“Жас Алаштың” өткен нөмiрiнде Қытай мәселесiне қатысты талдау мақала жарияланды (“Қара қытай қаптаса...”, №63, 14 тамыз). Осы мақаладан кейiн редакциямызға хабарласып, өз пiкiрiн айтқандар көп болды. Маңғыстау облысынан телефон соққан тұрақты оқырманымыз К.Асылбек былай дейдi: “Қытай астыртын экспансиясымен жан-жағымызды қусырып, қысып барады. Билiктегiлердiң не себептi басын құмға тыққан түйеқұс сияқты боп отырғанын түсiнетiн деймiн. Қашқын олигархтардың кейбiр сөзiнде жан бардай. Олар “президент Н.Назарбаев пен оның төңiрегiндегiлердiң Қытай банктерiнде жасырулы жатқан миллиардтары бар” деген. Егер рас болса, Қытай мұны бiлмейдi емес, олардың бiлмейтiнi жетi қат жердiң астында.
“Жас Алаштың” өткен нөмiрiнде Қытай мәселесiне қатысты талдау мақала жарияланды (“Қара қытай қаптаса...”, №63, 14 тамыз). Осы мақаладан кейiн редакциямызға хабарласып, өз пiкiрiн айтқандар көп болды. Маңғыстау облысынан телефон соққан тұрақты оқырманымыз К.Асылбек былай дейдi: “Қытай астыртын экспансиясымен жан-жағымызды қусырып, қысып барады. Билiктегiлердiң не себептi басын құмға тыққан түйеқұс сияқты боп отырғанын түсiнетiн деймiн. Қашқын олигархтардың кейбiр сөзiнде жан бардай. Олар “президент Н.Назарбаев пен оның төңiрегiндегiлердiң Қытай банктерiнде жасырулы жатқан миллиардтары бар” деген. Егер рас болса, Қытай мұны бiлмейдi емес, олардың бiлмейтiнi жетi қат жердiң астында.
Батыс өңiрдi қара қытай әлдеқашан қаптады. Қазақтан қатын алып, “қазаққа” айналып жатқандары қаншама! Құжатпен бiреуi келсе, құжатсыз бесеуi келедi. Мұны Қазақстан билiгi көрiп-бiлiп отыр. Бiрақ айтқызбасы айтқызбайды. Айтайын десе, “жанды жерiмнен шап бере ме” деп сескенедi. Бүтiн бiр ұлттың тағдырын жеке бастың қамы үшiн саудаға салуға бола ма?! Мына нәрсенi ұмытуға болмайды: Қытайдың төрi – Атаңның көрi!”.
Жақында орыстiлдi “Мегаполис” басылымына қытайтанушы ғалым Мұрат Әуезовтiң “Қазақстандағы қытайлардың саны айтылып жүргендегiден әлдеқайда көп” деп аталатын көлемдi сұхбаты жарияланды. Сұхбаттың әлқиссасында М.Әуезов былай дейдi: “Шынымды айтайын, жағдайды қадағалап жүргенiм жоқ. Бұл мәселе менi қатты мазаламайды да. КСРО-дағы үздiк оқу орындарының бiрi – Мәскеу мемлекеттiк университетi жанындағы шығыс тiлдерi институтында қытай тiлiн оқысам да, өзiмдi классикалық синолог санамаймын. Бiз онда тек лингвистикалық iлiм алған жоқпыз, елдi тұтастай зерттедiк. Қытайдың әскери терминологиясын жақсы бiлемiн. Өйткенi институтта әскери кафедра бар едi. Қытайдың әскери лексикасына баса мән берiлдi. Олай болатыны, бiздi соғыс жағдайында аудармашы болуға үйреттi”.
Белгiлi қытайтанушының “жағдайды қадағалап жүргенiм жоқ” дегенi өзiн тым белсендi етiп көрсеткiсi келмегендiктен болар. Әйтпесе, “Мұрат Әуезов Қытайға көз тастауды қойыпты” дегенге кiм сенедi?
Қытайдың Қазақстанға деген, жалпы әлемге деген көзқарасы өзгердi ме? Бұл сұрақтың жауабын Мұрат Мұхтарұлы былай түйiндейдi: “Қытай қоғамында өз күшiне деген сенiмдiлiктiң артқанын байқадым. Қытайда дипломатияның деңгейi өте жоғары. Бүгiнгi күнi ол әлемдiк гегемондарға ғана емес, ең алдымен қытай халқына бағытталған. Шыңжаңда да, Пекинде де жиi болып жүрмiн. Қытайлардың iшкi көңiл-күйi күрт өзгерген. Өз күштерiне, тiптi артықшылықтарына сенiмдi. Бүгiнде қытайлықтар өзiн тағы да жердiң кiндiгi санайды”.
Қытайлықтар өзiн “жердiң кiндiгi” санайтынын қазақ қана емес, орыс та, америкалық та, немiс те, ұйғыр да, шүршiт те бiледi. Бiлгенiңiз не, бұған сенедi де. Сенбеске амалы жоқ.
“Жас Алаш” осы Қытай мәселесiне қатысты бiрнеше мәрте дөңгелек үстел өткiзген-дi. Осы жиындарда Мұрат Әуезов “Қытайтану институттары қажет” дегендi сан мәрте айтқан.
“Кем дегенде Ресейтану және Қытайтану институттарын ашу керек. Бұлар – бiздiң ең жақын көршiлерiмiз әрi стратегиялық әрiптестерiмiз. Бұл елдердi зерттеу үшiн жүйелi түрде кадр дайындауымыз керек”, – дейдi қытайтанушы.
Бiз Қытайды да, Ресейдi де жақсы бiлетiн сияқтымыз. Өзiмiз солай деп есептеймiз. Шын мәнiнде бұл елдер туралы түк бiлмеймiз. Бiлетiнiмiз – Қытай қорғаны мен Кремльдiң қабырғасынан әрi аспайды. Мұндай институттарды ашуға Ақорданың өзi мүдделi болуға тиiс. Егер Қытайтану және Ресейтану институттары жүйелi жұмыс iстеп тұрса, “Қытай экспансиясынан және Ресейдiң империялық амбициясынан еш қауiп жоқтығын” түсiндiрiп арамтер болмас па едi, кiм бiлсiн...
М.Әуезовтiң мына пiкiрi де адамды бейжай қалдырмайды: “Шыңжаңда ұлы көш жүрiп жатыр. Қытайдың iшкерi аудандарынан қытайларды бiздiң шекарамызға жақын маңға көшiрiп әкелуде. Олар тамаша қалалар мен жолдар салып жатыр. Бұл – миллиондар. Бұлардың өндiрiстiк-құрылыстық бригадалары бiр тәулiктiң iшiнде Қытайдың кәсiби армиясының бөлiмшелерiне айналып шыға келедi. Саны Қазақстан тұрғындарымен шамалас. Және де тiкелей Пекинге бағынады”.
Маңғыстаулық оқырманымыздың “Қазақстан билiгiндегiлер Қытайға ләм-мим дей алмайды” деген пiкiрiн М.Әуезов шегелей түседi. “Қазақстан Қытайға қатысты ешқашан қатқыл саяси мәлiмдеме жасаған емес. Даулы жерлерге қатысты да, трансшекаралық өзендерге қатысты да”, – дейдi Әуезов. Сөйтедi де, өз басынан өткен мысалды сөз етедi: “Қытай әрқашан “бұл мәселелердi (жер дауы мен трансшекаралық өзендер жайы – Е.Р.) талқылап жатырмыз” деп жақауратып жауап бередi. Цзянь Цземинь Қазақстанға келiп кеткен соң трансшекаралық өзендердiң суын тек Қытайдың мүддесiне пайдалану туралы құпия бұйрық берген. Мұны Қытайдан жiберген құжаттар арқылы бiлдiм. Қытайдың түйткiлдi мәселенi шешуге құлықты емес екенiн жария еткенiмде маған арнайы қызмет өкiлдерi жетiп келдi. Менен әлгi құжаттарды алғысы келдi. ҰҚК қызметкерлерiне құжаттарды қаттап бердiм. Қытайлар Қара Ертiске орасан зор су қоймасын салды, Iленi байлап тастады. Қытайдың жермен айналысатын шаруашылықтары пестицидтердi өте көп пайдаланады. Сосын ол су Iлеге құйылады. Қапшағай су қоймасының неге айналғанын көрмейсiз бе, борсыған шалшық суға айналды.
Өздерiңiз көрiп тұрғандай, әлгi құжаттардан ешқандай да реакция болған жоқ...”.
Егер Қытайдың “жiлiгiн шағып, майын iшкен” Мұрат Әуезов құпия құжатқа қатысты әлгiндей масқара жайттарды жайып салмағанда, маңғыстаулық оқырманымыздың ашынғанда айтқан “Қытайдың төрi – Атаңның көрi” деген ауыр сөзiн тақырып етпес едiк...
Ерiк РАХЫМ
"Жас Алаш" газеті