«Менің өмірім». Назарбаевтың мемуарында не жазылған?
Бәріміз білеміз, кезінде бір мемлекетті немесе жарты әлемді жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстағандар қолдарынан билік кеткеннен кейін жазу үстеліне отырып, мемуар жазуға кіріседі. Осы бір тірлік Қазақстанның бұрынғы президентін де айналып өтпеген секілді. Сонымен Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты өмірбаяндық кітап жазып, өзін деректі прозаның тарланы ретінде танытты.
БАҚ-тағы деректерге көз жүгіртсек, жаңа кітапта бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған ғұмырнамалық туындылардан ала бөтендік бар. Ол алабөтендік Нұрекеңнің екінші әйелімен одан туған екі баласы турасында ағынан жарылуы.
Бұрынғы мемлекет басшысы билікте болған кезде оның екінші отбасысының бар екенін отандық және шетелдік БАҚ бұрқыратып жазғанымен, Н.Назарбаев оның не жоққа, не шындыққа жанасымды екендігі жайында ләм-мим деп жақ ашпаған.
Аталған кітаптың баспа көргенін Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай да растады. Ал Назарбаевтың ресми сайтының ақпаратынша, кітапта бұрынғы президент өзінің өмір жолымен қатар, елдің қалыптасуы және даму кезеңдері туралы естеліктерін бөліскен.
«Кітапты «Фолиант» баспасы шығарған», - дейді «Орда» сайты. Онда «Қаңтар оқиғасы», «Елбасы туралы» заңның күшін жоюы, туыстары, күйеу балалары туралы, Рахат Әлиев пен Лакшми Миттал туралы және екінші әйелі деп аталып келген Әсел Исабаева мен одан туған екі ұлы жайлы жазған.
Біз «Орда» сайты сөз еткен кітаптың ұңғыл-шұңғылына дейін сөз етіп жатпаймыз. Өзіне екі ұл тауып берген екінші әйелі Әсел Исабаевамен алғаш қалай жолыққаны жайында автор:
«Бірде Талдықорғанға жолым түсті. Осы аймақтарды аралаудағы ресми сапарымда ұшақ сатысынан мені гүлмен қарсы алды... Өзіме гүл сыйлаған қыз жүрегіме шоқ түсірді. Әрі көз алдымда үнемі көлбеңдеп жүрді», - деп жазады.
Одан ары оқиға өрби келе, көз алдынан кетпеген қыз бейнесі қайта қылаң беруін, бірде газеттен көзіне оттай басылғаны Әселдің «Мисс Қазақстан» атанған фотосы болғандығын ашып суреттейді.
Екінші некеден өмірге келген ұлдары турасында оқырмандарымен сыр бөліседі. Бұған Сара Алпысқызының һәм үш қызының қалай қарағандықтарын да қалам ұшына іліктіреді.
Жалпы кітап бір ғана ағынан жарылудан тұрмайды ғой. Кітапта бұдан бөлек біраз жеке бастық ой-толғамдар бар.
«Орда» сайты: «Кітапта Жаңаөзен оқиғасы, 2019 жылғы биліктің ауысуы һәм қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен арадағы қарым-қатынасы тереңірек сөз болады», - дейді.
Кітап таяу арада отандық кітап дүкендерінде сатылуға шығарылады.
Abai.kz