Дін лидерлерінің сиезі: Бейбітшілікке шақыратын дүниежүзілік қозғалыс қажет!
Бүгін Астана қаласы, Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы өтіп жатыр. Отырыс төрағасы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев.
Осыған орай аталмыш жиынға 22 елден 28 делегация келді. Олар Хатшылық отырысы аясында VIІ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қорытындылары бойынша пікір алмасып, 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын талқыламақ.
Жиын басында Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиынға қатысушы әлемдік діндер көшбасшыларына арнаған арнайы құттықтауын оқып берді.
«Баршаңызды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының 21-ші отырысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл бастама қысқа уақыт ішінде өзінің өзектілігін дәлелдеп, өркениетаралық диалогтың маңызды алаңына айналды. Форум діндер арасындағы достық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге және төзімділікті насихаттауға әрқашан өз үлесін қосып келеді», - делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда геосаяси жағдай ушығып тұрғанын, тұс-тұстан төнетін қауіп-қатерлердің күшейіп келе жатқанын айта келе, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру керек екеніне тоқталды. Ол үшін бейбітшілікке шақыратын дүниежүзілік қозғалыс қажет екенін және аталған мәселелерді шешуге рухани көшбасшылар үлкен үлес қосып жатқанын жеткізді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау-сөзін: «Осы мақсатта хатшылық съездің отырысы ұйымдастырылады. Қазақстан әрқашан дінаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты қолдайды. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі хатшылығының 21-ші отырысының барлық жетекшілеріне жемісті жұмыс тілеймін», - деп қорытындылаған.
Айта кетейік, әлемде кейінгі жылдары еларалық соғыс өрті өршіп тұр. Ресей-Украина, Армения-Әзірбайжан, Палестина-Израиль арасында болған, болып жатқан қақтығыстарға дүниежүзі жұртшылығы алаңдап отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысына Әзірбайжан, Палестина, Израиль елдерінің делегациялары да келді.
Аман Мәмбетәлі, саясаттанушы:
- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі - біз үшін өте маңызды шара. Қазақстанның инициативасы бойынша биыл 21- сессиясы өтуде. Бұл басқосудағы ең өзектісі -коммуникация мен ашықтық дер едім. Дүние жүзіндегі әр қоғам сегментінің өкілдері келіп, ашық түрде өз көзқарастарын білдіреді. Мысалы дәл қазіргі жағдайда, дүние жүзіндегі трансформация мен қиын қақтығыстар болып жатқан кезде, әсіресе дін платформасында қайшылықтар жүріп жатқан уақытта Қазақстан мемлекетінің Астана қаласында, Еуразия континентінің дәл ортасында осы мәселелердің талқылануы тегін емес. Бұл тұтас қоғамға, дүние жүзіндегі қоғам мен әрбір азаматқа ашық түрде жеткізілетін мессендж. Біз бәріміз қарусыз, заң шеңберінен шықпай, бейбіт түрде әңгіме арқылы сөйлесіп әр конфликтіні шеше алатындай мүмкіндікке иеміз. Дәстүрлі дін өкілдері съезінің екінші функциясы бұл болашақта бір-бірімен ашық сөйлесіп коммуникация көпірі арқылы болашақта бұл конфликтілердің болуына жол бермеу. Съезге келген дін көшбасшылары өз көзімен көрген, талқылағын дүниелерді өз қоғамына жеткізе алады. Дүние жүзіндегі ушығып тұрған дүниелерді Қазақстан қашама жылдан бері бейбітшіліктің саяси дипломатиясын насихаттау жолын көрсетіп келеді. Сондықтан да бұл съезд үлкен маңызға ие деп ойлаймын.
Abai.kz