Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3480 1 пікір 15 Қараша, 2023 сағат 13:22

Таңжарық пен Қойдым айтыспаған...

       «Таңжарық пен Қойдымның айтысын» Таңжарықтың өзі жазған

Өткен аптаның сәрсенбісінде қалта телефоным шыр ете қалды, алсам, «Әлімжан, әке! хал-жағдайың жақсы ма, үй-іш бала-шағаң тегіс аман-есен бе? Мені танып тұрсың ба?» деді.

– Армысыз, Құдаш мұғалім! Сізді танымайтындай мені қара басты дейсіз бе, – дедім. Ол кісінің бір қасиеті өзінен кішілерді әйел болсын, ер болсын бәріне «әке» деп сөйлейтіні бар еді. Құдаш мұғалім сөзін ары қарай жалғап, «Әлімжан, менің денсаулығым сыр берген соң, жақында облыстық ауруханаға жатып емделіп шықтым. Қазір жақсымын, үйде күтініп жатырмын. Көптен бері сенімен хабарласа алмадым, өзің де хабарсыз кеттің. Уақтың болса, жағдайың келсе үйге кел, – деді. Мен хабарласа алмаған себептерімді айтып ақталған болдым. Құдай қаласы осы аптаның сенбінбісінде барып-қайтатынымды айтып, телефонымды сөндірдім.

Ақын, аудармашы, зерттеуші, ұстаз Құдаш Сабаншыұлы Іле педагогикалық институтында (қазіргі Іле пед универ) оқып жүргенде бізге «Қытай классик әдебиет тарихынан» сабақ берген болатын. Қытайдың жоғары оқу орындарына арналған «Қытай классик әдебиет тарихы» атты алты томдық оқулықты ШҰАР Оқу-ағарту комитеті жоғары мектеп оқыту басқармасының тапсыруы бойынша қытай тілінен қазақ тіліне тәржімалаған. Бұл кітаптың редаксиясын қараған тағы бір ұстазым Тәлет Әмірәліұлы болатын. Сіздердің естеріңізде болса, ұстазым Қ.Сабаншыұлымен екі жылдың алдында сухбат жүргізіп, Abai.kz ақпараттық порталына жариялаған болатынмын.

Қ.Сабаншыұлы 1939 жылы 30 қарашада Мұңғылкүре ауданы, Ақдала ауылының Шетмыс деген жерінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Өзінің айтуына қарағанда осыншама жасқа келгенше тұмау болып дәрі ішіп, не сырқаттанып ауруханаға жатпаған екен. Жақында ғана қуық асты безі қабынып, амалсыз жатып ота жасатыпты. Қария әлі де тың, әңгімені жақсы айтады. Өзі жазған өлең, поэма, дастандарды жатқа айтып отырады.

Ұзын сөздің қысқасы, ұстазыма берген уәдемде тұрып, алыңғы аптаның сенбісінде Қ.Сабаншыұлы тұратын Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаратұрық ауылына барып, қонай-түней жатып әңгімелесіп қайттым. Бекер қайтқаным жоқ, олжалы болып қайттым. Ол қандай олжа дейсіз ғой, ол – Қ.Сабаншыұлы осыдан он жыл бұрын жазған, бірақ еш жерде жарияланбаған «Таңжарықтың бір досы – Сәдібай» атты өмірбаяндық очеркінің қолжазбасын алып қайттым. Көлемді очерктің алғашқы бөлігін сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

Әлімжан Әшімұлы.

Таңжарықтың бір жолдасы – Сәдібай Мұсапырұлы

Көргені мен көкірегіне түйгені мол, көп істің куәсіндей, жаны таза, ойыма сара, сөзімен, ісімен тектіліктің сәулесі көрініп тұратын. Бірақ, халық ішіндегі қарапайым еңбек адамдары қатарында өмір сүріп өткен адамдар шанда бір кездеседі. Сондай ойы қазыналы, көңілі жазиралы ақсақалдардың бірі Сәдібай Мұсапырұлы еді.

С.Мұсапырұлы 1906 жылы қазірге Іле қазақ автономиялы облысының Шапшал сібе автономиялы ауданының тау бөктері Бура жерінде туылып, Іленің арғы жағы мен бергі жағын судай кешіп, көлдей жүзіп көп жылын осы өңірде өткізіп, өмірінің соңғы кездерінде Үйсін тауының күңгей бетіндегі Мұңғылкүре ауданына қоныс аударып, аудан орталығына жақын тұратын Қонақай ауылында жүріп 1984 жылы 78 жасында науқастан қайтыс болады.

Сәдібай ақсақалдың сүйегі: найман – қызай – темір руы ішіндегі Қаракөз атасынан. Әкелері: Мұсапыр, Қыпшақбай, Құрақбай, Қыстабай, Серікбай бес ағайынды болумен, осылардың ішінде Мұсапыр ең үлкені және жасынан танымды, біршама тартымды адам болған. Өз кезінде осы өңірде ықпалы күшті болған сібе ұлты ішіндегі өзі қатарлас адамдармен ынтымақты, шығысымды болып, өз ортасындағылардан ерте оянып, сауда жолын ұстанып тез ауқаттанған. Бір ата «Қаракөздің» ішінде кезінде ол кісіден өтер бай адам болмаған.

Сәдібай ес біліп, жігіт қатарына қосылғанда Мұсапырде бес жүз жылқы, мыңнан артық қой бар еді. Мұсапырдың өзінен ұл бала болмай інісі Қыпшақбайдың баласы Сәдібайды туа сала бауырына басып, асырап алған. Міне осындай көңілі жоғары, қолы ұзын әкенің ықпал, әсерімен Сәдібай ауыл молдасынан ерте сауатын ашып, хат танып, сезімді де сергек, өлеңге әуес, жырға құмар жас болды. Кезіндегі игі жақсылардың қасында, сарынды сөздің басында жүру орайына ие болып ержетті.

Мұсапыр бай талантты баласын шаужайынан қаққан жоқ. Жиырмаға жетер-жетпей құрыққа сырық жалғап сонау кең Текестің шығыс жағын жайлап жатқан Қожаназар елінен баласына қайынжұрт тауып беріп үйлендіреді. Бұрынғы сергек, сауықшыл жастардың айналысатын бір әуесі жылқы бағу, аң аулап құс салу ісіне әуестенген баласын одан да тартпады. Кезіндегі мәнсапты адамдар жағынан сеніп тапсырған ел аралап бажы (салық) жинау, алыс-жақын ел кісілерінің арасына ауызша немесе жазбаша сәлем, ұсыныс, хат-хабарларын жеткізу істеріне де барып жүрді. Кейіндеп он басы, елу басы сияқты әкімшілік ел басқару істерін де үстіне алды.

Сәдібай Мұсапырұлы өз өмірінде үш некелі болған, біршама ұзақ жасаған адам. Бірақ өмірі ұдай сауық пен сайранның ішінде өте берген жоқ. Бұл жайларының да өзіндік, барысы мен баяны бар әңгіме. «Өмір деген – күнде той емес» депті бір білермен. Сол сияқты кезіндегі қоғамдық бұрылыстар мен жаңа қоғамдық саяси түзімдердің орынауына байланысты болып өткен толқынды, ауқымды әрекеттер кезінде шетке де тұрғызылды. Сын, күреске де алынды. Ауылдағы ауыр еңбекке де жегіліп, оның үстінде де жүріп көрді.

Қытайдың тарихындағы белгілі дәуір бөлгіш белес болған Қытай коммунистік партиясы 11-кезекті орталық комитетінің 3-жалпы мәжілісінен кейін оңалған дәуірдің мейір-шұғыласына бөленіп, өмірінің соңғы кездерінде бала-шағасының, ел-жұртының қадір-құрметіне бөленіп, қатардағы еңбек адамдарының ортасындағы сыйлы, құрметті ақсақалдардың бірі болып өмірден өтті.

Сәдібайдың Таңжарықпен (Асанбекпен) екі рет кездесуі

Көне қоғамдағы ақылақшылық (қытайдағы қазақтардың болыс дәрежелі мәнсап аты. Ә.Ә) түзімнің өлшемі қарамағындағы түтін саны мың үйге толу немесе сол шамаға жету керек екен. Түтін саны сол шамаға жетіп, Темір руын қоса Оразай, Есенқұлды бөліп алып басқарған Демеу ақылақшының жасы өрлеп, кейіндеп келгенде, Демеудің екінші ұлы Нүсіпбай ақылақшы болады. Нүсіпбайдың жасы Сәдібайдан 17 жас үлкен, ал лауазымы да жоғары.

Ел жайлауға көшудің алды, көк өрлеп, бие байлап алған соң жас ақылақшы Нүсіпбай Сәдібайды шақырып алады:

– Сәдібай, әлгі Қойдым ақынмен айтысқан Таңжарық мына тұрған Құлжада екен ғой. Өзі мұғалімдік оқытатын курске сабақ береді дейді. Газеткеде өлең жазып шығарады екен. Қалаға барып, сол кісіні іздеп тауып, бір өлең жаздырып алмаймыз ба?

–  Барсақ, барайық. Құлжадан табылса.

Ол кез 1934 жылдың мамыражай көктемі болатын. Қазіргі «Алты сұмын», ол кезде қала немесе базар есептелмейтін. Аттарын дайындап алған екі адам ертесі Құлжаны бетке алып таң салқынымен ертелеп жүріп кетеді. Аттарын бұрын өздері түсіп жүрген таныс Деңге (ол кезде жолапушылар түстенетін немесе қонатын үйді – Дең деп атайтын. Ә.Ә) байлап қойып, газет шығаратын көшені сұрап алып, жаяу келе жатқанда бір дарбазадан (қақпадан) төрт жігіт шығып, көше бойлап бұларға қарсы келе жатты. Жақындап қалғанда Сәдібай қасындағы Нүсіпбайға:

– Ақылақшы, мына келе жатқандардың біреуі Асанбекке ұқсайды екен. Таңжарық ақынды осылардан сұрайық, – деді.

– Асанбегің кім еді? – деді Нүсіпбай таңданыспен.

– Бұрын танысқан біреу болатын, – дей салды Сәдібай.

Жақындаған сайын анық көзі жеткендей болып, жақындап келе бергенде-ақ, Сәдібай қуана дауыстап жіберді:

– Ой, Асанбек аға!

– Ой, Сәдібай, амансың ба?

Сәдібай мен Асанбек құшақтасып амандаса кетті. Сол-ақ екен, анау Асанбектің қасындағылар Сәдібайды иығынан тартып:

– Ей, бала...

– Үй, жігіт! Бұл Асанбек емес, сен жаңылып жатсың. Бұл – Таңжарық ақын, – деді.

– Иә, жаңылып жатыр, – деді ересектеу мұртты адам.

– Жоқ, тура, тура жаңылған жоқ – деп Таңжарық қасындағыларға түсінік беріп...

Бұл Сәдібайдың Таңжарықпен (Асанбекпен) екінші рет кездесуі еді.

Таңжарықтың Сәдібайларға «Асанбекпін» деп таныусы

1923 жылдың қараша айының бас кезі болатын. Іле күзі кей жылы көбінде жауын-шашынсыз, жайдары тұрады. Күзгі жиын-терін ақырласа бергенде, қырғауыл біткен күріш атызын беттеп ұшып, бұта-бүрген төңірегін паналап жүреді. Ұшқыр құнан, жарау ат мінген жас жігіттердің бір ермегі шоқыр жағасындағы жылқышыларға ілесе жүріп қаршыға салу, ұстаған қырғауылдарын бірден-екіден қанжығаларына байланып, қызықпен жүріп күн еңкейгенде шоқтай топтала қалып қыран құстарының бабыменен, бағасын әңгімелеу еді.

Бүгін де олжалы болып ауылға қайтуға дайындалып тұрған топ адамның қасына Құлжа жолынан бұрылып жалғыз салт атты жігіт сап ете түсті. Басында қазақы жұқа елтірі тымақ. Үстінде жеңіл пәлтешесі мен түйе жүн шекпені бар, мінгені құйрығы жеңіл ғана сидам, жарау қара көк ат. Сәлемдесіп жөн сұрасқанда:

– Күре Сүйдіннен шығып едім, – деді жолаушы жігіт.

– Сүйдін Күрені айтасың ба? – деп сұрады жасы үлкен жылқышы.

– Иә,

– «Күре Сүйдін» дейсің ғой.

– Сүйдің Күредегі жерлік ел, кейде осылай деп те атай береді.

– Бәсе...

Тосыннан жолыққан өңі жылы мына жігіттің сөздерінен қазірше ұққаны: өзі «Күре Шуетаңында» үш жыл оқыған екен. Сол «Шуетаңда» оқығандардан осы көлемде де бір талайы бар еді. Солардың жиналмай қалған ақша қарыздарын жинауға шығыпты. Өзі әсілі Күнес ауданынан екен.

Көз жанары орынықты, даусы әуезді, үні жағымды, жанасымды мына жігіттің айтып тұрғандарына мына тұрғандардан шек келтірер ешкім болмады.

– Ал жігіттер, – деді жылқышылардың ішіндегі жасы үлкен қалың қара мұртты Бектібай. – Аздан соң жылқының түнгі кезегіндегілер келеді, біз ауылға қайтамыз. Шырағым, сенің атың кім еді?

– Аға, менің атым Асанбек.

– Жүр онда, бала, үйге барып қонақ бол.

Жолаушы жігіт мына кісінің бөтенсінбей тұрған ықыласына іштей разы болып сәл бөгеліп қалып еді. Сұлу көк қаршыға ұстаған Сәдібайдың сөзі оның ойын бірден бөліп жіберді.

– Бек, аға! Жолаушыны бізге бер, бізбен бірге болсын.

Белсеніп тұрған бай мырзасы бала жігітті жылқышы беттен қақпады. Жолаушы іштей «қалайда, нағызың жақсы шығар» деген оймен әлгі аға жылқышыға бұрылып:

– Ағасы, мен бүгінше осы жастарға ілесейін, – деді күлімсіреп.

– Ал, жолдарың болсын! Жүр, Қозыбай! – деді екі жылқышы ат басын тау жаққа бұрып.

Қолына ұстаған құсы, қанжығада байланған олжасы бар, ауылдың үш бала жігіті жолдан қосылған қонағын қатарға алып Қаракөзбұлаққа көңілді қайтты. Таужақтан күн батарда шыға келетін шытқыл салқын жел ауылға бет түзеген бұларды тіпті де жеңілдетіп, желпіндіріп жіберді...

Қаршыға көтерген, тазы ерткен ауыл серілері жаңа таныс болған жас қонағын бастап Қаракөзбұлақтың жағасындағы қырат қабақшада отырған шоғырлы 4-5 үйдің ортасындағы үлкен ақ үйге бірақ түсті. Жас қонақ ешкімді де жатырқайтын емес, жанасып тұр. Өзі оқыған, хатқа жүйрік екен. Оның үстіне, ауыл жігіттерін таңғалдырғаны хансу тілін де білетін болды.

Қонағасыға қозы етін жеп, күзгі қою сары қымызға әбден қанған қатарластардың ұзақ түннің бір уағына дейін әңгімелері біткен жоқ, күлкілері де тиылмады. Ең қызығы бұл Асанбектің баяу әуелетіп ән салуымен, сөз емеруріне қарағанда тойларда айтысудан да қорықпайтыны болды. Қонақтың бұл жайыты ауыл жігіттерін қатты қызықтырды.

– Ондай болса, – деді Сәдібайдың бас жағын ала отырған Бағылбек жалт бұрылып, – Бір ақын келіншек бар, оны біз де жеңе алмадық, айтысасың ба?

– Айтысар едім.

– Ой, ол қиын, – деді  отырған Сәдібай. – Айтыса алсаң жарайды екенсің. Ол келіншек мына Бағылбекті де жеңіп кеткен.

– Қиын айтыса ма?

– Қиын, ағып тұр.

– Ондай болса соныммен бірге ағайық! – деді қонақ жігіт.

«Сәті бар жұмыстың сағаты оңынан» деген. Ертесі түс ауа бергенде жолаушы жігіт пен ақын келіншек Жанаттың айтысы болып жатты.

Асанбекпен (Таңжарықпен) Жанаттың айтысы

Сауал байдың көп қойының бір қорасын Ыбырайым өз бағымына алып, еңбегінің игілігін көріп келушілердің басқасынан бұрынырақ басына жаңа тігулі үй тұрғызған. Өткен жылы бойжеткен қызы Жанатты өз жиендері болып келетін Ибатқа ұзатып бұрынғы жаппасын соларға тігіп берген. Бектібай жылқышы да «аздың атасы біз» деп соларға жанасып, жақын жүруді қалайтын.

Сәдібай мен Асанбектер үлкен саскеде Ыбырайым үйіне келіп түскенде кешегі мұртты Бектібай да сол үйде қымыз ішіп отыр екен. Жас қонақтарға тегіс қымыз құйылды. Көптен таныс болып кеткен бай мырзаларының қасына ілесе келген бейтаныс жігітті Ыбырайым ақсақалға таныстарған да осы Бектібай болды. Осы аралықта бір жұмыспен әкесінің үйінің ашық тұрған есігінен сыпайы аттап, отырғандарға ернін ғана жыбырлатып, жақсы қабақпен сыпайы амандық білдіріп, қымыз құйып отырған шешесінің құлағына еңкейіп әлде бір жайді сыбырлап, қайта бас көтерген жас келіншек Жанатқа алдымен тіл қатқан Сәдібай болды.

– Жанат, амансыз ба, Бағылбек айтысам, – деп отыр ғой,

– Жақсы айтатын болса болады.

– Ой, жақсы айтады. Бұрын жанына ілесуші табылмай жүр екен. Енді табылды, – деп Сәдібай Асанбекке қарады. Бұл араға бейтаныс жігіт Асанбек те жымия қостағандай рай білдірді.

Сырбаз жан, сұңғақ бойлы жас келіншек Жанат ибамен ғана тіл қатқаны болмаса әке-шешесінің көзінше артық сөзге барған жоқ. Бір жағымен есікке қарай қырындай бұрылып шығып кетті.

Осыдан кейін Сәдібай өзі бас болып Ыбырайым қарияға бүгінгі келудегі өтініш, талаптарын айтып еді. Ыбырайым да қарсы болған жоқ. Бәйбүше не дейді екен? – дегендей қымыз құйып отырған әйеліне қарап, қас-қабағын байқаған соң:

– Болады, қарақтар, – біз де талайдан зерігіп қалдық. Ибатты шақыр, байдың бір қойын сойсын. Бекеш, қалай қарайсың?

–  Жақсы екен, – деді Бектібай жылқышы Әбенқан жылқы жаққа  бағана ертелеп кетіп еді. Тоғай жиегіне мен де бір барып, малды шолып келейін. Мына жастардың бір-екеуі көмектесіп, мал сойысып дайындық етіп тұрсын.

Бағылбек бір жолдасымен ауылда қалып Асанбектің талабы бойынша Сәдібай мен Бектібайға ілесе аттарына мініп жылқы өрісіне бірге кетті.

Бұлар ауылға қайтып келгенде, ауыл төңіренінде ерттеулі, тұсаулы онға жуық ат, байлаулы өгіз, қазандық төңірегінде жүрген адамдар көрінеді. Тігулі үйден кіріп-шыққан бала-шағаның қатары мол. Бұрынғыдан көбейіп қалған.

Бағылбектің айтуынша, бар жұмысты Ыбырайым ақсақал өзі орналастырыпты. Қазандықтан алыс, тігулі үйге жақын орнатқан құрт өренің көлеңкелі жағына сырмақ, киіздер төселіп, бір жағына қарай  көнелеу ат көрпе салыныпты. Одан төмен оюлы сырмақ, құрақ көрпелер төселіп айтысушы әріптестердің орны дайын болған екен.

Түскі шайды жедел ішіп болған топтың тегіс аңсары ауып отырған көпшіліктің ауыл тамашасы. Айтыс та басталып кетті. Ауыл жастарының аужайын байқамақ болды ма, бейтаныс жолаушы жігіт бастапта жәй ілесуші болды да, айтысты қоңырлау даусымен әуелгісінше Бағылбек бастай жөнелді. Орамалын қолынан тастамай терін сүрткіштеп жүретін ет-жеңді, орта бойлы сары Бағылбек көбінде жаттандылау сөздерді көп қолданып айтатын әдетіне басып, алғашқы сөзді жаттанды таныс сөзбен бастап өзінің де осал еместігін қанша жүйрік болғанымен жанасалай бір қосылып қалатынын аңғартып, бүгінгі тамашаны ауылдың, елдің қалап қолқалап қарсы алып отырғанын аңғартып тоқтады.

Жанат та іркілмеді. Бірақ бүгінгі әуені басқа, жаңа әуен екен. Екі ауыз лебіз айтып, «ахау-ай» деп қайырды. Тамашаны қыздыралық, мынау елімізді, разы етелік, дегендей сыйласымды, сиымды жауап қайырды.

Өңі жылы, киімін ретті киінген Бағылбектің қасына ілесіп өлең айтып отырған бейтаныс жігіттің үні үндірек, шақпақ отындай анда-санда жарқ етіп бөлек естіліп отырды. Ел назары да бүгін өңі жылы осы жігітке ауып отырған. Әріптестер екі-үш ауыз кезектесіп, жауаптасып сөз қыза келе Бағылбекке жәй ғана мойын бұрып сыбыр етті де Асанбек өзі бастап айтпақ болып, Сәдібай ілесіп көрсін деп өтінді. Бағылбек қарсы болған жоқ.

Енді «Ажарына сөзі сай, айтысушының келуі-ай» дегендей, жәй «ахау» емес, ішкі мағананы, ой толқынын байқататын жаңа леп, жаңа сөзге ел құлағы елең ете бастады. «Даланың бір гүлісің ауылдағы» деп келіп, өзі сеніп отырған мына елі, мына жердегі ықыласты, бауырмал үлкен-кішіге біртүрлі үмітпен, риза көңілмен отырғанын баяндайды. Замандағы жастық үміт, арман-тілегін ашады, таныстық білдіріп жөн сұрасады. Білгісі, ұғынғысы келетін ниетін білдіріп отыр. Шағын малшы-қосшылардан болса да көп қарасын молайтып отырған үлкен кісілер, естияр адамдар жағынан «е, е!», «бәрекелді!..» деген қостау үндер шығып қалды.

Осылайша және бір неше кезектесіп, жауаптасып отырған соң Жанат өз жағын, өз жайын баяндай келіп, бір сұрақты сөз тастады.

«Ұраным Райымбек, Құрман едім,

Дәм айдап Ілеге кеп тұрған едім.

Сәдібай бұл адамды қайдан таптың

Жүрмесін ұшығы боп бір пәленің?!» деген жерге келгенде, Асанбек пен Сәдібай да тоқталған жоқ:

«Жоқ менің бөтендігім, бөлектігім,

Достарым бастап кеп тұр елеп бүгін.

Әрқалай оймен жүріп қуанып ем,

Алдына келдім ба деп керектінің.

Сөз соңын айтқызбай-ақ түсінерсің

Бар болса құрбыға тән зеректігің», – деп өз ойын, өткір, ұтымды, ұшқыр, бір сырлы, жұмбақты түрде тереңдеп аңғарып бара жатты.

–  Мына баланың өлеңі жақсы екен, – деді, Ыбыраймдарға жақын төрде отырған, кимешек сыртына шылауыш байлаған жасы бәрінен егделеу кемпір.

– Бәсе, айтыс деген осылай болу керек қой, –  деп аса бір ризашылықпен дауыстап қалды жылқышы Бектібай. –  Өлеңді өстіп жанынан құрап айту ерек қой. Жаттанды өлең де дәм болмайды.

– Уай, Беке! – деді көпшілік ортасында отырған бір жылқышы. – Өлең естігенге қымыз бен айран ішкендей болды ғой. Оның дәмін сөз етіп

– Дәмді сөзді, татымды сөзді, дәмді демей, не дейміз – әк-ау!

Бұлардың сөзне Жанаттың әкесі Ыбырайым қария араласты.

– Айналайындар, алдымен тыңдайық, таласпаңдар. «Өнер алды қызыл тіл» деген емеспе. Өлеңнің дәмі, шіркін, өнердің дәмі ғой. «Дәмі» деген де тура сөз.

Айран, шалап ауылдың жұмысы, шағын болса да, тосын болса да жолаушымен Жанаттың айтысы қызықты болды. Айтыс біршама ұзаққа созылып бара жатты. Мынау жас адамға, жас жігітке үлкен-кіші ел ықыласы ауып бара жатқандай, қостаушылар мен қолдаушылар көбейіп бара жатқандай болды.

– Көп айттық, енді тоқтатсақ, – деп Жанат бір кезде қасына ілескен өзінен біраз жас үлкендеу әйелге бұрылып.

– Болады екен – деді, ілесуші әйел де Жанатты қостап.

Бұл бетінше болса, бұлар енді, орнынан тұрып жүре беруі де мүмкін еді. Ауыл-үйі арасы болса да жарыс серебесі, сөз таласы болғандай болған мына тамашаны аяғын қызықтыра, қыздыра түсуді ойлаған Асанбек кезекті жауабында, тосыннан кезіккен мына әріптестерінен тоғыз сұрап өлеңдете жөнелді.

– Иб-ай-и! – деді Жанаттың қасындағы әйел. Біз үй жасап алғандармыз ғой, тоғызды той жасамаған қыздар береді, – деп бетін шымшыды айтушыда айып жоқ дегендей. Оған жігіттер жағы тосылған жоқ.

Мынау жақсы әке, жақсы ағалар, ақ жарқын балалардың алдында қазақ салтымен сән құрып, сауық жасап отырған Үйсін-Найман елінде, «тоғыз» ежелгі салт, жаңылмас жол екенін, асыл жанын, алтын басын қыздан кем көрмейтінін қосып өлең айтты.

Ендігі кезекті Жанат тіпті де көтеріліп, батымдырақ жауап айтқысы келіп:

«Қазақпыз, жаңылмайтын жолымыз бар,

Ел салтын ұмытбастай болыңыздар.

Әйелді қыз болат деп әуреленбей,

Қош деңдер көріскенше тоғызымызды ал», – деді.

Бағанадан сөз сарынына, жас болсада, сөздерінің, жауаптарының орынды қайтарымына іштей баға беріп отырған аңғарымды ана, Ыбырайымның бәйбішесі үйге кіріп қайта шықты. Жанаттың әлгі қатаңдау жауабына, жалғастыра байыппен жауаап қатқан Ыбырайым ақсақал:

– Жарайды, балалар, жарайды! Қазақ жолы деген тура, тоғыз болады, – деді. Үлкендер жағы қостап жатыр.

Жанаттың шешесі, жастар жағына жақындап келіп, жанқалтасынан кестелі орамалға түйгені бар, шағын бір тағым үкіні қоса әкеліп Сәдібайдың қолына ұстатты.

– Тура, шырақтарым. Тамаша айтыс жасадыңдар, рақмет! Жол міне, тоғыз алыңдар.

Сәдібай ұсынған кестелі бет орамалды Асанбек ашып көріп, өлеңдетіп кетті:

«Жанат жан тоғыз берсең кішкене емес,

Ат берсең, атан берсең ештеме емес.

Ақ тана, атан түйе, үкісі бар

Мен оны тағып жүрер пішбек емес».

Мына ақындық сөзге, тез жауапқа барды. Болған шындықты қалдырмай нақтап, дәлелдеп айтқан тапқыр пікірге бөтен сөз айтар ешкім болмады. Алқа-қотан отырған үлкен-кіші дабырлап сөйлеп, оны да бір қызық көріп дуылылдап кетті.

Күрілдеген жуан даусымен орнынан көтеріле түсіп Бектібай жылқышының айтқаны мынау болды.

– Тура, тура, жылқы бағып, қой айдап жүргеніміз рас. Ат берер, атан берер, сондай күнге жеткізсін бізді. Рақмет, рақмет балалар!

Сол іргедегі айтысудан кейін, Асанбек бізбен де, әлгі айтылған жылқышылармен де тез танысып, араласып кетті. Кейін Бектібайдың үйінде ұдайы екі қонып, қайта бізге келіп бір түнеген соң көрінбей кеткен. «Нағашыма барамын, оқу іздеймін» деп Қарқара жолына бет алуы сол жылқышылармен де қатысты болды ма екен деп ойладық» деп әңгімелейтін Сәдібай қария.  

Демеу баласы Нүсіпбай ақылақшының бастауымен екінші рет кездескен сәтіндегі талап-тілектерін орындап бұларға базардан алғызған 12 парақтық дәптерді толтырып жазып, ертесі алдын ала айтылған сол жерде кездесіп қолдарына берген өлеңдерді басқа әркім бір сұрап алып оқып, уақыт өткелі көбінің ұмыт болғанын, соның ішіндегі өзіне арналған «Сәдібайға» деп, кейін Таңжарық жинағына енгізілген өлеңі болатын. Сәдібай ақсақал осы өлеңді: «Сәдібай хат жазамын інімізге» деп бастаса бір нүктесін қалдырмай жатқа айтатын еді. 1947 жылы ақын Таңжарық қайтыс болады, бір жылдан кейін 1948 жылы баспадан шыққан Таңжарық ақынның алғашқы өлеңдер жинағына осы өлең Сәдібайдың айтып беруімен кітапқа енізілген. Бұл кітапты құрастырып, алғы сөзін жазған қоғам белгілі ақын, қоғам қайраткері Құрманәлі Оспанұлы болатын.

Сәдібайдың ақын Қойдыммен екі рет кездесуі

Ақындар айтысы халық ауыз әдебиеті саласының ішіндегі маңызды, көлемді және қызықты бір жанры саналады. Осы ақындар айтысының барысы мен барлыққа қалай келгендігі туралы күні бүгінге дейін көп айтылып, көп жазылып келеді. Қазіргі жағдайдан қарағанда жалпы ақындар айтысын үлкен жақтан бұрынғы және кейінгі деп екі бөлімге бөлуге болады. Мұны заманның дамуы, ғылым мен көркемөнердің  даму үрдісі белгілеген.

Жаңа дәуірдегі ақындар айтысы, бір ұйымның немесе басшылықтың ұйымдастырумен мақсатты түрде өткізілетіндіктен, және ондағы айтылған сөздердің ешбір қиындықсыз сол сәт, сол кездің өзінде таспаға мен видоға жазылып алынуымен де ерекшеленеді. Ал, бұрынғы ақындар айтысын дер кезінде жазып қалдырудың ешбір мүмкіндігі болмаған. Оны жеңген ақын айтыс барысын көпке жаю үшін ақынның таланты мен тапқырлығын басқа жұртқа кеңінен тарату үшін  қайта жаңғыртып баяндап берген. Бұл екі түрлі жағдайдан басқа былайғы ақындық таланты бар адамдар бұрынғы өткен ақындар айтысына еліктеп, менде сондай бір қызықты айтыс шығармаймын ба деген сияқты оймен айтыс шығарған. Осындай себептерден нақтылы уақиғаны өз уағында қағазға түсіру техникасы жоқ бұрынғы кездің ақындар айтысының барлыққа келуі мен нақтылы мазмұндық, баяндау себептері жөнінен әлігешейін әртүрлі айтылымның болып жүргені белгілі.

Тарихты қаһарман жаратпайды, халық жаратады. «Халық – қазы, тас – таразы» деген тәмсіл де бекер айтылмаған. Халық бар жерде болған уақиғаның шындығы қашан да ашылмай қалмайды. Мысалы, «Біржан мен Сараның айтысы» Әріп Тәңірбергеннің шығарғандығын, «Таңжарық пен қойдымның айтысын» Таңжарық ақынның өзі шығарғандығы туралы дәлелдер барған сайын айқындалуда.

Сәдібай Мұсапірұлы жастау кезінде Қойдым ақынмен екі рет кездескен. «Таңжарық пен Қойдымның айтысын» Таңжарық ақынның өзі шығарғандығын Қойдымның өз аузынан естіп көз жеткізгендігін ұдайы айтып жүрді.

Өткен ғасырдың алғашқы кездеріндегі патшалық Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейінгі орнаған Кеңес үкіметі алғашқы мезгілінде халықты ояту, жаңалыққа бастау, тегіс сауаттандыру, байларды бастыру, кедейдердің еңсесін көтеру деген ұранмен теңдік, әділдікті мазмұн еткен жаңа билік орнағанымен, кейін келе нақтылы Сталин дәуіріне жеткенде, саналы деген ұлт өкілдерін түгел қырғындап, қарапайым халық бұқарасын кей жерлерде біртұтас қолдан жасалған ашаршылықпен әдеттегі күн көріс мүмкіндігінен біржолата айырғандықтан халық көршілес елдерге шекарадан асып кетіп жатқан еді.

Өткен ғасырдың 1930-шы жылдардың бас кезінде Қойдымның отбасы да ел көрген қиыншылықты көріп келіп қазіргі Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Тоғызтарау ауданындағы Дарубай ақылақшыға жақын отыратын Еркебай деген үлкен шаруа иесінің қойын бағып отырған.

Осы кездерде Дарубай ақылақшы үлкен той жасайды. Еліне бегілі атақты тұлға тойдың салтанатын асырудың бір жолы ретінде белгілі ақындарды шақырып, бір үлкен тамашаны көруді ойлаған болуы керек. Тойға Көкқамырдан атақты ақын, әнші, гармонист Рақымжан Мешбетұлын алдыртады. Мал бағып жақын көлемде отырған Қойдым ақынды шақыртады. Осы тойдың атағын естіп, тамашасын көруге бажы жинау, мал санақ жұмымысымен жүрген Сәдібай да қасындағы жолдастармен барып тамаша көрді.

Жігіт ағасы боп қалған Рақымжан Мешбетұлы көзі тума кемтарлау адам екен. Өлеңі бір жағында, әні бір жағында кеудеге алған гармонын құлаштай созып тойдың дабырасы мен даңқын асырып отырады.

Ал, Қойдым болса байсалды, орнықты қалыптағы сүйектілеу өңді адам екен. Шалқымай, өрлеп шапшымай, сыпайы жауап қайтарып айтысып отырған. Айтыс тыңдап отырған ел бағасы: «Таңжарықпен айтысқан оңай ғой дейсің бе, Рақымжан бұл әйелдің шалымына да келмес» дегендей оймен болған. Бірақ айтыс олар ойлағандай анша қызықты, тартысты, тартымды болмай, жәй айтысу ғана болып отырады.

Бұл жайтты байқаған Дарубай ақылақшы Қойдымға бұрылып, дауысын көтеріп, – Қарақтарым, айтысты қыздырып айтыңдар, тартынбай айтыңдар! Бұл той ғой, ел тамаша көруге келді, әсіресе сіз тартынбаңыз!» – дейді.

Және бір шешен Қойдымға қарап:

– Ой, құдағи! Сіз үлкен ақынсыз ғой. Сіздің Таңжарықпен айтысқаныңызды білеміз. Ондағы кей сөздеріңіз Тәкеңнен де күшті болған, жасқанбаңыз Мешбет зәңгінің баласынан, – деп қалды. Ол ақылақшының «тартынбаңыз!» деген сөзін басқа мағанаға аударып ұқса керек.

Жанбағыстың, күн көрістің қамында жүрген Қойдым атағының болғанын артық санасын ба, сөздің арысын ақтармай жәй ғана:

– Үлкен кісілер, мен сіздер ойлағандай атақты ақын емеспін. Көптің бірі секілді тойларда, осылай жәй ғана алты ауыз өлең айтатын бар еді, – деп қойды.

Айтыс ақырласып, той тарағаннан кейін әркім әртүрлі қиялда болды. Қалайда Қойдымға баға жоғары емес. Қасындағы жолдастарымен бірге бұл жайтты Сәдібайлар да аз талқыламайды. Ана Рақымжанның өте айдынды екен», «Атақты Мешбет зәңгінің баласы оңай ма?!», «Жоқ, олай емес, Дарубайдың атағы өте үлкен адам. Өз ауылында, өз алдында, қашқынның басқа сөзге ауызы қалай барсын», «Тартынып отыратын ақылақшы өзі айтты емес пе» деген секілді түрлі ойларда болды.

Отын алушыға балисот (лесиник) күшті, мал өсірушіге санақшы мен бажыгер күшті болған заман ғой. Сәдібайдың қайда барса да аяғы жетеді, жұртқа сөзі өтеді. Мал санағы, бажы жинау жұмысы тез біте қалатын жұмыс емес.

Іле бетінде отырған елдің жайлауға көшуі бір қозғалса қаурт, күрт басталады. Дарубай елі әлгі той өте салып күн қызбай, жайлауға, Қаражонға бірақ көтеріле көшіп кетті.

Қаражонда жүрген Сәдібайлар  жайлаудың бір оңашалау, шеттеу қырат бір қонысында тігулі тұрған жаппаның әлгі Қойдым ақынның үйі екенін ұғып алып, асықбай бір сыр тартып сөйлесуге түске жақын келіп түседі. Өткен жылғы тойда, айдынды ақылақшының алдында тартынған шығар, нақ шынын ұғамыз ғой деген ойда болады.

Жұпыны үй, қаймақты шай, сары майлы жәй дастарқан. Қойдымның ері де, өзі де қарапайым, кішіпейіл адамдар екен. Сырын бүгіп, сыртын жасайтын адамдар емес сияқты. Арнайы келіп түскен үш қонағына, сұраған сұрақтарына қарай жайдары отырып, ұғымды жауаптар береді. Онда өзінің үлкен ақын емес екенін. ақын Таңжарықтың Албан Байсейіттің Кәрібай ауылына жиен екенін, Бұрын жерде (елде) жүргенде осы жақтан өтіп барып үш жылдай болғанын, Таңжарықтың өз басы өзінің қайнысымен құрдас әрі өте жақын досы, сыйласы болғанын, Кеңес одағында жаңа үкімет орынап, сол алғашқы кездерде жаппай сауат ашып хат таныған елеге қиса-дастандарды оқу, қолдан-қолға көшіріп алып жаттаудың әдетке айналғанын, әсіресе бұрынғы өткен айтыс өлеңдер «Құралай сұлу» сияқты жаңа дастандардың ел ішінде көп таралғанын ескерте келіп, сол кезде Таңжарықтың да қалжың ретінде, «Менде осы Қойдым жеңгеммен айтыстым», – деп бір өлең шығармаймын ба?! – деп жүретінін әңгімелеп береді. Өз басының өлең айтуы әдеттегідей бұрыннан болғанын, үлкен сереге түсетін, үлкен ақындығы жоқтығын айтып, үйіне келушілердің көзін әбден жеткізеді.

«Өлең ойдың жемісі ғой. Әсілі, айтыс өлеңнің көбін ақындар ойдан шығарады» дейтін еді Сәдібай қария. Сәдібай өзі де өлеңші, сезімді кісі болатын. «Таңжарық пен Қойдымның айтысы», «Біржан мен Сараның айтысы», «Қыз Жібек пен Төлеген жыры», «Әсет пен Ырысжанның айтысы» қатарлы көне әдебиеттің талайын жатқа айтатын. Қазіргі сөзбен айтсақ «дастаншыл, қисагер» адам еді.

Бір жолы біздің үйге келіп қонып отырғанында (қасында баласы Оразқан және бір адамбар еді) ол кісінің жатқа айту өнеріне қызығып «Әсет пен Ырысжанның айтысын» тез қытырелеп, қағазға түсіріп алған едім. Кейін дәл сол нұсқа еш өзгеріссіз журанлдар да жарияланып жүрді. Бұл да анау, ел ауаны мәдениетке ауа қалған 1980 жылдың бас кезі еді.

Қазір сол кісі сияқты «дастаншыл адамдар» көп кездеспейді. Болса да некен саяқ. Бұрын болса аудан емес, ауыл сайын бір немес бір неше адамды жолықтыруға болушы еді.  Бұл да заманға сай өзгеріс шығар.

Ақиқатына келсек, қазір кейбір зерттеушілер, Таңжарық танушылар «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» сөз бола қалса, сол айтыстың басы-қасында болғандай сөйлейді немесе мақала жазады. Кейбіреуі кәдімгідей пікір-таласқа түседі. Ал кейбіреуі: «Қойдымның баласы Қасымқан Ержан деген мұғаліммен осы жайда пәлен кезде телефонмен сөйлескенмін» дегенді көлдең тартады. Мен өз басым, Қасымқан Ержанұлымен аудандағы орталау мектепті бітіргенше бір сыныпта оқығанмын. Ерменді мен Шаты екі ауыл арасында өзен суы ғана бар жақын тұратын жер. Қасымқан өмірден өткенінше менімен үзілмей қатынаста болып, сыйласып өткен адамның бірімін. Оның аржақ-бержағынан толық хабарым бар.

Соңғы пікірге келсек, осы айтылған айтыс жөнінде, басқалай талдау, талқылау пікірді қойып тұрғанда, Сәдібай Мұсапырұлы айтқан сөздің шындығына сенемін және «аса парасатты сөйлейтін» деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өзімен көздесіп баға берген Көдек ақынның: «Қойдым болса озынған ақын емес» деген пікірін қуаттаймын.

Құдаш Сабаншыұлының Құлжадағы кезінде (24 тамыз, 2012 ж.) қағаз бетіне түсірген қолжазбасынан аударып, арасына кіші тақырыптар қойып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.  

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434