Зүлкәпілдің Мұраты. Санадан саулаған сары нұр (басы)
Зүлкәпілдің Мұраты. Санадан саулаған сары нұр (басы)
Зүлкәпілдің Мұраты 1984 жылдың 21 наурызында Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келген. Шынжаң университеті Электр инженерясы пакультетін 2008 жылы тәмәдаған. Арғы беттегі жыр сүйер қауымға есімі жақсы таныс жас ақынның өлеңдегі өрнегі бөлек. Қазірге дейін оның өлеңдері мен сын-зерттеу мақалалары әдеби басылымдарда үздіксіз жарық көріп келеді. Ақын бірнеше дүркін жыр мұшайрасының жеңімпазы да атанған.
Альбер Камюдың «Бөтен» хикаятын, Акутагава Рюнескэмен Хемингуэйдың бір бөлім әңгімелерін сондай-ақ қытай ақыны Бейдаудың өлеңдерін тәржімалаған.
Қазір Зүлкапілдің Мұраты Алтай аймақтық Мәдениет басқармасында қызметте.
* * *
Тамшылатып қанатынан бір күйді,
Көкжиекте жыл құстары сырғыйды.
Ал, жердегі жылан құлқын – уақыт,
Менің тұтам өмірімді қылғиды.
Келіп еді амал нешік серпілгім?! .
Зүлкәпілдің Мұраты. Санадан саулаған сары нұр (басы)
Зүлкәпілдің Мұраты 1984 жылдың 21 наурызында Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келген. Шынжаң университеті Электр инженерясы пакультетін 2008 жылы тәмәдаған. Арғы беттегі жыр сүйер қауымға есімі жақсы таныс жас ақынның өлеңдегі өрнегі бөлек. Қазірге дейін оның өлеңдері мен сын-зерттеу мақалалары әдеби басылымдарда үздіксіз жарық көріп келеді. Ақын бірнеше дүркін жыр мұшайрасының жеңімпазы да атанған.
Альбер Камюдың «Бөтен» хикаятын, Акутагава Рюнескэмен Хемингуэйдың бір бөлім әңгімелерін сондай-ақ қытай ақыны Бейдаудың өлеңдерін тәржімалаған.
Қазір Зүлкапілдің Мұраты Алтай аймақтық Мәдениет басқармасында қызметте.
* * *
Тамшылатып қанатынан бір күйді,
Көкжиекте жыл құстары сырғыйды.
Ал, жердегі жылан құлқын – уақыт,
Менің тұтам өмірімді қылғиды.
Келіп еді амал нешік серпілгім?! .
Ой ішінде тұтап шыққан өртім мың!
Жанар алды — күдігі мол тұл әлем,
Жалғыз сауал тұр алдымда — мен кіммін?
Сол сауалға жауап таппай торықтым,
Тағдыр ـ дария үрлей салған көбікпін.
Жұрт ішінде сүйретіліп сүлдем жүр,
Бұлт ішіне сұлай кетті сөніп күн!
Көкжиекте жыл құстары... (түс сынды! ..)
Қандай бақыт көзге ілмейді ешкімді.
Ау, мен болсам жаутаңдаумен күн кештім,
Қара өлеңім, күбірімді іш мұңлы.
* * *
Қаладағы көңілсіздеу тас бөлме.
Сынған шайнек...
Сыры көшкен көне үстел...
Және бір шоқ хош иссіз гүл (аш кеуде! ..)
Солып қалған хабар күтіп бейіштен.
Сөйлемейтін телевизор,
Чемодан,
Босап қалған бөтелкесі шараптың.
Еркіндіктің ерке елесін тонап ап,
Тоқтап қалған
Құр қаңқасы сағаттың...
Тағы не бар?
Шаң қаптаған кітаптар...
Көзге ілігер барша байлық сол ғана.
Қайта-қайта темекісін тұтатқан,
Бұрыш жақта біреу отыр
Сорлаған.
Ал, әлгі адам... Ел сияқты түп-түзу, .
Момын тірлік кеше алмайды...
Қарашы!
Көздерінен от шашырап қып-қызыл,
Көк бөрілер кезеді-ау кеп санасын!
* * *
Қалай өмір сүрген боп жүр басқалар?
Қаламыз да қала емес-ау,
Тас қамал!
Көше кезген балтырына қыздардың,
Ұятсыздау сүйкенеді-ай мас самал.
Таңдайыңа сөз оралып тым қышқыл,
Жүрегіңді жаныштайды сұрғылыт мұң.
«Кел, келе ғой» дейді нәпсіханасы,
Күлмісі исін мүңкітіп сан қылмыстың...
Бір бұрышта жаудырап мың қарашық,
Бір бұрышта көлеңкелер адасып...
Бір бұрышта қабырғалар сызданар,
Басқаң емес, ақшаңызбен санасып.
Қаламыз да қала емес-ау,
Әттеген! ..
Мен, әсілі, жыр жазам деп жеткен ем.
Ақ қағазды аяп тұрмын сарғайған,
Тас қамалда тумайды енді жақсы өлең.
* * *
Мұң жауып тұр қалаға — жаңбыр емес,
Жалғыз аяқ жол жатыр — даңғыл емес,
Келе жатам...
Сүйеді-ай көлеңкемді,
Қара көйлек киінген тағдыр ـ елес!
Жалғыз аяқ жол жатыр көкке сіңіп,
Көз жасыңды, өтінем, төкпеші бұлт!
Келе жатам...
(Жүрісім асығыстау!)
Әлде неден қалғандай көп кешігіп.
Бұл сапарым басталған тым әріден,
Жаттамаппын киелі дұғаны мен.
Бақ табамын деген ой жанымды өртеп,
Аттағаным жықпыл мен жыра кілең.
Мұң жауып тұр қалаға...
Тұманданып,
Көкіректі тұр жалғыз сұрау қарып:
Неге жалғыз ـ жарыммын,
Бейуақытта
Ұйықтап түгел қалған ба мынау халық?
Алғашқы мұң емес қой бұл жауған да,
Тағдыр елес билейді...
Жынданған ба?!
Саған қайта оралам,
Туған жерім,
Қара көйлек ағарар күн болғанда.
* * *
Шалқар Қаныкей ұлына
Мына қала айықпапты-ау тұманнан,
Көкейім де тазармады күмәннан.
Көшелерін шимайлаған ізіммен,
Жазылған ед талай тілсіз шығармам.
Осында өтті не бір асыл жылдарым,
Армандарым, сағынышым, мұңдарым.
Енді мүлде тас ұмытқан сияқты,
Кеше мендей бір баланың тұрғанын.
Жатқанын-ай, тым суықтау қарсы алып,
Арамыз да алыстапты соншалық.
Менің мынау жүрегіме түн түсті,
Оның анау кірпігіне қонса ымырт.
Мен емес ем, оған тұман төндірген,
Иә, ол емес...
Күмәнға ойды жеңдірген.
Автобустан, аялдама, бақтардан,
Уақыттың тозған түрін көрдім мен.
Көрдім сосын,
Мұз қыздар мен тас ұлды...
Көрсетпейін ешкімге ыстық жасымды,
Дедім – дағы,
Алтайыма асықтым,
Асқақ ұстап ауырлаған басымды.
Мына қала айықпапты-ау тұманнан...
* * *
Бұл қалада уақыт ағар мәңгіріп,
Сүлде біткен бей-берекет қаңғырып.
Күбірлейді көктемгі іңір:
«Хош-хош» деп,
Оралмайтын шығар енді ол мәңгілік.
Дос таба алмай миллиондаған кісіден,
Жалғыздықтың запыранын ішіп ем.
Бүгін тағы ұқсай алмай өзіме,
Шығып келем бір кабактың ішінен.
Қала лапыт, одан өткен көңіл кір,
Қарайып тұр көкжиегім көгілдір.
Ақыл-ессіз табандардың астына,
Жаншылудан запы болып өмір жүр.
* * *
Еш алақан сипай алмас аялы,
Ғұмырымдай
Шалқақ туған ай, әні!
Жанарыма сіңіп жатыр, сары күз,
Жамалыңа жұққан мезгіл бояуы.
Беу, сары күз,
Азап аз ба мен көрген?
Көлеңкедей көппен бірге сенделгем ـ
Пәни тірлік алған шақта мазамды,
Шыға алмай-ақ жазмыш сызған шеңберден.
ШЕҢБЕР ... ШЕҢБЕР ... Қайда барсам бір ШЕҢБЕР...
Не істейін, жыласам ба, күлсем бе?
Менің «менім» арасында ШЕҢБЕРДІҢ,
Жел айдаған жапырақтай бүрсеңдер.
Жаңа да емес, көне де емес мұндағы ән...
Беу, сары күз...
Қалдың неге мұңдана? !
Сен кетесің — ештеңе етпес,
Мен байқұс
Шалқақ айға өлең оқып... жынданам.
ҚАҢҒЫЛЕС
Көп жүрдім көшеде сенделіп,
Жан сезбей емі жоқ дертімді.
Әуелде жаратқан пенде ғып
Аллаға тапсырып еркімді.
Жылытпайды қаланың шамдары,
Мұздаған тұстарын көңілдің.
Адамзат баласы алдады...
Жүрегім, не білдің, не білдің?
Ашты бір жас шықты жанымнан,
Басыма жымысқы енді мұң.
Бұл — лауһыл-махфузға жазылған
Болмаса не қылсын... Соңғы түн?.
Жас дәурен!..
Өтеді ол асығып,
Кеше еді-ау келгені құт болып!
Әдемі анары ашылып,
Ай жатыр... Аспанда түс көріп...
* * *
Бір түрлі... Түннің өңі қабарулы...
Түзей алмай жүрсің сен қабағыңды.
Күн бойы тыншы кеткен бұралқы жел,
Тістелейді қыңсылап балағыңды.
Ай да жоқ...
Орнында жын күледі,
Дүние көз алдыңда дүрлігеді.
Бір ұлы өлең жазуың керек еді,
Ертең тағы не болар кім біледі?
Толып жүр ғой пенденің ақымағы...
Сайқал ـ елес сілеңді қатырады.
Санаңның жықпылы мол түкпірінде,
Аш байғұз қайта-қайта шақырады.
Дос — суық,
Сыртын берген марқасқа аға...
Үнің-дағы шығады жарқаштана.
Тыныш ұйқы бүгін де бола қоймас,
Мазаңды тағы алады-ау алқаш қала!
ДАҒДАРЫС
Ай сызданып, шытынап тұр шыны түн...
Үзілмеші, қылдай нәзік үмітім!
Бұл әлемде бір теңсіздік бары рас,
Аз салдым ба жанымды отқа жыр үшін?!
Ағайынның ындынына үңілем,
Үңілем де ... шошып кетем, түңілем!.
Өлең іздеп шарқ ұрғаным беймезгіл,
Әлде, бос бір далбаса ма, шінімен?
Ақылым мен жүрек құрғыр күнде араз,
Кімге өкпелеп, айта аласың кімге наз?
Тірлігімді қайта бастан бастар ем,
Көнбеді ғой... Көнбеді ғой сұр қағаз.
Мені осылай жұта ма әлде жайын мұң?..
Таң да атпады қабығындай қайыңның.
Айтшы, күнім, не істейін жалғанға,
Көк тиындық құрметі жоқ шайірдың?!
ЖОЛДАНБАЙТЫН ХАТ
Аспанға ауды аңсарым,
Табылмай жерден керегім.
Қызық ем кеше — тарқадым,
Айналдым уға — бал едім...
Адасып кеткен арманның,
Азабын тарттым күн бұрын!
Жүректе — кірі жалғанның,
Шая алмай... Құрыды дығдырым!.
Жарылқағың келсе өзің біл,
Өтінем сенен, қас қылма.
Лыпасыз жаным тоңып жүр,
Бүрсеңдеп айдың астында.
ҰЙҚЫСРАУ
Жоқ деп ешкім айта алмас ізімде мін,
Жазым ба едің, беу өмір, күзім бе едің?!
Қанға жерік қандықол болып шықты,
Бір ағаны кеп еді «қызыр» дегім.
Қилы қылмыс күшіктеп төңірегім,
Әр сәт сайын тауып жүр сенім өлім.
Бәтшәғарға айналып шыға келді,
Бір қарындасқа бермекші ем көңіл өрін!
Қойған не күш күнаға ентелетіп?
Жұмсасам ба тілімді семсер етіп?!
Нашақор боп көшеде мәңгіріп жүр,
Бір ініні жүруші ем еркелетіп.
Бір танысым бай болды ұрлықпенен,
Мырза атанды бір досым қулықпенен.
Бір мықтыны асығып мақтаған ем,
Көздерінен оның да сұмдық көрем.
Өмір кешпеу мүмкін бе жалғызсырап?
Кімнен ішем ем сұрап, жалбыз сұрап?!
... Мына ұйқыдан оянбай өлер болдым, .
Түйсігімді тоңдырып сан мұз сұрақ...
* * *
Ауық-ауық іштегі дертім ұлып,
Өмір кештім он өліп, он тіріліп.
Тау құбылып айналды төбешікке,
Шалшық суға айналды көл құбылып.
Құбылуда...
Барлығы құбылуда,
Тірлік деген кұнаға құнығу ма?
Балалығым айналды сағыншқа,
Баба мұңым айналды бүгін уға..
Қалам едім жыр үшін көп ұшталған,
Айналсам ба қылышқа...
О, құс жалған!
Жомарт далам айналды қу татырға,
Тас табытқа айналды жемісті орман.
«Қара таудың басынан келе ме көш?..»
Көлегейлер көзімды бөлек елес.
Кешіріңдер, кінәсіз сұр қағазға,
Сора ағызып отырмын ـ өлең емес.
* * *
Үркіп кетер пешенеңнен Тәңірі,
Ей!
Мұндай ойдан қашып шығу — абырой.
Маған ашты шылым сыйлап отырып,
Ішіне мың сұмдық бұгер жадыгөй...
Кезі аздай-ақ көңілімді қалтырған,
Шыға келді міне тағы қарсымнан.
Ауызынан ажал исі бұрқырап,
«Махаббат жоқ!» ـ деп көйтиді антұрған!
«Ақындықтан кім бар дейсің бақ табар?
Діліңді сат,
Тіліңді сат ақшаға!
Бірақ, өлең татымайды тиынға
Заман солай!» ـ дейді тантып бәтшағар!
Қай әзәзіл қойған мұны сайратып?
Қабағымнан бара жатыр ай батып...
Шіркін-ай, бір алмас қылыш кем боп тұр,
Сұрқяны салу үшін жайратып!
Жүре алмайды, жүрсе еді ғой жөнімен,
Қан көремін оның әр бір сөзінен.
Толқын-толқын ашу менен ызаға,
Тоғытылып таң алдында көз ілем.
* * *
Оу, қу Ертіс, толқындарын тонатқан,
Жағаңда, беу, құлазиды шолақ тал!
Шолақ талға сүйеп қойып арқасын,
Бір жан отыр ـ жан тынышын жоғалтқан.
Иә, әлгі жан аңсай-аңсай өз «менін»,
Көкжиекке қадады-ау бір көздерін.
Шәшіратып соңғы қызғылыт сәулесін
Ұясына кірген кезде «кезбе» күн!
Сонау тұста — бабасының сүйегі,
Одан бері — әже жатыр киелі.
Қарғаларға пана болған анау там ـ
Бала күнгі құтты мешін үйі еді.
Құшағында ـ құлай сүйген ләйлісі,
Сияқты еді бес қаруы сай кісі.
Бірақ, неге шолақ талға сүрінген,
Жетім желге айтып отыр қайғысын?
«Бәрі өзгерген...
Кісінер ме таң құлан?..
Оу, қу Ертіс, ертең күнің нар күмән!»
Деп күбірлеп ай солақай туғанда,
Құсқа айналып ұшып кетті әлгі жан.
* * *
Елес іші — тым суық...
Қажыбек Айдарқан ұлы
Көмгенін көрдім шындықты...
Көмгенін көрдім,
Лапылдап тұрған от еді ол ـ сөнгенін көрдім.
Жаным ауырды,
Сұп-суық елес ішінен,
Жалғандық дейтін мыстанның өрмегін көрдім.
Күлгенін көрдім қылмыстың, күлгенін көрдім,
Дүрмегін көрдім,
Қыңсылап, үргенін көрдім.
Жүрек сыздады,
Сұп-суық елес ішінен,
Сұлулықтың шаршаған сүлдерін көрдім.
Әлемім мынау ـ қоңторғай күйде күн көрген,
Өлеңім мынау ـ ымырттың илеуінде өнген.
Рухым жаурады,
Сұп-суық елес ішінен,
Бейамал ғұмыр кешуге үйреніп жүрген
Өзімді көрдім...
(Жалғасы бар)
Abai.kz