Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 18426 0 пікір 12 Тамыз, 2013 сағат 09:55

Абай мұраларындағы хакімдік қасиет туралы толғамдар

Ұлы ақын, ұлт поэзиясының кемеңгері Абайды тану, түсініп оқу – адамзат баласының қолы оңайлықпен жете бермейтін рухани биіктікке алып баратын басқыштың бір баспалдағы. Хакім Абай туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп айтқан болатын: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс». Бұл байлам барлық қазақ баласының көкейінде тұруға тиісті қасиетті қағидаға айналған жағдайда ұлт мұратының ұлы армандарының орындалғаны.

Хаким Абай данышпандығы деп аталатын түбі терең, тағылымы таудай биіктікке жетудің сан алуан жолы мен соқпағы бар. Сәл шегініс, өткен жылдардың мұғдарында біздің өлкеде «Хакім Абай музейі» ашылды, осы музейге келген әрбір оқырман хакім сөзінің қыр-сырын білгісі келіп ойланары сөзсіз. Біз де ойға қалдық. Жауабын іздеп көрдік, жай ғана іздеп көрмей қалың көпшілікпен ой бөлісуді мақсат еттік.

Ұлы ақын, ұлт поэзиясының кемеңгері Абайды тану, түсініп оқу – адамзат баласының қолы оңайлықпен жете бермейтін рухани биіктікке алып баратын басқыштың бір баспалдағы. Хакім Абай туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп айтқан болатын: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс». Бұл байлам барлық қазақ баласының көкейінде тұруға тиісті қасиетті қағидаға айналған жағдайда ұлт мұратының ұлы армандарының орындалғаны.

Хаким Абай данышпандығы деп аталатын түбі терең, тағылымы таудай биіктікке жетудің сан алуан жолы мен соқпағы бар. Сәл шегініс, өткен жылдардың мұғдарында біздің өлкеде «Хакім Абай музейі» ашылды, осы музейге келген әрбір оқырман хакім сөзінің қыр-сырын білгісі келіп ойланары сөзсіз. Біз де ойға қалдық. Жауабын іздеп көрдік, жай ғана іздеп көрмей қалың көпшілікпен ой бөлісуді мақсат еттік.

 «Хакім» араб тілінен енген сөз, «данышпан», «дана адам», «әкім» деген ұғымдарды білдіреді, соңғы уақыттарда «хакім» үлгісінде тіпті сирек қолданады десек те болғандай, ал енді әкім мағынасында санаға жақын, етене ұғым болып қалды. Хакім деген сөздің ұғымы, берер ғибадаты жайындағы жауапты хакім, дана адам Абай мұраларының өзінен іздедік және аз-кем таптық та. Хакім сөзі алғаш Абайдың жиырма жетінші сөзінде кездеседі, яғни «Сократ хакімнің сөзі» деген қосымша түсінікпен берілген. Абай данышпан Сократты хаким деп бағалаған және осы қарасөздің терең мағынасына үңілсек Сократ хаким мен Аристодим екеуінің арасындағы диалог арқылы ақыл ойдың қуаттылығы, ақыл-ойға ие болып отырған адамзат баласының артықшылығын дәріптейтін тағылымдар жеткілікті.

Данышпан Абай өзінің аса көлемді, ғылым-білім, имани ұғым, діни тәрбие жөніндегі терең толғаныстарын, олардың өзара сабақтастығын энциклопедиялық үлгіде түсіндіріп беретін 38 қара сөзінде хакім сөзін әлденеше рет қолданған. Ендігі ретте осы қарасөзде кездесетін хаким сөзінің қыр-сырына ақын өз мұраларына үңіле отырып ой жүгірсек. «Хаким, ғалым – асылда бір сөз, бірақ ғарафта (араб - білу, тану) басқалар дүр», деп бір түйсе, тағы бірде «Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хаким – ғалым. ...Хакимдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини (шын иман) болады. (1.148) -деп одан әрі тереңдей түсіндіреді.

 Кемеңгер тұлға хакимдік қасиетті жақсы адамның бойынан іздейді және ол тек сол жақсы адамның бойында ғана болады деп сипаттайды. Бұл пікірін ақын былай деп дәлелдейді: «Белгілі жәуанмәртілік (жақсы адам) үш хаслат (пайда, сипат) бірлән болар деген сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық)....

 Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң - әулиелер, онан соң – хакимдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар». Аңғарып қарасақ жақсы адамның бойында адамзат баласының бойындағы ең жақсы қасиеттер - шындыққа жүгіну, ізгілікті болу, даналыққа жету екен, сонымен қатар аталмыш жақсы қасиеттердің кімге тән екенін де санамалап көрсетеді, яғни пайғамбарлар мен әулиелерде, хакимдер мен кәміл мұсылмандарға тән екенін атап, айғақтап көрсетеді.  
Хакимдер жайлы айтылған келесі бір пікірі де өте құнды, олай дейтін себебіміз хакимдік қасиеттің бойында білім, ғылымға деген құлшыныс, ізденістің айырықша мол болатынын былай деп түсіндіреді: «Бұл хакимдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына яғни, электрді тауып аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы». Адам баласының ақыл-ой, данышпандығын баянды ететін қасиет ғылым екенін түсіндіріп және жоғарыда айтылып өткен «әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хаким – ғалым» деп келетін пікірін одан әрі тиянақтай түскен.
Данышпан Абайдың «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса дүние ойран болар еді»,-деп келетін пікірінің сыры да тым тереңде жатыр. Жер бетіне өлім ұрығын шашып, қаншама қасірет-қайғы әкеліп жатқан оқиғалар мың-мыңдап саналады, дүниенің ойран ботқасын шығарып жатқандарды тура жолмен алып жүретін хакимдерге деген Абайдың сенімі зор екенін айқын аңғаруға болады. 

Абай өзі өмір сүріп отырған қоғамның қасіретіне ұдайы назар аударып отырды, әсіресе надандық атаулымен аяусыз күресті. Осы отыз сегізінші қарасөзінде имандылық ұғым жайында айтқан пікірлерінің қай-қайсы болса да аса бір білімпаздықпен, тереңділікпен суарылған. Сондай-ақ көп пікірлерін хакимдікпен байланыстыра отырып ой сабақтаған, соның бір дәлелі ретінде тағы бір рет Абайдың өз пікіріне жүгінсек: «Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық пиғыл...». Кең байтақ қазақ даласына білім ұрығын шашып, имандылық нұрын септі деп санайтын моллалардың хакимдік қасиетке қарсы әрекетіне ақын төзбейді, «білімсіздік», тіпті «бұзық пиғыл» деп қабылдайды. Қазақ баласының қолына хакимдік қасиет оңай келіп қонбағанын осы келтірілген ақын жазбаларының қай-қайсысынан да аңдауға болады. Ұлы Ақынның «мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп айтуына себеп те, салдар да жеткілікті болды.

 «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»,-деп (2.) Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткендей қазіргі қазақ баласына ұлы ақын Абай шығармашылығын тереңдете оқытудың мәні мен маңызы аса зор. Тәуелсіздікті баянды ету үшін, ел бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында, ұлттық рух пен рухани танымды асқақ ұстау үшін Абай мұрасын оқытудың маңызын айтып жеткізу мүмкін емес. 

Абайдың қарасөздеріндегі хакимдік қасиет және оның қазақ қоғамындағы тарихи ролі жайында біршама пікір сабақтап, түйінді ойларымызды ортаға салдық. Ал енді осы хакимдік ұғымы ақын жырларында кездеседі ме, айтылады ма деген сұрақтар төңірегінде де ой бөліссек. Әрине ақын жырларында дәл жоғарыдағы қарасөздегідей тәптіштеп, арнайы анықтама беріп хакімдікті түсіндірмейді, алайда сол қарасөздерінде айтылған хакимдік қасиеттің ақын өлеңдерінің көбінде поэзия тілімен өрнегін тауып, ойлы оқырманды данышпандыққа, даналыққа, әкімдікке шақыратын шумақтар аз кездеспейді. Сол себепті де біз өз пікірімізді осы тұрғыдан да одан әрі жалғастыра түскенді қажет деп таптық.

Абай жырларындағы хакімдік қасиет туралы толғамдар әрқашан терең ойға жетелейді. Ең алдымен Абай өмір сүрген қоғамның сыр-сипатына аз-кем анықтама бере кетсек. ХІХ ғасырдың екінші жартысы қазақ халқының бұлқыну мен жұлқынудан кетіп, төңкеріс жасау мен көтерілістің бәрінен тауы шағыла жеңіліп, ендігі кезекте қылша мойнын бодандық қамытын киюге «өз еркімен» ұсынып тұрған алмағайып заманы еді. 

Бұл дәуір халықтың жүген, ноқтаға көндігіп, ер тоқымын бауырына алып тулау түгілі, ауыздықпен алысудың өзі сиреп бара жатқан кез еді. Халық үшін данышпандық, даналық ұғым, хакімдік қасиеттің (қазіргі әкімдік) құны көк тиынға айналып қалған кезі болатын. Қазақ елінің ел билеу жүйесі де, ой ойлау жүйесі де орыс отаршылдарының қолына түгел өткен кезең еді. 

Ендігі жол қандай жол еді, аңырап қалған халық қай жолмен жүру керек, халыққа қандай жолмен жүрудің жолын көрсету керек деген мәселелер күн тәртібіне көлденең қойылды. Осы және басқа сан алуан сұрақтардың жауабын кемеңгер Абай жырларынан іздедік. Әрине Абай өз жырларында данышпандық туралы трактаттар, немесе хакімдік, әкімдік институт қалыптастыру керек деген қағиданы жер жаһанға жар салып айта алған жоқ. Ол кез ондай пікірді айтудан кетіп қалған кезең болатын. Алайда Абайдың ұлылығы сол туған халқының бойынан осы қасиетерді іздеді, таба алмай күйінді, ең бастысы осындай қасиеттің бар екенін және ол қасиеттердің қапысыз керек екенін ұқтырды, Абайдың Абайлығы да осында. 

Абайдың өзіміз іздеген тақырыптағы жырларына там-тұмдап болса жақын келейік-ші. Ақынның 1986 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңіндегі мына жолдар еріксіз назар аудартты:
  Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
  Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
  Таразы да, қазы да өз бойында,
  Наданның сүйенгені көп пен дүрмек,- деп келетін терең мәні бар ақын жырының соңғы шумағы былай аяқталады екен:
  Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек?
  Адалдық, арамдықты кім теңгермек?!
  Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
  Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.
Ақын ақылды адамның қасиетіне қатты көңіл бөледі, ақылдың таразысы, қазылығы үстем болса, наданның кімге сүйенерін тап басып көрсетеді. Одан әрі келтірілген жыр жолдарындағы ел билеу, ел меңгерудің оңай еместігін, яғни хакімдікке қолы жеткеннің адалдық пен арамдықты теңгере алатын қасиеті бар ма деген сұрақ қояды. Өкініштісі сол «мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ» сәнге айналған заманда қолдан келер қайрат қалмады.

Абай даналықтың, данышпандықтың кілті ғылымда деп түсіндірді. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі осының айғағы. Көпке мәлім өлеңнің ойымызға тірек боларлық кейбір шумақтарына үңілсек:
  Болмасаң да ұқсап бақ,
  Бір ғалымды көрсеңіз.
  Ондай болмақ қайда деп
  Айтпа ғылым сүйсеңіз.
  Сізге ғылым кім берер,
  Жанбай жатып сөнсеңіз?
  Дүние де өзі, мал да өзі,
  Ғылымға көңіл берсеңіз.
Ғылым-білім жайында айтылған ақын аманатының түйіні төмендегідей:
  Мұны жазған – білген құл,
  Ғұламаһи Дауани,
  Солай депті ол шыншыл.
  Сөзін оқы және ойла..., -деп аяқтауының да терең сыры бар. ХҮ ғасырда өмір сүрген тәжік халқының классик ақыны, философ Дауани Ғұламаһиді (Жалаладдин Мұхаммад ибн Асхад ад-Дауани (1427-1501) еске алуы, сөзін оқып, ойлан деуі жай емес. Даналық мектебінде оқу, данышпандыққа жету оңай емес, ол үшін жас кезіңнен бастап оқы, білім ал деген өсиеттер ақын жырларында әр кез айтылып отырады. Халық айтса қалт айтпайды, «оқу инемен құдық қазғандай», Абай да даналыққа барар жол, баспалдақ ғылым мен білім екені сан рет ескертті.

Білімді болу, ғылымды игеру данышпандыққа, кемеңгірлікке апаратын ақиқат жол. Осы тақырыпты тереңнен қозғап жазған Абай өлеңдерінің бірі «Интернатта оқып жүр» өлеңі. 
  Интернатта оқып жүр
  Талай қазақ баласы – 
  Жаңа өспірім, көкөрім,
  Бейне қолдың саласы, - деп басталатын өлеңде білім алу мен білімді болудың арасындағы сан алуан қадір-қасиет жайында жеткізе жазды. Ақын жырларына үңілейік:
  Аз білгенін көпсінсе,
  Көп қазаққа епсінсе,
  Кімге тиер панасы?
  Орыс теріс айтпайды
  Жаман бол деп оларды.
  Қаны бұзық өзі ойлар
  Қу менен сұм боларды,
  Орыста қалар жаласы, - деп бір түйеді. Одан әрі:
  Ойында жоқ бірінің
  Салтыков пен Толстой,
  Я тілмаш, я адвокат
  Болсам деген бәрінде ой,
  Көңілінде жоқ санасы, - дейді. (3.49.)
Білім-ғылым туралы сөз болғанда бағдарламалық роль атқаратын осы өлең жайында академик абайтанушы М.Әуезов айтқан келесі бір пікірлерге сүйене отырып айтпақ ойымызды жалғастырсақ. «Бұл өлеңде cыншылдық та көп, қоғам үшін озғын ой да мол. Жаңа буынға басшы болған ақын патшалық системасына да терең сын айтады. Тегінде, қазақ баласының ендігі талпынатыны тек орысша оқу екенін Абай бұрын да айтқан. Бірақ, екі түрлі оқу бар...
 

Біріншісі – патшалық аппараты, өзіне тілмаш, ұсақ чиновник, ...әзірлеймін деп отырған шала шикі оқу. Бұған берілген жасты, Абай халыққа пайдалы емес, залалды адам боп шығады деп бағалайды. Оның бар талабы: прошение жазу, шала зәкүншік, шалағай төрешік болу. Өзі де азғын, елді де сорлатады. ...Бұндай оқушы болудан жирену керек. Ұсақ тілмаш, әлдеқандай адвокат, чиновник болсам деген арманда жүрген жаңағы жастарға Абай «Салтыков пен Толстойды» әдейі атап өтеді», -дейді. (4.94.) Ұлы Абай өзғын ойлы данышпан тұлғаларды жайдан-жай еске алмағанын Әуезов сынды абайтанушы ғалым тап басып көрсетіп отыр. Абай өмір сүрген қоғамда қазақ баласына данышпандыққа жету тым оңай болған жоқ, тіпті оқу-тоқудың соңына түскендердің дені «прошение жазу, шала зәкүншік, шалағай төрешік болу» секілді қасиетсіз жолды таңдап жатқанда не үміт, не қайыр тілейсің.

ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ данышпан Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп таныған және осы ұғымды қалың қазақ баласының санасына сіңіруге бар күш-жігерін жұмсаған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов былай дейді: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған».(2.144.) А.Байтұрсынов та кемеңгер тұлға болудағы басты өлшемнің бірі білім екенін және ондай қасиет ақын бойында жазушылық, сыншылық өнермен ұштасып жатқанын айғақтай түседі. 

Шын мәнінде данышпан «Абай шығармаларының мағынасын терең бойлап ұғып-түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халықтың тағдырын, ой-арманын тани аламыз. Және сол арқылы қазіргі заманды, кешегі мен бүгінгіні, келешегімізді де бағдарлаймыз». (5.448.) Бұл ақиқатқа ешбір күмән келтіруге болмайды. 

Абай және хакімдік қасиет жайына қайта назар аударсақ. Қазақ елінің бодандық қамытына белінен батқан кезінде өмір сүрген ақын жырларында әкімдік деген ұғымдар жоқтың қасы. «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде айтқандай: «Единица - жақсысы, Ерген елі бейне нөл» жағдайына жеткен болатын, сол себепті де ақын одан әрі: «Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл?» деп сұрақ қоятын, мұңға батқан ақын:
Сөзімді ұғар елім жоқ;
  Моласындай бақсының
  Жалғыз қалдым - тап шыным!,-деп қатты күңіренетін.
 Абай ақын орыс тіліндегі «единица» сөзін термин ретінде дерліктей жай ғана қолданып отырған жоқ, қазақы ұғымдағы жеке, дара мағынасын беретін сөздің аудармасын саналы түрде алмауы, «не болады өңкей нөл?» деп сұрақ қоюының астарында, ішкі сырында терең ой жатыр. Қазақ баласының бойындағы даралық, данышпандық қасиеттің жойылып бара жатқаны, сол себепті де «өңкей нөлдердің» аренаға шығуы бұл кезде жанға бататын жағдай болып қалған еді, бақсының моласындай жалғыз қалған ақынның жан-дүниесін түсіну сол кезде де, қазір де оңай болмай тұр. «Нөл» көбейіп кеткен заманның қасіретін ақын аз тартпады, жалғыз қалған ол сөзін ұғар елі жоғына күйінді...
 

Туған халқының бойынан данышпандық пен даналықты, әкімдік пен хакімдік қасиеттің ауып бара жатқанына жаны ауырған кемеңгер енді бірде «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»,-деп күңіренді, сол себепті де жоғарыда айтылған «нөлдердің» әрекетін:
  Бас-басына би болған өңкей қиқым
  Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын,-деп түсіндірді. Ақын жырларында айтылған «қиқымдардың» би болғысы ғана емес, әкім болғысы келетіндері мол, сойтіп елдің сиқын алады. Бұл әрекеттерден әлі де арылып болған жоқпыз, Абайдың Абайлық құдіреті де осында.

 Ұлы ақын данышпан адам мен надан адамның іс-әрекетін салыстыру арқылы әр кез түбі терең шындықты білуге шақырады. Мысалы:
  Оқыған білер әр сөзді,
  Надандай болмас ақ көзді, -дейді. «Біреуден біреу артылса» (3.80) деп басталатын өлеңінің соңғы шумақтарында қай жағынан болса да керағар келетін осы екі қасиеттің сырын аша түседі. Жыр жолдарына үңілсек:
  Кісімсіп белгілі, білгіш,
  Біреуге сондай-ақ күлгіш.
  Бұлықсып, бұлданып босқа,
  Өзімшіл, оңбаған шерміш.
  
  Кісіде бар болса талап,
  Отырмас ол бойын балап.
  Жүрер, әрқайдан ізденер,
  Алар өз сүйгенін қалап.
Ақынның әсіресе ақ көзденіп келетін надандарға берген бағасының салмағы тым ауыр, «оңбаған шерміштерді» аяусыз әшкерелейді, оқыған жанның ізденсе мұратқа жетеріне сенеді.
 

Данышпандыққа барар жолдың соқпағы білімпаздықтан бастау алады. Сол себепті ақын өзінің көп өлеңдерінде білімді, білімпаздықты, білімділікті арқау етіп отырды. «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез»,-деп тіледі.
Демек саналы ғұмырын, жыр жауһарын «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп өсиет еткен ұлы ақын, кемеңгер хакім Абай жайындағы айтпақ ойымызды түйіндей түссек. Айтпақ ойымыздың тұма бұлағы Абайдан басталды және кемеңгер ақын жайында айтылған «бар қазақтың жүрегіне жол тапқан» жазушы әрі ғалым Сәбит Мұқановтың біздің айтпақ ойымызды айғақтай түсетін бір пікіріне жүгінсек: «Данышпандардың бәрі – ақын емес, ақындардың бәрі – данышпан емес, Абай – солардың екеуі де болды». Айтылған пікір – хакім Абайдың данышпандық образының жарқын беттерін аша түседі. Бұл пікірді тағы бір пікірмен толықтырудың, сабақтастырудың өзі артық дүние. 

Нариман Нұрпейісов
 Филология ғылымдарының кандидаты, доцент. 
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі. 
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық 
институтының кафедра меңгерушісі.
Шымкент қаласы

Abai.kz

   
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Екінші том. А.Жазушы.1986.-200 б.
2. Байтұрсынұлы А. Маса. Алматы: Раритет, 2005. -208 б.
3. Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. А.Жазушы. 1986.
4. Әуезов М. Әр жылдр ойлары. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. Алматы. 1959. -556 б.
5. Дала даналары. Алматы. Қазақстан даму институты. 2001. – 640 б.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371