Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8402 0 пікір 18 Қыркүйек, 2013 сағат 10:49

ҮЗДІК ҮШ ЖАЗУШЫ, ҮЗДІК ҮШ КІТАП...

"Халық сөзі» газетінде жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Мәдениет» телеарнасындағы «Кітапхана» бағдарламасы бойынша түсірілген сұхбаттарының жазбаша нұсқасы жарияланып келе жатқалы біраз болды. Айтайын дегеніміз, өткен жылы Ұлттық телеарнаның үздік бағдарламаларының қатарына қосылған бұл сұхбаттар әрқандай ортада ауызға ілігіп қалып жүр. www.ikitap.kz сайтындағы Жұлдыз Әбділда ұйымдастырған ашық әңгіме де осы сұхбаттар негізінде қағазға түскен екен. Жазушы жақында бір қаламдасынан: «Кеше www.ikitap.kz сайтындағы сұхбатыңызды оқыдым. Жалпы, прозаның табиғаты туралы, жаңа ағымдар немесе басқа жазу әдіс-тәсілдері жайлы байыпты, сабырлы, орнықты әңгіме қажет секілді. Әдебиет өзгерді. Бірақ, әдебиет дүниеге келген күнінен бастап өзгеріп келеді», – деген хат алыпты. Шынында да қазірге дейін ол жүзге жуық сұхбат жасаған екен. Жиналып қалған сұрақтар да аз емес көрінеді. Демек, әңгіменің басын бір қайырып қоятын кез келген сияқты.
– Қаламдасыңыздың жоғарыдағыдай хатына не деп жауап бермекшісіз?

"Халық сөзі» газетінде жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Мәдениет» телеарнасындағы «Кітапхана» бағдарламасы бойынша түсірілген сұхбаттарының жазбаша нұсқасы жарияланып келе жатқалы біраз болды. Айтайын дегеніміз, өткен жылы Ұлттық телеарнаның үздік бағдарламаларының қатарына қосылған бұл сұхбаттар әрқандай ортада ауызға ілігіп қалып жүр. www.ikitap.kz сайтындағы Жұлдыз Әбділда ұйымдастырған ашық әңгіме де осы сұхбаттар негізінде қағазға түскен екен. Жазушы жақында бір қаламдасынан: «Кеше www.ikitap.kz сайтындағы сұхбатыңызды оқыдым. Жалпы, прозаның табиғаты туралы, жаңа ағымдар немесе басқа жазу әдіс-тәсілдері жайлы байыпты, сабырлы, орнықты әңгіме қажет секілді. Әдебиет өзгерді. Бірақ, әдебиет дүниеге келген күнінен бастап өзгеріп келеді», – деген хат алыпты. Шынында да қазірге дейін ол жүзге жуық сұхбат жасаған екен. Жиналып қалған сұрақтар да аз емес көрінеді. Демек, әңгіменің басын бір қайырып қоятын кез келген сияқты.
– Қаламдасыңыздың жоғарыдағыдай хатына не деп жауап бермекшісіз?
– Әдебиет күнде өзгерсе, Тәкен Әлімқұловтың «Қаройын» оқымай қояр едік. Бұл әңгіме маған сурет өнеріндегі өткен заманда салынған бояуы қалың түпнұсқа картинадай елестейді. Атақты суретшілердің салған картиналарының түпнұсқасына баға жетпейді. Бірақ, жоғарыдағы хатты бүгінгі күнгі талантты қаламдастарымның бірі білмей жазып отырған жоқ. Әдебиетте жаңадан тау тұрғыза алмайтын дәрменсіздігімізді сезіне бастадық. Қаламдастарының сол дәрменсіздігіне шамданған, қайраған түрі шығар. Қазіргі заманда мықты шығарма тудыру үшін сондай көзсіздік керек. Бізге жетпесе, Мағауиннің «Мені» жетпейді. Сондықтан да көкірегінде «Мені» барларды құрметтей алсақ, қанеки, деп отырмыз.
– «Кітапхана» бағдарламасының мақсаты не?
– Мұхтар Мағауин бір сұхбатында: «Мен «әдебиет төмендеп кетті» деп айта алмаймын. Әдебиет қайта жоғарылады. Әдебиеттің сапасы шығармалардың санымен есептелмейді», – депті. Ал, Қалихан Ысқақ ағамыз: «Бүгін әдебиет бар сияқты, бірақ әдебиет жоқ», – деп салды. Бізге екі күннің бірінде айтылып жүрген осындай екі түрлі пікір жұмыс тауып берді, қысқасы. «Әдебиет бар, алайда әдебиетті бағалау жоқ», – деген пікірге келдік.
– Жоғарыда аталған ашық әңгімеде сіздің «Үздік он әңгіме» атты сараптамаңызды мысалға келтіріпті. Сіз бұрынғылар өтті-кетті деп, қазіргі өз қатарыңыздағы он жазушының әңгімесіне қысқаша талдау беріпсіз. Соны кеңейтіп айта аласыз ба?
– Біздің қатар Айгүл Кемелбаева, Думан Рамазан, Мәдина Омаровалармен толыққалы қашан. Мен одан да әлі еш жерде жарияланбаған мына үздік он кітап туралы жеке пікірімді оқып берейін:
«Мұхтар Мағауин соңғы кездері теңіз түбіне батқандай жым-жырт. Бірақ теңіз түбінен алып көк кит көтеріліп келе жатқандай күтуліміз. Ол – Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан және оның айналасы» атты тарихи деректі хикаяты. Алғашқы томы кітап дүкендерінде сатылып жатыр. Әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке: «Бұл өзі жазушының айтуынша төрт кітаптан тұрады. Екінші кітабы баспаханада жатқан көрінеді», – деді. Осы күндері Чехияда тұрып жатқан қазақ қаламгерімен Әмірхан Меңдеке бір-екі мәрте хабар алысқан соң сұрадық. «Төрт том түгел жарық көрсе, сұмдық жаңалық болады», – дейді әдебиет сыншысы. Шыңғыс ханға алып ескерткіш орнатқан моңғолдар далада қалады деген мағынада айтып отыр. Мағауиннің Шыңғыс ханды: «Оның ата-тегін қуаласаң, қияттан шығады. Қият – ежелден түрік руы. Ол қазақтың тарихында бар», – деп жүргенін ұмытпайық. Сөз жоқ, ендігіде үздік он кітап тізімін тағы да Мағауин бастауға тиіс тәрізді. Тағы да деп отырған себебіміз, жазушының шетелде жатып жазған «Жармақ» романы осыған дейін үздік ондықтың алдын берген жоқ еді. Алайда, неге екені белгісіз, нақ осы шығарма дақпырты сөніп, тез ұмытылып бара жатыр. Ал, «Шыңғыс хан және оның айналасы» қазақтар үшін ғасыр кітабы атануы ғажап емес. Тұрсынжан Шапай айтпақшы, «асықпай, артын күтейік».
Әзірге әдебиетті шын бағаласақ, Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы алдыға кітап салмауға тиіс. «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» атты екі бөлімнен тұратын бұл көлемді романды қазіргі уақытта төзімің жетіп оқып шығу оңай емес, әрине. Көпшіліктің кітапты уақыт өткізіп, демалу үшін оқу керек деген түсінігіне аса сай келе бермейді. Кітапты да еңбек сіңіріп оқып, тағылым алуымыз керектігі ұмытылып бара жатқаны өкінішті. Эмиль Золяның «Шабыт» романындағы бай әйелге кітап оқып беруші қызметін атқаратын бойжеткен еріксіз еске түседі. Қазір кітап оқуға ерінген адамға сондай қызметтің орнын алмастыратын түрлі электронды тәсіл бар. Бірақ оны жазушылар да, оқырмандар да толық пайдалана алып жүрген жоқ. Бұл әңгіме арасында айтылған сөз, әйтпесе «Соңғы парыз» ұлтым, елім, жерім деп жүргендер еңбек сіңіріп-ақ оқитын және соған әбден лайықты шығарма. Экология мәселесі қазақтың жанына қатты батып жүрген тақырып екенін естен шығармағанымыз дұрыс.
   Жалпы, қазақ әдебиеті толық оқылмай, толық зерттелмей жатқан тәрізді. Кейбір шығармалар авторының даңқы мен дақпырты сүйрелемесе, мүлдем ұмыт қалып жатады. Оқырмандардың жазушыны кеш біліп, кеш танып жататын кездері де бар. Құр сөз қылмай, нақты мысалмен айтайық. Жақында белгілі публицист-редактор Серғазы Мұхтарбек: «Бексұлтан Нұржекеұлының бір әңгімесін оқып, тым жақсы жазушы екен-ау деген қорытындыға келдім. Қазір басқа шығармаларын іздеп тауып, оқып жатырмын», – деді. Сол сияқты қалың оқырман арасында жарысқа салса, Дулат Исабековтің кез келген кітабы үздік ондықтың ішінде жүрер еді. Былтыр қайталап басылып шыққан «Қарғын» романы  психологиялық бағытта жазылған, жаңаша ойлау сипатындағы еркін рухты дәріптейтін мықты шығарма. Осылай көптеген қаламгерлердің аты-жөнін тізе беруге болады, ондай қаламгерлер қазақ әдебиетінде жетіп артылады. Бірақ соңғы кездері үздік ондықтың тізімі жасалғанда, көбіне тәуелсіздік жылдарында туған шығармалар санатқа алынып жүр. Он үздік кітапты таңдауда біз де сол талап тұрғысынан келдік. Сонымен бірге: «Бұл тізімде Тынымбай Нұрмағамбетовтің кітабы неге жоқ?», – дегендей сауал туса, оны да әділ қойылған сұрақ деп есептеу керек.  Біздіңше мұндай тізім жылда жасалуы керек, бірді-екілісі тізімнен түсіп қалып, орнына басқаларының келгені жөн. Себебі, әдебиет тоқтап қалған өлі су емес, ол Ертістің, Есілдің, Сырдарияның, Жайықтың, Іленің ағысындай бірде тасып, бірде тұнып жатуы керек.
Сонымен, «Шыңғыс хан және оның айналасы» әлі жазылып біткен жоқ; «Соңғы парызға» көпшілік оқырманның тісі бата қоймағаны былай тұрсын, әдебиеттанушылардың өздері де батылы жетіп толыққанды пікір айта алмай жатыр; «Қарғынның» қайталап басылғаны болмаса, Дулат Исабеков драматургияға көбірек қалам тартып кетті; Кезінде оқырман қауым қызығып та сүйініп оқыған басқа жазушыларымыз публицистикадан болмаса, көркем әдебиеттен жаңа кітап шығара қойған жоқ дей келіп, өз бағдарламамда жүзден аса кітапты талдағаннан кейін үздік он кітаптың тізімін былайша түздім: Сауытбек Абдрахманов қазақшаға аударған арабтың халық романы «Бейбарыс», Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» топтамасы, Қажығұмар Шабданұлының крилицамен толық басылып шыққан 6 томдық «Қылмысы», «Адам жазған апокалипсис» атанған Адам Мекебаевтың «Құпия қоймасы», Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» жинағы, Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаят» атты естеліктері, Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының пышақтың қырындай ғана «Ақшам хаттары», Қытайда қазақшаға аударылып, төте жазумен жарық көрген Нобель сыйлығының лауреаттары Орхан Памуктің «Менің атым Қызылы» мен Мо Янның «Қызыл жүгерісі». Қайталап айтайын, бұл үздік он кітаптың тізімі «Мәдениет» телеарнасында жүргізілген «Кітапхана» бағдарламасының негізінде жасалды. Әлі талданып үлгермеген кітаптардың ішінде бұлардан да мықтылары болуы мүмкін.
– Бұл өз көңіліңіз үшін жасаған тізіміңіз болар. www.ikitap.kz сайтында –сізден он кітаптың емес, үш кітаптың тізімін атасаңыз деп өтініпті ғой.
– Иә, Жұлдыз: «Бүгінгі көзі тірі жазушылардың ішінде ең мықтылары кімдер? Қай жазушылардың шығармаларын жұрт іздеп жүріп оқуы керек деп ойлайсыз?» деп қойды сұрақты. Мен эмоцияның адамы болармын. Үшеумен шектелгенім рас. Оқырманға түсінікті болу үшін сұхбатты түгел келтірейік:
«Бүгінгі көзі тірі жазушылардың ішінен үш жазушыны бөлек атап айтуға болады. Біріншісі, сөз жоқ, Мұхтар Мағауин. Жеке өзім күллі жұрт мойындайтын Мұхтар Мағауиннің бүкіл шығармаларын жоғары қоя отырып, «Жармаққа» байланысты күмәнді ойымды білдіремін. Әңгіме жеке шығарма туралы ғана болып отыр. Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романын үлкен жазушының егде тартқан кезіндегі бір сәтті, бір сәтсіз эксперименті деп айтуға болады. Сәттілігі – жаңа әдеби тәсіл арқылы қоғамның бүкіл қоясын ақтарып бере алғандығы. Сәтсіздігі – әлем әдебиетінде бар, көп қайталанған үрдістің көшірмесі сияқты әсер ететіндігі. Мысалы, «Нобель» сыйлығының лауреаты Герман Гессенің «Степной волк» деген романы бар. Адам екіге жарылып тұрады – бірде адам, бірде жыртқыш. Яки, адам жанының, адамның болмысының екіге жарылуы.
Болгардың Павел Вежинов деген жазушысы да адамның ішкі дүниесіндегі арпалысты осылай екіге жарылу арқылы суреттеген. Әлемдік әдебиетте ондай-ондай көп. Сондықтан, маған «Жармақ» біздің үлкен жазушымыз сол үрдісті қайталап, сол соқпаққа түскендей әсер етті. Егер әлемдік әдебиетте ондай үрдіс болмаған болса, мұны керемет дүние деп бағалауға болар еді. Ал ұлттық әдебиет тұрғысынан баға берсек, бұл, әрине, керемет шығарма. Ал біздің Мағауиндей жазушымыздың «Жармағы» неге әлем әдебиетін дүркіретіп кете алмады? Өзі Еуропаның қақ төрінде тұрып жатқан жазушы және. Неге әлем әдебиетінде соған бір кереметтей баға беріп жатқан жоқ? Себебі, үрдіс бар. Яғни, олар үшін жаңалық емес. Бірақ, қазақ әдебиетінде Әуезовтерден кейін тұрған тұлға осы Мағауин. Қай-қай тізімде де ол кісінің бірінші орында тұруы заңдылық.
Ұлттық әдебиет тұрғысынан келсек, тізім сәл басқаша болуы мүмкін еді. Ал әлемдік әдебиеттің тұрғысынан қарағанда, назар аударатын екінші жазушы – Тынымбай Нұрмағамбетов. «Кене» деген бір ғана шығармасын алайық. Адамның күнделікті өмірінен тыс параллельді өмірді көрсетуін жаңалық деп бағалауға болады. Ең бастысы, жаңалықтың соңына түсіп кетпеген, шынайы көркемдік қуаты бар дүние. Адамның өмірден өткеннен кейінгі жан-дүниесінің екі дүние арасындағы көрінісі. Өзі және өзіне деген айналасының көзқарасы. Өте керемет суреттелген.
Үшіншісі – Төлен Әбдіков. Төлен Әбдіковтің қай шығармасын алсаңыз да, әлемдік үрдіске ілесе алады. Кеңестік заманда жазылған шығармаларының өзінен де сана ағымы, постмодернистік үрдіс байқалады. Адамның екіге жарылуы кеңес заманының өзінде де Төлен Әбдіковтің шығармаларында болды. «Оң қол» деген әңгімесінен бастап, күні кеше ғана жазып бітірген «Тұғыр мен ғұмыр» деген романына дейінгі барлық шығармаларында адамның болмысының екіге бөлінуі бар. Пендәуи өмірге адамның екі түрлі көзқараспен қарауы. Яки, адамның болмысы екіге жарылады да, шындық үшін өзімен-өзі айтысады. Бұның оқырманға ұнауының себебі, адам өмір бойы шындықты іздеумен болады.

–  Ал егер әңгіме үздік шығармалар туралы болса ше?
– Егер әңгіме үш жазушы туралы емес, үш үздік шығарма туралы болса, үшінші орынға мен жазушы Адам Мекебаевтың «Құпия қойма» атты романын қоятын едім. Бұл романның ерекшелігі – оқылымдылығында. Қазір көптеген шығармалар оқылымды емес. Бәрі қарама-қайшыласып жататындықтан, оқу, оқығанды бойға сіңіру ауырлау келеді. Қарапайым оқырманға шығарманың түпкі идеясының жетуінің өзі қиынға түседі. Ал Адам Мекебаев соны қарапайым сюжеттермен-ақ бере алған. Бұл өзі оқиғалы роман. Сюжеті оқырманды қызықтырып, еліктіріп отырады. Бір оқиғадан бір оқиға туындайды. Осылайша, сюжет өзінен-өзі бірте-бірте ширығып шыға келеді. Яғни, динамика бар. Бұл – жазушының шеберлігін көрсететін, классикалық үлгіде жазылған шығарма. Бұл жерде романтикалық сарын да жоқ.
Романтикалық сарын туралы тектен-текке айтып отырған жоқпыз. Біздің бүгінгі күнге дейінгі жазушыларымыздың қай-қайсысы да оқырманның көңілін романтикалық сарынмен алып келді. Бұл біздің дәстүрлі әдебиетте басым бағыт. Ал халықтың басындағы қасіретті оқиғалы шығарма етіп жазып, шығарманың іштей дамуы арқылы көлемді шығармамен осылай оқырманның көңілін алу тұрғысынан келіп есептеген кезде Адам Мекебаевтың осы романы, бәлкім, алдына шығарма салмауы мүмкін. Үздік үштіктің қатарына осы шығарманы ойланбастан қосуға болады. Адам Мекебаевтың басқа шығармалары туралы пікір басқа болса да, «Құпия қойма» туралы пікір басқа болуы керек. Романды оқыған адамдардың көпшілігі осындай пікірде сияқты. Мысалы, Ғалым Жайлыбай, Марал Ысқақбай, Ахат Жақсыбаев сынды қаламгерлеріміз осы шығарма туралы жақсы пікір білдіргеніне куәмін.
– Эксперимент жасаудан қорықпайтындардың ішінде кімдердің шығармаларын оң бағытта келе жатыр деп айтуға болады?
– Ойланбастан қазақ әдебиетінің қазынасы деп айтуға болатын жазушылар бар. Мархабат Байғұт,  Жұмабай Шаштайұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Дидахмет Әшімхан, Серік Асылбеков бастаған шоғыр. Бұлардың барлығын қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі деп айтуға болады. Бұлардың барлығы біздің дәстүрлі әдебиетіміздің негізінде өсіп шыққан жазушылар. Бірақ, біздің алдымыздан үнемі шыға беретін бір сұрақ бар. Неге біз әлем әдебиетіне қосыла алмай жатырмыз? Неге бізді әлем әдебиеті мойындамай жатыр? Кейбір үлкен жазушыларымыздың өмірбаянын қарап отырсақ, шығармаларының пәленбай тілге аударылғанын аңғарамыз. Бірақ, сол пәленбай тілге аударылғаннан кейін әрі қарай тұйыққа тірелеміз. Демек, есеп үшін, саяси немесе рухани қарым-қатынастардың жақсаруы үшін жасалған нәрсе деп айтуға болады. Бірақ, бұл жайт мен атаған не атамаған жазушыларымыздың талантын бір мысқал да кемітпейді. Өз басым бұл жазушылардың әрқайсысының шығармаларын әлі күнге дейін қызыға оқимын. Үйренетін тұстары да аз емес. Әрине, әлемдік әдебиет біздің ұлттың тілімен сөйлеп кетпейді. Егер ғайыптан тайып әлемдік әдебиет біздің ұлттың тілімен сөйлеп кететін болса, жаңағы жазушылардың кейбірі алдыңғы қатардан көрініп қалуы мүмкін.
Қазір біз «Кітапхана» шеңберінде әлем әдебиетінің үздік шығармалары, осы тұрғыдағы аудармалар бойынша пікір таластырып жүрміз. Солардың кейбірінің жаңағы біз айтып отырған жазушылардан пәлендей озып кеткен ештеңесі жоқ. «Әлем әдебиетіндегі озық шығармалармен салыстырғанда, біздің жазушыларымыздың жазып жүргендері әлдеқайда мықты» деген сөзді өз басым бұрын намыс үшін айтылатын шығар деп ойлайтынмын. Қазір мен ондай көзқараста емеспін. Жуырда Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» повесін қайталап оқып, талқылап отырған уақытта өзімше ой түйдім. Біз, кейінгі жазушылар осы «Қоңыр күз едінің» деңгейіне жете аламыз ба? Бұл шығарманың шеберлікпен орындалғаны сонша, ондай шеберлік пен ондай еңбек біздің қолымыздан келетініне күмәнмен қарағандай болады екенсің. Бірақ олар эксперимент жасайтындардың тізімінде жоқ.
– Эксперимент дегенде, «Болашақтың жазушылары кімдер?» дегім келген. Біз кімдердің шығармаларын оқуымыз керек?
– Бұл орайда тізімді сәл өзгертуге тура келеді. Менің тізімімдегілер өздерінің ондаған жыл уақытын құрбандыққа шалған буын. Қайта құру, тоқырау, нарықтық қиыншылық кезінде әдебиетпен айналыса алмай, біраз уақыттарын текке өткізіп алды. Соның салдарынан мүмкіншілігін тұтастай сарқып берген жоқ. Асқар Алтайдан басталып, Нұрғали Ораз, Дидар Амантай, Роза Мұқанова, Жаңабек Шағатай болып жалғасады. Кейінгі Айгүл Кемелбаева, Думан Рамазан мен Мәдина Омарованы қосуға болады, тіпті, шығармалары ішкі қуатын бойына жасырған Дәурен Қуаттардан көп үміт күтуге болады. Бұлардан кейін де керемет толқын өсіп келе жатыр. Өзіме орта буынның ұнайтын себебі, бұлар түрлі экспериментке барып жатыр. Ол эксперименттері жеміссіз де емес. Дәстүрлі әдебиеттің үлгісінде жазады деген Асқар Алтайдың өзінен түрлі эксперименттің нышаны байқалады. Оның «Көзжендет» деген әңгімесін кез келген тілге аударып, ұялмай осы ұлттың атынан бәйгеге қосуға болады. Роза Мұқанованың әңгімелерінде де жаңашылдық сипаты байқалып отырады. Жұртты таңғалдырамын деп, басқалардай адам тағдырындағы параллельді өмірді алмағанның өзінде, адам тағдырындағы өзгеше дүниелерді Роза шебер пайдаланады. Мысалы, «Мәңгілік бала бейнедегі» жеке адамның басындағы тағдыр назар аудартпай қоймайды. Яки, тағдырлы әңгіме. Суретші Калмыков туралы әңгімесі бар. Суретшінің бір керемет картинаны тудыру үшін түрлі құрбандыққа баратыны, адамның ақылы жетпейтін әрекеттерге баратыны шебер суреттелген. Дені-қарны сау адамдар жасамайтын әрекет. «Монастырь» деген әңгімесі туралы да осыны айтуға болады. Бұл тізімге мен Дидар Амантайды да қосар едім. Неге? Дидарда еліктеу, солықтау да болған шығар. Тіліндегі кемшіліктер де болған шығар. Бірақ, соңғы кезде Дидардың әңгімелерін оқып отырып, дәстүрлі әдебиеттегі тілді жақсы білетін жазушыларымыздың өзі қолданбаған тіркестерді байқап қалып жүрмін. Жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың «біздің жазушыларымыз түрді, түсті ажырата алмайды» деген сөзі бар. «Жауып тұрған қардың түсін суреттей алмайды. Ал Чеховтың артықшылығы, ол жауып тұрған қардың түсін түстеп бере алады», – дейді Оразбек аға. Чеховқа теңемей-ақ қояйын, Дидар Амантайдың бір ерекшелігі, әр нәрсені адамның көз алдына елестете отырып жазады. Әрбір жазған көрініске сурет береді. Соның бояуын табады. Қимыл-әрекеттің көрінісін тауып береді. Бұл біздің қазақ жазушыларында жоқ. Ендеше, оны неге мойындамасқа?! Дидар өзінше бір соқпақ салып жүрген жазушы ретінде мойындалуы тиіс.
– Ал суреткерлік тұрғысынан келсек ше?
– Суреткерлік жағынан қазіргі жазушылардың ішінде Нұрғали Оразға ешкім жетпейді. Нұрғали табиғи суреткер. Оқырманның көңілін алып жазуға жақсы икемі бар. Өмірде де, жазушылықта да солай. Жазушылықта Дулат Исабековтің юморындай табиғи юмор ешкімде жоқ-ау. Жалпы, Қарауылбек Қазиев, Дулат Исабеков, Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз төртеуінде ұқсастық, оңтүстікке тән бір жылы ағыс бар. Және ол жылы ағыс суреткерлікпен беріледі.
–  Жөн екен. Әрнеден аңыс берген, ауызша түзілген тізім екені байқалып тұр. Көңіліңізде тағы біраз жазушы қалып қойған сияқты.
– Рас... Ғабит Мүсіреповтің сұңғылалығы біреулер жақтырмаса да айтайын, Рақымжан Отарбаевқа дарығандай көрінеді. Таласбек Әсемқұлов Тәкен Әлімқұловты елестетеді, бірімен бірі сабақтас тәрізді, ерекшелігі Таласбек астарлы жазғанда алымды жазады. Үздік ондыққа Таласбекті ел бекерден-бекер қосып жүрген жоқ. Мархабат Байғұт – Бейімбет Майлиндей, мысалы. Несіпбек Дәутайұлы орыстың кейбір жазушыларына ұқсайды, «деревня прозасы» деген. Бірақ, бұлардың ішінде Валентин Распутин де, Оралхан Бөкей де жоқ.
– Шетелге таныла алмай жатуымыздың себебі, «олардың біздің тілімізде сөйлемегендігінен» бе сонда?
– Қазір әлем әдебиетінде магиялық проза, сиқырлы реализм үстемдік құрып тұр. Ол адамды сұмдық арбайды. Біз әлі мұржадан қыста ақ түтін, жылылау кезде қара түтін шығуы керек екен деп жүрміз. Жақында интернеттен Мо Янь мен Орхан Памуктың сұхбатын елдің бәрі оқыды. Басқа жұрттарда оқ мұржаны құлатып кеткенде, түтін пештің үстінде тұрған шәйнектің шүмегінен шыға бастапты. Содан-ақ айыра беріңіз.
– Рахмет!

Сұхбатты дайындаған – Балжан Мұратқызы
"Халық сөзі" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364