Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 1776 0 пікір 15 Қараша, 2023 сағат 13:53

Йожеф Торма: Абайдың бір өлеңі һәм Мәдиярлар тарихы

Биыл мажар дипломаты әрі түркітанушы ғалымы Йожеф Торманың (1943-2000) 80 жылдық мерейтойы. Ол Қазақстанда 7 жыл елші болған, қазақ тілінің жанашыры, қазақ этнографиясы мен мәдениетінің білгірі еді.

Ғалым, елшінің мерейтойын бүкіл түркі дүниесі тойлап жатыр. Түркі кеңесінің Будапештегі кеңсесінде 31 қазанда ғалым туралы үлкен іс-шара өтті.

Екі елдің арасындағы мәдени-рухани байланыс үшін осындай материалдардың маңызы зор. Йожеф Торманың ұлы Тамаш Торма қазір Әзербайжандағы Мажарстан елшісі.

Көзі тірісінде қазақ халқының алғысына бөленген мажар ғалымының атын біз - қазақтар да ұмытқан жоқпыз деген мақсатпен, төмендегі мақаланы Abai.kz оқырмандарына ұсынғанды жөн санадық.

ЙОЖЕФ ТОРМА: АБАЙДЫҢ БІР ӨЛЕҢІ ЖӘНЕ МӘДИЯРЛАР ТАРИХЫНЫҢ БІР СӘТІ

Абай Құнанбайұлының «Қансонарда» өлеңінің поэтикалық және этнографиялық сипаты

(Зәки Aхметов және Йожеф Tорма зерттеулері негізінде)

Биыл мажардың мәшһүр түркітанушы ғалымы Йожеф Торманың туғанына 80 жыл толады. Ғалымды қазақ елінде Жүсіп аға атап кеткен. Йожеф Торма Орта Азия мемлекеттерінде 12 жыл, ал Қазақстанда 7 жыл елшілік қызмет атқарған. Көзі тірісінде бірнеше рет кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Елші, ғалымның мерейтойын бүкіл түркі дүниесі тойлағалы отыр. 31- қазанда Түркі Кеңесінің Мажарстанның астанасы Будапештегі кеңсесіңде ғалымды еске алуға үлкен халықаралық іс-шара өткізілмек.

Ғалымның негізгі еңбектері түркі этнографиясы, тілі мен мәдениеті, әдебиеті туралы. Бүгінгі мақалада Абай Құнанбайұлының бір өлеңіне арналған зерттеуін назарларыңызға ұсынамын.

Абай Құнанбайұлының «Қансонарда» өлеңі ‒ әдебиеттанушылардың назарына көп іліккен өлең. Абайтанушы ғалымдар өлеңді әдебиет туралы ғылымның әр саласында: әдебиет теорисы немесе әдебиет тарихы туралы зерттеулерде көркем әдебиет тілі, бейнелілік, өлең композициясы тұрғысынан талданған.

Әдебиет тарихшысы Мұхтар Әуезов Абайдың осы өлеңіне ерекше тоқталып, ақынның «басқа шауып, төске өрлеген» жаңа заман ақыны ең алғаш көлемді түрде «Қансонарда» өлеңінде көріне бастағанын айтады. Ол Абайдың аталмыш өлеңіндегі пейзажды сипаттаудың бірнеше ерекшелігін атап көрсетеді. Бірінші пейзаждың нақтылығы: «Қазақтың Абайдан бұрынғы поэзия үлгілерінде де тау анық, реалистік, дәлдік бейнесімен суреттелмейтін дейді. ... Екінші айқын бір жаңалық белгісі ‒ тауды және барлық пейзажды тек сол тау үшін ғана алмайды. Адамның іс-әрекеттерін, тартыс талабымен, неше алуан мінездерімен араластырып, арнаулы қарым-қатынаста шарпысу қалпында алады. Адамның да іс-әрекетін, сезімін тегіс табиғат ортасында береді. Шығарманың өзі сюжетті, оқиғалы поэма, баллада үлгісінде жазылмаса да, бар өлең бастан-аяқ динамикалық суреттерден құралады»  [2:100].  Абай өлеңінің аты – «Қансонарда» ондағы оқиғаның болатын уақытына ерекше мән берілгендігін аңғартады. «Сонардың да аңшы тілейтін сонары бар.  ... Анық жақсы сонар қардың ел жатқанша жауып тоқтаған түнінде болады. Бұнда түлкі көбірек кездеседі»,-деп  [2:100] Мұхтар Әуезов ақынның келте сонар немесе  ұзақ сонар емес, қансонарды таңдауын анық түсіндіреді.

Зәки Ахметов «Қансонарда» өлеңін Абайдың табиғат лирикасының ішінде оқшау тұрған өлең деп сипаттайды. «Алдымен өлеңді көрнектілігі, айтылған жай, оқиғаны айқын көзге елестетерліктей нақтылығы жағынан алғанда сөзбен салынған әдемі сурет дерлік екенін айтсақ болар. Бірақ бұл қимыл-қозғалыссыз тұрған емес, әрекетке толы, талас-тартысқа, бетпе-бет айқасқа құрылған драмалы оқиға»,-деп ой түйеді [2:121 бет].

Яғни «Қансонарда» өлеңін Мұхтар Әуезов те, Зәки Ахметов те драмалық тартысқа құрылған өлең деп бағалаған. Драма кейіпкерлері бүркітші, қағушы, бүркіт, түлкі, аңшылар.

Өлеңдегі адам ман табиғаттың жарыспалы суреті көркем бейнеленген. Адам тарапынан бүркітші, қағушының іс-қимылы, аңшылық шарттары алғашқы сегіз жолға сыйып тұр: қансонарды таңдауы, түлкіні аңдуы, жақсы ат пен тату жолдас, ықшамды киімі. «Бүркітші ‒ тау басында, қағушы ‒ ойда».

Кейінгі жиырма жолда «сахнаға бүркіт пен түлкі» шығады.   Бүркіттің сипатына келсек, ол бірде «қыран құс» деп әспеттелсе, бірде «қанды көз» «көк тағысы» болып суреттеледі. «Қанды көзден» қашқан, «шыбын жанға талас қылған» түлкі – «жер тағысы». Екеуі «адам үшін қызыл қанға батысады».  Алайда метафораға құрылған мына жолдарда жыртқыш пен оның құрбанының арасындағы айқас, тіршілік үшін күрестің ізі де жоғалғандай әсер қалдырады:

Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк етпей ме сипағанда?
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш.
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Бейне ұқсар тар төсекте жолығысқанға.
Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп астына дәл басқанда.
Құсы да, иесі де қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.  [3:43]

Зәки Ахметов осы жолдар туралы: «Талай оқырманды таңдандырып, тамсандырып келе жатқан осы екі салыстырма суретте байқағыштық та, тапқырлық та және қызыл қанға батысқан айқасты әдемілеп, әсірелеп көрсету шеберлігі де бар. Сүйтіп Абай қыран құстың түлкімен  айқасын, аңшылықты кімді де болсын баурап алатындай суретке айналдырған», -дейді [3:122]

Абайдың драмалы өлеңі шетелдік зерттеушілердің назарынан тыс қалмапты. Мажардың атақты түркітанушысы, этнограф Йожеф Торма да бұл өлеңді  бес сатылы драмаға теңеген: «Абайдың 1977-інші екі том болып басылып шыққан шығармаларындағы осы өлеңі шумақсыз елу сегіз жолдан тұрады. Бірақ осы шығарманың құрылымын ұқыпты зерттеп қарасақ, оның он төрт жарым төрт жолдық шумақтардан тұратынын жеңіл анықтауға болады. Жалпы бұл өлең екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім кәдімгі классикалық драмадай бес сатылы көріністі драма. Драманың әдепкі үйреншікті дүниелерінен диалог жоқ, ал монолог бұл драмада бар. ... Диалог мұнда метакоммуникациялық түрде сөзсіз сөйлесу күйінде кездеседі. Екінші бөлім ол ақынның ойға шомып-толғанып және оқырманға сөз тастауы. Былайша айтқанда олар сонымен европалық және индиялық классикалық драманың бір бөлшегіндей». [5:1]

Мажар ғалымы Абай өлеңінде басты кейіпкері бүркітті жігерлі, жылдам, ақылды, айлалы етіп суреттеген дейді. Қазақ аңыз-ертегілерінде кездесетін алып қара құс, бүркіт, самұрық образдары жиі кездеседі. Ә. Марғұлан: «Бүркітті культ санау – Орал, Алтай тауларының арасын мекендеген бақташы жұрттың бұрынғыдан келе жатқан салты болатын»,- дейді [4:366]. Ал мажарлардың Еуропаға Орал тауы жағынан келгендігін ескерсек, бүркіт культінің сырын аңғару қиынға соқпайды. Оның үстіне мажар xалқы күні бүгінге дейін саятшылық дәстүрді берік сақтап келеді. Mажар ғалымы Иштван Фодор мажар аңызындағы секілді құстан тараған қырғыз руы мен алғашқы бурят шаманы туралы аңыздарды алға тартып, мажар аңызының тарихы тереңде жатқандығына меңзейді [7:35].

Mажарлардың шығу тектері туралы аңыздары − турул мен бұғыға байланысты аңыздар. Мажар мәдениетінде тотем аң-құстарға турул құс пен бұғы жатады. Ғалым  Йожеф Торма Абай Құнанбайұлының «Қансонарда» өлеңінде қазақтардың құс салуын этнографиялық дәлдікпен суреттейтінін айта келіп: «Қазақ халқының және басқа түрік халықтарының ауыз әдебиетінде осы Абайдың сюжеті тақілеттес оқиға даму барысы аз емес. Олардан мысал келтірсем, әрине, қызықты болар еді, бірақ қазір Абай өлеңінің тереңдігі сырын түсіндіру үшін сіздің көңілдеріңізді мәдиярлар тарихының бір сәтіне аударғым келеді. Мадиярлардың болашақ басты абызы, олардың негізгі көсемі Арпадтың әкесі Алмоштың ұрық болып қалыптасуы төмендегі жағдайда болды Оның анасына түнде ұйқысында қасиетті түс енді. Түсінде оған тұрымтай құс ұшып келіп, оны ұрықтандырады. Және түсі бойынша онын құрсағынан үлкен өзен басталады, онын аясынан даңқты корольдер шығады. Осындай құдай ықпалымен болған жұмбақты және қызғылықты жағдайдың әсерінен ол Алмош (Түстегі) атанды» [5:3].

Демек аңызға жүгінсек, мажарларды Европаға бастап келген Алмош көсемді анасы адамзаттан емес, «турул» құстан (мажар аңыздарында кездесетін бүркіт тектес ертегілік құс) туған. Этнограф ғалым мажар аңызын Абай өлеңімен салыстырады: «Абай өлеңі арқылы біздің бүркіттен рудың арғы анасы ұрықтанғандай әсер аламыз. Осы жағдайдың септігімен Мәдиярлардың арғы анасы Эмешенің тұрымтайдан ұрықтанғаны жөніндегі түсі еріксіз еске түседі. Абай бүркітті әдейі өз руының қиялдағы арғы тегі деп есептейді дей алмаймыз, бұл тұжырымды керісінше оның өлеңдерінің терең сырын ашатын психоаналитикалық тәсілмен оңай дәлелдеуге болады. Себебі әңгіме болып отырған көріністің мағына жағынан үш қабаты бар. Жоғарғы қабат: бүркіттің түлкімен қақтығысы. Бұл қабаттың үстінде көрініп тұрған жай ғана сезімдік сыры бар. Ортаңғы қабат: Махаббат машақаты. Бұл қабатты ақындық қабат дер едік, себебі бүркіт қақтығысының астарлы мағынасы зор. Терең қабат: Бұл бүркіттен рудың арғы анасының ұрықтану сәті. Ол аңдаусыз күрделі қабат».  [5:4].

Яғни Йожеф Торма «Қансонар» өлеңін оқып отырып, Элиада айтқан мифтік уақыттағы архаикалық «арға ата» түсінігін тірілтеді. Элиаданың айтуынша мифтер ритуалдар арқылы өмір сүруін жалғастыра береді. Аңшылықты ритуал десек, алғашқы жаралу туралы миф бүркіт пен түлкі бейнелері арқылы қайталанып тұр. Екіншіден бұр сурет «арғы ата» туралы мифтің қайта жаңғыруы да болуы мүмкін. Қайта жаралудың ғұрып деңгейінде көрініс беруі адамзат өмірі жойылғанша жалғаса бермек. Оның бір белгісі ‒ алғашқы жаралу уақытына қайта оралу символы [8:55].

Қансонар сол алғашқы уақытқа оралудың, табиғаттың, жаратылыстың пәк кезеңін бейнелейді. Мифологиялық сананың терең қабатындағы  мифтік уақыт  ‒ қансонар, бүркіт ‒ «арғы ата» архетипінің көрінісі, аспан әлемінің,  жаратушы күштің символы.

Көптеген халықтардың наным-сенімінде бүркіт шамандыққа байланысты аңыз-ертегілердің кейіпкері.  «Мажар мифологиясындағы бұл мотив (батырдың самұрықтың балапандарын жыланнан құтқаруы – Р.М.) және Мажар корольдігінің шығысындағы облыстың аты Торонтал (қазақтарда - тұрымтай, қырғыздарда -турумтай, башқұрттарда - торомтай), сонымен қатар түркі тілдерінен енген аңға түсетін құстардың көне мажар атаулары (мәселен, мажар тіліндегі «шонкар», қырғызша «шумкар», қазақша «сұңқар», башқұртша «шоңкар») ерте уақыттарда саятшылықтың қырғыз батыры Толтойға және Манас, Семетей, Сейтек эпостарының батырларына қаншалықты жақын болса, мажар xалқына да соншалықты жақын болғанын дәлелдейді», - дейді Йожеф Торма [6: 100].

Жер бетіндегі алғашқы шаманның бүркіттен жаралғандығы туралы аңыздар сібір халықтарында да жиі кездеседі. Турухан якуттарында Бүркіт алғашқы бақсының жаратушысы болып саналады. … Енисей остяктарында,  телеуттер, орочтар және басқа сібір халықтарында бірінші бақсы Бүркіттен туған немесе кем дегенде шамандықты содан үйренген [9:44].

Буряттар мынаны айтады: «Әуелде құдайлар (тәңірлер) ‒ Батыста, ал зұлым күштер Шығыста болған. Құдайлар адамды жаратып, олар жерде зұлым күштер ауру мен өлім таратқанға дейін бақытты өмір сүрген. Құдайлар адамдарға ауру және өліммен күресу үшін бақсы жіберуді ұйғарып оларға Бүркітті жіберіпті-мыс. Бірақ адамдар оның тілін түсінбепті, шындығында олар жай бір құсқа сенбеген еді. Бүркіт құдайларға қайта оралып, оған тіл бітіруін сұрайды, ең дұрысы адамдарға бурят шаманын жіберу керек дейді. Құдайлар оны жер бетіне қайтарып, алғашқы кездескен адамыңа шамандық дарыт деп бұйырады. Жерге оралған Бүркіт ағаштың астында ұйықтап жатқан әйелді көріп, онымен бірге түнейді. Белгілі бір уақыттан кейін әйел ұл туады, ол "алғашқы шаман" болады. Осы аңыздың енді бір нұсқасында, әйел бүркітпен байланысқа түскен соң, әйелге тылсым күштер көрініп, бақсыға  айналады. Сондықтан басқа аңыздарда бүркіттің пайда болуы шаманға айналудың бір белгісі ретінде көрінеді. Тағы бір аңызда бір бурят қызы қойларға түскен  бүркітті көріп, белгіні түсініп, бақсы болуға мәжбүр болғанын айтады. Оның шаманға айналуы жеті жылға созылады, ал қайтыс болған соң «заянға» айналыпты («тылсым күш»,«пұт») және ол әлі күнге дейін балаларды зұлым рухтардан қорғайды-мыс» [9:44].

Мажар ғалымы Йожеф Торманың  пайымдауынан соң біз Абай салған суреттің астарына үңілгендей боламыз. Академик Зәки Ахметовтің «Қансонарда» өлеңін талдаудағы ойлары мен мажар түркітанушысының пікірлері астасып, Абай поэзиясының шоқтығы биік өлеңінің сан қырлы табиғатын ашуға бағыттайды. Екі ғалымның зерттеулері өлеңдегі аңшылықтың суреттелуін әр түрлі ғылымның- бірі әдебиет теориясы талдаулары, екіншісі этнографиялық және этнологиялық зерттеулер ‒ тұрғысынан түсіндіреді. Екі зерттеуге де ортақ сипат - өлеңнің драмалық тартысқа құрылғанын атап көрсетуі. Қазақша жақсы білген мажар ғалымының Зәки Ахметов зерттеулерін оқуы әбден мүмкін. Йожеф Торма талдауы «Қансонарда» өлеңінің қазақ әдебиеті теоретигі жазып кеткен поэтикалық ерекшеліктері туралы пайымдауларды ары қарай тарқатып, оқиғалы өлеңнің кейіпкерлерінің ұлттың санадағы архетиптеріне, бейнелердің терең қабаттарына үңілуге мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. Алматы. Ана тілі.1995
  2. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. Алматы. Санат. 1995. 320 б.
  3. Құнанбайұлы Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы. Жазушы. 2016. 1 том. 295 б.
  4. Марғұлан Әлкей. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы. 367-бет
  5. Торма Йожеф. Бүркітшілік дәстүрлері Абайдың өлеңдерінде. Абай журналы. 1996 ж. №1.
  6. Торма Йожеф. Традиции оxоты с беркутом в кыргызском народном эпосе. // Простор. 1996. № 1. 100-бет
  7. Фодор Иштван. Көне мажарлардың этникалық санасы және «Ғажайып бұғы» аңызы. ‒ Fodor, István 2006, Az ősmagyarság etnikai tudata és a Csodaszarvas-monda. Csodaszarvas. II.kötet (ed. Molnár Adam), Molnár Kiadó, Budapest, P. 9-37. (in Hung).
  8. Элиаде Мирча. Священное и мирское. Москва. МГУ. 1994. 144 стр. http://www.golubinski.ru/socrates/eliade/5.html Соңғы қаралған уақыты: 26.03.2023
  9. Элиаде Мирча. Шаманизм: архаические техники экстаза. Киев. София. 2000. https://biblio.imli.ru/images/abook/folklor/Eliade_M._SHamanizm._Arhaicheskie_tehniki_ekstaza._2000.pdf Соңғы қаралған уақыты: 26.03.2023

Раушангүл Зақанқызы,

ф.ғ.к., Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының сениор-лекторы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052