Сенбі, 23 Қараша 2024
Болған оқиға 2107 3 пікір 2 Қараша, 2023 сағат 15:56

Шах және мат: Иран билеушісінің ақыры

Тәкаппарлық пен менмендік, өзін халықтан жоғары санап әділет жолынан таю әлемге танымал талай патшаның түбіне жеткеніне тарих куә. Мұндай тағдыр тәлкегіне 1941 жылы әкесі Реза Пехлевиді сыртқы күштер тақтан тайдырған соң Ұлыбритания және Кеңес Одағының қолдауымен ел билігіне келген Иран шахы Мохаммед Реза Пехлеви де ұшыраған,

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылдық кезеңімен салыстыра қарасақ екі елдің билік жүйесінен ұқсастықты да, заңдылықты да көреміз. Реза Пехлеви тағдырынан түйер қорытынды қазақтың «ұлық болсаң кішік бол» деген нақылына келіп тіреледі.

Әдетте әмірлер мен хандар өмірге өзін құдай санайтын диктатор болып келмейді. Мохамед Реза Пехлеви де басында парламентпен кеңесіп, халықтың көңіл күйін ескеріп, ұстамдылық танытқан. Бірақ уақыт өте ол маңына жиналған жағымпаз малайлардың көпірте мақтауымен менмендік дертіне ұшырап, авторитарлық билік жолына түседі.

Бұл туралы ВВС телекомпаниясы түсірген Decadence and Downfall: The Shah of Iran's Ultimate Party («Іріп-шіру және Күйреу: Иран Шахының Соңғы Тойы») деген деректі фильмде жақсы баяндалған. ВВС журналисімен әңгімеде 1969-1971 студенттер қозғалысының жетекшісі болған Исмаил Хатаидың айтуынша сол кезде Иран халқы жаппай полицейлік бақылауға алынып, белсенділер түрмеге қамалып, тіпті студенттерге кітап оқу мұң болады. Америкалық журналстке берген сұхбатында Реза Пехлеви Иран түрмелеріндегі азаптау туралы сұраққа: «Әрбір дамыған ел тергеу барысында барынша жетілген азаптау құралдарын қолданады. Бұл сіздің елде де солай»  деп жайбарақат жауап береді. Сол жылдары Иран түрмелерінде бес мыңнан аса саяси тұтқын болса, қауіпсіздік полициясында 10000 адам болған екен.

Шектен шыққан даңққұмарлыққа шалдыққан диктатор 1967 жылы өзін ресми түрде «патшалардың» патшасы деп жариялап, Ахменидтер әулеті билеген дәуірдегі Иранның даңқын қайта түлету қиялына ұрынады. Осы мақсатта 1971 жылдың қазанында Парсы империясының негізін қалаушы Кир патшалығының 2500 жылдығын тойлау үшін көне Персеполис («Парсы қаласы») аумағында шатыр қалашық орнаттырып, алпыстан аса елдің басшылары, оның ішінде капиталистер мен коммунистерді бір дастархан басына жинап, құлазыған шөл далада адамзат тарихында болмаған той өткізеді. Сән-салтанаты келіскен шатыр үйлерге ұзындығы 47 шақырымдық жібек мата, қонақтарды күтуге Еуропа мейрамханаларынан 180 даяшы, 12000 шөлмек уиски, тағы басқа мыңдаған ішімдіктер, 250 оқ өткізбейтін лимузин, 18 тонна азық-түлік алдырылып, шатыр қалашыққа керектілер Франциядан 40 жүк көлігі, жүз шақты ұшақпен жеткізіледі. Шөл далаға Франциядан әкелінген 1500 түп ағаш отырғызылып, Испаниядан құстар алдырылады. Екі күнде бұл тойға Швейцарияның жылдық бюджетіне тең 635 миллион доллар жұмсалады.

Халқының 50 пайызынан астамы балаларын не мектепке жібере алмай, не тойдырып тамақтандыра алмай отырған елдегі бұл астамшылық жұрттың ашу ызасын тудырып, 1979 жылы аятолла Хомейни басшылығымен Ислам революциясы диктатор шахты тақтан түсіріп, шетелге қашуға мәжбүрлейді.

Әрине. Реза Пехлевидің биліктен осылайша абыройсыз кетуіне себеп болған дарақы той ғана емес. Иранда 1975 жылдан бастап бірпартиялық жүйе енгізіліп, саяси бостандықтардың қатаң шектелуі, өзге қоғамдық ұйымдар жабылып, тек билік партиясының ғана билеп-төстеуі де түрткі болғаны анық. Оның үстіне діни бостандыққа да шектеу қойылып, Реза Пехлевидің рухани тіректен ажырауы оның беделін түсірді.

Кейін ВВС арнасына берген сұхбатында Реза Пехлевидің зайыбы Фарах Пехлеви былай дейді: «Біз барлық жағынан Батысқа еліктеуге тырысып, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытып кеттік. Он бес-он алтыларға келгенше мен намаз оқушы едім. Жоғары оқу орынына түскеннен кейін намазды қойып кеттім. Шахқа тұрмысқа шыққаннан кейін бірде үстіме бикини ғана киіп ас үйге кіргенімде аспаз менен теріс айналып кетті. Сонда ғана біз ашық-шашық жүретін Еуропа емес, ұят пен әдеп қонған мұсылман елі екеніміз есіме түсті. Біз құдайды ұмытқан екенбіз. Ал аспаз намаз оқитын».

Тарихшылардың пікірінше Реза Пехлеви Кир патшаны ұлықтағанымен, Кир патша сияқты адам хұқын жоғары қоятын демократ бола алмады. Керісінше, уақыт өткен сайын саяси, діни бостандықтарды аяққа таптап, Иранның мұнайына көз тіккен Америка, Батыс елдерінің шахтың авторитарлық билігіне көз жұма қарауымен халықтан алшақтап кеткен диктаторға айналды.

Марат Ермұқанов,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371