Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3889 0 пікір 3 Қыркүйек, 2013 сағат 08:59

Сырым Дат. Қайрат Нұртас және «мәмбеттер»

Тамыз айының соңғы түні Алматыдағы «Прайм-плаза» сауда үйінің үйінің ұйымдастыруымен өткен караоке сайысы соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқаны мәлім. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, қоғамды қақ жарғандай болды. Әңгімені басбұзарлыққа тірегіміз келіп отырған жоқ, оның ақ-қарасын тиісті органдар қарастырар. Сол шараға жиналған үш мың адамның 300-і қатысты ма, әлде әлдебір ұйымдасқан топтың қылығы ма – ол жағы біз үшін қызық емес. Біз үшін қызығы – бұрын әлеуметтік-саяси жағдайда ғана бас көтеріп жүрген ауылдықтардың, яғни қазақтілді қауымның осы жолы өнер жолында бас көтеруі, көтермесе, соған сеп болуы. Бұл жайт – бұған дейін өздерін мәдени қаймақ санайтын «қалалықтарды» (қалалық жұрттың бәрін бұған санау – әділетті болмас) – ауылдық жастарды «мәмбет» сөзімен қалаға тұруға рухани қақысы жоқ әлеуметтік топ ретінде шеттетуге тырысып, өздерінің «ақсүйектік» болмысын барынша биіктетуге талпынатын  ортаны, ауылдық «қарасирақтар»  басынғандай болды.

Тамыз айының соңғы түні Алматыдағы «Прайм-плаза» сауда үйінің үйінің ұйымдастыруымен өткен караоке сайысы соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқаны мәлім. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, қоғамды қақ жарғандай болды. Әңгімені басбұзарлыққа тірегіміз келіп отырған жоқ, оның ақ-қарасын тиісті органдар қарастырар. Сол шараға жиналған үш мың адамның 300-і қатысты ма, әлде әлдебір ұйымдасқан топтың қылығы ма – ол жағы біз үшін қызық емес. Біз үшін қызығы – бұрын әлеуметтік-саяси жағдайда ғана бас көтеріп жүрген ауылдықтардың, яғни қазақтілді қауымның осы жолы өнер жолында бас көтеруі, көтермесе, соған сеп болуы. Бұл жайт – бұған дейін өздерін мәдени қаймақ санайтын «қалалықтарды» (қалалық жұрттың бәрін бұған санау – әділетті болмас) – ауылдық жастарды «мәмбет» сөзімен қалаға тұруға рухани қақысы жоқ әлеуметтік топ ретінде шеттетуге тырысып, өздерінің «ақсүйектік» болмысын барынша биіктетуге талпынатын  ортаны, ауылдық «қарасирақтар»  басынғандай болды.

Бұрыннан да «тегі басқаларды»  менсінбеуге тырысатын қалалық «тектілер» Қайрат секілді ауылдық әншіні байқамауға, әнін тыңдамауға, таныса да білмеуге тырысатын. Енді сол «қаражаяулар» бұл «төре» топты әбден басынды! Әуелі Тұрсынбекше айтқанда – бұтына трико, аяғына галош кигендер даладан қалаға келіп, 5-6 жылдың ішінде тойбизнестің ақшасын былай қойғанда, шоубизнестің қаржысын күрейтін болып алды. Тіпті, «Өкініш» деген фильмі шығынды былай қойып, еселеп пайда тапты. Бұл қалай сонда?! «Төрелердің» аумағын «қаражаяулар» басып алғаны ма?

Иә, бұлардың бәрі – тәжікелескен кешегі қазақ халқының кеңестік өмірінен қалған «социалистік» салдар болатын. Ауылдық резервациядағы қазақтардың бірен-сараны қалаға тұрақтап, әлгі «ақсүйектердің» қатарына кіретін де, қаладағы жалғыз қазақ мектебіне баласын оқыта алмай, амалсыз «мәңгүрттер» тобына тіркелетін... Ақыры солардың 2-3-ші жаңа ұрпағы өзінің ата-анасы шыққан ауылды менсінбей, одан өрген қазақ жастарын «мәмбет» дейтін болды. Өйткені, ұлттық сананы паршалаған кеңестік идеология әрбір жас қазақтың басына ұлттың бейшаралығын, мәдениетсіздігін, тексіздігін, жабайылығын, шарасыздығын тықпалай отырып, «адам» қылған ұлттың кім екенін, тағысын тағыларды өте нәзік түрде сіңірген еді.

Бұлар текке кеткен жоқ: ауылдағы қазақтың да, қаладағы қазақтың да санасы қазақ болуға именіп, ұялатын, реті келсе, сол «тобырлық резервациядан» ажырауға, іргесін аулақ салуға ұмтылатын іштей рефлекс қалыптасты. Міне, осы рефлекс қалаға келе алмай, ауылда қалған қазақтілділер тарапынан «мәмбет», ал резервациядан құтылып, «ақсүйектер» қатарына кірген қалалықтар тарапынан «мәңгүрт» деген полюсті қалыптастырды. Бұлардың біреуі қаланың ыңғайлы да жайлы өмірін екіншісінен қызғанып әрі сол игілікті өзінің игере алмауынан кектенсе, біріншісі өзінің этностық ортадан алшақ кеткенін бүркеу үшін әрі соны ақтап, жанын жегідей жеген сатқындық сезімнен құтылу үшін екінші тарапты жабайы көріп, ат-тонын ала қашуды қорғаныш санады, өзін ұлттық  тіл мен болмыстан аулақ ұстады. Осылайша бір ұлттың екіжүзді сипаты пайда болды...

Ақыры қызыл империяның кесір идеологиясы мен саясатынан құтылудың орнына  соңғы 20 егемендік жылды біршама текке өткіздік. Бірақ қалалық қазақтың орнын қалаға ағылған далалық қазақтың жаңа ұрпағы басты. Бүгінде жабылуға таяған талай орыстілді мектептер мен ЖОО-ның орыстілді бөлімдері әлгі соңғы «ақсүйектенген» ұрпақпен аман қалып, өмірден өз орнын ойып алды. Сөйтіп, екі жарылған сана одан әрі екі жағаға ығыса түсті. Кешегі өз өнері мен бауырына жирене қараған топтың қарасы азайған жоқ, жаңа әлеуетке айналды.

Бір оқиғаға бола бір ұлттың тағдырын соншалықты талдау дұрыс болмас, дегенмен, кешенің бүгінде біршама ізі мен ызғары бар екенін жоққа шығару қиын. Сөйтіп, кеңестік кезде орыстанған топ өз қандасынан жиренсе, енді ол категория біршама күрделенді. Тіпті, ауылдан кеше шыққандар да «өз жатырына шаба бастады». Танымал, ТМД елдерін біршама шарлаған жас әнші Мақпал Исабекова «Мен қазақ әншілерін тыңдамаймын!» деу арқылы жаңа толқынның бойындағы кешегі антирезервациялық рефлексті тағы бір байқатты. Бұл арқылы ол суперстар болып кеткен жоқ, бар болғаны – «мәмбеттік деңгейден» бойын ала қашқан сыйқы.Ол – Мақпалдың жеке кембағалдығы ғана емес, жас ұрпақтың ұлтына қатысты комплексі.

Мұндай кембағалдық барлық жұртта болған, бола береді. Бірақ бәрі өткінші. Әлемді жайлаған ағылшынтілді жұрт та бұ дүниеден болмағандай көше шығады. Бәлкім бір кезде түркітектілер, соның ішінде қазақтілділер әлемнің рухын ұстайтын күн туары сөзсіз. Сол кезде керісінше, ағылшынтекті не орыстілділер арасында өздерін өз жұртынан ала қашатындай күн тууы әбден мүмкін.

Мына үрдісті аңдайтын уақыт болды: қанша дегенмен, қазақ халқы қаланы жаулауды аяқтап келеді, енді оны игеріп, меңгере бастады. Қайраттар соның әлсіз болса, да алғашқы жарқын көрінісі. Ит үргенмен - керуен көшеді. Енді Қайраттардың көбейетіні сондай, оларды жазғыру мен менсінбеу былай тұрсын, жаппай қазақтілді әнші болуға ұмтылыс молаяды. Себебі, қазақ тілі мен оның әні, киносы ақша таба бастады! Енді қайтесің? Баян Есентаеваның сөзімен айтсақ – Тұз жала болмаса Өле қал!

«Қайрат НҰРТАС әнші емес екен» - Оттаған әңгіме! Әрине, Қайрат қазақ эстрадасына жаңалық әкелмес, дауысы  зор болмас, ауылдан кеше шыққан болар... Бірақ шоубизнесте бір ғана көрсеткіш бар – өнерің ақша табуға жарай ма, тұрақты тұтынушың бар ма – болды! Қалғаны - бос былшыл! Және Қайраттың тыңдарманы қылмысқа баруға әзір екен! Демек, бұл қазақ руханиятындағы феномен! Қазақ әнінің піртұтары бар! Бұл – әнші өнеріндегі ең бақытты шақ! Ендеше, «мәңгүрт» те, «мәмбет» те тарихтағы біздің рухани тыртығымыз болмас, елеусіз ғана жараның орны болып, бітіп кетеді.

Ал Қайрат НҰРТАС елді бөлген жоқ, қауымды қақ жарған жоқ, бар болғаны әзірге дүбәрә топтар өзара айтысқа түсті. Яғни, ит үрді...ал керуен көше береді!

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333