Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2176 14 пікір 5 Желтоқсан, 2023 сағат 14:00

Жазушы деген сөз жеңіл...

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Назарбаевтың кітабы әлеужелілерде әлі гулеуде. Менің осыны өзі жазды, жалпы Назарбаев жанын қинап, кітап жазады дегенге күмәнім бар. Дей тұрғанмен Назарбаев отыз жыл билік құрған шағында Жазушылар Одағындағы жеті жүз жазушыдан жедел «жазды» әрі өнімді «жазумен» болды десек, қателесе қоймаспыз..

Соның айғағы, кеше ғана емес пе еді, кітапханалар мен кітап дүкендерінде Назарбаевқа арналып, әсем безендіріліп, арнайы жабдықталған сала құлаш сөрелерде оның қымбат, ақшаңқан қағаздарға қарпі қанық, бояуы анық басылған, қалыңдығы әлденеше елі кітаптарының қаз-қатар тізіліп тұрғандығы. (Қазір алынып тасталыпты).

Бірде осы кісі не жазды екен деп, сол кітаптардың бір-екеуін оқып көргенімде, белгілі қаламгер ағамыздың тек өзіне тән жазу мәнерін танып қалып, қайран қалғаным есімде.

Оқып болған соң тегінде кітап жазу, жалпы қаламға ие болу – екінің біріне беріле бермейтін ерекше қасиет емес пе еді, сонда қалай, біреу жазып бергенді келесі біреу қалай өз атынан шығарады деп біразға дейін таң қалып жүргенім де жадымда. Кезінде, Жазушылар Одағының бір жиынында, «Диқан кетпеніне, қойшы таяғына, жазушы қаламына ие болсын» – деп, атақты Еңбек Ері Ыбырай Жақаев айтқандай, киелі қалам ежелден сөз иесі – жазушы мен ақындікі еді. Содан ба, көзі қарақты жұрт оқырман болғанын місе тұтып, қаламды ауылдан аулақ жүретін-ді, ал шенеунік атаулы бұл төңірекке тіпті жоламайтын.

Расында, «Билік деген – зорлық», – деп Шәкәрім атамыз айтпақшы, Компартияның жалаң ұраншыл, науқаншыл қызыл көсемдері яки Тәуелсіз Қазақстанның жемқор шенеуніктері несін жазбақ? Ел дәулетін тонап, халықты сүліктей сорғанын я момын, қорғансыз елге қылған қиянаты мен зорлығын не болмаса креслодан көрген қызығы мен рахатын жаза ма жоқ әлде «ләппай, тақсырлаумен» тар кеңседе өткен сұрқай өмірін баян қыла ма? Бұған үнемі ат үстінде, түрлі науқандармен танаулап жүрген шенеуніктің қалам қайраты болған күннің өзінде бірдеңе жазам деуге тәуекел ете алмайтынын қосыңыз. Біріншіден – уақыты жоқ, екіншіден – басқан-тұрғанын аңдып, бақылап отыратын Компартия деген әзірейіл бар, ол заманда. «Әзірейіл барда жаным бар деме» дегендей, ол кезде кітап жаздым десең, Әзірейіл-Компартияның маңдайыңнан сипамасы анық. Кітап жазбақ түгілі ашынаңмен көзге түссең біттің ол кезде! Дереу ісің бюрода қаралады, мұның соңы көп жағдайда қызыл партбилетіңді тапсырумен тәмамдалмақ. Партбилеттен айырылған соң құрыдым, су түбіне кеттім дей бер. Қандай лауазымды қызметте болсаң да, әй-шәй жоқ алып тастайды. Бұдан кейін сені мемлекеттік қызметтің есігі түгілі тесігінен қаратпайтын қылады.

Сол кездегі партия-совет қызметінде болғандардың айтуынша, кей сәттерде кейбір лауазым иелері партбилетті үстелге қою үстінде инфаркт алады екен немесе сүйретіліп үйіне жетіп яки ауруханаға барып жығылады тіпті кей жағдайда жан тапсыратын көрінеді. Мансап деген не деген тәтті еді десеңізші!

Билікте жүргендер мен болғандардың өз өмірінен мемуар жазбағаны я жаза алмай кетуілерінің негізгі себеп-сыры осы болса керек.

Дегенмен, осы сеңді алғаш бұзған бір адам болды. Ол – Дінмұхамет Қонаев еді. Кеңірек тоқталсақ, Қонаев биліктен аластатылғаннан кейін, төрт жылдан соң Совет үкіметі құлады, онымен қоса қылышынан қан тамған коммунистік партия да келмеске кетті. Мұның соңынан іле, он бес одақтас республика бет-бетімен тарап, бірінен соң бірі Тәуелсіздігін жариялап жатты.

Міне, осы тұста Д.Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» кітабын жазып бастап, 1992 жылы жарыққа шығарды. Бұл мемуарын жазып жатқаны жайында, ол 80 жылдық мерейтойы қарсаңында өзінен сұхбат алуға келген Тимур Нүрпейісов есімді орыс тілді теле журналистке әңгімелейді. Сөз арасында бұл кітапты жазуға оған филолог немересі Диастың (інісі Асқардың баласы, Мұхтар Әуезовтің жиені) көмектесіп жатқанын, ал өзіне бұл мемуарды жазуға кеңес берген өзімен өте жақын қарым-қатынастағы Олжас Сүлейменов екенін айтып өтеді. Осыдан біз кітаптың түпнұсқасы о баста орыс тілінде жарық көргенін бағамдаймыз. Ал кейін мемуарды қазақ тіліне аударып әрі редакциясын жасаған жазушы Серік Әбдірейімов болған көрінеді

Осы тұрғыдан алғанда Дінмұхамет Қонаев өз өмірі мен Кеңестік кезең туралы тұңғыш мемуар жазған Советтік республикамыздың алғашқы басшысы болып табылмақ. Себебі бұған дейін қазақстандық партия-совет басшыларының ішінде Қонаевтан басқа мемуар жазғандар болған емес. Тек техника саласындағы ғалымдардың ішінде прозалық шығармалар жазып, әдеби аудармалар жасаған химия ғылымдарының докторы, академик Е.Бөкетов қана болғаны белгілі. Осындайда ойлайсың, бәлкім Жұмабек Тәшенов жазар ма еді деп. Бірақ «Шынжырдағы жолбарысқа» (Кәрішал Асанов) оның тар заманы мүмкіндік бермегені аян. Ж.Тәшеновтің Кеңес үкіметінің кәріне мініп тұрған тұсында, 1986 жылы кенеттен қайтыс болуы – оның жазылмақ мемуарына нүкте қойған тәрізді. Егер ол Д.Қонаевтың мемуарын көзінің тірісінде оқыр болса, Қонаев бүй десе, менің де айтарым бар деп, өзінің Қазақстан басшылығы мен партия-совет қызметінде жүргендегі басынан кешкендерін шынайы деректер мен дәйектерге негіздей отырып жазар ма еді. Егер бұл кітап жазылар болса, «Өтті дәурен осылайға» альтернатива мемуар болар еді. Әттең ғұмыры жетпеді.

1937 жылғы қуғын-сүргінде қолында қаламы бар қазақтың биліктегі күллі қайраткерлерінің атылып кетуі салдарынан, Кеңес‐партия жүйесінің жоғары лауазымды қызметтерінде қалам қайраты бар тұлғалар саусақпен санарлықтай – аз ғана болды. Олар Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібеков сосын Кәкімбек Салықов еді. Н.Назарбаевты алғаш кеңестік-партиялық биліктің баспалдағымен алғаш жетектеген әрі ағалық қамқорлық көрсетіп қолдау білдірген осы қос тұлға – Н.Оңдасынов пен Ө.Жәнібеков болатын. Қонаев билігі тұсында елден біржолата аластатылған Оңдасыновтың ширек ғасырдан астам кейінгі өмірі Мәскеудегі пәтәрінде өткендігі белгілі. Осы пәтерінде 25 жыл үздіксіз еңбектенген ол қазақ-парсы, қазақ-араб сөздіктерін жазды. Осылайша ол Мәскеудегі пәтерінде өзі көрген әділетсіздіктер мен еліне деген сағыныштан құса боп өлді. Өкініштісі, шындық пен әділдік һәм адалдық деп ғұмыр кешкен қайран ер, егер жазса. – өзегінен ақиқат өргізер мемуарын жаза алмай кетті. Өйткені ол заманда әділдік көксеп, шындық айту әсте мүмкін емес-тін. Оңдасынов неге мемуар жазбай кетті дегеннің жалғыз жауабы осы болса керек.

Ал Өзбекелі Жәнібеков жазар ма еді, бәлкім. Бірақ өмірден ерте кеткендіктен жазуға үлгермеген тәрізді.Тек, қазақ мәдениеті туралы танымдық кітаптар мен шағын естелік жазып қана үлгерді.

Содан кейін бір жазатын тұлға – партия-совет қайраткері әрі белгілі ақын һәм тамаша композитор Кәкімбек Салықов еді. Бірақ ол кісі Назарбаевтан именумен өткендей көрінеді кейде. Мұнысы әңгімелескен сәттерімізде сөздерінен сезілгендей болушы еді. Әңгімелескен кезімізде, ол өзінің Қонаевтан шетпақпай көріп, Мәскеу асқанын, одан Қарақалпақ АССР-ін басқаруға жіберілгенін, кейін Мәскеуге қайта аттандырылып, сонда қызмет істегенін, мұнда жүріп Свердлов обкомының хатшысы Б.Елцинді ықтырғанын тумысынан интеллегент кісі болғандықтан шығар – әсерлемей, байыппен баян қылушыі еді. Сөз жоқ, егер мемуар ретінде жазса, К.Салықовтың бұл кітабы құнды дүние болар еді. Жазбай кетті.

Ал енді экс-президенттің кітабына қайта оралайық Сөзіміздің басында Н.Назарбаевтың билікте жүріп том-том кітап жазғанын бірақ ол кітаптарды өзі жазғанына шәгіміз бар екенін айттық. Өйткені кітап жазған шын авторды жазу мәнерінен танып қойдық емес пе. Дегенмен кім жазса да, онымен кеңесіп отыратыны, Назарбаевтың оны үстінен қарап, редакциялайтынына шек келтірмейміз. Бәлкім, жазылмақ кітаптарының сұлбасын (наброска) өзі жасап, арасында диктовка әдісін қолданған шығар. Десек те күні-түні, қат-қабат мемлекет ісінен қолы тимейтін президенттің мұншалықты том-том кітаптарды өзі жазғанына көңіл сенбейді. Және бұл кісі жоғарғы гуманитарлық оқу орнын бітірмеген қарапайым ғана ПТУ-щник қой, сондықтан қалам қайратының болмауы заңдылық дер едік. Оның 1987 жылы Қонаевты қаралаған атақты мақаласының бар екені белгілі. Білетіндердің айтуынша, атышулы бұл мақаланы да жазып берген орыс басылымының Қазақстандағы бір кәнігі тілшісі көрінеді. Осы кезден-ақ оның өз шығармашылығына «әдеби құлдарды» пайдалануы басталған сияқты. Оның «Елім менің» әнінің сөзін жазғанын білесіздер, бірақ оған дейін мұның «Егемен Қазақстанда» жарық көріп қойған Тұманбай Молдағалиевтің өлеңі болып шыққаны өздеріңізге мәлім. Кейін оппозициялық газеттер арқылы бұл өлеңнің шындығы әшкере болғанда, автордан бір жарты коньякқа сатып алдым деп ақталғаны әлі күнге дейін есімізде.

Соңғы күндері экс-президенттің сиясы әлі кеппеген «Менің өмірім» атты кітабы әлеу желілерде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік оны экс-президенттің өзі жазғандай көруде. Бәлкім, осы мемуарын өзі жазған да болуы мүмкін, өйткені өзі айтқандай пенсиядағы адам ғой. Бірақ әу бастан қалам қайраты жоқ, жастайынан жазу машығы қалыптаспаған, оның үстіне өмір бойы билікте атқамінер болған адам қалайша кітап жазбақ? Егер ол қалам қайраты болып, кітап жазудың ауыр мехнат, мың батпан машақат екенін білсе, сезінсе – ақын, жазушы біткенді отыз жыл бойы қаламақысыз қалдырып, мұншалықты аяусыз қорламас еді. Расында, кітап жазу бейнетін бір қаламгердей кешсе, жарты бет көркем жазудың өзі адам айтқысыз азап екенін білсе – қой, мұным болмас, қанша дегенмен президент атым бар емес пе деп, өзінің кезекті ұранды жолдауларының бірінде сөз иелерінің қаламақысын көтеретінін айтып, ағынан жарылар ма еді. Жоқ, өйтпеді, оған оның өресі жетпеді. Бәлкім, оқырман елдің ояу болатынан, оқымысты жұрттың теңдік сұрағыш келетінен сескенген болар? Осы орайда, елімізде ең төмен жалақы алатын кітапханашылар екенін ескерсек, бұл оның кітап пен кітапханаға деген құрметінің еш жоқтығының тағы бір дәлелі. Ал Сіздер оны жазушы қылып жатсыздар.

Атақты ақын Жарасқан Әбдірашевтан қалған «Ақын қартайса, әкім бола бастайды, ал әкім қартайса, ақын бола бастайды», – деген бір әзіл сөз бар еді. Қазір бұл сөздің әзіл емес, шынға айналғанын көрудеміз Экс-президенттің осынау кітабы – осының кері дер едік.

Қазір Қазақстанда не көп, қартайған әкім-қара, пенсионер шенеунік көп. Өздерін «балапандай баптаған кемеңгерінен» (М.Жолдасбеков) үлгі алған «Ескі Қазақстанның» бұл қарт шенеуніктері бұдан былай бас-басына кітап жаза бастайтын шығар. Несі бар жазсын, бірақ олардың өтірікті шыңдай, ақсақты тыңдай қылған «шедеврлерін» көз майын тауыса, жазып беретін «әдеби құлдарға» обал-ақ. Дегенмен олар ендігі кірісіп те кеткен шығар. Онда қаламдары мұқалмасын деп, байырғысынша тілек білдірген дұрыс бола қояр ма екен?..

Ерлан Төлеутай

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377