Қазан төңкерісінің көмескі бояуы
Бұрынғыдай емес, тәуелсіз Қазақстанда осыдан 106 жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген Қазан төңкерісі көпшіліктің жадында көмескі тартып бара жатқандай. Бірақ, адамзат дәуіріндегі ұлы оқиғаны тарих бетінен мүлдем өшіріп тастау мүмкін емес.
Мектеп қабырғасынан бері оқулықтан идеологиялық електен өткен деректерді ғана санамызға сіңіріп өскен біздің ұрпақ ұлт көшбасшыларын, Алаш көсемдерін білмей өсті.
Қазан төңкерісінен кейін басталған әдеби шығармаларға, көркемөнер туындыларына «түзетулер» енгізу Кеңес Одағы құлағанға дейін жалғасты.
Орыстың дарынды суретшісі Владимир Серовтың туындылары да осындай бақылаудың құрбаны болды. Ол Лениннің екінші съезде Кеңес үкіметін жариялауын бейнелейтін өзінің әйгілі суретін екі рет салуға мәжбүр болды. 1947 жылы салынған алғашқы туындыдан Ленииннің артында тұрған Сталин мен Дзержинскийді көреміз. Хрущев билікке келгеннен кейін 1962 жылы қайта салынған суретте Сталин мен Дзержинскийдің орынында мылтық асынған қызыл әскер мен матрос тұр.
Гольдштейннің 1920 жылдың маусымында Лениннің мінберден поляктармен соғысқа аттанатын қызыл әскерлер алдында сөйлеп тұрғанын бейнелейтін фотосуретте мінбердің төменгі баспалдағында тұрған Троцкий мен Каменев партиялық тазартудан кейінгі фотосуреттерден өшірілді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Идеологиялық цензура тұрғысынан Қазақ жазушылары мен суретшілері туындыларының Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі тағдыры туралы деректерді де мұқият зерттеу қажет. Бізге жеткені мұрағаттарда сақталған суреттер мен деректер. Ал олардың бізге жетпегені немесе әлі де құпия сақталып отырғаны, тоталитарлық жүйенің қысымымен өзгеріске ұшырағандары қаншама? Ал еліміздің шынайы тарихы бұрмалаусыз, өзгертусіз, анық та қанық бояумен суреттелуі керек.
Марат Ермұқанов
Abai.kz