Жұма, 1 Наурыз 2024
Билік 1981 4 пікір 2 Қараша, 2023 сағат 15:24

Макронның миссиясы орындала ма?

Мойындау керек, Жаңа Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенділігі ерекше. Солтүстік пен шығыстағы екі алып көршімен, Орталық Азиядағы қоңсылармен, мұхиттың арғы жағы - Америка, бергі жағы - Еуроодақпен – бәрімен байланыс орнығып жатыр.

Құдды бір Астана әлемдік жаңа архитектурада өз орнын іздеп жүргендей.

Бәрекелді-ақ!

Міне, осы апта да Астана үшін дипломатиялық мәнге болғалы тұр. Ертеңдері елімізге Венгрия премьері Орбан, сосын Түркия президенті Ордаған ат басын бұрғалы тұр, одан кейін Түркі одағы елдерінің саммиті тағы бар.

Бүгін, міне, Франция президенті Эммануель Макрон қар боратып бас қаламызға келді.

Әлемнің беделді елдерінің басшыларының елімізге келуін, әрине, билік өзінің халықаралық һәм ел ішіндегі имиджін жақсарту үшін пайдаланатыны да түсінікті, кез келген – құй, демократиялық болсын, құй авторитарлық болсын – өкіметттің әлмисақтан келе жатқан әдеті осы емес пе?

Әлемнің аса беделді бір елі – Францияның басшысының Қазақстанға ресми сапармен келуін де біздің билік дәл солай насихаттайтыны белгілі.

Біз болсақ, ресми ақпаратпен бірге, осы сапардың астарында тағы не жатқанын бағамдап көрелік.

Қазақстанның мүддесін айтсақ, ол, алдымен, Еуроодақтың белді мүшесі арқылы «ұжымдық Батыспен» қарым-қатынасты реттеп алу. Әсіресе, Батыс санкцияларының астында қалған Ресеймен жеті жарым мың шақырым ортақ шекарасы бар, әрі ЕАЭО, ТМД, ҰҚШҰ секілді одақтық құрылымдар арқылы Мәскеуге әртүрлі (объективті және субъективті) түрде тәуелді боп отырған Астана «ұжымдық Батыс» алдында бетін ашып алғысы келеді. Әйтпесе, санкциялар дегеніңіз кесірлі ғана емес, кешенді бәле, санкциялық елмен тым жақын боп кеткен бізге де жұғып кетуі әбден мүмкін.

Сонымен бірге, біздің елдің өз энергетика саласын өркениетті түрде дамытуға деген ниеті Франция секілді осы салада әлемдік көшбасшылардың бірі болып отырған елдің ұмтылысымен сәйкес болып отырғаны байқалады. Соның ішінде ең елеулісі әрі баршаны қызықтырып һәм мазалап отырғаны – Қазақстанда атом электр стансасын салу жобасы. Президент ол мәселе референдум арқылы шешіледі деді. Ол да дұрыс. Әрине, салу-салмау мәселесі оң шешімін тауып жатса, ондай аса маңызды жобаға Франция секілді беделді де өркениетті, жауапты елдің ат салысқаны да дұрыс болар.

Ресми түрде айтылмаса да, бірқатар сарапшылар бұл күндері Қазақстанның уранының да Францияға экспорты жайында біраз жазды. Жел болмаса... уранның бағыты өзгере қоймас дегендей. Әлемде уран өндірушер арасында бәсеке күшейген қазіргі кезеңде Қазақстан да уран нарығындағы өз орны үшін барын салып таласатыны түсінікті.

Өз сөзінде президент Тоқаев атом саласымен қатар тау-кен өндіру, химия, машина жасау, құрылыс, аэроғарыш және фармация салаларын да атады. Бірақ, мұның бәрі әзірше жобада болса керек, өйткені, мәселен, өткен жылы Қазақстанның Францияға экспорты 1,4 миллиард доллар құраса, соның 1,3 миллиард доллары... сол баяғы мұнайымызға тиесілі екен. Диверсификацяиның көкесі әлі алда!

Сәйкес инсайтымыз болмаса да, айтып қалайық: осы сапарды әзірлеу барысындағы келіссөздерде талай жылдан бері Францияда тұрып, Қазақстанның тұңғыш президенті мен екінші президентін өзінің жекебас жауы көретін Мұхтар Әблязовтың тағдыры да талқыланса керек.

Францияның мүддесіне келсек.

Әлемдік архитектура түбегейлі өзгеріп, жаңа ықпалды орталықтар пайда болып жатқан кезде Франция да өз есесін жібергісі жоқ. Соның ішінде, Еуроодақ қатарынан Ұлыбритания кеткеннен соң, ЕО-дағы көшбасшылық үшін жасырын бәсеке осы Франция мен Германия арасында өрши түскені белгілі. Геосаяси процестерге қатысу, сонда беделді сөз сөйлеп, бастамашыл болу да осы екі елдің еншісінде бола бермек.

Макронның «вассал болғысы келмейтін» және «гегемонияға ұмтылған» елдер туралы сөзінің астарында түсінген адам үшін көп нәрсе жатса керек. Әсіресе, Ресей жағына біраз ой салатын философиялық тұжырымдар.

Оның үстіне белгілі себептерге байланысты Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан мен Өзбекстанға деген қызығушылық артып жатыр. Біздің аймаққа ат арытып келуші дипломаттар көбейіп кетті. Макрон да солардың қатарынан болса керек.

Жоғарыда аталған АЭС салу мен уран сатып алу, «жасыл экономиканы» жандандыру бағыты да Франция үшін өте-мөте маңызды екенін білеміз.

Қазақстаннан кейін Макрон көрші Өзбекстанға барады. Ол жақта да қол қойылғалы тұрған құжаттар осал емес. Жеме-жемге келгенде,  Париж Астана мен Тәшкенттің бизнес һәм саяси ұсыныстарын салыстырып, солан кейін ғана түпкілікті шешім қабылдар. Ол да болса, әлемдік бәсекенің, нарық пен дипломатияның өз заңдылықтары деп қабылдайық.

Көкірегі ояу, көзі ашық ағайын осы күндері Қазақстанның Батыс елдерімен тату-тәтті қарым-қатынаста болуын қаламайтын (соны көре алмайтын, қызғанатын!) Ресей жағының ақпараттық шабуылының куәсі болды.

Сөз жоқ, біздің елдің Франция секілді экономикасы мен мәдениеті дамыған, әлем тарихында орнын ойып алған озық елмен достығы одан сайын нығаюы постсоветтік психология құрсауынан әлі де шыға алмай жатқан солтүстік көршімізге аса қатты жаға қоймаса керек. Еуропалық демократиялық құндылықтарға, ашық экономикаға, әділетті әлеуметтік саясатқа жақындай түскен кез келген ел ескі-құсқы советтік үрдістерден алыстай түсетіні белгілі.

Ертеңгі күні Макронның Тоқаевпен кездесуі туралы жазған сол ресейлік БАҚ материалдарын оқығанда осы жәйтті естен шығармайық.

Әміржан Қосан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар