«Жас Ұлан» лицейі жастарды өнерге баулуда...
Семейдегі біздің «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» басты орынға әскери патриотизмді қоятындығы әмбеге аян. Сондықтан әр оқу жылының білім беру жоспары осы мәселенің төңірегіне топтастырылып, саты-сатымен жүзеге асырылады. Алысқа бармай, өзім басқаратын "Жас ақындар" үйірмесі негізгі назарды «Туған жер» мен «Отанға» деген сүйіспеншілікке аударады.
Әріптестерім Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 62-взвод (6-сынып) жетекшісі Нығметова Ләззат Теңелқызы, 7 - сыныптың жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Төлеуханқызы, әскери лицейдегі Оқу ісінің орынбасары Өмірбекова Мақпал Қуанышқыздарымен ұландарға тәлім-тәрбие берудегі патриотизм бағытын сөз етіп, болашақта бірлесе істейтін жоспарларымыздың түрлі бағыттарының алғашқы сұлбасын өмірге әкеле алдық.
«Жас ақындар» үйірмесінің жазба әрі айтыс өнеріне тағылыммен тәрбиеленіп, дербес машықтанып жатқан шәкірттеріміз патриотизмен берік сабақтастықтағы «Домбыра», «Тәуелсіздік», «Республика күні», «Ана тілім», «Мен қазақтың баласымын», «Отан», «Алғашқы сезім», «Туған далам», «Жас Ұлан», «Сабақтағы суреттер», «Шабыт толқынысы», «Ақындық» сияқты кең ауқымды тақырыптар бойынша өз бойындағы өлең мен өнерге бейімдік таланттарын таныта бастады. Біз ең әуелі қалам сілтеп отырған тақырыбымыз жайында ең алдымен әскери-лицейдің өнер мен өлеңге бейімі бар ұландарын, одан кейін оларға тілім-тәрбие нұрын сеуіп жатқан ұлағатты ұстаздар қауымын «патриотизм» туралы толғанысқа толы пікірін білуді ниет еттік.
Осы орайда, енді құрметті де, патша көңіл оқырмандарға «қазақ патриотизмі» туралы «Жас ақындар» үйірмесінің жазба әрі айтыс өнеріне тағылыммен тәрбиеленіп, дербес машықтанып жатқан шәкірттерінің пікірін ұсынуды жөн көрдік.
92 взвод ұланы Бекұлан Алдияр: «Бабаларымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Өз басым «Патриотизм» қашанда кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Бәріміз бүгін шәкірт болсақ та, Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсуге тиіспіз деп ойлаймын. Мысалға өзім сүйіп тыңдайтын «Ауылым - әнім» атты әнде «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деген жолдар бар. Осы жолдар мені қанаттандырып, нәтижесінде жүрегімді жарып шыққан «Туған жер» атты өлеңім өмірге келді. Мен онда «Патриотизм» сөзінің мағынасын біршама аша алдым деп ойлаймын» деп өз ойын жайып салып, төмендегі өлеңін:
ТУҒАН ЖЕР
Жусаны жұпар аңқып алтын далам.
Күмбездей сағым мұнар жарқылдаған.
Құрағы мап - майда боп пүліш түндей,
Бұлағы сыңғыр уатып сарқылмаған.
Киеңе бас ұрайын бұл ғаламда.
Көркіңді не жетеді жырлағанға?!
Беу, туған жер, іңгәмді ең әуелі,
Өзің ғой, сәби - құшақ тыңдаған да.
Өлеңмен кең төсіңде желдей есем.
«Бесігім!», - ақын болман, тербемесең!
Құдіреттің күшін сыйлап мәңгі тұршы,
Жүректің лүпіліндей кеудемде сен! - деп, жатқа оқып берді.
Иә, адам баласы - шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі екенін бәріміз жақсы білеміз. Әскери лицейімізде өлеңмен топ жарып жүрген тағы бір дүлдүліміз Ерланов Әлижан өз кезегінде: «Бәрімізге дау тудырмайтыны туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өңірі. Мен Семей қаласында өмірге келгендіктен осы шаһарды өзімнің кіндік қаным тамған жерім санаймын. Сүйікті қаламды қайда жүрсем де жүрегімнің түбінде әлдилеп өтпекпін. Өз елімнің патриоты болғандықтан туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша ықыласпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі деп санаймын», - деп, өзінің «Семейім» атты өлеңін оқып берді.
Біз жас ақынның буырқанған патриоттық сезімінің дауылынан өмірге келген өлеңді жұрт назарына толық мәтінімен ұсынуды дұрыс деп таптық.
СЕМЕЙІМ
Бұл өлкеде алыптардың ізі қалған.
Бұл өлкеге жұмбақ жанар қызығар жан.
Әннен, жырдан, перзенті алқа тағып,
Жүрек үнін тұңғиық үзіп алған.
Бастауындай тұнықсың өлеңімнің,
Асқағындай биіксің мерейімнің,
Дастаныңдай жырлаймын, рух тұтанып,
Аспанында шырақтай СЕМЕЙІМНІҢ!
Алашымның өзіңсің ордасы да.
Мақтан бізге, тағылым, ол да, сірә!
Асылдардың сөзіндей салмағы бар,
Басылғандай өшпейтін мөр - ғасырға!
«Киелі мекен» саятын төр - ұғымы.
Қасиетті саналған зеңгір жыры...
Кеудемдегі жұмыр ет жырлап өтер,
Семей деген жәннаттың жерұйығы!
62 взвод ұландары Талғатов Нұрәли, Жүнісбеков Мадияр 92 взвод ұланы Орынбеков Ерасылдар осы төңіректегі ойларын жинақтап қойған сауалдарымызға орынды жауаптар бере алды.
Талғатов Нұрәлидің пайымдауынша, «бабаларымыз сан ғасыр ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты тек құр қорғап қана қалған жоқ, сонымен бірге ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Жан-жағымыздан көзінің сұғын ала сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Сол жерді қорғап қалу бақыты бізге бұйырып тұрғанына қуаныштымын» деді жүзі бұл-бұл жайнап.
Жүнісбеков Мадияр: «Бір сөзбен айтқанда менің ұғымымдағы патриоттық тәрбие: ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, бүгінгі жас ұрпақ, біздер, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызамыз. Бұл орайда тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін қажет дер едім. Біз, тәуелсіздік бесігінде тербеліп өскен бақытты қазақ елінің ұландары, мемлекетіміздің қазіргі жетістіктері тәуелсіздіктің асыл сыйы саналатын елімізде жүргізіліп жатқан сан алуан реформалардың заңды нәтижесі екенін мақтан тұтамыз. Себебі, елімізде қазіргі таңда әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты шаралар жасақталғандығы айқын көрініс табуда» деп өз жеке пікірін білдірді.
Орынбеков Ерасыл: «Аталарымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке ұрпақтары жетті, жаңа заманда қайта туған еліміз егемендігін алды, туған жерде бабалардың арман-мұраты салтанат құрды. Шұғыл бетбұрыстардың арқасында еліміз ептеп аяққа тұрып алғаннан кейін, бірнеше ғасыр тағдыр тауқыметімен жадау тартқан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту басталды. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын» деген халық даналығы. Мен оқитын әскери лицейде елін сүйетін, елге адал қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеу жолында көптеген игілікті істер атқарылып келеді. Осы жерде білім алып жатқаныма бек қуанышмын», - деп сөзін аяқтады жас сарбаз.
Әскери лицейдегі Оқу ісінің орынбасары Өмірбекова Мақпал Қуанышқызы өз кезегінде патриоттық тәрбие беруде маңызы бар төмендегідей ойды алға тартты:
Бүгінгі таңда Ел өмірінде “қазақстандық патриотизмді” қалыптастыру және оны жас шәкірттердің ой-санасына сіңіруді мемлекеттік дәрежеге көтеріліп отыр. Қазақстандық патриотизм – ел азаматтарының, республиканың бүгінгі тұрақты өмірі мен жарқын келешегі жолындағы еңбегі мен күрескерлігі іспетті екенін алдымыздағы шәкірттер қауымына таныта алсақ, ісіміздің алға басып, көздеген мақсатымызға қол жеткізе алғанымыз десе, өз кезегінде әріптесім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 62-взвод жетекшісі Ләззат Теңелқызы өз ойын төмендегідей түйіндеді:
Отаншылдық сезімі баланың өзі туған отбасынан басталып, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтеуіне ұласады. Сол себепті, Қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі қазақ ұлтының сан ғасырдан бері берік қалыптасқан адамгершілік қасиеттерінен бастау алады. Біз осының бәрін шәкірт бойына сіңіре алсақ, онда ол өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат ретінде қалыптасып, туған халқы үшін ерен еңбек етеді» деп өзіндік ой-пікірін танытуға тырысып бақты.
7 - сыныптың жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Айнұр Төлеуханқызы: Біз ұстаздар рухани құбылыс Отаншылдықты зорлықпен, нұсқаумен биліктің басқаруымен бала санасына орнықтырудан ада болуға тиіспіз. Оны әр сәт сайын бала жадысына сіңірудің сәтті педагогикалық тәсілдерін сыналап қолдануды өмір салтына айналдыруды жолға қоюымыз қажет деп, орынды ойын алға тартты.
Ерік Омарғалиев
Абай облысы Семей қаласындағы «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» КММ «Жас ақындар» үйірмесінің жетекшісі
Abai.kz