Жұртыңа жанашырсың ба, жаусың ба?
Немесе Жаңа Қазақстан тұсындағы сыншылдықты саралау
Конституция талаптарына жөне президент Тоқаев жариялаған «Алуан-түрлі пікір – біртұтас ұлт», «Еститін мемлекет» қағидаттарына сай еліміздегі жағдай мен билікке қатысты қоғам мен азаматтар тарапынан сын, балама пікір айтылуын заңды, демократиялық дәстүрге әбден сай жайт деп санаймын. Несін жасырайын, өзім де талайдан бері сол қатардан табылып келемін. «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін!», - деп, ескі және Жаңа Қазақстанға жеккөрінішті боп келе жатқан жайымыз бар.
Сонымен, бүгін, яғни ескі Қазақстаннан Жаңа Қазақстанға өткісі кеп жатқан біздің елде жария, қоғамдық сынның жағдайы қандай?
Меніңше, осы тұстағы сыншылдықтың бірқатар ерекшелігі бар.
Сөз жоқ, кез келген билік секілді Қазақстан билігінің кемшілігі жетіп асады. Бізде орын алған олқылықтардың объективті және субъективті себептері де бар.
Объективтісіне транзиттік кезеңнің қиындықтарын, әлемдік және ішкі дағдарыс (жалғыз ғана экономикалық емес!), қаржы тапшылығы, отыз жыл бойы тазаланбай келген Авгий атқорасының мүшкіл жағдайын жатқызуға болады. Оған ушығып бара жатқан геосаяси ахуалды қосыңыз: мұхиттың ар жағындағы Венесуэладағы жағдай, басқа ел аумағындағы мұнай тасымалдау құбырын дрондар шабуылдауы, қара алтын тасыған танкерлердің тәркіленуі біздің мұнайымыздың бағасына, қала юерді онсыз да таусылып бара жатқан бюджетімізге өз әсерін тигізеді деп кім ойлаған?!
Субъективті себептер қатарына бүгінгі үкіметтің шұғыл да шешуші реформаларды қолға алуға қауқарсыздығын, бейқамдығы мен біліксіздігін, менеджерлік мінезсіздігін, өз мойнына жауапкершілік алып, шешім қабылдай алмауын, кадрлық саясаттағы бұра тартушылықты, «бармақ басты, көз қысты» жемқорлықты қосар едім. Міне, көптеген сыншылар осы мәселелерді тізе отырып, қазіргі жағдай мен алда объекивті түрде күтіп тұрған қиындықтар туралы әбден орынды айтып, жазуда.
Байқасам, осы қауым, соның ішінде белгілі тұлғалар, сыни пікірін екі түрлі жеткізеді.
Бірі (және онысы әбден ретті) сыныққа сылтау, тырнақ астынан кір іздеп, аузына ақ ит кіріп, қара ит шығып, билікті жерден алып, жерге салып, жер-жебіріне жетіп, тиісті саяси ұпай жинаумен ғана айналысатын секілді. Өйткені, сын бар да, тығырықтан сол кемшіліктерді түзеу жөніндегі нақты ұсыныс жоқ, тек қана біржақты, жалпылама қаралау. Және де көбісі – мемлекет өмірінің барлық саласынан «хабардар» «әмбебап» маман: кез келген тақырыпқа бойлай береді! Олардың сөз саптауы тым тұрпайы десе болады.
Екіншілердің сыны – сындарлы. Яғни, сынап-мінеп қана қоймай, елдегі жағдайды, соның ішінде нақты салаларды, жақсарту жолдарын ұсынады. Ондай мамандардың, өкінішке орай, саны аз, алайда ол қауымның санаты – сапалы, сабырлы да салиқалы. Орынсыз радикализм, хайп жоқ. Сөз саптаулары ұстамды да ұғынықты, мән-мазмұнды да мәдениетті.
Бірін тіпті түсінбеймін, түсінбей ғана қоймай, жек көремін. Олар елдегі қиындықтар туралы жазғанда құдды бір жер астынан жеті қоян тапқандай, сүйінші сұрап жатқандай көрінеді маған! Және де сындарының артында: «көрдіңіздер ме, билікте мына оңбағандар емес, мен болсам, жағдай әп-сәтте мүлдем өзгеріп, барлық мәселе шешіліп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайды» деген сасық саяси дәме жатқандай!
Екіншілер елге шынымен жаны ашып, «көппен көрген ұлы той», елмен бірге бастан кешіп жатқан, алда да бірге көретін қиын-қыстау кезеңді бірге бастан өткеретінін біліп, сол кезеңнен тезірек шығуды меңзейді. Билікті сынаған сөздерінде еліне деген сүйіспеншілік, мемлекет болашағына алаңдаушылық бар. Олар сынды жеке бас рейтингін көтеру үшін емес, ортақ іске мысқалдай болса да өз үлесін қосып, көтеріп отырған мәселенің шынымен де өз шешімін табуы үшін айтады.
Бірі «тисе терекке, тимесе, бұтаққа» қағидатын ұстанып, бүгінгі билікті жамандаймын деп, қыза-қыза келе Отанымызға, мемлекетімізге тіл тигізуге дейін барады! Тура «бояушы, бояушы дегенге, сақалын боярдың» кері дерсіз! Олардың сөздері шетел жақта қайталанып жатады да, ұлтқа өз зиянын тигізеді. Меніңше сол: билікті, ондағы жеке тұлғаларды иттің бір жерінен жек көрсең де, Отаныңа опасыздық танытпа, оттама, туған жерге тіл тигізбе, мемлекетіңді мансұқ етпе!
Екіншілер ондай саяси әдепсіздікке бармайды, билікті сынаймын деп, өз елін, өз ұлтын қараламайды, өз жұртын басқа жұрттың көзінше төмендетпейді.
Бірі қоғамдық сын секілді жанрды пайда көзіне айналдырып алған сықылды. Тіпті шенеуніктер мен кәсіпкерлерді бопсалап, ақша тауып жүргендері де жоқ емес. Оны ұзынқұлақтан естіп, біліп, жүрміз.
Екіншілерінде ондай арам пиғыл жоқ.
Бірі сын секілді қаруды жеке басқа, өзіне жақпай қалған тұлғаға ғана қарсы қолданады, сөйтіп жүріп, клан не топаралық тартыстың қолшоқпарына айналып кеткенін білмей қалады. Бір адамнан өшін алғанша өлуге дайын.
Екіншілердің ондай ойы жоқ, олар жалпы жүйемен, жүйені құраған заңдармен, жүйені билеп отырған күштер мен жауапты тұлғалармен күреседі.
Қоғамдық сынның саяси астары да жоқ емес.
Байқаймын, бірі ескі Қазақстан тұсында өзін оппозиция санаса, Жаңа Қазақстан құрылып жатқанда, саяси инерциямен өзін сол ымырасыз оппозиция қалпында сақтап қалғысы келеді. Яғни, кезіндегі антиназарбаевшылдар бір күннің ішінде автоматты түрде антитоқаевшыл боп шыға келді. Елде болып жатқан аз да болса-дағы оң өзгерістер мен биліктің риторикасының өзгеруін олар мүлдем байқамайтын сияқты.
Екіншілер саяси процеске эволюциялық тұрғыдан қарауға тырысады. Кезінде билікке ашықтан-ашық қарсы шыққан тұлғалар бүгінде оның сөздері мен қимыл-әрекетіне жаңаша, жан-жақты қарауға тырысады. Өйткені өмір тек қана ақ пен қарадан тұрмайды, ол екі түстің басқа да реңктері және ақ пен қарадан басқа да түстер бар емес пе? Саяси санадағы мұндай өзгерісті объективті процесс деп санаймын және көкірегі ояу, көзі ашық ағайын осы астарды түсінеді деп ойлаймын.
Сынның ар жағында саясат та бой көрсетіп қалатыны бар.
Бірі саяси сынды президентке немесе биліктегі басқа да лауазымды тұлғаларға қарсы пайдаланады, кейбір экс-банкирлер секілді оны саяси вендеттаға, жекебас кекшілдікке ұластырып жібереді. Олардың кей кезде заң алаңынан шығып кететін, өте-мөте радикалды сөздері мен ұрандарына сеніп қалатын ағайын әлі де аз емес.
Екіншілері жалпыдемократиялық құндылықтар негізінде жүйені өзгерткісі келеді, өйткені жүйе жөнделсе, заңдар түзелсе, болашақта билікке келетін кез келген президент, оның айналасы, биліктің үш тармағы басқаша, өркениетті түрде, ең бастысы, халқымен санасып қызмет атқаруға мәдбүр болады. Ал бір «жаман» адамды екінші «жақсы» адамға ауыстырғаннан түк шықпайды: алтын көрсе, періштең де, президентің де жолдан таюы мүмкін!
Бірі революцияны, төңкерісті қалайды. Алайда оның салдарынан жазыөсыз адамдар құрбандыққа шалынып кететінін түсінбейді.
Екіншілері жүйені эволюциялық жолмен өзгерткісі келеді. Олар болуы ықтимал қан төгіске қарсы. Оларға елдің амандығы, мемлекеттің Тәуелсіздігі, жердің тұтастығы керек. Сол үшін жекебас саяси амбицияларын тыйып тастайды.
«Сынға...сын, сыраға бал» демекші, катаң цензура үстемдік етіп, тыйым салынған бірпартиялық Совет кезеңінде «сын түзелмей, мін түзелмейді» деп, мақала жазғанымыз есімізде. Ол кездің журналистикасы бас билікке тиіспесе де (ондайға кім жол берген дейсіз?!), жекелеген министрлер мен облыс басшыларының былықтарын қорықпай, ашып жататын.
Қазір бізде сол үрдістің өзі де жоқ.
Министр не облыс басшысын сынаған мемлекеттік БАҚ көрдіңіз бе? Тіпті президенттің өзі оларды жерден алып, жерге салса да, сол өзекті тақырыпты жалғастырып кеткен мемБАҚ бар ма? Оларды сынаса, тек олигархтарға бір табан жақын, онда да тек өз қарсыластарына ғана тісі бататын, құрылтайшылардың тапсырмасымен нақты тұлғаларға ақпараттық шабуыл жасай алатын БАҚ қана сынай алады. Оның өзі толыққанды сөз бостандығы емес, ол дегеніңіз топаралық талас-тартыс.
Ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қылуға дағдыланған билік те сынға деген көзқарасын өзгерту керек. Мәселен, «Алуан-түрлі пікір – біртұтас ұлт» деген қағидатқа кейбір шенділер осы кезге дейін қарсы сияқты. Неге десеңіз, төменгі жақтағы шенділер президенттің алдына барып, «маған тапсырған салаңызда, аймағыңызда ешқандай да проблема жоқ, барлық тапсырмаларыңызды мүлтіксіз орындап жатырмын» деп есеп берсе, тәуелсіз БАҚ немесе әлеуметтік желілердегі азаматтар басқаша баға беріп, министр не әкім жасырып қалған шындықты айтып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, министрлер мен әкімдердің жұмысына қоғам талаптары негізінде баға беретін азаматтар – президенттің тегін көмекшілері емес пе?! Шындық пен Әділеттікті іздеп, басын тауға да, тасқа да соғып, сол үшін шенділердің қудалауына ұшырап жүрген азаматтар арамызда жүр емес пе?
Сол себепті болар, әртүрлі деңгейдегі шенділер өздерінің көздерін шұқып, дәлелді де деректі сын айтқан кез келген азаматты өзінің ғана емес, мемлекеттің дұшпаны ретінде көрсеткісі келетіндей. Ескі Қазақстанның түбіне жеткен осы теріс үрдістен бас тартатын уақыт келді деп санаймын!
Әйтпесе, кезінде сын ұғымымен қатар «өзін-өзін сынау» деген де талаптар болған-ды. Өкінішке орай, ондай қасиет бүгінгі шенділердің бойынан көріне бермейді.
Ескі Қазақстан тұсында мансап жағынан өсу, атақ-дәреже мен марапат-сыйлық алу секілді үкіметтік жарылқаудың бірден-бір жолы болған жағымпаздық, шендінің алдында жорғалау секілді қасиеттердің әлі де салтанат құрып кел жатқаны, әрине, өте-мөте өкінішті.
Сөз соңында айтарым мынау.
Бүгінде плюралистік қоғам бір-біріне антагонист, жоғарыда көрсетілген екі бөлек сипаттары бар екі лагерьге бөлінген.
Меніңше, билік те күні кеше өз сұхбатында президент Тоқаев Сталиннен цитата ретінде келтірген «табыстан басы айналу» дертінен арылуы керек. Бір қызығы сол: бүгінде базбіреу биліктің бір жақсы бастамасын қолдай қалса, әлеуметтік желілерде оған екінші лагерь: «бұл адам сатылып кеткен, биліктің тапсырмасын орындап отыр», - деп жабыла кетеді! Яғни, биліктің жақсылығын айтудың өзі «қауіпті» боп барады! Өз басым мұндай жағдайды моральдық, саяси, өркениеттік тұрғыдан мүлдем орынсыз деп санаймын! Сөйте-сөйте, ертең мемлекетіміз, Республикамыз туралы жылы сөз айтудан қалмасымызға кім кепіл?! Сөйте-сөйте, елімізден, елдігімізден айрылып қалуымыз ғажап емес!
Жоғарыда сараланған сыншылдар тобының екіншілерінің бір өкілі ретінде мені дәл осы қауіп ерекше толғандырады!
Әміржан Қосан
Abai.kz