Санкцияның салқыны Қазақстанға да тие ме? О'Салливан не дейді?
«Дауыл тұрса ешкіні аспаннан ізде» дегендей, Ресейге салынған санкция Орталық Азияны да айналып өтпеуде.
Бірақ бір жамандықтың, бір жақсылығы болады дегендейін, Украинадағы соғыстан кейін Орталық Азияны бұрын Қытай мен Ресейдің «мәңгілік мүддесіндегі» аймақ деп санаған Батыс пен АҚШ тәуекелге бел буып, әріптес ретінде бауырға тартудың түрлі жолдарын қарастыруға көшті.
Еуроодақтың кезінде «санкция салынған тауарлар Қазақстан арқылы Ресейге өтіп, Мәскеу бұл тауарларды қару жасауға пайдаланып жатыр» деп мәлімдегенін де жақсы білеміз.
Бұрын айында, жылында бір ОА-ға төбе көрсететін Еуроодақтың өкілдері екі ортаны таптауырынды жолға айналдыра бастады.
Кеше 28 қарашада Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Астанаға келіп, Қазақстан үкімет мүшелерімен Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге шектеу қою мәселесін талқыға салды.
Естеріңізде болса, О'Салливан биыл сәуірде Қазақстан мен Өзбекстанда болған еді. Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі сол кезде Қазақстан үкіметімен санкция тізіміндегі тауарларды Ресейге жеткізбеу жөнінде диалог жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Ал, осы жолы Дэвид О'Салливан «Біз қоқаң-лоқы жасамаймыз» деп кесіп айтып:
- Қазақстанға сапарлап келген сәуір айынан бері бірқатар жақсы өзгеріс байқадым. Соғыс майданынан табылған қалдықтар арасында Ресейге реэкспортталған тауарлар саны азайған. Бірақ басқа тауарлардың реэспорт мөлшері көбейген. Сондықтан Қазақстан мен Еуропа одағы бірлесе жұмыс істеп, ынтымақтастық нығайту қажет. Алда атқарар жұмыс көп, - деді.
БАҚ өкілдерімен кездескенінде О'Салливан Қазақстан үкіметінің лауазымды тұлғаларымен кездесудің екеуара тиімді болғанын айып, Қазақстан арқылы санкция тізіміндегі тауарлардың Ресейге экспортталуын болдырмау үшін бұндай басқосулардың әлі де жиындар жалғасатынын алға тарта келе:
- Біз қоқаң-лоқы көрсетпейміз, біз барлығымызға ортақ қауіп-қатерді ескертіп отырмыз. Қазақстанның санкцияны айналып өтетін жерге айналуы елге де, елдегі компанияларға да теріс әсер етіп, беделіне нұқсан келтірері анық, - деді.
Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі О'Салливан бүгін, 29 қарашада Өзбекстанға ат басын бұрады.
Abai.kz