Жұма, 22 Қараша 2024
Құйылсын көшің 3224 2 пікір 17 Қазан, 2023 сағат 15:55

Ей, қазақтың баласы, туған жерге туыңды тік!

«Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру - біздің қасиетті парызымыз». Осыдан бес жыл бұрын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылы 20 наурызда уақытша президент мандатын алып, кезектен тыс өткізілген сайлау науқанымен әулие-әнбиелер мекені болған қасиетті Маңғыстау жеріне 12 наурызда табаны тигенде осылай айтқан екен.

Болашақ Жаңа Қазақстан Президентінің аузына Құдай салған шығар, әлде кездейсоқтық болар, бірақ, осы аралықта еліміз үлкен сыннан өтті. Жаңаөзеннен басталған ұшқын оңтүстік қалаларда бомба болып жарылды. Жіліктің майлы, майсыз басын толықтай қолына ұстап келген Ескі Қазақстанның еркетотай шонжарлары монархия құруға дәмеленіп, бұлғақ бастады. Конституция ұстап, серт берген Президентіміз әлдекімдер құсап долларға лық толған ұшақпен шетелге тұра қашпай, өз өкілетін пайдаланып, республиканың туын жықпай, азаматтардың өмірі мен мал-мүлкін қорғап қалды.

Қазан айының 11-і күні әлемнің 40 елінен 200-ге таяу делегат келіп, бас қаламыз – Астананың төрінде 300-ден астам саясат, бизнес, мәдениет, ғылым, білім, медия, медицина элиталары бас қосқан мына форум соның айғағы. Форум спикері – Германияның Кельн қаласындағы Қазақ қауымдастығының төрайымы, Еуропа қазақтары құрылтайының төрайымы Садия Сүрер ханымның тебіреніске толы сөзімен айтсақ: «Астана қаласы күннен күнге көркейіп барады екен. Жас мемлекеттің өркендеуі ел ішіндегі тыныштыққа тікелей таңулы».

Кәрі құрлықтың суын ішіп, ауасын жұтып, құндылықтарын ұстанатын ханымның мына жүрекжарды сөзі еркіндік пен тәуелсіз ойдың қадірін білмей, тырнақ астынан кір іздеп, революция сағынып жүрген шолақ ойлы, бар мәселеге жеке мүдде тұрғысынан қарайтын өзімшіл «батырларға» ой салса дұрыс болар еді.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгеше», - деп ойшыл Шәкерім қажы айтқандай, бұл жолғы форумның ұйымдастырылуы, қамтыған кеңістігі, көтерген мәселелерінің өткірлігі мен шынайылығы басқаша болды. Делегаттар құрамының салмағы мен сапасына үңілер болсақ, дерліктей шетелдегі қандастарымыздың элитасы деуге келеді. Әсіресе, жастар жағы көзге шоқтай басылып тұр. Ресейден келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «A-studio» продюссері Байғали Серкебаев пен Ресей музыка каналының бұрынғы жүргізушісі, медиа-менеджер Арман Давлетяров мырзаларды бүкіл ТМД кеңістігінде еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін біледі. Олар да бойындағы қазақ қаны тартпаса, анау-мынау форумда төбе көрсетпейтін кісілер.

Қытайдан келген жазушы Әкпар Мәжитты Қытай қазақтарында білмейтін адам кем де кем. Қазақтан шыққан тұңғыш қытай тілінде жазатын жазушы ретінде де миллиардтар елінде кең танымал. Қоғам қайраткері ретінде де екі елде танымалдыққа ие. Бүкіл Қытай жазушылар одағына тиесілі «Жазушы» баспасын басқарды. «Ұлттық жазушы» журналының қазақша басылымын, «Халық» порталының қазақша нұсқасын шығаруға ұйтқы болды. Пекин қалалық мәслихаттың, бүкіл Қытайлық парламенттің депутаты болды. Аталары қаракөктің тұқымы болған. Әкесі Сағат Жайпақ Пекиндегі орталық радионың қазақ бөлімін құрған, шешесі Тұрсын Жолымбетқызы Қытай қазақтарынан шыққан танымал журналист болып табылатын өнегелі, өрісті отбасының тумасы Жанар Сағатқызы жастық шағын Мәскеуде өткізіп, тележүргізуші, режиссер болып қалыптасса, толысқан шағында бүкіл Қытайлық кино-телевидение индустриялық өндірісінің ауыр салмақтағы продюссер-режиссері болып  танылды.

Өзбекстаннан келген тұлға, экс-депутат Расул Көшербаев пен жас та болса саясат сахынасына жарқырап келе жатқан Мерей Аманбаева, Моңғолия ұлттық ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыпар, ақын Бәйт Қабан, нейрохирург  Нұрбек Бабан және Франциядан келген Ешім Саваш, АҚШ-тан келген Арай Сабыржанқызы сынды жат жерде жүріп, адал еңбек, биік парасатының арқасында толағай табысқа қол жеткізген тұлғалардың Қазақ елінің бірегейлену үдерісінде алар орны, қосар үлесі шексіз болады деп сенеміз.

«Отандастар қоры» ұйымдастырған бұл форум көне сүрдекке түспей, той-томалақ сарынына салынбай, халықаралық стандарттарға жауап беретін деңгейде өтті деуге болады. Оны әр сессияның тақырыбынан байқаймыз.

Бірінші сессияда модератор Ринат Кертаев әуелгі сөзді ел Президентінің құттықтау  хатын алып келген кеңесші Мәлік Отарбаев мырзаға берді. Одан кейін сөз тізгінін әр елден келген дуалы ауыз тұлғалар жалғастырды.

Екінші сессияда «Ел дамуында қандастардың рөлі» талқыланса, шамалы үзілістен кейін «Qazalem» порталының презентация өтті. Екінші сессия «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті - ұлттық құндылықтарды ілгерілеу драйвері» деген тақырыппен ұштасса, үшінші сессия «Медиа және заманауи трендтер» деген тақырыппен өрістеді.

Төртінші сессияда «XXI ғасырдағы ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері» деген, еліміздегі және шетелдегі қазақтардың талмау жері болып саналатын нәзік те күрделі тақырып сарапқа салынды. Алдыңғы сессия спикерлері болып сөз алған ұлы қорған елінен келген кәсіпкер қандасымыз Өркеш Сламбол, Эйфель мұнарасы жанынан келген әкім қызымыз Ешим Саваш қағазға түскен мәтінді қинала, кібіртіктеп оқыса, терістіктегі державаның азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Давлетяров бауырымыз көршінің тілінде ағыла жөнелді. Қырықтың қырқасына шығып, ақыл-ойы тоғысқан үш қандасымыз да келесі форумда ана тілімізде сайрауға сөз берді. Әрине, «уәде Құдайдың сөзі» дейді аталарымыз. Шетелдегі қандастардың элитасына кіретін үшеуі де ана тілін өздері игеріп қана қоймай, айналасындағы өздеріндей көптеген жастарға ықпал етеді, үлгі көрсетеді деп сенеміз.

Өлген тілін тіріліткен еврейлермен салыстырғанда, жұтаған, қақпай көрген тілімізді есіктен төрге шығару бізге қиын түспес. Өйткені, бізде атам заманнан қалыптасқан, көптеген қоғамдық формация өзгерісінен аман шыққан, шекара қызыл сызығынан тежелмей бізге жеткен ата дәстүріміз бар. Осы дәстүрлер ұлтты ұйыстырып, шашау шығармай, атажұртқа магнитше тартып тұрады. Соны терең сезінген ұйымдастырушылар форумға ертерек келген қандастарды ұлттық спорт қауымдастығының мәдениет бағдарламасы аясында құс баптау, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ, көкпар сынды дәстүрді ойындармен жаққыннан, бетпе-бет таныстырып, көшпелі заманның қуаты мен құдіретін сезіндірді.

Қазақ билігінің біраз баспалдақтарын басқан, қазір «Тоғызқұмалақ» федерациясының президенті, ауыр  салмақтағы саясаткерлер санатына кіретін Алихан Байменов мырзаның форумда бір сессияда модератор болуы, сонымен бірге меценат, кәсіпкер, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы, ұлттық спорт қакымдастығының президенті, форум демеушісі Ислсмбек Салжанов мырзаның сессия спикері болуы ұлттық құндылыққа деген сұраныстың ұлғаюы әрі ұлттың өзін-өзі тану процесіндегі, ұлттық бірегейлену үдерісіндегі бір белес болып табылады. Дін саясатқа айналып, секталар жан-жақтан келіп жайғасып алған заманда ұлттық иммунитетімізді дәстүр ғана көтереді. Жанымызды тазартып, рухымызды биіктетеді деп білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, форум өз миссиясын толық орындады деп айта аламыз.

Тәуелсіздік қарсаңында басталып, тәуелсіздікпен бірге толыса отырып, тұғырына мінген «Қазақ көші» әлемдік геосаясаттағы саясаткерлер санасатын халықаралық құбылысқа айналып келеді. Өз этностарын атамекнніне әспеттеп шақыратын әйгілі үш елдің қатарынан орын алдық. Бұл да болса ел бастаған серкелер мен жасампаз халқымыздың жанкешті еңбегінің арқасы. Форум басталып шырқау жеріне жеткенде дипломат, қоғам қайраткері, «Отандастар қоры» КеАҚ-ның президенті Абзал Сапарбекұлы қонақ иесі ретінде Қазақстан картасы бейнеленген сахынаға еліміздің көк туыының символдық нұсқасын ілді. Сонымен, ал, қазақтың баласы, туған жерге туыңды тік!, - деген ишараны әр кім жүрегімен оқып, жанымен сезінді.

Мына жаһандану заманында, өңірлік қауып-қатерлер жыл құрғамай көбейгенде әрі-сәрі болмай, ары-бері сабылып, құдайы қонақ атанбай, іргеңді бекіт, шаңырағыңды биік көтер, исі Қазақтың баласы! Бізде шығыс пен батысты, терістік пен түстікті жалғап жатқан, әркімдер келіп нәпақа тауып жатқан нарықтың үлкен мүмкіндігі бар, революция,  аштық, репрессияның теперішін көрсе де пейілі тарылып, көңілі суымаған  халық бар. Ұйыған береке, жердің асты-үсті толған байлық бар. Көш байсалды болсын!

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3215
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5233