Қырғызым, қайда барасың?..
Қанша жерден қырғыз, қазақ, өзбек пен түркімен бауырлас түркілер десек те, олардың алтайлық, қыпшақтық, қарұлық пен оғыздық тармақталуы бір-бірінен алшақтатып, бір кездері боданында болған Ресейге қатысты түрлі саясат ұстантып келеді.
Түркіменстан бірден Ресейден алшақтап, «бейтарап ел» мәртебесін иеленді. Қазақстан өзінің «көп векторлы саясатын» жария етті. Өзбекстан Ресеймен арадағы барша одақтан бас тартты. Тек Қырғызстан ғана Ресеймен ортақ шекарасы болмаса да, екінші Арменияның кебін киген Орталық Азиядағы жалғыз түркі елі.
Қырғызстан соңғы уақытта Ресейшілдік бағытты ашық ұстанып, орыс мектептерін ашып, Ресейден орыс тілді мұғалімдер алдыртып, көршісі қазақтар қашып құтыла алмай отырған орыстың құшағына өз еркімен кіруді құп көре бастады.
Жақында айырқалпақтылар еліндегі танымал «Вечерний Бишкек» басылымы «Батыс Қырғызстанда төңкеріс әзірлеп жатыр» деген тапсырыспен жазылған мақаланы жария етті.
«Ресей мен Қырғызстанның бүгінгі өзара жақындаса түсуі Батыс үшін өңештегі сүйек секілді. Оны алып тастау үшін америкалықтар президент Жапаровты тағынан тайдыруға үміттенеді. Осылайша елдің басшылығын мұхиттың арғы жағындағы қожаларының сөзін екі етпейтін қолында ойнататын қуыршақ билікпен алмастыра алады», - деп жазады «Вечерний Бишкек» газеті.
Биылғы маусымда мемлекет «төңкеріс жасамақшы» болды деген айыппен 30 адам тұтқындалды. Газет қолындағы көзірі ретінде ұсынған тағы бір фактор – Батыс «түрлі-түсті төңкеріс» жасау үшін өздері құп көрген белсенділерге «ұшақпен АҚШ долларын тасуда».
Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды. Қырғыздың белсенді күштері тым Ресейшіл билікті құлатқысы келсе, АҚШ-тан көмек сұрамайды да. Бұл ел азаматтарының халқын жатқа бермеудің қасқа жолы. Одан Батыстың ізін іздеу ақымақтық болар еді.
Abai.kz