Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 1549 9 пікір 13 Қараша, 2023 сағат 17:29

«Бардактың» салдары: Ауруханадан 2,1 миллиард теңге ұрланды

Бүгін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысында ауруханадан 2,1 миллиард теңгеден аса қаржы ұрланғанын хабарлады. ҚМА мәліметі бойынша, Алматы облысындағы аурухананы басқарған компанияның басшысы мен есепшісі өздеріне бағынышты ұйымдардан медициналық бұйымдарды көрінеу жалған сатып алған.

ҚМА аумақтық департаменті аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Айта кетейік, медициналық мекеме 2020 жылдың қазанда сенімгерлік басқаруға берілген.

«2020-2022 жылдар аралығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінген 2,1 миллиард теңгеден астам қаражат ұрланған.
Аталған тұлғаларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.

Хабарлама да "ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептелетіні» де жазылған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаражат екі көзден – Медициналық көмек көрсетудің мемлекеттік қорынан (мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан (мемлекет қаражаты есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және азаматтар) түседі.

Биыл көктемдегі Мәжіліс отырысында Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Денсаулық сақтау министрлігіне МӘМС пен МИБ жүйесіндегі ашық айтылмайтын деректерге қатысты бастама көтерген еді.

Депутат әр алтыншы адамның МӘМС жүйесіне қатыссыз екенін және олардың көбі ауыл тұрғындары екенін айтқан Оның сөзінше, ауыл тұрғындарының дені еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істеймейді, сондықтан да оларға ешкім медициналық сақтандыру үшін қаржы бөлмейді.

Асхат Рақымжанов осыны айта келе, депутаттық сауал жолдаған.

«Менің бірінші сұрағым, мұндай санаттағы адамдар медицина көмегін қалай ала алады? Үкіметтен нақты жауап естігіміз келеді. МӘМС төлемін ресми төлемейтін қанша қазақстандық бар?» – деген ол.

Депутат бұған: «Қазақстандық жүйені халықаралық тәжірибемен салыстыруға келмейді. Себебі бүкіл әлем не бюджеттік, не сақтандыру, не бюджеттік-сақтандыру жүйесін ұстанады. Ал бізде осының барлығын бір жүйеге салып, «бардак» жасап отыр. Қазақстанда бюджеттік медицина, сақтандыру мединасы, міндетті сақтандыру медицинасы және нарықтық жүйе де бар. Осының барлығы бола тұра тағы ақылы медицинаға жүгінеміз.

Бейресми деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың 15 пайызы ғана МӘМС жүйесін қолданады. Қазақстандықтар дәрігерге барса да, бармаса да ақша төлеп отыр. Айына кем дегенде 14 мың теңге төлесе, жылына орта есеппен 170 мың теңге төлейді. Дегенмен бұл ақшаны халық қаншалықты қолданады деген сұрақ туындайды», - дегенді қосып, Денсаулық сақтау министрлігінен 2017 жылдан бері МӘМС-ке қанша қаржы жиналғанын ашық айтуын сұрады.
Асхат Рақымжановтың айтуынша, МӘМС қаражатын пайдалану бойынша толық аудит жүргізу қажет. Медициналық қызмет тарифіне не кіретіні тіпті шенеуніктерге де құпия. Тарифтердің қалай есептелетінін Қаржы министрлігі де білмейді. Денсаулық сақтау министрлігі тарифтерді көтеру бойынша барлық шешімдерді тәуелсіз сараптамасыз өз бетінше қабылдайды. Бұл жерде тек бақылаушы органдарға ғана емес, барша қазақстандықтарға көбірек ашықтық қажет.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475