Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5590 0 пікір 24 Қыркүйек, 2013 сағат 10:25

Қазақ футболының 100 жылдығы дүркіреп өтті

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен ұйымдастырылған қазақ футболының 100 жылдығы мерекесі Семей қаласында жоғары деңгейде өтті. Оған алыстан ат арытып келген ардагерлер де, отандық спортшылар да, тікелей көрсетілім арқылы теледидардан тамашалаған жанкүйерлер де куә.

Бұл үлкен мереке Қазақстанның, оның ішінде Шығыс Қазақстан өңірінің меймандос пейілін, халықаралық басқосуларды біліктілікпен өткізерлік биік әлеуетін және ел мен аймақ спортының ертеңгі күнге сенімді қадам басуын барша қауымға тағы бір паш етті.

Ресей, Грузия, Украина, Қырғызстан елдерінен келген командалар мен отандық командалар және атақты неміс футболшысы Хорст Хрубеш, отандық футбол ардагері, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов пен Виктор Катков та қадірлі меймандар қатарында аталған мерейтойға қатысты.

«Спартактағы» салтанат

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен ұйымдастырылған қазақ футболының 100 жылдығы мерекесі Семей қаласында жоғары деңгейде өтті. Оған алыстан ат арытып келген ардагерлер де, отандық спортшылар да, тікелей көрсетілім арқылы теледидардан тамашалаған жанкүйерлер де куә.

Бұл үлкен мереке Қазақстанның, оның ішінде Шығыс Қазақстан өңірінің меймандос пейілін, халықаралық басқосуларды біліктілікпен өткізерлік биік әлеуетін және ел мен аймақ спортының ертеңгі күнге сенімді қадам басуын барша қауымға тағы бір паш етті.

Ресей, Грузия, Украина, Қырғызстан елдерінен келген командалар мен отандық командалар және атақты неміс футболшысы Хорст Хрубеш, отандық футбол ардагері, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов пен Виктор Катков та қадірлі меймандар қатарында аталған мерейтойға қатысты.

«Спартактағы» салтанат

Ғасырды тербеген ғажайып футбол мерекесі Семейдің «Спартак» стадионында салтанатты түрде ашылды. Қала тұрғындары мен жанкүйерлер мәртебелі меймандарды көруге стадионға үздіксіз ағылып жатты. Жаз бойы жөндеуден өткен «Спартак» кешені де бұл күні құлпырып, жайнап кеткен екен. Стадионға кіреберіс қақпа алдындағы тұғырға орнатылған тақия кигізілген үлкен ала доптың мүсіні жанына тұра қалып, естелік-суретке түсіп жатқандарда есеп жоқ. Допқа кигізілген тақия қазақ халқының ғасыр ішінде футбол сынды планеталық ойынмен біте қайнасып кеткенінің көрінісі іспетті жылы әсер қалдырды. Жанкүйерге лықа толып, желпінгенде стадион орнынан қозғалғандай, буырқанғандай болып, мерекенің мән-маңызы да арта түсті.

Қуанышты көңілкүйді бес мың семейлік қатысқан салтанатты іс-шара одан әрі үстеді. Атап айтқанда, олардың қатарында Қазақстан мен алыс-жақын шет елдерден келген футбол ардагерлері, жаттықтырушылар, қазіргі футболшылар, жас жеткіншек ойыншылар, түрлі спортшылар, студенттер, мектеп оқушылары, тағы басқа қаланың шығармашыл ұжымдары да бар еді. Мереке үрмелі аспаптар оркестрінің көңілді әуенімен басталып кеткенде, стадионның бір қанатын толтырып отырған семейлік жанкүйерлер қолдарына ұстаған түрлі-түсті қағаздарымен өздерін көлегейлеп, стадионның бір қанатында тұтасымен «Футбол», «100 жыл», «Шымыр бол!» сынды жазулар пайда болды. Жасыл алаңды «Жас ұлан» лицейінің жүздеген оқушылары толтырып, қолдарына ұстаған мемлекеттік һәм мерекелік туларын желбіретіп тұрды. Теңіздей толқыған тулардың ортасына қос қапталдан айдында жүзген ақ кемелер сынды әйдік төрт доп жылжыды.

Мұның барлығы Семей топырағын басқан әйгілі футбол ардагерлерін қарсы алу алдындағы салтанат еді. Көгал шетіндегі жолмен КСРО футболының ақсақалдары мінген шағын автобустар легі көрінді. Мәскеудің «Спартак», Киевтің, Тбилисидің «Динамо» командалары, Қазанның «Рубин», Бішкектің «Алға», Алматының «Қайрат», Өскеменнің «Восток» және Семейдің «Спартак» командаларында ойнаған ардагерлер мінген автобустар керуенін балалар футбол командаларының топтары жеке-жеке қарсы алып, алаң ортасына құрметпен алып шықты. Ардагерлердің әрқайсысы бабы мен бағы қатар шапқан жұлдызды шақтарында миллиондаған жанкүйер алдында өнер көрсеткен, кеңестік, еуропалық және әлемдік футбол майталмандары саналады. Көрермендер әр командаға қошемет білдіріп, үлкен ілтипатпен қол соғып отырды. Ал Семейдің «Спартак» командасы шыққанда бүкіл стадион қошеметке тұнып, жаңғырып кеткендей болды. Жерлестеріне үлкен құрмет білдірген стадион ортасы бір мезетте Семей спорт мектептерінің балаларына арналған сый – теңбіл допқа толып кетті. Әр доптың соңынан қуалаған балалар үшін бұл үлкен қуаныш еді. Көп ұзамай олар өздері олжалаған ала доптарға әйгілі футболшылардың қолтаңбасын қойдырып алып жатты.

Қазақ футболының ғасырлық мерейтойына жиналған барша қауымды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтады.
– Осыдан 100 жыл бұрын қасиетті Семей жерінде Қазақстанның тұңғыш футбол командасы пайда болды. Сол уақыттан бері Қазақстан спорты үлкен жетістіктерге жетті. Әсіресе, соңғы уақытта Қазақстан УЕФА мүшелігіне қабылданып, отандық футбол командалары Еуропа құрлығында өнер көрсете бастады. Бұл – мемлекетіміздің, еліміздің, ұлтымыздың абыройы мен беделі. Спорттың адам үшін қандай пайдасы бар екенін жақсы білесіздер. Адамға ең бірінші керегі – денсаулық. Денсаулықты жақсартатын, сақтайтын дүние – спорт, оның ішінде – футбол. Футболдың, спорттың арқасында Қазақстанның да мемлекеттік Туы желбіреп, Әнұраны ойнайды. Биыл – Қазақстан футболының 100 жылдығы. Атаулы мереке аясында бірқатар іс-шаралар өткізудеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанда спортпен шұғылданатын адамдардың санын кем дегенде 30 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес облыс басшылығы өңірдегі спорттық базаларды нығайту жұмыстарына үлкен көңіл бөліп отыр. Қазіргі таңда облыс халқының 22 пайызы спортпен шұғылданады. Футболдың 100 жылдығына орай ағымдағы жылы 8 ай ішінде 2000-ға жуық әртүрлі іс-шаралар өтті. Оған 300 мыңдай адам қатысты. Ең негізгісі, бүгінде футбол мерекесінің арқасында облысымыздың, еліміздің аты біраз шет мемлекеттерге таралды, насихатталды деуге болады. Кезіндегі Кеңес Одағы футболының таңдаулы ойыншылары болған ардагерлер Семей топырағында бас қосып отыр. Бұл – еліміздің болашағы үшін қажет. Сондықтан әр уақытта еліміздің абыройын, жастарымыздың денсаулығын ойлауымыз керек. Біз спорттың дамуына неғұрлым жақсы жағдай жасасақ, болашағымыз да соғұрлым жақсы болады. Облыс басшылығы атынан Украина, Грузия, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген құрметті меймандарымызға және отандық футбол ардагерлеріне алғыс айтамын, – деді облыс басшысы.
Аймақ басшысы Семей қаласында соңғы үш ай ішінде футбол мерейтойы өтіп жатқан «Спартак» стадионы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 10 футбол алаңы салынғанын атап өтіп, футбол мерекесінің ойдағыдай ұйымдастырылуына еңбек сіңірген қала әкімдігі мен мердігер компания қызметкерлеріне де ризашылығын білдірді.
Мерейтойдың ашылу салтанатында облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ, қазақстандық атақты футбол ардагерлері Тимур Сегізбаев, Сейілдә Байшақовтар спорттың дамуы мен өркендеуіне үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтарды марапаттап, құрмет көрсетті. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, семейлік аты аңызға айналған футболшы, футболшылардың бірнеше буынын тәрбиелеген бапкер Виктор Шевелевке «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағы беріліп, «Қазақстан футболына – 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады. Аталған медальмен Ресей Федерациясының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ресейдің 13 дүркін чемпионы Олег Романцев, КСРО-ның үш дүркін чемпионы, «Динамо» (Киев) ардагерлер командасының аға бапкері, КСРО спорт шебері Андрей Биба, бішкектік футбол ардагері Владимир Орешин, Ресей Федерациясының спорт шебері Аңсар Аюпов, сондай-ақ, еліміздің футбол ардагерлері, оның ішінде КСРО спорт шебері, семейлік «Спартак» құрамасының рекордшысы Андрей Пинчуков және Қазақстан Республикасының спорт шебері Борис Глушков та бар.

Салтанатты мереке әрі қарай театрландырылған қойылымдармен жалғасты. Футбол алаңында хор, оркестр және «Томирис» хореографиялық би тобы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан би орындады. Сондай-ақ, «Көшпенділер» атты бөлімде сәйгүліктерге мінген шабандоздар көк байрақты желбіретіп, көк түркілердің сарынын естірткендей, ұлттық ат ойындарының бірнеше түрлерін ұсынды. Патриоттық көріністер футбол тақырыбына ауысқанда, аталған спорт түрінің кең танымалдылығының көрінісі ретінде семейлік әртістер әлем халықтарының ұлттық киімдерінде алаңға шығып, футбол жағрапиясының ауқымы жұмыр Жерді тұтас алып жатқанын, оның ішінде қазақ баласының да доп тепкеніне ғасыр толғанын әдемі айшықтай білді. Мәуліт Рахымбаевтың «Спорт маршы» әуенімен стадион жиегінде қазақстандық заманауи футбол нышандары бедерленген платформа пайда болды. Қойылымды Шығыс Қазақстан облысы спортшыларының шеруі аяқтады.

Салтанатты мереке сән түзеп болған соң, жасыл алаңда шағын кездесулер басталды. Мұны өткен ғасырдың атақты командаларының сапында болған ардагерлердің шеберлік сабағы десе де болады. Бір кездері Кеңес Одағы бойынша Еуропа Кубогін жеңіп алған қос «Динамо» – Тбилиси мен Киев командаларының өзара сынында 1:0 есебімен украиналық аяқдопшылар алға шықты.

Осылайша, футбол мерекесінің салтанатты ашылуы барқыт аспанда жарқыраған отшашулармен аяқталды. Стадионның күміс сәуле шашқан прожекторларынан да биік көкте отшашулар арқылы «Қазақстан футболына – 100 жыл» деген жазу өрнектелді.

Қазақстан мен Германия аяқдопшылары тәжірибе алмасады

Футбол мерекесі шеңберінде алыс-жақын шет елдерден келген және отандық футбол ардагерлері БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Олардың арасында аты аңызға айналған әлемдік футбол жұлдыздарының бірі, Германия құрамасы сапында доп тепкен неміс футболшысы, Еуропа чемпионы (1980 жыл), Германия чемпионы (1979, 1982, 1983 жылдар), Еуропа чемпиондары Кубогінің иегері (1983 жыл) және бірнеше мәрте үздік шабуылшы атақтарын жеңіп алған Хорст Хрубеш те бар. Ол бүгінде Германияның ұлттық жастар құрамасын жаттықтырады.
Алманиялық мейман Семейге сапары барысында қазақстандық және неміс футбол федерациялары арасында өзара әріптестікті дамыту туралы меморандумға қол қойды.

– Бірінші кезекте, шақырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Сіздерді Германия футбол федерациясының атынан Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Екі елдің футбол федерациялары арасында әріптестік қарым-қатынасты дамыту туралы меморандумға қол жеткізгеніміз үшін қуаныштымыз. Бұл – футбол өміріндегі тарихи оқиға. Осындай екіжақты байланыстар арқылы қазіргі уақытта Германияда жастар футболына инвестиция құю барысын байқауға, зерделеуге болады. Олар - ертең ұлттық құрамада өнер көрсететін жастар. Футболды дамытуда атқарылатын жұмыстар легінде өзара тәжірибе алмасу қай-қайсымызға болсын, пайдалы. Біз осы салада әрі қарай жұмыс істей отырып, ойға алған мақсат-мұраттарымызды бірге жүзеге асырамыз, – деді Хорст Хрубеш мырза.

Қазақтың тұңғыш футболшысы, әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов те футбол мерекесінің құрметті мейманы ретінде шақырылған болатын. Белгілі ғалым, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов өз сөзінде футболдың миллиондаған жанкүйерді нәсіліне, ұлтына қарамай бір арнаға тоғыстыратын, бір ортаға жұмылдыратын үлкен мәдениет екенін атап өтті. Ол ХХ ғасыр басында Абайдың шәкірттерінен құралған, оқыған, көзі ашық азаматтардың Алаш идеясын таратқан қалаларының бірі Семей екенін, осы шаһардан қазақ даласына өнердің сан саласы сәулесін шашқанын жеткізіп, оның ішінде ұлт тарихында алғаш рет футбол өнерінің де кең сахараға жетуіне Алаш қайраткерлерінің айтарлықтай үлес қосқанын, олардың арасында келешек заңғар жазушы, сол кездегі жас жеткіншек Мұхтар Әуезов те болғанын айтты. Мұрат Мұхтарұлының айтуынша, оның әкесі ойнаған «Ярыш» командасының қазақша атауы «Жарыс» деп аталады.

– Бүгін болашағы нәтижелі басқосу болып жатқанына куә болып отырмыз. Оған еш күмәнім жоқ. Рухани қозғалыстар ошағы атанған Семей жеріндегі бұл бастама да бүгінгі күнмен шектелмейді. Бұл мереке – мемлекет спортының дамуына үлкен серпін береді. Ұлан-байтақ жерімізде футболдың Семейден бастау алуы тегін емес. Бұл – ерекше өлке. Абай мен Шәкерімнің, Мұхтардың туған, өскен-өнген, нәр алған, адамзаттық асыл мұраларын қалдырған ғажайып жер. Алайда, қырқыншы жылдардың соңын ала атомдық сынақтар алаңына айналды. Тіпті, оның қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан артық болса-дағы, бұл жер барлық қасіретті басынан кешіре отырып, ұлы мақсаттарға деген ұмтылысын сақтап қалды. Сондықтан бүгінгі таңда да жаңа есімдерді танытып жатқан заманауи футбол қозғалысының Семейде басталуы тегін емес, – деді Мұрат Әуезов.

Бішкектің «Алға» командасының өкілі Владимир Орешин футболдың ортақ отбасылық сезім сияқты үлкен қасиеттерді біріктіретін ойын екенін жеткізді.

– Біз көптеген қазақстандық командалармен достық байланыстамыз. Бір-бірімізбен жиі жүздесіп тұрамыз. Қырғыз футболшылары көптеген қазақстандық командалар сапында өнер көрсетеді. Жақында ғана Ыстықкөлде ТМД елдерінен келген 80 команда арасындағы ойын аяқталды. Оның ішінде Қазақстаннан 5 команда болды. Және алдыңғы орындардан көрінді. Яғни, футбол – өзара бауыр, туыс болып кеткен, бір спортпен шұғылданатын отбасы іспетті. Қазақстандық футболдың гүлденуіне тілектеспін, – деді «алғалық» ардагер.

Осы команданың тағы бір ойыншысы Юсуп Мұсаев 50 жылдан астам қазақстандық футболшылармен достасып келе жатқанын, Қазақстан футболының еуропалық турнирлердің қатысушысы атанғанында бұл қуанышқа өздері жеткендей қатты қуанғанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан футболының әлем біріншіліктеріне қатысатын күні тым алыс емес.

Ал Киевтен ат арытып жеткен Андрей Биба қазақстандық футбол меркесіне өз үлестерін қосуға асық болып, қазақ елін сағынып қалғандарын атап өтті.

– Бүгін біз жастық шағымызды еске түсірдік. Хорст Хрубешті көргенде, оған қарсы қалай ойнағанымыз есімізге түсті. Ертеде болған бұл ойын оның да есінде екен. Міне, Қазақстан футболының 100 жылдық мерекесі бізге осындай көңіл түкпірінде жатқан жастық шаққа деген сағынышымызды оятуға түрткі болғандығымен де құнды. Біз де әріптестікті белсенді түрде дамытуға мүдделіміз, – деді украиналық футбол ардагері Андрей Биба. Тбилисидің тарланы Отар Габелия, қазандық «Рубиннің» қорғаушысы Евгений Круглов Семейде өздерін команда жанкүйерлері әуежайдан күтіп алғанын айтып, бұл жайт мақтаныш сезімі болып кеуделерін кернегенін жеткізді. Қазандық футболшылар кез-келген ілтипаттың қайтарымы болуы тиіс екендігін, бұл ретте Семейдің ардагерлер құрамасын жуықта татар еліне қонаққа шақыратындықтарын атап өтті. Сондай-ақ, Ресейдің маңдайалды жаттықтырушыларының бірі Құрбан Бердыевтің бейнетаспаға жазылған құттықтау сөзін табыс етті. Мәскеулік «спартактықтар» атынан сөз алған Владимир Букиевский Никита Симонянның құттықтауын жеткізді. Семейлік футбол ардагерлері мәскеулік әріптестері атынан жолдастық кездесуге шақыру алды. Сондай-ақ, өзіміздің «Қайраттың» ойыншысы Асқар Қожабергенов пен семейлік Сергей Калинин де меймандарға ыстық лебіздерін білдіріп, командалар арасындағы ойын өрнегіне көзайым болуға шақырды. Баспасөз мәслихаты соңында тілшілер мен жанкүйерлер футбол шеберлеріне түрлі сауалдар қойып, қолтаңба алып, естелік үшін бірге суретке түсті.

Көше атауы ауысты

Мерейтой шеңберінде Семей қаласындағы бұрынғы «Денешынықтыру» көшесіне «Қазақстан футболына – 100 жыл» атауы берілді. Осы атаулы шараға жиналған көпшілік алдында аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ футбол ардагерлерін Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстан футболының 100 жылдығына – 100 футбол алаңы!» ұранымен салынған футбол алаңдарымен таныстырды. Аймақтың барлық қалалары мен аудандарында салынған жаңа футбол алаңдары слайд арқылы таныстырылды.

– Біз спортпен шұғылданатын балалар мен жастарға арналған жағдайды біртіндеп жақсартуға мүмкіндік алдық. Осы көшеде де футбол алаңы салынды. Келер жылы тағы екі алаң салуды жоспарлап отырмыз. Жыл басында облысымызда 465 алаң болса, бүгінгі мерекеге арнап 101 футбол алаңын аштық. Тағы 9 алаңды жыл соңына дейін аяқтаймыз. Бүгінде өңірдегі барлық ірі елді мекендерде футбол алаңдары бар. Жуырда ғана Қытаймен шекарада орналасқан Күршім ауданында 2 мың орынға арналған жабық мінбері бар стадион кешенін аштық, – деді облыс басшысы.

Сонымен қатар, жиналған көпшілік өңіраралық интеграция шеңберінде және отандық футбол мерекесінің құрметіне Қызылорда облысынан шығып, Қарағанды, Павлодар облыстарын басып өтіп, Семей қаласына жеткен велошерушілерді қарсы алды.

Аймақ басшысы велошабандоздардың еңбегін ерекше атап өтті. Футбол мерейтойына арналған велошерудің Қызылорда облысынан басталуы тегін емес. Өйткені, әлемге әйгілі қазақстандық велоспортшылар Марат Сатыбалдиев пен Сергей Капустин – Қызылорданың тумасы.

Велошерушілер атынан сөз алған Ерғали Шөмішбаев 17-қыркүйекте Қызылорда қаласынан басталған велошерудің Семей қаласына дейін ұзақ жолды басып өткенін, велошабандоздар жүрген жолында қазақстандық футболдың жетістіктерін насихаттағанын атап өтті. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов велошабандозға теңбіл допқа ұқсатып жасалған тақия тарту етті.

– Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері спортқа, оның ішінде футболға көп көңіл бөлуде. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ саясатының негізгі бөлігі денсаулығы мықты, білімді жас ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған. Әсіресе, биыл ел футболы бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Оны жанкүйерлер «Шахтер», «Ақтөбе» командаларының ойынынан да көріп жүр. Атаулы мереке және футболды әрі қарай насихаттау мақсатында Семей қаласы мәслихатының шешімімен бұрынғы «Денешынықтыру» көшесі «Қазақстан футболына – 100 жыл» деп аталады. Бұл – қазақ елінің футбол өнерімен бұрыннан айналысып келе жатқанын, тарихы тереңде екенін көрсетеді, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Көше атауын ауыстыру салтанатынан соң облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жаңа футбол алаңында Шәкерім атындағы университеттің инновациялық технология және аграрлық факультеттері арасындағы ойынды доп бағыттап бастап берді. Бұл уақытта Семейдің барлық футбол алаңдарында түрлі командалар арасында оннан астам турнир бір мезетте өтіп жатты. Мәселен, құлағы мүкіс балалар арасында қалалық турнир ұйымдастырылды. Семейдегі есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары қатысқан жарыс та өз дәрежесінде өтті.

Семейдегі Самат Смақовтың мектебі

Спортқа да ақыл-ой керек. Шәкерім атындағы университетте тұңғыш рет өткен «Қазақстан футболы және оның келешегі» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция барысы осы ойға қазық болды. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен ұйымдастырылған конференцияда футболдағы жедел-тактикалық ойлау ерекшеліктері, қазіргі қоғамдағы футболдың дамуына әсер етуші негізгі факторлар ғалымдар тарапынан жіті сарапталып, ғылыми талдаулар арқылы түсіндірілді. Қазақ туризм және спорт академиясының профессоры, педагогика ғылымының докторы Игорь Андрущишин мен Алтай өлкесі Рубцов индустрия институтының кафедра меңгерушісі Евгений Теплухин жасаған баяндамалар футболды ғылыми тұрғыдан өрістетудің негізгі бағыттарын ашып көрсетті. Аймақ басшысы футбол туралы теориялық ілімді дамыту бүгінгі жаттықтырушылар мен ұстаздар үшін үлкен ғылыми ізденісті қажет ететіндігін атап өтті. Отандық білім беру саласындағы бұл олқылықтың орнын Қазақстанның футбол федерациясы толтырып отырғанға ұқсайды. Өйткені, аталған ұйымның ұйтқы болуымен көптеген жас футболшыларымыз Еуропа мен Америка елдеріне әдістемелік біліктіліктерін жетілдіру курстарына аттана бастады.

Университет алдында белгілі қазақстандық футболшы, бүгінгі таңда Түркия клубында өнер көрсетіп жүрген талантты шығысқазақстандық жерлесіміз Самат Смақовтың футбол мектебінің тәлімгерлерімен жүздесудің сәті түсті. Бүгінгі таңда бұл мектепте семейлік 50-ден астам бала жаттығады екен. Оның барлық шығындарын Самат Смақовтың өзі көтеріп алған. Балалардың тек футболға деген ынтасы болса болғаны. Семейдегі футбол тойына Алматы әуежайындағы тұманға байланысты келе алмаған Самат Смақовтың бұл бауырмалдығына, отаншылдығына айрықша риза болдық. Смақовтың шәкірттері қолдарына ұстаған доптарына футбол ардагерлерін түстеп тұрып, қолтаңба қойдырып жатты.

«Қайраттың» қайраты

Футбол ардагерлері арасында ұйымдастырылған шағын кездесулердің нәтижесімен де бөлісе кетейік. үшінші орын үшін жасыл алаңға Семейдің «Спартагы» мен Қазанның «Рубині» шықты. Ал турнир Кубогі үшін мәскеулік «Спартак» пен алматылық «Қайрат» таласты. «Спартак» стадионында өткен қос кездесу де тартысты болды. Семейліктердің бірнеше мәрте тамаша мүмкіндігі болғанымен Татарстаннан келген меймандар өздеріне берілген мүмкіндікті қалт жіберген жоқ.

Жанкүйерлер ақтық кездесуді бар жан-тәнімен тамашалады. Алғашқы таймның соңғы минуттарында бар күш-жігерін жұмсаған Авдеевтің алапаты осы турнирде асты. «Қайраттың» қайратты ойыншысы турнирдің үздік шабуылшысы атанды. Оның қоржынында барлығы 6 гол тіркелді. Дегенмен, ақтық сында Авдеевтің бағыттаған добы «Спартак» қақпасының жақтауынан кейін қайтты. Екінші таймның да елеулі қызықтары мол болды. Екі команданың да аяғында кезек қақпақылға түскен ала доп турнирдің топжарғаны кім екенін болжауға мүмкіндік бермеді. Таймның шешуші секундтары қалғанда ғана Вахид Масудов есеп ашты. Мәскеулік команда қалған уақытта қанша талпынса да «Қайраттың» қақпасынан саңылау таба алмады. Осылайша, 1:0 есебімен Алматының атақты «Қайратының» жеңісі Қазақстан футболының 100 жылдығына арналған тамаша тарту болды.

Футбол мерейтойы аясында бір кездері өте жоғары мәнге ие болған «Миллиондар Кубогі» қайта жанданды. Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарынан қатысқан балалар командалары арасындағы іріктеу сындары жаз бойы өтті. Осылайша, Семейге жеткен 12 команда сапында 200 жас футболшы болды. Олардың арасында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жекелеген ойыншыларды футбол тойының мәртебелі меймандары марапаттады. Финалға Ақтөбе мен Ақмола облыстарының жеткіншектері шықты. «Миллиондар Кубогі» ақтөбелік балғындардың қанжығасында кетті. Сонымен қатар, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Қазақстанның 100-ден астам балуандары қатысқан Дәулет Тұрлыханов атындағы қазақ күресінен ІІ халықаралық турнир де Семейдегі үлкен мерейтойдың құрметіне арналды.

Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері жыл бойы жинаған қазақстандық футбол тарихына қатысты құнды жәдігерлер көрмесі де жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. 100 жылдық тарихтан хабар беретін жәдігерлер қатарында футболшылардың суреттері, құжаттары, түрлі бұйымдары бар.

Футбол мерекесі Семейдің орталық алаңында қазақстандық өнер шеберлерінің қатысуымен өткен концертпен түйінделді.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303