Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 2368 2 пікір 1 Желтоқсан, 2023 сағат 16:41

Егер...

Фото: Tengrinews.kz

(Әлемжелі ішіндегі әңгіме)

Қожайын өз тойына шала будан болып келген еді. Қазір тіпті қызып алыпты. Әр столға төніп, мәртебелі меймандарымен жеке-жеке стақан қағыстырып, шалқып жүр. Зайыбы да ерінен еш қалысар емес. Ол да орта тұсына дейін шарап құйылған оймақ бел бокалын көтеріп алып, жайнаң қағады.

– Мыналар түн жарымына дейін сілтейді, – деді Зухра.

– Иә, қарқындары қатты, – деді Асылбек.

Бұның іші мұздап қоя берді. «Қаскелеңге қалай жетемін?..». «Топалаң ұрған тойшыл қауым түн жарымына дейін сілтесе, содан соң дастархандағы қалған-құтқанды жиып-теріп өткізіп, мейрамхананың бұраң бел админстраторшысынан рұқсат алып кетуі керек. Ал ол тойдан кейін ешқашан есеп айырыспайды. «Ертең кел» дейді ыңырсып».

Асаба мал қайырғандай айқай сала сөйлейді. Ортаға келіп, той иелеріне тілек айтып, лебіз білдіретін қонақтарды да айқай салып шақырады. Мына тойға бір өңкей саңырау жиналған сияқты... Әлде бүгінгі мақтанның, зор кеуденің үні айқай ма екен?..

Музыка да құлақты тұндырады. Мейрамхана сахнасынан тұрақты орын тепкен серейген екі колонканың қасына той иесінің аяғын әсем басып, әдемі күлетін зайыбы ерін ұшынан еркелей сөйлеп, тағы екеуін қойғызған. Қазір төрт колонка ресторанның төбесіндегі алып люстраларды сілкіндіріп, шыны, әйнек біткенді шытынатып жіберердей ышқынып тұр.

Микрофон қолдан қолға көшіп, қонақтардың тойдан тойға ілесіп келе беретін тіл ұшындағы тілегін көпке жетікізіп, арандай ауыздардың демін жұтып қайтады. Сорлы, күшеншек микрофон.

Қонақтар да бір бірімен дауыс жарыстырғандай дабырлап, айқайлап, сосын езіп, мыжып ұзақ сөйлейді. «Жаңа Жәкем айтқандай, Жәкемнің сөзіне жүз пайыз қосыламын» деп қойып әрі қарай өңешін созады. Бұл Жәкеңенің бокалына виски құйып тұрып, «қосылса, жалпылдап сөйлей бермей жағын жаппай ма енді?» дейді іштей күйіп-пысып.

Тілектің тиегін ағытқандар алқынып әрең тоқтағанда, асаба тамағынан тарғыл дауысын ақтарып, әдетінше айқайына басты. «Жо-жоқ, тілек айтып бола салып отырмайсыздар! Отырғызбаймыз сіздерді. Би! Билейсіздер!».

Ортаға қазақша нұсқадағы той-рэпін айтатын дәлдүріш әнші шықты. «Құдалар осылай билейд. Құдаша осылай билейд. Құда бала осылай билейд».

Бұл неме тойға жиналған жас кәріні көзінен тізіп, түгендеп, түгел билетпей қайтпайтын әумесердің өзі.

«Тойға бүгін 500 адам жиналды. 500 қонақтың атын атап, түсін түстегенше, түн ауып, таң ататын шығар. Қаскелеңге қалай, қайтіп жетемін?» деп қамықты ол.

Тойдың ызы-қиқуы мен ырғын қызығына бөккен жұрт биге кіріскен. Қазіргінің биі – тоқ мықындар мен дөңгеленген бөкселердің, сидам сирақтардың биі. Шаршап отыра кеткен даяшы бала жанып-өшіп, алақұйын ойнаған электр шамның жарығында жанығып би күйіне түскен мықындар мен сирақтарға нәумез көз тастап қана қарайды.

Рас, той сағат тілі түнгі екі жарымға ауғанда әрең аяқталды. Даяшы бала қызмет қылған столдың қонақтары удай мас. Бұны жібермей әуреге салды.

– Бала, алып кел. Бардан болса да алып кел!

– Саған көкең не айтты? Әкел деген соң бар, шап!

– Әкел! Бір бөтелкесін бір-ақ әкел! Достар бас қосқанда дүниені бір шайқайықшы, әкесін!

Даяшы ішінен жымың етті. Осындай мас көңіл мырза ағалардың аз-маз болса да пұл – чаевый тастап кететіні бар еді. Мына ағалар да сөйтеді-ау, шамасы...

Бала даяшы барын салып, құлшынды. «Отты суды» да, тіске басарды да лып етіп әкеле қойды. Жымия күліп, рөмкелердің бетін алақанмен сипардай етіп, меймілдете толтырып та беріп тұрды. Ағалар әбден мелдектеді. Ақыр соңында шайқалақтап, мес қарындарын көтеріп, есікке бет алған. Сол кезде бала даяшы бәсең үнмен, жасқана сөйлеп: «Бай көкелер, біз пақырға чаевые тастап кетпейсіздер ме?» – деді.

Бай көкелер оны жаңа көргендей бажырая қалысты. «Достар бас қосқанда дүниені бір шайқайықшы, әкесін!» деген дүлей қара барқырап ұрысып та жіберді.

– Осы күнгі балалар ақшадан туған, сыболыштар! Саған бүгінгі қызметіңе ақы төленді емес пе? Төленді ме – төленді! Ендеше неменеге тіленіп тұрсың? Қайыршы. Батыр қараңды!

Дүлей қараның сөзіне рахатттанып, ырқ-ырқ күлген дүрмекті топ арақ пен тер иісі сіңіп сасып, жидіп қалған мейрамхананы тастап, далаға ақтарылды.

«Қаскелеңге жете алмайтын болдым, – деп көз жасын жұтты бала даяшы. – Неғылса, вокзал маңындағы арзан хостелдердің бірінен жай табармын».

... Ертеңінде бала даяшы жетіп жығылған хостел өртеніп кетті.

«13 адам өрттен қаза құшты» деп, жаманат хабарды шұғыл таратқанына қыбы қанып, хайпке ылыққан болгерлер жарыса жазып жатты.

Ел іші күңіренді.

– Егер, жатақханалар жаппай жекеменшікке өтіп кетпегенде, студенттер көше кезіп, хостел жағаламай тып-тыныш өмір сүрер еді ғой, – деді біреу.

– Жастар қалаға ауып келіп алды. Егер, сол жастарға қала билігі шағын отбасылық жатақтар салып бергенде, мынандай сұмдықты құлағымыз естімес пе еді, – деді тағы бір жанашыр кісі.

– Сұмпайы, сұмырай биліктің құлқыны тоймады ғой! Егер халқын, елін ойлайтын Үкімет болса, жастар телім-телім болып жүрмес еді...

– Бүгінгі ұрпаққа, бүгінгі ұл мен қызға біздің қоғамда лайықты орын қалған жоқ. Орын болмағандықтан олар сенделіп, көрінген жерде нәпақа тауып күнелтуде. Егер, стипендиясы қара басына жетіп артылса, бала даяшы айғыр жалды топтың тойына бармас еді...

– Егер, бала даяшы соңына дейін қызмет көрсеткен дастархан басындағы «бай-бағыландар» қалталарынан қара бақыр ұсынып бере қойса, ол Қаскелеңдегі кәрі әжесінің қасына барып көз іліндірер еді-ау...

Ата-анасыз жетім бала Алматыдағы оқуына алыстан қатынайтын.

Егер...

Дәурен Қуат

01.12.2023 жыл

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333