Бейсенбі, 15 Қаңтар 2026
Ақмылтық 243 0 пікір 15 Қаңтар, 2026 сағат 13:51

Құрылтай - ой, сөз еркіндігінің кепілі болсын!

Сурет: Qandastar.kz сайтынан алынды

20 милиион халқы бар Қазақстан Республикасында сенат та бар, парламент те бар, Құрылтай да бар... Сенат, парламент түсінікті ал «Құрылтай» қандай құбылыс?

Бұл билік ойлап тапқан, имитациялық (симулятивті) саяси институт. Яғни форма бар, рәсім бар, атау бар («Құрылтай»), бірақ мазмұн алдын ала анықталған. Мұны саясаттануда «имитациялық демократия» деп атайды. Қоғамда неге бұл классикалық Құрылтай емес? деген сұрақтар көп қойылады. Тарихымызда Құрылтай болатын, мәні төменгі билерден жоғары (bottom-up) ханға бағытталып, ұсыныс халықтан шығатын еді. Хан тыңдайтын, талқыға салатын, кейде жөн болса көнетін. «Астындағы жалғыз атын соятын»... Жарайды қиялдап кеттім бе...

Қазіргі практика бойынша, ұсынысты билік аппараты дайындайды, қоғам тек «қолдаушы көп» рөлінде қалған, дискуссия жоқ. Бұл жағдайда Құрылтай кеңесші орган емес, легитимация құралы ғана.

Билік мұны неге жасайды? Биліктегі «легитимдік аштықты» білдірмеу үшін. Билікке қоғаммен диалог жасап жатқандай көріну керек. «Халықпен кеңес» формасы қажет.

Нағыз еркін Құрылтай төтенше идеялар, билік жүйесіне сын, балама күн тәртібі және т.б. «қауіптер» алып келуі мүмкін. Ал бұл — билік үшін масқара. Сондықтан бұл жерде «қауіпсіздік логикасы» сақталады.

Кеңес дәуірінде шешімдер ПолитБюрода қабылданды, жиналыстар тек «мақұлдау» үшін өтті. Сол модель біздің билік санасынан әлі кеткен жоқ. Демек, біз әлі кеңестік саяси мәдениеттің жалғасымыз. Бұл не көзбояушылық па? Әрине, егер ұсыныстар алдын ала бекітілсе, балама пікір еленбесе, нақты кері байланыс болмаса.

Неге билік мұндай форматтан бас тартпайды? Өйткені мүлде диалогсыз қалу қауіпті, ал шынайы диалогтың механизмін білмейді, яки оған билік дайын емес. Сосын, қайтсін, «диалогтың имитациясы» жасалады. Бұған да шүкір. Мә саған мынаны қабылдаңдар деп, әр мекемеге «НурОтан» өкілдерін жіберсе ше? Есінеп отырып, дауыс ьере саламыз. Бұл саяси санаға зиян. Ең қауіпті салдары қоғамда цинизм қалыптасады, «бәрі алдын ала шешілген» деген сенім бекиді, азаматтық белсенділік өшеді. Бұл саяси сананың улануы.

Қандай Құрылтай шынайы болады? Шынайы Құрылтай үшін менң ойымша, кемі 5 шарт қажет.

Біріншіден, құрамында өкілдер өзгермелі болсын, онсыз — атауы ғана Құрылтай болады.

Екіншіден, ұсыныстар төменнен жоғары жиналсын.

Үшіншіден, балама пікір әрдайым болсын!

Төртіншіден, Құрылтай ой, сөз еркіндігінің кепілдік берілетін орны болсын, Бесііншіден, ұсыныстар сол Құрылтайда талқылансын!

Сонда Құрылтайдың құқықтық салмағы болады. Айтпақшы Құрылтайдың құқықтық статусы қандай өзі бізде...

Ұсынысты билік дайындап, халық тек тыңдаушы болса – бұл Құрылтай ма, саяси спектакль ме?!

Досан Кенжетай

Abai.kz

 

0 пікір