деп те дүдәмалданып қаламыз. Бұған себеп – жасөспірімдеріміздің қазір ештеңе оқымайтыны шығар, сірә...

Телеарналардың бірінде тілші болып істейтін танысым мынадай бір күлкілі жайтты айтып беріп еді. Оған қазіргі жоғары сынып оқушыларының, студенттердің, жалпы жастардың білім деңгейін, көзқарас көкжиегін, дүниетанымын зерттеу үшін сауалнама жүргізу жүктеліпті. Операторын ертіп, мектептер мен жоғарғы оқу орындарын бетке алған журналист «Қазіргі жас қазақ ақын-жазушыларынан кімдерді оқисыз, кімдерді білесіз?» деген сауалды алдынан кездескен жастарға қойған екен, әлгілер қатты ойланыпты. Ақырында бірі «Абай» (ойбай!), екіншісі «Мұқағали» (сұмдық-ай!), үшіншісі «Мұхтар Шаханов» (былтыр ғана 70-ке толды!) десе, кейбірі «Тоқтар Серіков» (күлеміз бе, жылаймыз ба?) деп, айдалаға лағыпты.

«Кейінгі оқыған әдеби кітабыңыз қайсы?» деген сұраққа да жастардың дені «түк таба алмай», ақыры әлде шынымен-ақ оқыған, әлде жұрттан атын естіген «Абай жолы» мен «Махаббат қызық мол жылдарды» айтып құтылыпты. Тіпті бірі өте «оригинально» жауап беріпті – «Биология»!

– Бізге жастар өте сирек келеді, – дейді кітапханашы болып істейтін тағы бір танысым. – Онда да басым бөлігі «Гарри Поттер» секілді шетелдік кітаптарды сұрайды. Өткенде бір қызық болды. Қызық емес, сұмдық десе де болады. Бір бозбала келіп, шамасы, студент болса керек, «Ғабит Мүсіреповтың өлеңдер жинағы бар ма?» дейді. Түсінбей қалып, қайта сұрадым да, ұрсып бердім: «Айналайын-ау, Ғабең – ақын емес, жазушы ғой! Тым болмаса, соны біліп алып келмейсің бе? Бізде ол кісінің романдары, хикаяттары, әңгімелері, жалпы таңдамалы туындылары бар, бірақ өлеңдер жинағы жоқ!». «Онда басқа автормен шатастырған шығармын, анық-қанығын біліп, ертең келермін» деп кеткен, сол күйі жоқ...

Бұл нені білдіреді? Бұл – жас ұрпақ кітап оқудан, өз дүниетанымын кеңейтуден мүлде мақұрым қалып барады деген сөз.

 

Гоголь – «іздеуші сайт»

Расында да, қазір біз техниканың тілін «шашқанымен», компьютерді игергенімен, күні-түні ғаламтор ақтарып, майл-агенттен шықпай отырғанымен, әдебиеттен, мәдениеттен, өнерден, тарихтан, әлемдік өркениет нышандарынан еш хабары жоқ ұрпақ тәрбиелеп отырғандаймыз. Олар Құрманғазыны – Қобыландымен, Аймановты – Айтматовпен, Швецияны – Швейцариямен, Австрияны – Австралиямен, кинологты – кинотанушымен, генеалогияны – гинекологиямен шатастырады. «Бернард Шоу деген кім?» деген сұраққа «шетелдік шоумен шығар» деп жауап берген студентті де көргенбіз. Бұлар Микеланджело мен Рафаэльді де қайбір жылы телерналардан жаппай көрсетілген осы аттас «ниндзя-тасбақалар» деп қана білетін шығар...

Әлгі бір анекдот есіңізде ме?

– Сен Гогольді білесің бе? – деп сұрапты студент бірге оқитын досынан.

– Әрине! – депті сонда анау. – Ол – менің интернеттегі ең көп қолданатын іздеуші сайтым!

Бұл да – әзілінен әжуасы басым, бүгінгі буынға қарата айтылған сөз.

Ал біз мұндай халге қалай душар болдық? Кезінде қазақты ең көп оқитын ұлттардың қатарына жатқызушы еді, сонда қазір бәрі керісінше боп кеткені ме?

Әрине, себептердің бірі ретінде теледидар мен ғаламторды айтуға болады. Бұрын, кеңес заманында, айналдырған екі-ақ арна (Мәскеу мен Алматы) болғандықтан, жұрт теледидарға көп үңіле бермейтін. Ғаламтор деген ол кезде елдің түсіне де кірген емес-ті. Сосын адамдар кітаппен дос болды, сырлас болды. Бір-бірінің туған күніне кітап сыйлау дәстүр еді. Кітап жинауды бәсекеге айналдырғандар да кездесті. Ал бүгінде екінің бірінің үйінде кабельді теледидар бар. Оның 70 арнасын аралап шығам деп отырып-ақ кеш батып, түн болғанын байқамай қаласыз. Одан қалса, бұрышта компьютер тұр. Ғаламторды ақтарып отырып, дүниенің ақпаратын алуға мүмкіндігіңіз бар.

Алайда қазіргі балалардың дені ғаламторды «білмегенімді біле түссем, дүниетанымымды кеңейтсем, әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғалардың өмірі, атақты музейлер, өнер сарайлары, мәдени құбылыстар, халықаралық саясат түйткілдері туралы мәліметтерге қанықсам» деген мақсатта пайдаланбайтын сияқты. Оларда бір ғана мақсат бар: ол – әлеуметтік желілер арқылы қатар-құрбыларымен әңгімелесу. Қазір бұл қызметті ұялы телефон арқылы да пайдалануға болады. Дегенмен, ондағы «әңгімелердің» деңгейі де белгілі: «привет», «қыздар, танысайық», «95-жылғылар, хат жазыңдар», «жігіттер, әңгіме айтсаңдарш», «нестебатсын?» және т.с.с.

 

«Добчинскийдің қай бармағы ауырды?»

Әйтсе де, жастарымыздың осындай аянышты күйге түсуіне басты кінәлі – батыстық білім беру жүйесіне көшуіміз дер едік. Тестілеудің бізге тиімсіз екенін, талапкердің біліміне әділ өлшем бола алмайтынын, соның кесірінен балаларымыздың жасына жетпей психологиялық дағдарыстарға ұшырап жатқанын ұлттық БАҚ айтудай-ақ айтты, жазудай-ақ жазды. Ең бастысы, балалар тек тест жауаптарын жаттайтын, оқығанын өз бетінше қорыта алмайтын бейшараларға айналып бара жатқаны өкінішті. Олар тарихи оқиғалардың өткен күнін, айын, жылын, сағатын дәл айтып беруі мүмкін, бірақ себебі мен салдарын, қандай өріс-сипат алғанын, немен тынғанын білмейді. Яғни, баланың логикалық ойлау жүйесі қасаңданды. Артық ойлана алмайтын ауруға ұшырады. Сондықтан да қазір жоғары оқу орындарының оқытушылары кей жағдайда алдына келген бірінші курс студенттерін мектептегідей ежіктей оқытуға мәжбүр.

Жарайды, оқушының нақты ғылымдарға тән пәндерді – математиканы, физиканы, химияны, тіпті жағрафияны да қалай игергенін тестілеу арқылы анықтауға болады делік. Теңдеудің шешуі, броундық қозғалыс үдерісі, химиялық элемент құрамы, әлдебір елдің астанасы – тест жауаптарына емін-еркін енгізуге болатын нәрселер. Ал гуманитарлық пәндер ше? Оларды тестілеудің тар шеңберіне қалай сыйдыруға болады? Мәселен, әдебиет – ақпарат ретінде ғана емес, сезіммен қабылданып, түйсікпен ұғынылатын құбылыс емес пе? Оны шәкірттің қалай түсінгенін тест көрсете алмайды, бұл – тек сөзбен баяндау арқылы ғана байқалатын нәрсе. Демек, «Абайдың екінші әйелінің аты кім?» немесе «Добчинскийдің қай бармағы ауырды?» сықылды сауалсымақтар баланың білім деңгейін емес, болмашы детальдардың өзін ұмытпайтын есте сақтау қабілетін ғана аңғартпақ.

Бірақ біз Ұлттық бірыңғай тестілеуді неше жерден сынап-мінесек те, оны еш өзгерте алмаймыз. Яғни, баяғы кеңестік білім беру жүйесін қайта қалпына келтіру – ардагер ұстаздарымыз қанша аңсап-қалағанымен, ешқашан жүзеге аспайтын шаруа. Себебі, Қазақстан білім саласында Болонья процесіне қосылып, соның міндеттемелерін мойнына алған. Ал бұл процесс жоғары білім берудің бірыңғай еуропалық кеңістігін қалыптастыруды көздейді. Демек, еліміз білім саласында осы процеске сәйкес көзделген шаралар мен бастамалар, қабылданған міндеттемелер аясында жұмыс істеуге тиіс.

Ресейлік сатирик-жазушы Михаил Задорнов жеке концерттік бағдарламасында былай деп еді: «Бір мектеп оқушысы менің «Бірінші дүниежүзілік соғыста кім жеңді?» деген сұрағыма «Ал сіз маған ол соғысқа кімдердің қатысқанын айтыңыз, соның ішінен біреуін таңдайын» деп жауап берді»...

Көрдіңіз бе, бүгінгі шәкірттердің тек сұрақтың дайын жауап нұсқаларының әйтеуір бірін белгілей салуға бейім екеніне тағы бір дәлел.

* * *

Батыстық білім беру жүйесінің өз артықшылықтары барына күмән келтірмейміз. Дегенмен, оның балалардың ойлау жүйесін әлсіретіп, қиялдау қабілетін тежеп тастайтыны қазірдің өзінде-ақ белгілі болып қалды. Біздіңше, енді қолымыздан келетін жалғыз амал – балаларымыздың дүниетанымын, білім көкжиегін кеңейтуге мектептен тыс өзіміз (яғни, ата-ана) күш салуымыз керек.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963