Сапарбаев қазақ жерін саудаға салып жүр ме?
«Қытай инвестициясын тартудың себептерiнiң бiрi – Шығыс Қазақстан облысында пайдаланбай жатқан жердiң көптiгi. Бұл жерлердi нелiктен уақытша қытайға жалға бермеске»… Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың “Новая Казахстана» газетіне берген сұхбатынан» деп басталады minber.kz ұлттық интернет газетіндегі Б. Бәмішұлының мақаласы (Қараңыз: Б. Бәмішұлы. «Жалға да малға да беретін қазақта жер жоқ». minber.kz).
«Қытай инвестициясын тартудың себептерiнiң бiрi – Шығыс Қазақстан облысында пайдаланбай жатқан жердiң көптiгi. Бұл жерлердi нелiктен уақытша қытайға жалға бермеске»… Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың “Новая Казахстана» газетіне берген сұхбатынан» деп басталады minber.kz ұлттық интернет газетіндегі Б. Бәмішұлының мақаласы (Қараңыз: Б. Бәмішұлы. «Жалға да малға да беретін қазақта жер жоқ». minber.kz).
Автор бұданәрі былай деп жазады: «Қазақстанда ата-бабадан, ақ білектің күшімен, ақыл-ойдың ісімен ұрпағына қалдырған, сіз бен бізге аманат еткен мынау Қазақ Жері үшін бір-ақ адам жауап береді. Ол – Елбасымыз, президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Ал сонда Ол кісінің алдын орап, аттап өтіп, «жерді жалға беремін, малға беремін» деп тап бір туған әкесінің мұраға тастаған көйлегінің етегін тәбәрек етіп кесіп-қиып кім көрінгенге үлестіремін, «қазақтың жері пайдаланынбай бос жатыр» деп жар салып, сәуегейсіп тон пішіп, астам сөйлейтін Сапарбаев Бердібек деген кім?! «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп Сапарбаевтың бұл қай сасқаны? Қара жердің қасиеті, қайта айналып соғар киесінің күшті екенін басқа білмесе де ел-жұртқа жағып жүрген Сапарбаев білер еді ғой. Қытайға жалға да, малға да алақандай болсын жер беруге болмайтынын өзге білмесе де Сапарбаев білер еді ғой… «Жаным арымның садағасы» дейтін қазақтың жаны – Жері емес пе?
Кешегіні қойып, бүгінгі әлемде болып жатқан қанды қырғын, соғыстардың барлығы да жер үшін болып жатыр. Іргеміздегі Өзбектер неге бізге ара-тұра қоқаңдап қояды? – Жер үшін. Қытай неге бізге күнде қызыл ақшасын тықпалай береді? – Жер үшін! Шешенстанды неге Ресей басып-жаншып тастады? – Жер Үшін! Авхазия, Осетия не үшін екі жарылды? – Жер үшін! Күрттер неге күнде көтеріліс жасайды? – Жер үшін! Израйл Палестинаға неге күн көрсетпейді? – Жер үшін! Үндістан мен Пәкстан неге қырғи қабақ? – Жер үшін! Ағылшындар неге үндістерді қырып салып Американы тартып алды? – Жер үшін! Америка Сирияға неге соғыс ашпақ? – Жер үшін! Ауғанстанда неге күн құрғатпай соғыс болады? – Жер үшін… Жер үшін!!!… Бұл бізге керек пе? Қазақ халқы жерін қытайға беріп қойып тыныш отыра ала ма? Қазақты бауыздап жатса да тырп етпес «қой» – мал деп санаған адам қатты қателеседі. Алтай, Тарбағатай, Алатаудың күнгей бетін – «Үш аймақ» өлкесін түгелімен басып алғаны қытайға аз ба? Қашаған, Атырау, Ақтөбеден алып жатқан «қара алтын» аз ба? Жерімізде қаптап жүрген қара қытай аз ба? Қазақстанның Қытайға қарызы 15 миллиард долларға жеткенi аз ба? Қытайға жер беру осының өтеуі ме? Қазақтың шенеуігі қазақтың ең бір жанды жеріне тиіп, ашу-ызасын шақырмақ па? Ол кімге керек, не үшін керек? Қазақ жерін енді қытайға өлсе де бермейді. Аларын қытай алған!».
Осы мазмұндас әңгіме Қытай басшысы Си Цзиньпиннің ресми сапарынан соң өрбіді. Естеріңізге сала кетейік, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 6-8 қыркүйек аралығында Президент Назарбаевтың арнайы шақыруымен Қазақстанға келіп бірнеше келісімге қол қойып аттанған болатын (Қараңыз: http://old.abai.kz/content/shi-zhin-pin-kelip-kaitty)
Көрші мемлекет жетекшісінің сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қытайдан ауылшаруашылығына инвестиция тарту жайында өз ойын ашық айтқан еді. Cол әңгіменің ауаны әлгіндей бағытқа ауып бара жатқан соң Бердібек Мәшбекұлы ғаламторға шығуға мәжбүр болған сияқты. Ол респбуликалық «Түркістан» газетіне хат жаза отырып, үшбу хатта айтқанын ғаламтор беттерінде де жария етіп отыр. ШҚО облысының әкімі жоғарыда сөз болған жәйтке байланысты бүй депті:
Бердібек Сапарбаев: Мен бұлай деп мәлімдеме жасаған жоқпын
«Қадірлі «Түркістан» газеті және газет оқырмандары!«Түркістан» газетіндегі «Қытайдың Орта Азиядағы мүддесі Бейжің басшылары көздегенін алып жүр» (12.09.2013) деген мақалада менің Астанадағы брифингте (06.09.2013) айтқан сөзім басқаша мағынада беріліпті.
Онда былай деп жазылған: «Шығыс Қазақстан облысының билігі аймаққа қытай инвестициясын тартуды көздеп отырғанын айта отырып, пайдаланылмай жатқан жерлерді көрші елдің шаруаларына уақытша пайдалануға беру арқылы да қаржы көзін табуға болатындығын мәлім етті».
Мен бұлай деп мәлімдеме жасаған жоқпын. Сол күнгі жауабым ғаламтор желісіндегі ақпарат сайттарында тұр. Осы ретте «Түркістан» газетінің оқырмандарына қысқаша түсінік берейін.
Астанадағы брифингте Шығыс Қазақстанда бос жатқан жерлерді инвестиция тауып, сауатты пайдалану туралы айтылды, жерді игерудің жолын табу мәселесі қозғалды. Бірақ қытай шаруаларына жерді жалға беру туралы ұсыныс айтылған жоқ.
Рас, мен қытай инвестициясын пайдалану керек дедім. Оның мысалы Шығыс Қазақстанда бар. Мәселен, Үржар ауданында «Бәтуа» деген ЖШС жұмыс істейді. Пайдаланып отырған жері 80 шаршы шақырымды алады. Құрылтайшысы – 100 пайыз өзіміздің азаматтар. Дихандары – 100 пайыз қазақтар. «Үдемелі индустриялық инновациялық даму» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп отырған шаруашылық. Осы шаруашылық суармалы жермен бірге шөлейт жердің өзін игеріп жатыр. 3 мыңнан астам гектар жерге дәнді дақыл екті, оның 2300 гектарына биыл соя шығарды, 700 гектар жердің өнімін тамшылап суғару әдісімен өндіріп отыр. Ал осы шаруашылықтың егістіктегі техникасы (30-дан асып жығылады) түгел қытайдікі. Неге? Өйткені қытай техникасы өзгелердікінен әлдеқайда арзан. Ол – бір. Екінші, осыншама жерді игеру үшін инвестиция керек. Оны қайдан алады? Банкілерден. Өзіміздікі болсын, шетелдікі болсын. Бұлар Қытай банкілерінен де алған (өйткені оның өз жеңілдіктері бар). Сөйтіп, 3 000 га жерді игеріп, пайда тауып отыр. Ненің арқасында? Қытай инвестициясы мен техникасының арқасында. Қазір Қытай экономикасы дәуірлеп тұр, жылдан жылға күшейіп келеді, олардың банкісі аз пайызбен несие беріп жатса, онысы біздің шаруашылықтардың дамуына септігін тигізіп отырса, біз неге одан қашуымыз керек? Мен қытай инвестициясын тиімді пайдаланып, игерілмей жатқан жерімізді игерейік деп осы тұрғыда айтқанмын.
Істің көзін тауып отырған осындай шаруашылықтарды біз қолдауымыз керек, олардың инвестиция алуына жәрдем жасауымыз қажет. Инвестицияны бүкіл дүние жүзінің дамыған мемлекеті пайдаланып отыр. Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше болған Ресей, Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді көршілес елдер бір-бірімен экономикалық байланыстар орнатқаннан кейін ауыл шаруашылығына инвестиция салу – Ынтымақтастыққа мүше елдердің барлығының тәжірибесінде бар дүние.
Жер туралы кодекстің 23-бабына сәйкес біздің жерді шетелдік инвесторлардың жекеменшігіне беру тіпті де мүмкін емес. Ал шетелдік қаржы мен техниканы, шетелдік мамандар мен менеджерлерді игере алмай жатқан жерлерімізді пайдалануға тартудан қорқудың қажеті жоқ. Инвесторларды тарту деген сөз оларға тәуелді болу деген сөз емес. Бұл реттегі мәселенің бәрі шетелдік инвесторлармен жасалған келісім-шарттарда толық қарастырылады, сондықтан Қазақстан заңының талаптарын ешкім аттап кете алмайды».
Редакциядан: Жаңсақ ақпарат таратып, біреудің аузына қате «сөз салып» бергеніне бола БАҚ өкілін бас салып ғайбаттап, сотқа сүйрей жөнелудің қажеті аз. Бұл – әуелдесеңіз ҚР Ата Заңына қайшы әрекет. Азаматтыққа да шет. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі лауазым иелері, саяси биліктегі тұлғалар, т.б алдымен істің мән-жайын ақтарып, ШҚО әкімі Бердібек Сапарабаев сияқты алыпқашпа сөздің ақ-қарасын айырып беруі керек. Мысалы, жоғарыдағы хатты жазуға облыс әкімінің көп уақыт жұмсамағаны анық. Есесіне ол кісі ауылшаруашылығына қытай инвестициясын тарту турасында ұстанған өз позициясын қорғап шықты. Алдағы уақытта инвестициясы мәселесі шешімін қалай табады? Оны көре жатамыз. Ал, әзірше біз Сапарбаевтың қазақ жерін саудаға салып жүргеніне емес, қайткенде ауылшаруашылығын дамыту мақсатында қайрат қылып жүргеніне көз жеткізгендейміз...
Abai.kz